Қожаберген батыр қол бастап...

13 марта 2024 - Administrator

  1757-1758 жылдар Абылай бастаған қазақ әскерлерінің жоңғар қалмақтарынан азат болған жерлерді қайтарып, қазақтарды қайта қоныстандыру шараларымен өткен еді. Бірақ шығыстағы алпауыт Қытай мемлекеті “бұл жерлер жоңғарлардың ата қонысы, ал жоңғарлардың түбіне жеткен біз қытайлар, ендеше жер де қытайдікі” деп есептеп, өздері иемденгісі келді. Бұл арада жоңғар тағына таласушылардың бірі Қалдан Сереннің жиені Әмірсананың қылығын да естен шығармайық. Ол әуелі Қытай үкіметіне өзі барып берілді де, жоңғарды қыра бастағандықтан ашық қарсы шығып, соққы жеп, жеңе алмайтын болған соң, Абылай қалмақ тұтқынында екі жыл отырғанда достасқаны есіне түсіп, қазақ даласына Абылай сұлтанға қашып келіп, пана тапты. Абылай болса осы алауыздықты әдемі пайдаланды. Әмірсанаға қолдау көрсетіп, ежелгі жауымыздың іштей бүлінгенін пайдаланып, өзіне-өзін айдап салды.
Қытай үкіметінің Әмірсананы ұстап бер, әйтпесе күш қолданамыз деген қоқан-лоққысына ашық соғыспен жауап бермесе де, сүйреткіге салып, уақыттан ұтты. Бұл жағдайлар Қытай және Ресей архивтерінде айнадағыдай сайрап тұр. Мысалы, 1757 жылғы 9 қыркүйекте Абылайға Қытай елшілері кездеспек ниетін білдіреді. Орысқа бодандық шартының өзін бірде орындап, бірде орындамай отырған Абылай Қытайдың елшілерін екі ай зарықтырып барып қабылдайды. Шынында қабылдамауға да шара жоқ еді. Қытайдың Еркесары және Ну Сан деген елшілерімен жүргізілген келіссөзге Абылай: “Әмірсана Ресейге өтіп кетіпті”, – деп, сүйрете жауап береді, Қытайдың тілегін орындамайды.
Абылай сұлтанның айласын аңғарып қалған Қытай императоры қазақ даласына үш жақтан әскер енгізіп, соғысты бастап жібереді. Баянаула тауында басталған ұрыстар қазан айы туып, күн суытқанға дейін Қу, Кент, Қарқаралы тауларында, Нұра өзенінің жағасында жалғасады. Құжаттарда Абылай сұлтанның жасағынан басқа қанжығалы қарт Бөгенбай, Жауғаш батыр, Өтеген батырлардың есімдері аталады. Қожаберген батырдың қолына Әмірсана бастаған қалмақ жасақтары қосылып соғысады. Осы соғыста Абылай сұлтан ауыр жараланады. “Жарасы ауыр болғандықтан ордасына жете алмай, Байжігіт мырзаның ауылына қонып қалыпты”, – делінген архив құжатында.
Тиісінше Ресей үкіметі Абылайдың және оның қолбасшы батырларының ізін күн сайын бақылап отырады. Ондағысы қазақ жұрты Қытаймен бітісіп, орыстың шеңгелінен шығып кете ме деп қауіптенгендік еді.
Біздің бүгінгі әңгімеміздің тақырыбына тікелей байланысты шағын кіріспемізді осымен тоқтатайық. Айтпағымыз – Ресейдің әкімшілік, барлау қызметтері қалдырған Қожаберген, Құлсары, Құлеке, Қошқарбай, Дат, Тұрсынбай, тағы басқа батырларға байланысты жазба деректер туралы.
Жоңғар басқыншыларынан босаған Шығыстағы қазақтың жерлеріне Қытай қызыға бастағанын сезген Абылай қалың қолды Ертісті бойлатып жібере бастайды. Және де ашық бетпебет айқас емес, әдеттегідей жай көш шеруі, мал жайып бара жатқандай саяхатпен аттандырады. Ертістің сыртынан келіп тұрған Қытай әскеріне қыр көрсете, зор тегеурінмен жылжып отырды.
1757 жылғы қыркүйектің 30 жұлдызында Ертіс бойындағы Железинка бекінісінің (1717 жылы салынған) поручигі Таушев премьер-майор Кондыревке мынандай рапорт түсіреді: “26 қыркүйек күні сағат бірге қарай Ертістің Қыр жағынан қаптаған қалың әскер көрінді. Олардың кім екенін біліп келуге қарусыз үш адам жібердік. Анау әскерден алты адам келді, екеуінің мылтығы бар. Аудармашы татар Есім Мұратов арқылы тілдестік. Олар: “Біз Абылай сұлтанның Қожаберген батыр бастаған әскеріміз. Мың түндікпіз, бүкіл малымызбен Есілден шығып, Ертісті өрлеп көшіп келеміз… Бұл жерде екі күн еру боламыз да, өзен бойымен жоғары қарай Осморожыск бекінісіне, одан әрі кетеміз. Артымызда он мың әскермен Құлсары батыр келе жатыр”, – деді… “Одан әрі сөйлескеніміз жоқ. Қазақтар бізден Әмірсана жайында сұрады. Захарин (орыс шекарашысы) оларға: “Әмірсананы көргеніміз жоқ. Естуімізше, Ертістен өткенде біздің бір қазақ-орыс екеуі батып кетіпті” – деді”.
Екінші құжат 1757 жылы қазанның 2 жұлдызында жазылған. Онда Преснов бекінісінің капитаны Белоусов қазақ тұтқынынан қашып шыққан қалмақтың үш еркегі мен бір әйелден алынған жауап келтірілген. Аудармашысы тобыл татары Қатауыл. Оның айтқаны мынау: “Аты-жөні Бан Сүн Церен, 28 жаста, жоңғар қалмағы. Тұтқында болғанына үшінші жыл. Қыпшақ ұлысы Өтел би деген қазақтың қолында болған. Түнде екі атпен қашып шығып, Преснов бекінісіндегі орыстарға келіп паналаған. Өтел бидің тұрағы көлдің басында, Есілдің бойында, Қалмақ өткелінен атпен бір күндік жерде”.
Осы арада басын ашып алатын бір мәселе Өтел би деген Қожабергеннің ағалары: Өтеулі, Өтегелді, Өтеғұл, Өтен, Өтемістердің бірі емес пе? Бірақ руы қыпшақ деп атапты. Екінші сұрақ Қалмақ өткелі деген Есілдің қай тұсында? Жер жағдайын білетіндер бұған назар аударсын.
Тұтқынның жауабында қазақтардың қолына қалай түскені де жазылған. “Қожаберген деген қолбасы он шақты түндік қалмақтарды тұтқынға алды. Басқасын білмеймін. Ертіс бойында Қытай әскерлері мен қазақтар таяу тұр. Бірақ қытайлар орыстардан қорқады, қазақтарға тиіспейді. Қалмақтар Қытайдан қашып, орыстарға бодан болғысы келеді. Бірақ қазақтар оларды Ертістен өткізбей тұр”.
Міне, жазба құжат дегеннің осындай қымбат қасиеті бар. Қалмақтың тұтқын жігіті Қожаберген есімін бізге қалдырды. Сонымен бірге бұдан екі жүз елу жыл бұрынғы қазақ, қытай және қалмақ қатынастары жөнінде де нақты мәлімет алып отырмыз. “Естіген – өтірік, көрген – шындық” деген осы.
Ал енді екінші тұтқын Оразымбет Әшірметов (қашқарлық, 21 жаста) Торғай өзенінің бойында Мұрат Гляжев деген қазақтың қолынан қашып шығыпты. Бұл да өзінше сауатты. Берілген сұрақтарға орай: “Қытай әскерлері туралы естідім. Қазақ төресі Абылай қытайлармен татуласыпты, олардың бастықтарына сый тартыпты, қытайлар Абылайға сый беріпті. Ал Абылай өзі өткен айда Қанжығалы Бөгенбай батырдың үйіне бір қонып кетіпті”, – деп сайрап отыр.
Үшінші құжат сол жылы Қожаберген көшінің Ертіс бойынан қайтпағанын, Кереку маңынан ұзай, қыстап қалғанын көрсетеді.
1758 жылғы 23 наурыз. “Кіші Керей ұлысының көсемі Қожабергеннің Кереку бекінісінде ұсталған алты адамын қайтардық, олардың ішінде Керей болысының қазақтары Құдайберді Сағындық, Табал Ырысбай, Тебен Сағындық, Баймырза Аламан және Алтай болысынан Керейбай Кәрімжанов пен Үдәл Қаражанов тыйым салынған шепке кіріп, мал жайғаны үшін ұсталған болатын”.
Төртінші құжат осы оқиғаға байланысты жазылған. Онда: 1758 жылы 2 наурызда Кіші Керей болысының билеушісі Қожаберген ұлысынан Қаңғалық Қонысбай және Мәңгей Қонысбай Кереку бекінісіне қарусыз келді делінген. Осы құжатта Полпоқ Қойбас, Потоянбол Утюль Қойбас (Өтел болуы мүмкін.-З.Т.) деген ұшырасады. Әрине, кісі аттары қате жазылған ғой. Солардың ішінде Қонысбай аса бір бетті адам болса керек: “Кісілерімізді бермесеңдер, шауып аламын”, – деп орыс шекарашыларына айбат танытады. Оны өзін қамамақ болған орыс әскерлеріне: “ Мені ұстап, қамасаңдар, ертең артымнан жиырма, тіпті жүз адам іздеп келіп, сазайларыңды береді”, – деп қорқытқаны қағазға түсірілген.
Сол 1757 жылдың күзінде Қожаберген, Құлсары батырлардың қолдарымен Құлеке батырдың үш мыңдай әскері де Ертісті бойлап, Железинка тұсынан өткені де қағазға түскен. Бекініс прапорщиктері Демьянов пен Табрекеев қасына Өтегенов деген солдатты тілмаштыққа алып, әскерден жөн сұраған. Сонда олар: “Біз Абылайдың әскеріміз”, – дейді. Қожаберген батыр орыстардан: “Қытай әскерлерінің қазақтармен соғысатын ниеті бар ма?” – деп сұрайды. Әмірсананың қайда екенін білгісі келеді. Өздері енді сегіз күн жүріп, Ертіс бойының Ақтас деген жерінде Абылайға қосылатынын айтады.
Міне, ел амандығын, жер бүтіндігін күзеткен аталарымыздың жорықты күндерінің алыстан жеткен жаңғырығы осындай.
Ұлы көсем Абылайдың екі оттың ортасында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргізген мәмілегерлік еңбегін толық түсіну үшін архив құжаттарына жүгінген дұрыс. Тек келіссөз ғана емес, тамыр басып, сес көрсетіп, қазақ әскерлерінің қытайлармен қақтығысып қалатыны да бар.
“Әмірсананы қуып келе жатырмыз” деген желеумен қазақ жеріне үш бағыттан енген қытай әскерінің ортаңғы қосынын Құдайберген батыр бөгейді, оң қанатқа Абылайдың өзі ішінде болған өз әскері қарсылық көрсетеді. (Қытайша жазылып, сақталған құжаттар қате жазылуы мүмкін-ау, ал Құдайберген дегені кім екен? Сол Қожабергеннің өзі емес пе?-З.Т.)
Бірақ Абылайдың амалы мен айласы асады. Байқамай, жаңылысып соқтыққан болып, шекісіп барып бекіседі. Қытаймен тіл табысады. Шынында жоңғардың жолы бір басқа, қытаймен соғысса, қазақ опа таппас еді ғой. Бұл да шындық.
Қытайдың қалың қолы Аягөзге жеткенде Абылай елшілік ниетпен алдынан шығып, әскер­басыларға барып жолығады, Қытай патшасына арнаған хатын тапсырады. Хатта Абылай бүкіл қазақ атынан “Қытайға ел болуын тілейтінін, бейбіт байланыстарға бейіл” екенін көрсеткен. Осы сәттен-ақ қазақ-қытай қатынасы оңалып сала береді. Ал орыс патшасы Абылай сұлтанның ізін бағып, әр қимылын аңдап отырса да, Қытайдан қаймығып, қазаққа тісін батыра алмады.
Ізін бағып демекші, орыстың іштен барлау қызметі Құлеке батырдың Қытайға елшілікке барғанын, Құлсары батырдың ауылы қайда көшіп, қайда қонғанын, Қожаберген батыр қосының қозғалысын аңдып, бірінебірі хабарлап отырғаны құжаттардан көрініп тұр. Сенбейді-ау, қазаққа, сенбейді!
Бұл тізімге архивтерде аты кездесетін көрнекті тұлғалар ретінде Абылай сұлтанның немере інісі Сұлтанмұхаммет (Сұлтанмәмет) сұлтан, қыпшақ Қошқарбай батыр, уақ Арыстан батыр, қарауыл Көшетай мырза, атығай Құдайберді, Құлсары батырдың ұлы Оңдағұл (Андағұл) батыр, тағы басқа батырлардың аттарын қосуға болады. Бұлардың әрқайсысы туралы қолда бар мәліметтерді кезегімен жарыққа шығару ойымызда. Әуелі әруақ риза болсын дегендік, екіншіден, бүгінгі ұрпақтың есіне салу ниеті ғой. Әдетте батырлар есімі аталғанда ауызша сақталған өлең шумақтарын еске аламыз, олар көбіне қиссадастан, аңыз-әңгіме кейіпкерлері болып, кейде нанымды, кейде нанымсыз көрінеді. Осы жүрген тірлігіміздің, мақтан тұтар Тәуелсіздігінің тамырына терең үңілетін болсақ, ең алдымен батыр бабаларымыздың бейнесін тірілтсекші.
Сөз соңында бір-екі ескертпе тағы бар. “Бұл не деген көп батыр?” деушілер де табылып қалады. Оларға Бауыржан Момышұлының аузынан өзім естіген мына бір сөздерді ескертейін: “Еш адам батыр боламын деп болмайды, батырды жағдай туғызады, заман туғызады”. Яғни қазақтың он сегізінші ғасырын еске алайық. Ол кезде әркім батыр болып, ел қорғауға тиіс еді. Ал батырлық атақты халық берген. Екіншіден: “Бұл қай Қожаберген? Қазақта неше Қожаберген болған?” деген сұраққа тарихи деректер жауап береді. Тарих – әділ төреші. Әркімнің еңбегіне берер сыбағасы өзінше. Деректері көп сақталғандар – абақ керейдің шұбарайғыр тармағынан шыққан Жәнібекұлы Қожаберген мен ашамайлы керей Таузарұлы Дәуленнен туатын Толыбай сыншының кіндігінен жаратылған Қожаберген жырау.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дың профессоры,
Қазақстан Жоғары
мектебі ұлттық ғылым
академиясының академигі.



Тайшыбай З. Қожаберген батыр қол бастап... // Солтүстік Қазақстан. – 2024. – 12 нурыз. – 4 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий