Әмина Шалабаева. Ақсу,Таң, Өмірге Шәкіртпін.

 Армысың, ару Ақсуым,
Қалың ед қария мекенім?!
Жағаңа келдім жақсы күн,
Жаңа бір өлең әкелдім.
Толқытқан жанын жыр ғана
Албыртсың ақын сияқты.
Маған да қалған жыр бар ма,
Жыр бар ма алтын шуақты?
Ілияс — өзен, ер өзен,
Несібем болсын тұнығың.
Өзіңе қарап терезем,
Сімірдім Күннің жылуын .
Жиналып жолға қанша күн,
Атыңды атап жүрдім мен.
Талай-ақ сені аңсадым,
Үміткер жандай бір гүлден.
Ақсуым, сенен жыр күттім,
Қасыңа келдім дірілдеп.
Ақ шуағындай үміттің
Аялай бер сен күлімдеп.
Бердім бір сәлем иіліп,
Ақынның ару өзені.
Көңілімнен сәуле құйылып,
Жаным бір күйді сезеді…          

Таң

Айналам жарқын, алдым нұр,
Өмірім қазір еңселі.
Тамаша туған, Таң-құрбым,
Қызықтап келем мен сені.
Жайдары тірлік сабағын
Оқимын ыстық сезіммен.
Жауқазын гүлін даланың
Көремін сенің көзіңмен.

Арнадым саған жырымды,
Армандай аңсап сағына,
Төге бер асыл нұрыңды
Елімнің бейбіт бағына!
 

Өмірге Шәкіртпін...

Ойы — Күнге ұқсаған, жаны — гүлге,
Мен өмірге шәкіртпін әлі күнге.
Шытырман ой үйретіп келе жатыр,
Ұмытпауды — ұқтым не, таныдым не?
Сыйлас болған жандарды есіме алып,
(Бірі — аға, бірі — апа, досым анық),
Отырамын жылы сөз арнағым кеп,
Болсын деймін әрқашан кеші жарық.
Өз өмірін әркім-ақ топшылайды,
Санасында сан қиыл көш
Көрсе бірде келбеті мұздай жанды,
Енді бірде көреді жаз шырайды.
Олар — жырлар көңілге жетілмеген,
Жазылады, шабытым — кепілдемем.
Өткен күнде белгі көп дәріптерлік,
Бүгінгі ұрпақ сүйсініп оқыр деген.
Асығамын, елеусіз жырым да әлі,
Шәкірттіктің белгісі мұның бәрі.
Түсіремін түбінде бір жүйеге
Ырғақтарын өмірдің құбылмалы.
***
Жұлдыздай Айлы түнде жымыңдаған,
Сырың кеп, өлең-досым, ұғылмаған.
Бұлданбай, базына айтып, наздансаңшы,
Сен -самал, мен -жапырақ сыбырлаған.
Сен — сәуле көз ұшында дірілдеген,
Мен-тұтқын тұнық оймен күбірлеген.
О, Муза! Мен өзіңнің аяңдамын
Сәбидей анасына уілдеген…
 

 Әмина Шалабаева 

 Шалабаева.Ә. Ақсу, Таң,  Өмірге Шәкіртпін.// Солтүстік Қазақстан. — 2016. – 9 қаңтар. – 6 бет.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий