Өмірдің өзінен үйренген

6 февраля 2024 - Administrator

  БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ ШЫН СУРЕТКЕРДІҢ КЕЗДЕЙСОҚ КЕЛУІ СИРЕК. СӘБИДІҢ ТОСЫН ДА АЛБЫРТ МІНЕЗІ, АҢҒАЛ ДА АШЫҚ КӨҢІЛІ, КЕЙДЕ ТЫМ ҚОРҒАНСЫЗДАУ КӨРІНЕТІН НӘЗІК ҚАСИЕТТЕРІ ОҒАН СЕБЕПКЕР БОЛУЫ МҮМКІН. ӘРИНЕ, МЕН БҰЛ ЖЕРДЕ ПӘЛЕНДЕЙ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНБЕЙ, ЖҮРДІМ-БАРДЫМ БІР-ЕКІ БЕТТІК ДӘМСІЗ НӘРСЕНІ СҮЙКЕЙ САЛДЫ ЖАЗЫП ТАСТАП, СОНЫ ҚАНАҒАТ ТҰТАТЫН КЕЙБІРЕУЛЕРДІ АЙТЫП ОТЫРҒАМ ЖОҚ. ТАҒЫ ҚАЙТАЛАП АЙТАМЫЗ, ӘҢГІМЕ КӨЛЕМДЕ ЕМЕС, ШЫҒАРМАНЫҢ КӨРКЕМДІГІНДЕ, ҒҰМЫРЛЫҒЫНДА. ОСЫ РЕТТЕ БЕЛГІЛІ БАЛАЛАР ЖАЗУШЬІСЫ ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИ ИМАНБАЕВТЫҢ ТВОРЧЕСТВОСЫ ТУРАЛЫ БІРЕР ЛЕБІЗ БІЛДІРЕ КЕТЕЙІН.
Әлі есімде, 1959 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінің 3 апрель күнгі санында жазушы Асқар Лекеровтың мақаласы басылды. Белгілі қаламгер Зейнел-Ғабидің мына бір сөзін қаз қалпында келтірген екен: "Менде мектептен алған білім жоққа тән ғой, оның орнына әдебиетке деген зор сүйіспеншілік, құмарлық бар. Бұл жерде мен "Жазғандарымның барлығы алтын еді, бағаламады", - деген пікірден аулақпын. Менде кемшілік болуы табиғи нәрсе ғой. Сол сияқты жазушы жолы оңай жол деп ойламаймын. Сондықтан көрген "соққыларымды" көңілге ауыр алмай, іздене бердім. Ақыры менен де болмашы өнер шығатынына көзім жеткендеймін. Бұл қарапайым қатардағы колхозшы үшін зор қуаныш, есепсіз бақыт деп білемін. Денсаулығым нашар болса да, әдебиет жолы мен үшін ауыр, кері қайтаржол емес".
Иә, Зейнел-Ғабидің шығармашылық жолы жеңіл өтпегені ақиқат. Кезінде дұрыс та, бұрыс та сын құрығына ілінді. Бұл өзіне қатысты шындықты еш бүкпесіз, қарапайым әділдігіне бағып айтқан адал жанның шын сыры.
1924 жылы дүниеге келген Зейнел-Ғаби деген бала 1941 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, денсаулығына байланысты әрі қарай оқи алмады. Алайда ол жасып, тарығып қолынан қаламын әсте тастаған емес. 1987 жылы ұзаққа созылған аурудан қайтыс болды. Өмірінің соңғы күніне дейін ол іздену, оқу, қуану, күйіну үстінде жүріп, сәулелі жақұт тастай сан құбылған сәби мінезін зерттеумен, жазумен шұғылданды. Көз майын таусып, маңдай терін аямай төкті.
Міне, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың осындай жай-жағдайын білгеннен кейін ол кісінің "Бұлан", "Арлан", "Сары шымшық", "Майлыаяқ", "Барылдауық", тағы басқа әңгімелерінің қыр-сырын, тыныс-тірлігін, көркемдік шынайылығының төркінін сезініп, тереңірек түсіндім. Әлгі "балалар әдебиетіне жазушы кездейсоқ келмейді" деуіме оның "Бастама", "Сырымбет", "Қыран түлегі", "Ауыл түтіні", "Кең аймақ", "Солмайтын гүл", "Құстар қайтып оралғанда", "Жас шыбықтар" атты кітаптары кепіл.
Зейнел-Ғабидің алғашқы әңгімелер жинағы "Бастама" деген атпен 1959 жылы жарық көрді. Оған дейін очерк, мақала, суреттемелерімен таныла бастаған жас қаламгердің бұл кітабын оқырман қауым жылы қарсы алған.
Ол өзі туып-өскен ауыл өмірінің сан алуан қыры мен сырына үңіле қарап, жақсысына сүйініп, жаманына күйіне білетін.
"Бастама" жарыққа шыққан кезде: "Өмірдің өзінен үйренген, өмірден оқыған жазушы", - деген лебіздер айтыла бастағаны да есімізде.
Иә, Зейнел-Ғаби шын мәнінде өмірден оқыған жазушы, кәдімгі талант иесі еді. Әр қаламгер өмір сырына өз көзімен қарап, содан өзінше ой түйетіні белгілі ғой. Осы түрғыда нағыз шындықтан жаза баспауға тырысатын Зейнел-Ғабидің тақырып шеңбері де ауқымды. Оның әңгімелерінен елуінші жылдардағы қазақ ауылының тынымсыз тірлігін көреміз. Тың және тыңайған жерді игеру кезіндегі адамдардың қажырлы еңбегі, кейбіреулердің бойында кездесіп қалатын өзімшілдік, мансапқорлық сияқты жағымсыз қасиеттер алма-кезек суреттеліп отырады.
Зейнел-Ғаби - өмірдегі елеусіз құбылыстардың өзінен тартымды әңгіме тудырып, тереңнен ой толғай білетін, тілге бай, сөзге тапқыр жазушы, кейіпкерлері ой куған арманшыл, еңбекқор балдырғандар.
Бала бойындағы кіршіксіз таза сезімді, олардың аңқау да адал көңілдерінен туындап жатқан жайттарды суреттеген кезде ұтымды штрихтарды дөп басып, дәл қолданады.
Шын сүйінбей, күйінбей жазған әңгімеде шындық аз, Зекеңнің шағын, бір жарым беттік "Қызыл галстук" деген әңгімесінде сәби мінезі өзіндік шешімін дәл тапқан.
Сабақтан қайтқан Ермек пен Елдес ауыл сыртындағы айдау жолда бидай тасып жүрген бір әскери машинаның тоқтап калғанын көреді. Қауырт шақ. Астық уақытылы жиналмаса күйіп кетеді, талай адамның еңбегі еш болады. Балалардың күнде естіп, біліп жүрген жайы бұл. Екеуі сол бір жауапкершілікті сәби жүрегімен сезініп, жүгіріп жетеді.
Машинасының кінәратын таба алмай дағдарған жүргізуші көктен түскендей мынау екі балаға қуанып, әскери бөлімшедегі бастығына жедел хабарлауды өтінеді.
"Әскери тапсырма. Елдес, сен командирсің", - деп нығарлайды.
Көмек келіп, машина жөнделгенсін, Ермек жүргізушінің бірден Елдесті "командирсің" дегенін түсінбей қалғанын білдіреді. Сонда жүргізуші:
- Елдестің мойнында қызыл галстук бар, сенде ол жоқ, - дейді. Міне, көріп отырсыздар, болмашы ғана өмір суреті. Үлкен бір тағылымдық, тәлімдік сөз айтылып жатқан жоқ. Әйтсе де сәби мінезі қандай шынайы, әдемі.
Жақұт тасы жарық түскенде ғана бойына сәуле жинап, сан құбылады. Әр сәулесі бір-біріне әсте ұқсамайды, сонысымен де ол қасиетті. Сырттай қарағанда, сәбилер де бірдей: аңғал, ашық, таза, тек мінездері өзгеше...

 

Мағзом СҮНДЕТОВ.



Сүндетов М. Өмірдің өзінен үйренген // Қызылжар нұры.- 2023.- 29 желтоқсан. - 4 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий