Әлімжанов, Б. Нар тұлға / Б. Әлімжанов // Солтүстік Қазақстан. - 2019. - 16 наурыз
Ерік екеуміз алғаш танысқаннан бір-бірімізді жақын тартып, жарасып кеттік. Бізді өлең, өнер жақындастырды. Еліміз, жеріміз бір. Ерік Батыр Баянның ұрпағы, Мағжанның жерлесі екен. Ал мен Мағжанның Батыр Баян поэмасын 1976 жылдан бері жатқа айтып келе жатырмын. Әңгімеміз әуелден сол туралы болды. Ол кезде Мағжанның ақталмаған кезі, бірақ әдеби ортада, оңаша сырласуларда алаш арыстарының аты мен еңбегіне қызығушылық пен құрмет айрықша болатын. Ағаларымыз бізге олар жайлы сыр толғап, санамызға сіңіре беретін. Біз де білгенімізді бір-бірімізден жасырмай, кейде күбірлеп, кейде дүбірлетіп айтып жүретінбіз.
Ерік 1980 жылдары қазақ теледидарында, әдеби-музыкалық хабарлар редакциясында редактор болып қызмет атқарды. Ол кезде Жүрсін Ерман бас редактор, ақын Темірше Сарыбаев редактор, Шырын Ағышева, Жеңіс Мұқатаев режиссер, тағы басқа да қыз-жігіттер бар, редакция жұмысы қайнап жататын. Басы Камал Смайылов, Сұлтан Оразалин, Рафаэль Жұмабаев ағаларымыз болып, осы азаматтар “Халық қазынасы”, “Терме” хабарларына үлкен мән беріп, мықтап кірісе бастаған. Ол кезде телеайтыстың да жаңадан басталып, қызу қарқын ала бастаған кезі. Мені “Халық қазынасын” жүргізуге шақырды. “Жұлдыз” журналында жұмыс істеймін, арасында келіп, хабар жүргіземін. Әйгілі “Бес ғасыр жырлайды” циклының да түсірілгені осы кездер.
1984 жылы бір жыршының хабарын жүргізуге шақырды. Келсем, әлгі жыршы әлдебір себеппен келмейтін болыпты. Ерік жүр есі шығып. Сөйтсем, телевидениенің ішкі заңдары да қызық екен. Студияға тапсырыс берген редакция хабарды жазбаса, айып төлейді екен. Бір кезде Ерік маған келіп: “Таптым!” – дейді қуанып. “Нені таптың?” – деймін, түгін түсінбей. “Қазір сіздің айтуыңызда “Манасты” жазып жібереміз!” “Өй, мен оған дайын емеспін!” – деп, шошып кеттім. “Мейлі! Бір сағат уақыт бар! Бірдеме шығар! Тіпті, шықпай жатса, творческий брак деп, сізге жаба саламыз! Сонда бізге штраф салмайды!” – деп күледі інім. Тоқ етері, мені үгіттеп, ақыры, “Манасты” айттым. Сөйтіп, “Манас қазақ жерінде” деген 25 минуттық хабар жарыққа шықты. Оны эфирден берген күні Алматыға Қырғыздың академиялық театры келіп жатыр екен. Хабарды көріп, әбден риза болған Қырғыздың еңбек сіңірген әртісі, қомызшы Асанбек Қыдырназаров “Социалистік Қазақстан” газетіне “Алатаудай алғыс айтамыз” деген ақ тілегін жариялап, қызық болған!
Бір күні Ерік маған Біржан сал туралы пьесасын оқып берді. Ол кезде жиырма бестердегі кезі, сондай үлкен, күрделі тақырыпқа барып жүр. Кейіннен ол драмасы Көкшетаудағы, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық театрда қойылды.
Еріктің ең алғаш айтысқа шыққаны – 1985 жылы Жеңістің қырық жылдығына арналған Алматы облыстық айтысы. Алматыда тұратын ақындар қала аудандарының атынан түстік. Оның ең алғашқы айтысқан ақыны – ақсақал ағамыз Мыңбай Рәшев. Мәкең сол кездің өзінде елудің үстіндегі үлкен кісі. Даусы жақсы, әнші, жыршылығы бар, әртістігі және бар, пері атанған, сері атанған Мыңбай ақын шабыттанып, дауылдатып, домбырасын оңды-солды қағып, тіпті, шегін шерткені былай тұрсын, аспапты алдына қойып, шанағын қос алақанымен тақылдата қағып-қағып жіберіп, соғыс туралы жазған жырларынан, әсіресе, Бауыржан мен Мәлік туралы біраз толғап өтті. Жұрт дуылдап-ақ жатыр. Сонда Ерік:
Оу, аға, айта берсең артасың ғой,
Тебесің, алдан келсе, тарпасың ғой,
Домбыраны мен құсатып шертуші еді,
Сен оны барабан ғып тартасың ғой! – дегені. Жұрт қыран-топан болды. Бір қызығы, Ерік өзі жөнді домбыра тарта алмайды ғой! Сөйтіп отырып, сөзін қара!
Мәкең: Айтыста айғырлығың ұстаса да,
Әдепсіз болма, Ерік, жөніңе көш! – деді.
Сонда Ерік іліп алып, жастық арынмен бет-жүзіне қарамай:
Бұл ағам ширайды екен қайта келсе,
Өлеңі табылады айта берсе,
Айтыста айғырлығым ұстар еді,
Алдыма ағам келмей, байтал келсе! –
деп қарап отыр. Жұрт әбден күлді.
Сонда, Мәкең оны домбыра тарта алмайтынын ілгек қылды.
Оған Ерік:
Күйшінің күйшілігі домбырада,
Ақынның ақындығы өлеңінде! – деп, тағы тауып кетті.
Сөйтіп, Ерік жеңіп, келесі айналымға өтті.
Арада ширек ғасырдай уақыт өткенде, Мыңбай ағамызбен кездесіп қалдық. Қашанда көңілді жүретін Мәкең сол айтысты еске алып: “Әй, сонда Ерік мені жеңіп кетіп еді!” – деп, ағынан жарылып, қарап тұр. Тіпті, айтысып едім-ау, ол менен озып кетті-ау деген қыжылдың, іштарлықтың ізі де жоқ! Сонда менің есіме Еріктің бір сөзі түсе қалды. Сол айтыстан кейін он бес жыл өткен соң ба екен, қырықтың қырқасына шығып, ақыл тоқтатып, толысып, өткен-кеткенді ой таразысына тарта бастаған кезі болса керек.
– Сол айтыста: Әдепсіз болма, Ерік, жөніңе көш! – деп, Мыңбай ағам мені жеңіп кеткен екен ғой! – деп еді.
Осыны Мәкеңе айтып едім, кәдімгідей тебіреніп қалды. Қайтерсің, қайран өмір, қайран ақындар...
Сол айтыстың ақтық сынында екеуіміз сөз қағыстырдық. Мен:
Дей көрме, беу, ағайын, неге келдің,
Желкілдеп сахнаға келе бердің,
Ағайын, елі-жұртым, қолдамасаң,
Мен шіркін жанбай жатып сөнер ме едім?!
Басқалардың беделін
Басайын деп келгем жоқ.
Өзгелерден абыройым
Асайын деп келгем жоқ.
Өздеріңе жыр-шашу
Шашайын деп келгенмін.
Меніменен айтысып,
Нағыз ақын осында
Жүлде алсын деп келгенмін.
Мені көріп кейінгі
Жасөспірім жас бала
Үлгі алсын деп келгенмін!
Тоған болған ойларды
Бұздырғалы келгенмін.
Суып қалған қандарды
Қыздырғалы келгенмін!
Кеудемдегі жалыным
Сөнбесін деп келгенмін.
Қазағымның киелі
Айтыс дейтін өнері
Өлмесін деп келгенмін! – деп төгіп-төгіп жібердім.
Ерік:
Бір әке, бір шешенің баласындай,
Екеуміз жүруші едік таласып-ай,
Ініңе бәйгеден де аға қымбат,
Қайтейін құр беталды таласып-ай.
Талайды ілер жерден ілдім деймін,
Кеудемді мен бастырмай жүрмін деймін,
Айтыста аға болып өзің келдің,
Байеке, ағалығың білдір деймін!
Содан, екеуміз құшақтасып, жарасып тарап едік.
1987 жылы Ташкентте Қазақстан – Өзбекстан ақындарының айтысы өткенін мен ауылда, Кеңащыда жүргенде радиодан естідім. Өзбекстандық өзіміздің қазақ бауырымыз да жақсы ақын екен, Ерікпен жауаптасып, жарысып-ақ жатыр. Содан есімде қалғаны, Еріктің: “Тарихтың ізі жатыр тастарында, Тәшкенде жазып еді ақын Мағжан, Әйгілі Батыр Баян дастанын да!” – дегені. Қарсыласын қағытып әрі астарлап: “Ақ орда орнатқандай мәз боласың, Қойшының қоңыр үйін құрғаныңа!” – деді. Оған қарсылас ақын да қалыспай, “Үшаралдың киіз үйі осы ғой” деді ме, әлде, “Үшаралдың үйлері бізге жетпейді” деді ме, әйтеуір Үшаралды қосып, жауап берді. Сонда Ерік іліп алып: “Түседі бір үй саған күшке неге, Үй түгіл палатка жоқ Үшаралда, Киіз үй фабрикасы Үштөбеде!” – деп, қолма-қол тауып айтып, жеңіп кетті.
1989 жылы Алматыда өткен алғашқы Наурыз айтыста Ерік, Әзімбек және басқа да жас айтыс ақындары жарқ етіп көзге түсті, жақсы өнер көрсетті, айтыс жанкүйерлеріне кеңінен танылды. Ерік пен Әзімбектің айтысы елең еткізді. Екеуінің сахнаға қол ұстасып бірге шығып, қалың елдің алдында жарасып тұрған сәті – қазақ ақындар айтысына қуатты жас толқынның келгендігін әйгілеген бір тамаша, қайталанбас көрініс екен ғой!
Өлеңді әсем әуенмен әдемілеп, төгілтіп, тыңдаушыға ерекше әсер беріп айтатын Әзімбек домбырасын бабына келтіріп, сәнімен тарта бастағаннан-ақ, жұртшылық қол соғып, делебесі қозып, қиқулап жіберетін. Ол талай айтыста топ жарып, бәйге алды, айтысқа өзіндік өзгеше ырғақ, сұлу әуен әкелді, сахнаның сәні болды. Ал домбыра тарта алмайтын, әншілігі де жоқ Ерікке осындай ақынмен қатар шығудың өзі оңай емес қой. Бірақ Ерік сөздің қуатымен, өлеңнің күшімен алатын! Жұртты аузына жырының оттылығымен, өткірлігімен, ойының ұшқырлығымен, сөзінің саяси, қоғамдық салмағымен қарататын. Әселханмен айтысып отырып, амандық-саулық сұрағанда:
Магнит толқыны көп Алматыда,
Әселхан, көктем қалай әсер етті! – деп, экологиялық жағдайды қозғай кетеді.
Сұрасаң Алматыда жаңалық сол,
Олжасты аман-есен құлаттық қой! – деп, сайлаудың әділетсіздігін қағытып өтеді.
Дұшпаны не десе де, о десінші,
Жайнатып Димаш ағам салған қала! – деп, Қонаевтың халқына сіңірген еңбегін ашып айтып, жұртты орнынан тұрғызған болатын. Ол кезде Колбиннің билікте отырған кезі, мұндай әңгімелер көп алдында, баспасөзде айтылмайтын. Саяси тақырыптарға батыл барған алғашқы ақындардың бірі Ерік қырағылық танытып, түйінді тұстарды дәл тауып айта білетіндігімен ерекшеленіп еді. 1991 жылы АҚШ-тың Иракқа шабуыл жасағанын сынай келіп:
Мастанып көп ракета ұшырғанға,
Байқаймын, Буш көкеңіз ұшынған ба...
Иә, Алла, өзің жар бол мұсылманға!
...Бұл жақта біз тұрғанда батпас еді,
Горбачев бір сыйлыққа сатқаны ғой! – деп , саяси озбырлық, қитұрқылықтарды ашық та батыл сынап, ой қозғайтын. Ол кез СССР-дің кезі, Горбачев билікте отыр. Ерік осылай ащы шындықтарды айтқанда, біраз кісілер тыңдауға да шошып, жылыстап кетіп қалатын.
1991 жылдың қақаған қаңтарында Көкшетауда Абылай ханның 280 жылдығын Көкшетау жастарының “Темірқазық” ұйымы республикалық айтыспен бастап жіберді. Албырттықпен, жастық арынмен додаға қосылғандардың басшысы – ақын ініміз Құдайберлі Мырзабеков. Не обком, не облаткоммен келіспеген. Ол кезде еліміз тәуелсіздік алған жоқ еді, партия, совет күшінде, батырларды айта бастағанмен хандарды әйгілеуге әлі де бара қоймаған кез болатын. Жастарды жалғыз-ақ Көкшетау қалалық атқару комитетінің төрағасы Серікжан Қасымов қолдады. Шақырылған біраз айтулы ақындар да жағдайға қарады ма, әйтеуір, келмей қалды. Ештеңеге қарамай борандатып Сәкен аға Жүнісов, Жүрсін аға Ерманов пен Ерік келді. Атасын жырлап, ағасын қолдап, сол қолын бұлғап Серік (Құсанбаев) келді. Жетісудан жер тепкілеп Айтақын (Бұлғақов) жетті, жанында Жапар деген ақын бар. Көкшеден Құдайберлі екеуміз шықтық. Сөйтіп, бар болғаны алты-ақ ақын Абылай ханның тойын үш күнге созылған айтыспен бастап жібердік. Әрқайсымыз бірнеше реттен айтысып, үш күн жырладық. Әбден шаршасақ та, көңіл шат. Сонда Ерік айтыс үстінде: Асында Абылайдың шабамыз деп, қасына Абылайдың бармайықшы! – деп бір күлдірген.
Жұрт ақындарды қолдап, дүр көтерілді, ағылып айтулы азаматтар келді. Ақырында, ел басшылары халықпен санасып, жазда Абылайға ас берілді. Міне, сол айтыста да Ерік көсіле жырлап, шешіле сөйлеп, асыл аталарымызды, тарихты терең қозғап еді. Екеуіміздің айтысымызды сол кезде араб әрпімен шығатын “Шалқар” газетіне Уақап Қыдырханов ағамыз, “Оқжетпес” газетіне Нұрқан Ысқақов ағамыз жариялады. Менің “Алаш пен Манас” атты айтыс кітабыма да, он екі томдық шығармалар жинағымның 6-томына басылды. Бір қызық сәт – Ерік бір ақынмен айтысып жатқанда, сарт-сұрт еткен қатты дыбыстар естілді. Сөйтсек, электр жүйесінің бір тетіктері күйіп кеткен екен. Жұрт кәдімгідей елеңдеп қалғанда, Ерік аспай-саспай:
Мына жақтан сарт еткізіп атқанын-ай,
Халқымды атқан оқтан сақта Құдай,
Аруағы Абылайдың қолдаған соң,
Әйтеуір мимо кетіп жатқанын-ай! – деп, бір серпілтіп, айтысты әрі қарай жалғастыра берген еді. Негізі, асықпай, саспай, әр сөзін шегелеп, қара өлеңнің төрт аяғын тең бастырып, қадап айтатын еді ғой, жарықтық! Оның қолма-қол суырып салмалық, яғни импровизаторлық дарыны да ерекше болатын, айтысқанда жазба өлеңде қалыптасқан машығымен өлеңінің ырғақ, ұйқасын мүлтіксіз түсіретін.
Ерік табиғатынан ақын, қазақ поэзиясының көрнекті, ірі өкілі. Ол бала күнінен өлең жазған. Әкесі Мұхамедхафиз де ақын, білікті, оқыған кісі болған. Бала Ерікке Мағжан жырларын таныстырған, Алаш арыстары туралы сыр шертіп, дүниетанымын мықтап қалыптастырған. Тарихтан, әдебиеттен, батырлар жайлы тарихи аңыздардан нәр алған, ұлағатты ұлт ұстаздарынан сабақ алған, қазақтың небір айтулы азаматтарымен аралас-құралас, сыйлас болған, небір тамаша өлең-жырлар мен драмалық шығармалар жазып қалдырған Ерік Асқаровтың өзі де Алаштың нар тұлғасына айналды.
(Келтірілген өлеңдер есімде қалғандары, сәл ғана өзгешеліктер болуы мүмкін, бірақ, негізі дұрыс).
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |