Қисық қайың

31 мая 2024 - Administrator

  Сыртта боран ұйытқып тұр. Бүгін төртінші күн. Боран болғанда да, кәдімгі жынды боран: аш қасқырдай ұлып, ышқына соғып терезені сабалағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Алқа-қотан отырған ауылды жұтып қойғандай. Көрші үйдің өзі көрінбейді.
Алтайдан маза кеткелі де төртінші күн. Төрт қабырғаға қамалып аласұрғанмен қолдан келер шара жоқ. Үйдің іші азынап барады. Таңертең жаққан бір құшақ отын не болсын, әйтеуір, пимасын шешпей жан сақтап отыр. Көмір деген бұл ауылда атымен жоқ. Көмір ғана емес, Қаратал соңғы үш жылда бәрінен жұрдай болған: жарық та, телефон байланысы да жоқ. Дәрігерлік пункт қираған, әп-әдемі мәдениет үйі бар еді, оны өздері соңғы кірпішіне дейін бөліп-бөліп әкетті. Қалғаны жалғыз мектеп, оның да шекесі шылқып тұрған жоқ, бүгін болмаса ертең жабылып қалуы мүмкін. Өйткені соңғы жылдары ауылдағы бала саны күрт кеміп, мұғалімдер екі-үш сыныпты қосып оқытуда. Қысқарып қалған мұғалімдердің көбі көшіп кетті. Осы мектепте он жылдай математикадан сабақ берген жалғыз ұлы - Берігі де қазір облыс орталығында жұмыс істеп жүр. Тіпті соның немен айналысатынын да білмейді. Көрмегелі бір жылдай болып қалыпты.
Қатынас нашар: ауылға автобус жүрмегелі қашан. Өзінікі деген көлігі жоқ. Осында екі қолға бір жұмыс таба алмағаннан кейін өз көліктерімен жолаушыларды тасымалдап жүрген бір-екі жігіт бар, оларға күнің түссе тіпті кісінің қүнын сұрайды. Осыдан бір апта бұрын кемпірі солардың біріне отырып «Балалардың жағдайын біліп келейін, осы оң бүйірім шанша береді, мүмкін дәрігерлерге көрсетер» - деп қалаға кеткен. Содан бері хабар жоқ. Хабар қайдан болсын, боран көз аштыратын емес.
Таңның атқаны жаңа ғана сияқты еді, енді, міне, төңірек тағы да тұмшалана бастады. Асқа зауқы жоқ, ұйқы қашқан. Жайшылықта басы жастыққа тисе, кірпіктері айқаса қалушы еді, қазір қалжырап барып бір-ақ ұйықтайды. Неше түрлі ой миын шағып жатқаны. Содан ба екен, неше күннен бері жиылмаған төсегінің шетіне келіп отырғанмен көрпенің астына кіруге асықпады. Төрт күннен бері осы үйдің есігін ешкім ашқан жоқ. Тіпті төңіректе тірі жан жоқ сияқты. «Әркім өз басымен әуре боп кеткен заман-ай!» Бір күнде аспан айналып жерге түседі деп кім ойлаған. Бәрі көзден бұлбұл ұшты. Қаратал аты, ауданды былай қойғанда, облысқа кең танылған ірі шаруашылықтың орталық қонысы еді. Бүгінгі сиқына қарап оны солай болған деп кім айтар. Анада теледидардан Шешенстандағы соғыстан зардап шеккен елді-мекендерді көріп жағасын ұстаған еді, Қараталдың бүгінгі сиқы сол сойқанды көз алдыңа келтіреді. «Дүние не болып кетті өзі?! Осының бәріне кім кінәлі?..»
- Сенсің! Сенсің!
- Астағыпыралла, мынау Сайлаудың дауысы ғой... Бісміллә, бісміллә!!!
Сайлау - осы ауылдың тумасы, өмір бойы тракторшы болып істеген, өзі мұнымсн түйдей құрдас-ты, екеуі қатты ойнайтын. Өткен жылы аяқ астынан қатты науқастанып, ақыры сол ауру алып тынған. Сөйтіп зейнет демалысына да шыға алмай о дүниелік болып кете барды. Жай кетсе жарайды ғой, мұны жұрт алдында жер қаратып кетті. Қайтарынан бір аптадай бұрын көңілін сұрай барғанда: «Алда-жалда ана жаққа жүріп кетсем - обалым саған, осы шаруашылықтың икі-тикісін шығармасаңдар, адам сияқты ем-дом алмас па едім, омбылап бір апта ауылдан шыға алмадым, одан аудан орталығына итшілеп жетіп дәрігерге көрінген болдым, тек одан нс пайда, бәрі сатулы көрінеді. Бәріне ақша керек. Мен оны қайдан алам, қорадағы малдың бәрі бітті. Енді не болса да, құдайдың салғанын көріп алдым» - деп кәдімгідей жұрт алдында кейіген. Бұл: «Әй, кетсең пәлеңді біреуге жақпай дұрыс кет, өкпелесең ана Горбачевқа өкпеле» - деп құрдасының қинала айтқан сөздерін ойынға шаптырмақ болып еді, онысын ешкім қоштай қоймады. Бәрі рай бермей тұйық отырып қалған. Ақыры Сайлау көп жатқан жоқ. Асқынған ауру азаматты алып тынды.
Жалғыз Сайлау ғана ма? Қарап отырса осы үш-төрт жылда өз қатарластары бар, өзінен үлкендер бар, талай адам өмірден өтіпті. Балашағасын, туған-туысын сағалап сырт көшіп кеткендер қаншама. Көбі облыс, аудан орталықтарында тұрып жатыр. Бәрі тұрмыстың ауыртпалығынан, жұмыссыздықтан, қиюы кете бастаған тіршіліктен өкше көтеруде. Үлкендер осындай жаппай көшу сонау отызыншы жылдары болған дейді. Онда жұрт ашаршылықта «қара қазан, баланың» қамы үшін шет жағалап кетсе керек. Бірақ, олар қазіргі жұрт сияқты аяқ астынан болған өзгеріске ақтарылып дәрменсіздік танытпай, «өлмегенге өлі балық» кездесер деген үмітпен, «қыбырлағанға құдай берер» деген сеніммен үдере кошкен. Енді мына құбылысты қалай түсінуге болады? Қандай тәлсім жасаған жөн? Көңілге көк сүңгідей қадалған сан мың сұрақ сананы шиырлап кеткенімен жөні түзу жауап таба алмай шарқ ұрады. Мына жынды боран да жығылғанға жұдырық дегендей, басылар емес.
Ол қараңғы үйде қалғып-шұлғып әлі отыр. Осы сәт біреу терезе қаққандай болды. Терезені сабалап жатқан қар қиыршықтары екен. Боран тіпті күшейе түскен сияқты. Мүндай да болады екен-ау, баяғыда екі-үш күнде сейіле бастаушы еді, міне, бесінші күнге ауып барады, толас жоқ.
- Бәріне сен кінәлісің! Сен кінәлісің!.. - Әлгі дауыс. Астағыпыралла!.. Ол төсегіне қисайып көзін жұмды. Сол-ақ екен, осыдан бес-алты жыл бұрын болған оқиғалар көз алдынан тізбек-тізбек өте бастады.
«Бірлік» кеңшары дүркіреп-ақ тұрған. Бесжылдықты төрт жылда орындап, облыстық Құрмет кітабына жазылды. Ана кездері егінімен аты шығып жүруші еді, осы директор келгелі мал шаруашылығы да біраз көтеріліп қалды. Әсіресе, сауын сиырдағылардың еңбегі жанып тұр. Әр сиырдан үш мың килограмның үстінде сүт сауған Күләш Бекенова Мәскеуден бір-ақ шығып, Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінің алтын медалін өңіріне тағып қайтса, оның жарыстас құрбысы Айман Қадіржановаға аудан басшылығы көк «Москвич» сыйлады. Бір кездері директор, парторгтардың үйлерінің қабырғасына ілінетін түкті кілемдердің бірнешеуі де келді. Соның бірі кеңшар кәсіподақ ұйымын басқаратын Алтай Сәлиевке тиген. Оның несі бар, бұл да халықты іске жұмылдыруда аз тер төгіп жүрген жоқ. Жыл - он екі ай көлік үстінде, әйтеуір, жанға тиыштық жоқ. Соның қайтарымы шығар, елеп, ескерген директорға мың да бір рахмет!
Бұрынғылар бәрін өздеріне тартушы еді, Ерлік Бәйкенұлы ұжым мүшелерін ренжітіп жатқан жоқ. «Қолы қимылдағанның - аузы да қимылдайды» - деп жасына да, кәрісіне де төгіп беріп жатыр. Қазір екі үйдің бірінде тоңазытқыш, теледидар. Жылдан-жылға жеңіл көлік мінгендердің де қарасы көбейіп келеді, кезекте тұрғандар қаншама. Бұл халықта ақша бар деген сөз. Әйтеуір «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман. Соның бәрі осы директордың арқасы. Айналасы алты-жеті жылда аудан, облыс орталықтарынан шалғай жатқан шаруашылықты қатарға қосты ғой. Мұнда кадр, әсіресе, жастар жағы тұрақтай қоймайтын. Өйткені бөлімшелерді былай қойғанда, Қараталдың өзінде дені дұрыс демалыс орны жоқ. Бір жылдан кейін: «Мәдениет үйін саламыз» - деді. Айтқанында тұрды: кешікпей Мәдениет үйі ғана емес, кітапхана, спорт залы, дәрігерлік пункт іске қосылды. Енді басы ауырып, балтыры сыздағандар аудан, облысқа шапқыламайтын болды. Одан кейін ауылдағы асыраушысы жоқ жалғызбасты қарияларды бір шатырдың астына жинап, электр қуатымен жылытылатын үй салып берді. Суы да ішінде, әйтеуір, бір рахат. Ол байғұстар сол жақсылығы үшін директорды көрген сайын көз жастарын сығып, жік-жаппар болады. Алла ісіңе жар болсынды жаудырып, бір өліп, бір тіріліп қалушы еді.
Осылай «Бірліктің» желі оңынан ескенмен шешілмеген бір үлкен түйін бар еді. Ол - жол мәселесі. Жаңбыр жауса ауданға дейінгі қырық шақырым жол ми батпақ болып езіліп кететін. Қыста да содл, қар алып қалса, ауылға не кіре алмайсың, не шыға алмайсың. Бірде жнналыста осы мәселе көтерілгенде директор: «Көбіне шыдаған енді азына да шыдаңыздар, оны өз күшімізбен шеше алмаймыз, көп қаржы керек» - деген. Айтқандай, арада жарты жыл өтпей жатып-ақ, «Қаратал мен аудан арасына асфальт төселеді екен» деген әңгіме дүңк ете түсті. Бұл республика Жоғарғы Кеңесі депутатының мандаты үшін күрестің нағыз қызған шағы болатын. Сүлікті ауданынан ұсынылған екі кандидаттың бірі облыстық атқару комитетінің торағасы Руслан Керімбаев та, екіншісі «Бірліктің» директоры - Ерлік Бәйкенов. Алғашында кейбіреулерге бұл бәсекелестік баланың ойынындай көрінген.
- Облыстық атқару комитетінің төрағасына қарсы тұру қайда?!
- Рас айтасың, облатком кім, директор кім, «тәйт!» десе тайып тұрмай ма?
- Баяғы, халықты алдау ғой, балама кандидаттар дауысқа түсті деген сияқты...
- Жоқ, олай демеңіздер, аудан орталығында өткен, сосын ана көрші - Ақсуат ауданында болған кездесулерде «Бірліктің» директорына бүйрегі бұратындардың басым екені байқалып қалды.
- Ертең дауысқа түсті бар ғой, Ерлік ұтып кетеді.
Күнде гу-гу әңгіме. Сайлау жақындаған сайын тіпті үдей түскендей.
- Жарайды, басқаларды көре жатамыз, осы өзіміз кімге дауыс береміз?
- Кімге дауыс бергені несі, өз басшымызды қолдауымыз керек.
- Дұрыс айтасыз, жас та болса іскер азамат, айналасы бес-алты жылдың ішіндс ешкімге керексіз болып қалған шаруашылықты алға шығарған жоқ па, дауысты соған беруіміз керек, оның бағы жанса біздің де ешнәрседен ұтылмасымыз анық.
- Бәрін айт та, бірін айт, ертең жоғары жақтағылардың көзіне шалынып, алып кетпесін де. Қолына берді бар ғой, ауданыңды да ұршықша үйіреді.
- Жанып тұр, біздің бағымызға қарай келген ғой, аллатағала соны көпсінбесін деңіз. Әйтпесе, ана Суаткөл сияқты баяғыда-ақ тоз-тоз болып кетер едік.
Осылай халық әңгімені қыздырып, алақанына түкіріп отырғанда: «Ерлік Бәйкенов кандидатурасын алып тастайтын болып, дауысқа түспейді екен» - деген әңгіме тарай бастады. Өзі жұмысында жүріп жатыр, тіс жарып, ешкімге ештеңе айтпайды. Сайлау болса жақындап қалды. Алтай партком хатшысынан сыр тартып көріп еді, ол: «Өтініш түсті деп естігем жоқ,» - деп әңгімеге иліге қоймады. Осылай дел-сал болып отырғанда бір топ жұмысшы сау етіп кіріп келмесі бар ма. Сөзді фермадағы партия тобының жетекшісі Наурызбай Сапаров бастаған:
- Сіздерге бір үлкен өтінішпен келіп отырмыз, - деді ол әр сөзіне салмақ сала сөйлеп.
- Тиыштық па, бұлай бастарыңыз қосыла қоймаушы еді ғой. - Партком хатшысы мына келісті не жақсылыққа, не жамандыққа жоруды білмеген сыңайлы.
- Тыныштық қой, ел аман, жұрт тиыш, шаруаның жайы да жаман емес. Тек бізді мазалап тұрғаны Ерлік Бәйкенұлы кандидатурасын алып тастайын деп жатыр деп естідік. Осы мәселеге байланысты келіп тұрмыз. Біздің білуімізше, халық сол кісіні қалайды.
Осы арада жайшылықта көп сөйлей қоймайтын малшы Мұхтар Тәжіахметов сөзге араласты.
- Кеше Ақсуаттан құдаларымыз келіп кетті, ол жақтағылар да біздің директорға дауыс береміз деп отырған көрінеді.
- Әлде жоғары жақтан бір қысым бар ма екен.
- Олай болса, қайта құру, қайта құру деп күнде қақсап жатқандарынан не пайда?!
- Горбачевтің өзіне жазу керек!
Осы арада партком хатшысы қолын шошайтып «тоқтаңдар» дегендей белгі берген.
- Текке даурықпаңыздар, Ерлік Бәйкенұлына жолығып мән-жайды білейік, шешімді қабылдайтын сол кісі ғой.
- Солайы солай ғой, бірақ сіздер ұжым мүшелерінің көңіл-күйін ол кісіге жеткізіңіздер. Біз бір кісідей қолдаймыз!
Директор күнде таңертең бас мамандармен лездеме өткізіп, тәулік ішінде тындырылған істерді тиянақтап, алда тұрған міндеттерді айқындап отыратын. Әдетте шұбақ-шұбақ әңгіме болмайды, асса жарты сағатқа созылады. Сосын бәрі өздерінің жұмыс учаскелеріне аттанады. Бүгін де солай қадау-қадау нұсқау алған мамандар шығар есікке беттегенде парторг пен кәсіподақ комнтетінің төрағасы орындарынан қозғала қоймаған. Директор кабинетте үшеуі оңаша қалғаннан кейін құлағым сіздерде дегендей, бұларға жанар қадады. Партком хатшысының қызметі үлкен болса да сөзді жасы үлкен кәсіподақ комитетінің төрағасы Алтай Сәлиев бастады.
- Ереке, өзіңізге ұжым мүшелерінің отінішін жеткізгелі отырмыз. Кеше сіз сайлауға қатыспайды екен, кандидатурасын алып тастайтын болыпты деген сөздерді естіген бір топ жұмысшы келіп кетті. Алаңдаулары орынды сияқты. Алған бетінен қайтпасын, біз қолдаймыз деп отыр.
- Біздің кеңшарда ғана емес, басқа учаскелерде де осындай ахуал бар көрінеді.
- Тіпті әлгі Қади тентек Ерекең дауысқа түспесе, біз сайлауына келмейміз, - дегенді де айтып қалды.
Осылай жарыса сөйлеп біраз жерге барып қалған парторг пен кәсіподақ төрағасы сіз не айтасыз дегендей директордың аузына қараған. Бірақ Ерлік Бәйкенұлы елп ете түспеді. Сәлден соң ғана:
- Шешім қабылдау маған оңай болып тұрған жоқ. Әрине, халық сенім білдіргеннен кейін жарты жолда қалу - ұят іс. Соған қарамастан өтінішімді жазып қойдым, қазір ауданға жүргелі отырмын, округтік комиссияга тапсырмақпын,-деді.
- Қысым жасалып жатыр деген рас болды ғой. - Алтай шын көңілден бір түрлі кіжініп кетті.
- Қысым деу артығырақ болар. Рас, сөз салып, жолыңды Керімбаевқа берсейші дегендер болды. Қысқасы, беретін болдым. Бірақ жай бере салгам жоқ, олар таяудағы екі жылда Қаратал мен аудан орталығының арасын асфальт жолмен қосатын болды. Менің депутат болғанымнан халыққа осы пайдалы шығар деп түйдім. Халыққа бәрін түсіндіріңіздер облыстық атқару комитетінің төрағасы лайықты кандидат, қырқында қамал бұзатын жігіт. Кездесулердің барысында, сан мәрте әңгімелескенде оған көзім анық жетті.
Осымен әңгіме тәмам болып әркім өз жайымен кетті.
Ақыры, сайлау бюллетеніне бір ғана адамның - облыстық атқару комитетінің төрағасы Руслан Нұрланұлы Керімбаевтың аты-жөні ғана енпзілді. Бірақ неге екенін кім білсін, сайлауға тізімге енгізілгендер түгел қатысқанмен, Керімбаев бұрынғыдай 99,99 пайыз дауыс жинай алмады, оны қатар тұрған үш ауданның ересек тұрғындарының үштен екі бөлігі ғана жақтады. Бұл бұрын-соңды бұл өңірде болмаған жағдай. Қалай болған күнде де депутат мандаты соның қолына тиді.
Сайлау дүрмегі де, одан кейінгі гу-гу әңгіме де басылды-ау. Бірақ көп уақыт директор айтқан жолдан хабар болған жоқ. Сөйтіп жүргенде кеңшарға Керімбаевтың өзі келе қалмасын. Мәдениет үйінде кәдімгідей үлкен жиналыс отті. Шаруашылық басшысының есебін тыңдағаннан кейін мінбеге Керімбаевтың өзі көтеріліп: «Сіздің шаруашылықтың тәжірибесін республикаға тарату жөнінде жоғары жақ шешім алып отыр, бұл үлкен жауапкершілік»,- деп бір тоқтады. - «Бұл орынды таңдау екенін айтқым келеді. Өйткені «Бірлік» таза пайдамен жұмыс істеп жатқан ұжымдардың бірі».
Бұдан кейін тағы бірнеше адамға сөз берілді. Сөз жоқ, бірліктіктердің соңғы жылдардағы табысы толымды. Оның сыры дегенде бәрі бірінің аузына бірі түкірін қойғандай, Ерлік Бәйкенұлы келіп көзіміз ашылды, бәрі осы кісінің арқасы, біз сияқты қарапайым адамдардың қолынан не келеді. Біз түгіл, Ерекеңе дейін істеген талай басшылардың да тауы шағылған, - деп жарыса сөз сабақтаған.
Облыстық атқару комитетінің торағасы осы арада: «Жағдайларыңыздың алдағы кезеңде де жақсара беретініне сенімдімін, баршаңызды қуантып қояйын, биыл сіздерден аудан орталығына дейін асфальт жол салынатын болды, тиісті қаржы бөлінеді» - деп жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.
Айтқандай, кешікпей жол құрылысы басталып та кетті. Азғантай ғана уақытта жиырма шақырымға қиыршық тас төселіп, бес шақырымы асфальтталған еді, әттең... Әттең, соның бәрі адыра қалды. Бүгін сол игіліктердің бірі де қалмағандай.
«Бәріне сен кінәлісің!» Астағыпыралла! Сайлаудың дауысы. Жоқ, басқалар да қосыла шуласып жатқандай: «Сен кінәлісің. Сен кінәлісің!!!» Ол екі аяғын бауырына алып, бүрісіп жатыр. Көзі ілінер емес. Өткен күндерге оралған сайын неше түрлі ойлар кеуде тұсын тырналап, жанын көзіне көрсетуде.
...Сол күні директор, парторг үшеуі кабинетте ұзақ отырған. Директордың кейбір сөздері мұның ақылына қонып жатқан жоқ.
- Жағдай жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп барады. Нарықтың заңы басқа, бүгін болмаса ертең көптеген ұжымдарда меншік иесі өзгереді. Көштен қалмау керек. Егер қазір кеңшарды жекешелендіріп алмасақ, ертең бәрінен айырылып қаламыз... «Жекешелендіру! Бұл не нәрсе? Ұжымды жеке меншігіне алғысы келе ме?» Сол күні де оны осы сияқты неше түрлі сауалдар мазалап, түннің бір уағына дейін дөңбекшіп ұйықтай алмаған. «Жоқ! Оған жол беруге болмайды. Бұл дегеніңіз баяғы бай мен кедейдің заманына қайта оралу ғой. Ол бар байлықты бауырына басып қалып, мына қалың елді уысында ұстамақ қой. Осында кейбіреулер: «Біздің директордың арғы аталары бай болған көрінеді. Ел басқару мұның қанында бар» - деп жүруші еді, сол әніне қайта басқысы келе ме, қалай? Жоқ, оған жол беруге әсте болмас». Осындай ойлардың жетегіне ерген ол директорды аяқ астынан қалай жек көріп кеткенін аңғармай да қалды.
Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр, әйтеуір, бір әрекет жасалып жатқаны анық. Бірде «Құжаттары дайын болуға жақын екен» дегенді құлағы шалып қалған. Былайғы жұртқа екі дүние бірдей сияқты: әркім өз жұмысымен жүріп жатыр. Директор осы ауылды тік қотарып көшіріп әкетсе де тырс ететін түрлері жоқ. Бүгін солайы солай-ау, ал ертең болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін бәрі де сандарын соғып шыға келеді. Сонда: «Жарайды, біз қараңғы халықпыз, ал сендер қайда болдыңдар, ай қарадыңдар ма?!» - деп әбден сөгулері хақ. Мұның түбі жақсылыққа апармайды. Қарап отырмай бір амалын ойластыру керек, ертең құжаттар жоғары жаққа кетіп қалса, кеш болуы да мүмкін. Қап, осындайда қасыңда ақыл қосатын бір жанның да болмағаны қиын екен. Кім бар, осы ойларын кімге сеніп, жеткізсе екен? Ойға алдымен партком хатшысы Биғожа Байғожаұлы оралған. Әй, содан ештеңе шыға қоймас, қашан көрсең де директордың аузына қарап, сілекейі шұбырады да отырады. Өзінікі деген бір пікірі жоқ кой. Бухгалтердің не ойлағаны бар екен Есеп-қисаптың бәрі соның қолында емес пе, жекешелендіру деген пәленің не екенін бір білсе - сол білетін шығар. Оның үстіне Асхат мұның немере інісі, соған сенбегенде -кімге сенеді.
Асхат бәрінен хабардар болып шықты.
- Күнде ауданға, облысқа шауып жүр ғой, не шығаратынын кім білсін, - деген ол шегір көздерін бұған қадап.
- Осының айтып жүргені не нәрсе, сен маған соны түсіндіре аласың ба?
- Оны түсіндіретін ештеңе жоқ, мына кеңшарды сатып алғысы келіп отыр. Бәріне өзіміз ие болып отыруымыз керек, сонда өндірілгеннің бәрі осы жерде қалады, игілігін өзіміз көреміз, - дейді.
- Өзімізге, бізге де бірдеңе тие ме?
- Ол жағын ашып айтпайды, әйтеуір, байлық та, билік те бір қолға көшу керек деп отыр ғой.
- Сснің өзіңнің не ойлағаның бар, мендей емес, оқыған-тоқығаның мол ғой, ертең далада қалмаймыз ба?
- Алтеке, бұл түске де енбеген нәрсе ғой. Қайдағыны қайдан шығарып отырғанын бір Алланың өзі білсін. Қашан көрсең қолынан кітабы түспейді. Екі сөзінің бірі шетел Шын байлық соларда дейді. Кейде өзімен әңгімелесуге де қорқамын. Ашып айтпаса да бәріне де қарсы сияқты.
- Менің білуімше, осындай сөз шығарып жатқан бірде-бір директор жоқ. Осының сандырағына еріп, әліптің артын бағып отыра береміз бе, ел емеспіз бе, өршіп кстпей тұрғанда қойдыру керек шығар.
Асхат үндемей қалды. Оны келіскендіктің белгісі деп ұққан Алтай:
- Енді қимылдамасақ кеш қалуымыз мүмкін, халықты көтерсйік, жиналыс өткізуіміз керек, -деп ойындағысын бір-ақ ақтарды.
- Сосын?..
- Айтсын халыққа не ойлап жүргеши.
- Халық деп отырғаның, анау Жексен, Бейсендер ме, олар мал емес пе, қайда айдасаң сонда жүретін.
- Басқалар да бар ғой, мына өзіміздің Әутектен шыққандардың бетін бері қаратсақ, соның өзі жетіп жатқан жоқ па, солар қосылып кетті бар ғой, директорыңның шләпісін теріс айналдырып жібереді.
- Алтеке, бұл арада қызбалыққа салынуға болмайды, бәрін ойластыру керек, директордың да арқа сүйейтін адамдары осында да, жоғары жақта да жетіп жатыр.
- Е, ондай адамдар бізде жоқпа, ауданда да, облыста да отыр ғой, шақырайық бәрін, ақылдарын айтсын. Қалай десең де бүгін қимылдамасақ ертең кеш болады.
- Сонда не істейміз?
- Жатпай-тұрмай халықпен жұмыс істеп, солардың көзін ашу керек. Мынау бізге енді директор болып оңбайды, шығару керек жұмыстан.
- Жұрттың бәрі бізді қолдай қойса жарайды ғой?..
- Қолдайды, осында оның басқан ізін аңдып отырғандар аз емес. Басшы болғасын жұрттың бәріне бірдей жағу қиын ғой. Білемін, осында өкпесі қарақазандай болса да іштен тынып жүргендер бар. Алдымен соларды көтеру керек. Ана өзіміздің Темірбай қолдамайды дейсің бе, қолдайды, осы директордың кесірінен баласы түрмеде отырған жоқ па. Сол сияқты Биғожаның балаларын да сыйғызбай қаңғыртып жіберген жоқ па. Тізе берсек бір ауыл болып шыға келмей ме?..
- Темірбайдың баласы сотталса, өзі кінәлі. Директор оған қандай жақсылық жасамады. Орақтың озаты деп жолдама беріп, сонау Австрияға да жіберді, жұрттың қолы кілемге жетпей жатқанда машина мінгізді. Соның бәрін бағалады ма, араққа салынып, ақыры мас болып жүріп біреудің баласын басып ксткен жоқ па.
- Солайы солай ғой, бірақ «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей, алып қалуға болатын еді ғой.
- Биғожаның балалары да оңып тұрған жоқ, біреуіне зоотехниктік, екіншісіне мал дәрігерінің қызметін берді. Бірақ екеуі не істемеді, қосылып алып, бір отар қойды сатып тауыса жаздаған жоқ па. Қайта аман кетті де...
- Оны сен білесің, мен білемін. Басқалар үшін бәріне директор кінәлі.
Қанша бұлғақтағанымен, Асхат ағасының айтқандарынан шыға алмаған. Ақыры, екеуі өздеріне қараған сенімді деген адамдардың басын қосып тағы бір ақылдасуға келісті. Неше түрлі ойлар бүйірін қыздырған Алтай директордың ауылда жоғын пайдаланып, ағайындардың басын сол күні-ақ қосып жіберген.
Бұл жолы алыстан орағытқан жоқ.
- Директор кеңшарды сатып алайын деп жатыр, естідіңдер ме? - деп төбеден түскендей қоя салды.
- Сатып алғаны қалай, соншама ақшаны қайдан алады?
- Бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген нәрсе. Сірә, бірнеше жылға қарызға алады білемін.
- Анада әйелі осы маңайдағы ауылдардың тұрғындарының купондарын сатып алып жатыр деп еді, рас болып шықты ғой.
- Сатып алса оған біздің неміз кетеді? Үкіметке де істеп жатырмыз ғой, әлгі кім айтып еді. «Бізге пролетариатқа бәрібір, ұүғаудан басқа жоғалтатын түгіміз жоқ» деп, екі қолға бір жұмыс қайдан болса табылар.
Мұны айтқан Сайлау еді. Сайлау Алтайға бөтен емес, екі үйінің бірі десе де болады. Бірақ кейде осылай бүйректен сирақ шығаратыны бар. Алтай жақтырмай қалды.
- Сайлау, сенің осы орынсыз жерде ойының келе қалады екен. Елдің тағдыры таразы басына тартылып отырғанын түсінесің бе? Директордың ыңғайына жығыла кетсек біріміз құл, біріміз күң боламыз.
Алтайдың сөзін бухгалтер іліп әкетті:
- Алтекең екеуіміз осы мәселенің төңірегінде кеп әңгімслестік. Расында да ойлануымыз керек. Ата-бабамыздан қалған игіліктерді көлденең көк аттыға ұстата салғанымыз қалай болады? Тіпті, осы ауылдан шыққан жан болса бір сәрі. Ертең маңайға күлкі болмаймыз ба.
Төрт тағандап қирап жатқан шаруашылықты аяғынан тұрғызған сол директор емес пе еді, осы ауылдан да біраз адам басқарды ғой, керемет болса солар қайда қалған? Енді есімізді жиып алған соң келімсек деп мұрнымызды шүйіргеніміз қалай болады. Мен сендерді түсінбей отырмын.
- Сәке, алдымен тыңдап алсаңызшы, осы арада бөтен адам жоқ, біз сіздерге жамандық ойлап отырғамыз жоқ. Ақылдасайық деп шақырдық.
- Ал, тыңдадым, - деді Сайлау тағы не айтасыңдар деғендей.
- Тыңдасаң, осы аптадан қалдырмай азаматтар жиынын өткізіп, директорға сенімсіздік білдіруіміз керек. Келген жағына кетсін. Бұл арада басқа таңдау жоқ. Райынан қайтып, жұмысында қалса да енді бізғе күн көрсетпейді ол
Осы арада Сайлау шыдай алмай кетіп тағы да сөзге араласты.
- Маған сендердің бұларың ұнап отырған жоқ. Отпен ойнап отырсыңдар. Мына сөздеріңе қарағанда сүттсй ұйыған елдің шырқы бүзылайын деп тұр. Бұларың не қылғандарың, директордікі теріс болса, парткомы, профкомы бар, шақырып алып сөйлеспейсіңдер ме. Сырттан тон пішіп, аяғынан шалмақсыңдар ма? Мен бұларыңа қосыла алмаймын.
Алтай, осы сөздің бәрі сенен шығып отырған сияқты. Жұрттың обалына қаламын деп қорықпайсың ба. Кеше ғана директормен екеуің бір-біріңсіз тамақ ішпеуші едіңдер ғой. Араларыңнан қандай қара мысық жүғіріп өтті, оны мен білмеймін, білгім де келмейді.
Осылай айтарын түйдек-түйдек ақтара салған Сайлау үйден шыға жөнелді.
- Кетсең кете бер, сенің намыссыз екеніңді баяғыда-ақ білгем, ағайын болған соң қимағандықтан шақырып едім, сенің орныңа бір қурай...
- Алтеке, қайтесіз, Сайлаудан басқа ешкім сіздікі жөн емес деп отырған жоқ қой. Ағайындар-ау, сендер неге оқтау жұтқандай үндемейсіңдер. Жұртқа қарап сөйлеген Асхат
Әутектің бүгінгі үлкені трактор-егіс брнгадасының бригадирі болып істейтін Талғатқа жанар қадады. Басшылардың алдында көп сөйлеуге дағдыланбаған Талғат:
- Сөйлегенде не қыл дейсіңдер, жағдайды бізден гөрі өздерің жақсы білесіңдер. Біз сендердің айтқандарыңнан шығамыз ба? Тоқетерін кесіп бір-ақ айтыңдар, - деді қипақтап. Сол-ақ екен басқалар да шулап қоя берді:
- Рас, рас, өздерің шешсеңдерші.
- Біз не білеміз, айт дегендеріңді айтайық. Қол көтеру керек болса, көтерейік. Он жерден дирсктор болса да, ағайынды айырбастамаймыз ғой.
- Онда былай болсын... - Алтайдың дауысы қатқылдау шықты. - Жұма күні жиналыс өткіземіз, жұртты түгел жинау керек. Оған дейін - бәрің ағайын-туған, көрші-қолаң бар деген сияқты, халықпен жұмыс істеулерің керек. Түсіндіріңдер... Біреу-міреу бұра тартып сөзіміз өтпей жатса ереуілге дейін шығамыз. Сосын көпке күл шашып көрсін.
- Тым артық кетіп, бірдемені бүлдіріп алмайық.
- Түк те бүлінбейді, Горбачевтің өзі айтып жатқан жоқ па, демократия, жариялылық деп, қорқатын ештеңе жоқ. Керек болса ЦК-ға да жазамыз.
Алтай сол түнде де көз ілген жоқ. Ереуіл комитетінің, жиналыста сөйлейтіндердің тізімін жасады. Қойын кітапшасына сырттан шақырылатын адамдарды да түртіп алды. Аудан басшыларын, газеттерден тілшілер шақыру керек. Қайткен күнде де есін жинай алмайтындай етіп соғу керек. Директорға кім дос, кім қас деген де жауап іздеп, өткен-кеткен біраз оқиғаларды еске түсірді. Есептеуінше іштей тынып, қойнына тас тығып жүрғендер толып жатыр. Соларды шапқа түрт те, қызығына қара да отыр. Көп түкірсе, көл емес пе, түтіп жейді...
(Жалғасы бар.)

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы
Петропавл қаласы.



Сүлейменов Ж. Қисық қайың // Жаңа Сарыарқа.-2005.-№5.-58-64 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий