Өз заманының күнделігі

13 мая 2022 - kamshat

Қазақ поэзиясы мен публицистикасында өзіндік қолтаңбасымен танылған ақын, журналист, аудармашы Жарасбай Әнәсұлы Нұрқанов көзі тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді.
Ақынның қаламынан туындаған «Қара көздер», «Нұрлы терезе», «Алтын десте», «Арманым менің», «Терең барлау», «Буынсыз бала» «Қызылжар», «Көкжиек» сияқты жыр жинақтары оқырман қауымға жақсы таныс. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл өзенінің екі бетін қуалай қонған ел-жұрт әлімсақтан бері тату-тәтті, құда-жекжат, ағайын-туған болып өмір сүріп келеді. Кешегі өткен кеңес дәуірінде де, күні бүгінгі егемендік пәрмен алған шақта да сол дәстүр жалғасын табуда. Осы әңгімеге арқау еткелі отырған кейіпкерім ақын, жорналшы, қоғам қайраткері Жарасбай Нұрқанов ағамыз да, міне, тап осы өңірдің тумасы. Жаны аралас, қойы қоралас, қатар қонған қос ауыл Көктерек пен ­Ленин елді мекені бүгінде Кеңес Одағының батыры атанған жерлесіміз Ысқақ Ыбыраев атындағы шаруа қожалығының төңірегіне топтасқан. Ресми тілмен айтқанда, Шал ақын ауданының бетке ұстар шаруашылықтарының бірі деуге болады.

Бұл өлке табиғаттың тамаша туындысы деп айтсақ әбден орынды. Қыры – қайың, терегі жайқалған орман болып келеді де, ойы – ерке Есілдің қалың тоғайы мен ойдым-ойдым қарасуы жайылған алқа. Егер ақын ағаның тілімен айтатын болсақ:

О, менің көк орайлы Көктерегім,

Жаһанда өзіңдей жер жоқ дер едім.

Арада айлар өтіп оралған соң,

Кеудемде сағынышым көп қой менің.

 

Ораған батысың мен түстігіңді,

Орманың – қорғаның ғой қысты күнгі.

Бауырында жалғыз ағаш жайнап өскен,

Теремін түрлі жеміс, түсті гүлді.

 

Мұхит қой маған сенің қарасуың,

Қайың-тал жағасында жарасуын!

Телміріп соған сонша қарап тұрған,

Өзіңнің оқып келген Жарас ұлың...

Міне, бұл ақын ағаның өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп келген кезде жас жүрегін жарып шыққан жыр жолдары болса керек.

Жасыратын сыр емес, тоқсаныншы жыл­дарғы тоқырау кезеңінде елдегі ауыр тұрмыс-тіршіліктің жұрттың жанына батқаны рас. Әсіресе орталықтан алыс аймақтарда жағдай өте мүшкіл болды. Ақын сондай қиын-қыстау шақтарда да өзінің туған жерімен байланысын үзген жоқ. Елге жиі қатынап, көңілі құлазыған жандардың жүрегіне жылы үміт сеуіп, серпілтуге тырысты.

Шіркін-ай, ауылым-ай, ауылым-ай,

Ауылда жүрген менің бауырым-ай,

Айнала қара боран қиыншылық,

Ауылға мына күннің ауырын-ай.

Ауылдың жүдеуін-ай, жүдеуін-ай,

Ауылым шымырлаттың жүрегімді-ай.

Ауыз су әлі күнге жоқ дегенде,

Білмедім жыларымды-ай, күлерімді-ай.

Ауылдың ажарын-ай, ажарын-ай,

Тарқаған жәрмеңкенің базарындай,

Ауылда өлім-жітім көп дегенде,

Білмедім қандай өлең жазарымды-ай...

Иә, әр ақын – өз заманының күнделігі. Сон­дықтан қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі де оның қаламына қорек. Жаңа тыныс беріп, шабытына шабыт қосатын, тың серпіліс туғызатын тылсым күш. Осы орайда, ­Жарасбай Нұрқановтың сан түрлі тақырыпта қалам тербегенін жыр жинақтарын ақтарып отырғанда көзің жетеді. Жалпы айтқанда, алғыр ойдың иесі күнделікті өмірдің тіршілік тамырын дөп басып, өз шығармашылық биігінен баға беріп отырған. Бұл ақынның көрегенділігінің белгісі болса керек. Осындай сәттерде туған шығармалар қатарына «Қар суы», «Ғаламның ғажабы», «Тәуелсіз Қазақстан», «Үш кемеңгер – мәртебем», «Кібісе жыл», «Журналист», «Өмір туралы толғаныс», «Айымсары», «Кере қарыс», «Жаңа туған теңгеміз», «Аяусыз», «Өршіл қайық» сиқты өлеңдерін жатқызамыз.

Шығарманың шырайы – тілінде. Көзі­ қа­рақты, поэзия құдіретін түсінетін оқырман қауым ақынның көркем тіліне, әдемі иіріміне, мәнерлі сөзіне, жатық ұйқасына бірден көңіл аударады. Өрілген өлең шумақтарын оқи бергің келіп тұрады, оқыған сайын көркем тілдің шуағына шомылып, ләззатына кенелесің. Мәселен:

Бірде шоқ, бірде жалын күйік-дертің,

Өмірді сұлу қыздай сүйсең де еркің,

Тірлікте көрген қызық өң мен түстей,

Жалт беріп, бастан дәурен өтер бір күн

Бүкпесі жоқ. Жатық тілмен, тартымды теңеумен жүрек қылын тап басқан.

Тіл демекші, Жарасбай ақын сонау жетпісінші жылдардың өзінде-ақ қазақ тілінің тағдыры үшін күрескен жандардың бірі. Өзі орысы – ормандай, кезінде тың өлкесінің орталығы болған Целиноград қаласында тұра жүріп, сондай жанкештілікке барды. Оның ұлтжандылық іс-әрекетін жетекші партия басшылығы жөн көрмеді. Туған тілінің жоқтаушысын сол кездегі билік те қоштай қоймады. Соңынан сөз де ерді. Азаматтық құқығы жағынан, шығармашылық беделі жағынан қағажу көрген сәттері аз болған жоқ. жылдары сәлемін алмаған шенеуніктер де ақын жүрегіне сызат салды. Дей тұрғанмен, ол өз тілінің жарқын болашағына сенді. Тәуелсіздік таңы атқан шақта туған тілдің мемлекеттік мәртебе алған сәтін жырға қосты.

Жарасбай Нұрқанов оқырман қауымға алғашында газет тілшісі ретінде танылды. Оның бұл саладағы шығармашылық еңбектері республикалық аға газет «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») мен Цели­ноград облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») басылымдарының беттері арқылы оқырманға тарады. Әсерлі жазылған мақалалары мен репортаждары, сан түрлі тақы­рыпты толғаған сын ескертпелері қоғамдық пікір туғызып жатты. Қызмет бабындағы алуан-алуан іссапарлар шығармашылық адамын шыңдай түсті. Әртүрлі деңгейдегі кездесулер мен танысулар оның ақындық әлемінің көкжиегін кеңейтіп, әріптестері мен тілектестерінің қатары көбейді.

Ақын Жарасбай Нұрқановтың өмір жолы менің көз алдымда тап бүгінгідей сайрап ­жатыр деп те айта аламын. Жәкеңмен қоян-қолтық араласа алмасам да, жиі жүздесіп жүрген інілерінің бірі екенімді мақтан тұтамын.

Біздер отыз жылдан астам уақыт Ленин ауылында үй арасында үй жоқ көрші тұрдық. Анасы Шәмшия менің анамды «Еркем» деп еркелетіп, жанындай жақсы көретін. Өзі ақжарқын, ақкөңіл, жан еді. Біздің үйдің бар баласы ол кісіні «апа» деп өстік. Қазина апайым туғанда есімін менің әкем «Қазына» деп қойған көрінеді. Қазақта өте сирек кездесетін әдемі есім емес пе?! Әйтсе де, жүре келе «ы» әріпі «и» болып айтылып, Қазина апамыз ешкімде жоқ есімнің иесі болып шыға келген.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ­Жарасбай мен Қазина Нұрқановтардың ­отбасы Целиноград (Астана) қаласында тұрғанда туған апам Ақбаян мен жездей Сейіт Қадыров Целиноград медицина институтында оқып, тамамдады. Апа-жездем екеуі де өлең жазып жүрді. Жазғандары газет бетінде жарық көріп жатты. Міне, осы кезде екі жанұяның арасында жарастық қарым-қатынас,шығармашылық байланыс қалыптасты. Жәкең сырт көзге томаға тұйық жан болғанмен өте көпшіл кісі еді. Әңгіме айтқанда баппен, жұмсақ үнмен балын тамызып айтатын. Ал шығармашылық тақырыбына ауысқанда, қолына қалам ұстап, бір жол өлең жазған жанды өзіне бауыр санайтын. Осы орайда олардың рухани көзқарастары ортақ болды.

Адам баласы өзінің мінезіне сәйкес өмір жолын, өнер жолын таңдайды. Жарасбай Нұрқановтың да табиғатына тән дара жолы болды. Мінезі биязы, жүзі жайдары, дауыс көтеріп сөйлемейтін, үні жұмсақ, дау-жанжалға жоқ, жағымды жан болғанмен, бойына ана сүтімен сіңген кербездігін, тәкәппарлығын, ақсүйектігін де айта кеткен жөн сияқты. Осындай ерекшеліктері ақынға жарасып тұратын. Тік жүріп, таза киінгенді ұнатты. Жаратылысынан сал-серілікке жаны жақын еді. Сол да себеп болған шығар, Жәкеңнің шығармашылығынан табиғат, махаббат лирикасы, сұлулық пен нәзіктікті суреттейтін жырларүлкен орын алады. Қолынан қаламы түскенше ақынға шабыт берген оның бойындағы туған жеріне, әйел затына деген ұлы сезім – махаббат күші болды.

Жалпы Жәкең махаббат лирикасын алыстан іздемеген жан. Оның өмірлік музасы жарты ғасырға жуық уақыт жанында жүрді. Ақынның өзінің іңкәр сезімге толы жырларын көбіне құдай қосқан қосағы, ұл-қыздарының анасы Қазина Сәдуақасқызына арнаған. Соның бірі мына жолдар:

«Жүректі лүпіл қақтырып,

Қояды назың, өкпең бір.

Сезімің әлі пәк, тұнық,

Таңдағы шықтай мөп-мөлдір.

 

Қарайсың қасың керіліп,

Жанарың ыстық жаздайын.

Ұмсынған бойы мен еріп,

Құшаққа құлай жаздаймын».

Жарасбай Нұрқанов – екі ғасырдың куәсі. Ол кешегі кеңестік кезеңді де бүгінгі тәуелсіз елдің еркін тұрмыс-тіршілігін де көзімен көріп, тәнімен сезінген адам. Соның бәрін ой елегінен өткізіп, өзінің ақындық биігінен сөз арнай білді.

Әрине, ақын ағаның өмірден ерте озғаны өкінішті-ақ. Ортамызда жүре тұруы керек-ақ еді. «Бұл күнде сексеннің бесеуіне келдіңіз» деп, иғына шапан жауып, інілік ақ тілегімізді өзіне айтар едік. Бірақ бәрі де біз ойлағандай бола бере ме?

Десек те, бір көңіл толарлығы, артында әке салтына лайықты ұрпағы қалды, атын да, затын да көзінің қарашығындай сақтайтын сүйген жары – Қазина апамыз бар. Құдай Сізге қуат берсін! Ал ақынның халқына арнаған өлең-жырлары ұрпаққа мұра болып, халықтың игілігіне айналары сөзсіз.

Шашубай МАЛДЫБАЕВ 

Малдыбаев, Ш. Өз заманының күнделігі [Мәтін] : ақын Жарасбай Нұрқанов жайында / Ш. Малдыбаев // Ana tili. – 2022. - 17-30 наурыз (№11-12). - Б. 14
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий