Әбсаттаров, Р. Асылдың сынығы // Soltústik QAZAQSTAN. – 2019. – 10 qazan.- Б. 6-5
Белгілі тұлғалар туралы жазу оңай шаруа емес, өйткені, бір-екі қырын білгеніңмен басқа да толып жатқан қыр-сырларын біле бермейсің. Олардың ұлылығы да осында болса керек. Міне, осындай ірі тұлғалардың бірі – Аманжол Қошанов ағамыз. Тегінен тараған әдемі қасиеттерімен бірге оның өз қолымен сомдаған кісілік қабілеті, азаматтық болмысы, жарқын тұлғасы ерекше екенін бүкіл елі мойындауда. Себебі, әр тұлғаның бейнесін, азаматтық қабілетін, қоғамдағы орнын анықтайтын да, бағалайтын да халық.
Осы тұрғыда алып қарасақ, жұртымыздың жүрегінде, халқымыздың ой-санасында академик Аманжол Қошанов ағамыз – өрісі кең, өресі биік, білімпаз ғалым, қамқоршы ұстаз, жетелі жетекші, халқының қамын ойлайтын, сол үшін аянбай тер төгетін абзал азамат. Қошановтар əулетінің елдік, адамгершілік мұраттары өте ертеден қалыптасқан. Бұл əулет өз бастауын сонау ХVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Құлеке батыр мен Шал ақыннан алады. Шал ақын – Аманжол ағамыздың бесінші атасы.
Міне, Аманжол Қошанов дүйім қазаққа аты белгілі тұлғалардың жұрнағы, болаттай тұяғы іспеттес. Таптаза ағын судай Құлеке мен Шал сияқты асыл тұлғалар да фəни дүниеден өтсе, бүгінде асқар таудай болып Аманжол ағамыз аталар дəстүрін салиқалы өмірде заманға сай ғылыми негізде жалғастырып жүргенін үлкен ілтипатпен айтамыз. Аманжол ағамызды елден ерекшелеп, ірі тұлға деңгейіне көтеретін қасиеттері жетерлік. Ең əуелі ол кісінің адалдығы мен тазалығын, əділдігі мен имандылығын, кісілік пен кішіпейілділігін, парасаттылығы пен зиялылығын, одан кейін Құдай берген салмақтылығын, сабырлы мінезін, айтқан сөзде тұратын тұрақтылығын айтуымыз керек. Аманжол ағамыз – барынша қарапайым, озбырлыққа, дөрекілікке жаны қас, өктемдік, қаскөйлік, кеудемсоқтыққа мүлдем жоламайтын, жүрегіне мейір гүлденген, жаны жомарт, бауырмал, көпшіл, арамдық, əділетсіздік, біреуге қиянат жасау, көре алмаушылық, іштарлық, бəлеқорлық, жалақорлық, біреуді сыртынан өсектеуден іргесін аулақ салатын сыпайы əрі сырбаз адам.
Міне, осындай қасиетті топырақта дүниеге келген Аманжол Қошанов орта мектепті алтын медальмен бітірген. Білімге, ғылымға деген құштарлық албырт жасты Мəскеудің М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің экономика факультетіне алып келді. Университетте студент А.Қошанов сол заманның атақты экономист-ғалымдары, академиктер К.В.Островитянов, А.И.Пашков, профессорлар Я.А Кронрода, И.Г.Блюмина, С.К.Татуралардан сабақ алады.
Жоғары білімді жас маман жолдамамен туған еліне оралған соң қажыры мен қайратының арқасында өрлеу баспалдақтары биіктей береді. Білім мен біліктілікті жадына тұтқан Аманжол алғашында экономикадан сабақ береді де, одан кейінгі уақытының көбін еліміздің аяулы азаматы, академик Қаныш Сәтбаев құрған ғылым ордасы – Ғылым академиясының қабырғасында өткізеді. Əуелі институттың аспирантурасын ойдағыдай тамамдаған соң осы жерде барлық қызмет баспалдағынан өтеді: кіші жəне аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, директор.
Адам өмірінде оның жеке басының табандылығына жөн сілтеп, оны уақытында қолдап, дұрыс бағалайтын адамдар болады. Аманжол ағамыздың өмірінде сондай адам Қазақстанның экономика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым, академик Сақтаған Бəйішев болды. Академик А.Қошановтың айтуынша: “Мені ғылымға “бекіткен” – Сақтаған Бəйішев. Менің өмірдегі өсу жолыммен жəне бүкіл тағдырым үшін мен оған қарызбын”. Оның ірі ғалым болып қалыптасуына осы ғылым ордасының қабырғасында Қ.И.Сәтбаев, С.Б.Бәйішев, Ш.Ш.Шокин, М.О.Əуезов, Ə.Х. Марғұлан, Е.А.Букетов, С.З.Зиманов, С.Е.Толыбеков сияқты академиктер әсер етті.
Академик Аманжол Қошановтың Қазақстандағы ұлттық мəдениет пен рухани жаңғыртудың келелі мəселелерін іске асыруда, экономиканың əлеуметтік бағытта жəне азаматтық қоғамның қалыптасуына қосқан үлесі өте зор. Арнайы мемлекеттік комиссиялардың мүшесі ретінде ол Халықтың бірлігі мен ұлт тарихы, Ұрпақтар сабақтастығы, Саяси репрессия құрбандарын еске алу, Ұлттық мəдениетті қолдау жылдарын жариялау жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сəйкес кең ауқымды ғылыми шараларды ұйымдастырудағы жетекші тұлғалардың бірі болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының “Отандық тарих тағылымдары жəне Қазақстан қоғамының қайта өркендеуі”, “Əуезов – ХХ ғасырдың ұлы гуманист жазушысы”, “Абай – қазақ əдебитінің негізін салушы жəне философ-ойшыл” сияқты арнаулы жəне мерейтой сессиялары мен “Дүниежүзілік өркениет тарихындағы Қазақстанның орны мен рөлі”, “Қазақстан аумағындағы мемлекеттік құрылыс”, “Еуразияшылдықтың проблемалары мен келешегі”, “Кенесары – колониализмге қарсы ұлтазаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткері” деген тақырыптарда өткен ірі халықаралық конференцияларды ұйымдастырып, басшылық етті.
Қайта құру мен одан кейінгі нарыққа көшу жылдары академик А.Қошановтың шығармашылық жəне ұйымдастырушылық өмірінде өзгеше жаңа бір кезең басталды. Нарықтық экономиканың теориясы мен əдіснамасын тыңғылықты зерттеуші ретінде ол нарықтық экономиканы біртіндеп қалыптастыру мен Қазақстанның экономикалық дербестігін нығайтудың теориялық негіздерін жүйелі зерттеу сияқты жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады. Оның жаһандану жəне өңірлік бірігу жағдайында түбегейлі экономикалық реформа, меншік қарым-қатынасын қайта құру, кəсіпкерлікті одан əрі дамыту, ұлттық экономикалық және экономикалық қауіпсіздік жүйесі мəселелеріне арналған еңбектері еліміз бен шетелге кеңінен танымал. Академик Аманжол Қошанов осы кезде өзінің ғылымға негізделген принциптеріне сəйкес нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін республиканың даму деңгейі мен ерекшеліктерін ескеру деген көзқарасты ұстанды. Əсіресе, бүгінде жүріп жатқан мемлекет иелігінен алу жəне жекешелендіру үрдісінде ауыл адамдарының үлесін қорғап, байсалды пікірлерін мемлекеттік басқару буындарына əрқашан дəлелдеп отырды.
Академик А.Қошанов – 600-дей ғылыми басылымдардың авторы, оның ішінде 53 монографиялық жұмыс жазды. Соңғы жылдары академик А.Қ.Қошановтың ғылыми ізденіс жолында ерекше орын алатын мəселесі – Қазақстанның индустриялық-инновациялық практикасы мен теориясы. 2012 жылы ол “Индустриялық-инновациялық стратегия жəне экономикалық өсу” атты түбегейлі монография басып шығарды. Оның бұл еңбегін Елбасы Н.Ə.Назарбаев жоғары бағалаған болатын. Автордың еңбегі дамудың шешуші кезеңінде Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық прогресінің тағдырын шешетін мəселелерді іске асыруға оның мүдделі екендігін аңғартады. Еңбекте үдемелі индустриализация, жаңғырту жəне инновациялық даму мəселелері жаңаша қойылған.
А.Қошанов халықаралық дəрежедегі ғалым, қоғам қайраткері ретінде ТМД елдерінің еуразиялық идеясы мен интеграциясы, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі, ғылымның жаңа кезеңде индустриялық-инновациялық дамуындағы стратегиялық басымдылығы, республикамыздың жалпы ұлттық идеясы мен егемендігі, тағы басқа мəселелерге қатысты өзінің ой-пікірін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың жұртшылыққа кеңінен насихаттауда.
Академик Аманжол Қошановтың ғылыми еңбектері практикалық бағыттылығымен құнды. Оның жетекшілігімен жəне тікелей қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының өзінде-ақ 200 ғылыми баяндама, республика экономикасын нарықтық қайта құрудың басты мəселелеріне қатысты ұсыныстар дайындалып, директивтік органдарға табыс етілді.
Академиктің жетекшілік етуімен 15 ғылым докторы, 60 ғылым кандидаты даярланды. Ол – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры. Ұстаз ретінде академик Қошановтың білікті ғылыми мектебі қалыптасты. Академиктің шəкірттері бүгінде Үкіметте, министрліктерде, ірі компанияларда, бірқатары жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерде қызмет атқаруда.
Ғылыми жəне қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі жəне экономика ғылымын дамытудағы үлесі үшін А.Қ.Қошанов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Парасат” орденімен, “Еңбекте үздік шыққаны үшін”, “Еңбектегі ерлігі үшін” медальдарымен, Білім жəне ғылым министрлігінің “Ғылымды дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін” құрметті белгісімен марапатталды. 2004 жылы Халықаралық Кембридж өмірдерек орталығы (Англия) академик А.Қ.Қошановты ғылымды дамытудағы сіңірген еңбегі жəне халықаралық ғылыми топтармен тығыз байланыс жасағаны үшін “ХХI ғасырдың аса көрнекті зияткері” құрметті медалімен марапаттаса, Америка өмірдерек институты мен халықаралық зерттеулер орталығы (Нью-Йорк) ғылымдағы жəне халықаралық ынтымақтастықтағы аса зор жетістіктері үшін “Жыл адамы – 2004” құрметті атағына лайық деп тапты. 2006 жылдың тамыз айында белгілі америкалық орталық (ABJ-USA) академик А.Қ.Қошановты халықаралық “Алтын белгімен” марапаттады. 2009 жылы Халықаралық өмірдерек ассоциациясы (Кембридж, Англия) академикті “Дүниежүзінің таңдаулы 100 ғалымы” санатына енгізу туралы шешім қабылдаған. Ал Америка өмірдерек ассоциациясы А.Қ.Қошановты “Тəуелсіздік” медалімен жəне “Ар” орденімен марапаттаған (2009 ж.).
Міне, ірі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, ілуде сирек кездесетін жарқын тұлға академик А.Қ.Қошановтың өмір жолы мен шығармашылығы осындай бай жəне мазмұнды. Ол – ғылымға жан-тəнімен берілген, бойындағы оған деген мол дарынын, қарымды қабілетін, қажыр-қайратын, айтулы таланты мен тəлімді тəрбиесін, бар ықылас, ынта-жігері мен ой-ниетін өзі қалаған осы бір киелі де қастерлі өмір жолында жанқиярлығымен аянбай жұмсап келе жатқан, алған бетінен таймаған, ары таза, кемеңгер жан.
Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор.
Әміржан ШАЛТЫҚОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |