"Батыр Баян" дастанындағы Баян бейнесі
Баян батыр туралы жырды Баян ағаның (Баянғали Әлімжанов) домбырада орындауында алғаш тыңдаған едім.
Ағаның орындаушылық шеберлігі, жыр оқиғасының тартымдылығы, жыр тілінің әсерлілігі — бәрі-бәрі үйлесіп келіп, санамда ұйып қалыпты.
— Авторы кім? — дегенмін.
— Мағжан Жұмабаеа, — деген ол кісі.
Бұл - 1986 жыл еді.
Бұған дейін мен Мағжан есімімен С. Мұқановтың «Өмір мектептері» арқылы танысқанмын.
— Мағжан — ғаламат ақын! — деп еді, Баян аға менің Мағжан туралы азын-аулақ түсінігімді, жырды тыңдағаннан кейінгі әсерімнен кейін онсыз да кұйрегелі тұрған түсінігімді тас-талқан етіп.
Иә, Мағжан өзінің ғаламатгығын ақындық ерекше болмысымен мойындатты. Қаншама жылдар қараңғы түнекте қалған ғажайып жырлар сол түнекті тілгілеп, ақыры күл-парша етті.
Мағжан ақын сұлу өмірді сүйіп, сұм өмірден жиренген ақын еді.
Жүрек дірілін, жан күйінішін, сезімдер арпалысын, адам санасындағы кереғар ұғымдар тартысын шынайы, нақты бейнелеген ақын жырлары мыңдаған жүректі тебірентіп, жатталуда. Ақын кітабының ішін ашсаң, әрбір жолға жан бітіп, әрбір сөз құлағыңа соншалық нәзік үнмен естіліп тұрғандай. Оқымайсың, естисің. Мағжан жырларының құдіреті осындай!
Бір ғана «Батыр Баян» жырының өзіне құлақ қояйықшы... Кіріспе жолдарының өзінен бастап-ақ Мағжанмен сырласып кетеміз...
Дастан оқиғасының арқауы — ел аузындағы, ел жадындағы Баян батыр туралы аңыз-әңгіме. Дәлірек айтсақ, Баянға қатысты дерекпен Мағжан Ш. Уәлихановтың «XVIII ғасырдағы қазақ батырлары жөніндегі тарихи аңыздар» атты мақаласы арқылы танысса керек.
Қазақ тарихында үлкен орын алатын жоңғар қалмақтарының шапқыншылығы. Халқымызға қасірет әкелген соң атың өшкір кезеңде өлімнің намысы мен жігерін, қаһармандығын жауына қару қылып сермеген нар тұлғалы, арыстан жүректі айбынды батырларымыз жайлы жыр да, аңыз да көп.
Халық санасында батырлығымен бедерленген сондай ерлердің бірі — Баян батыр.
Мағжан дастанындағы Баян — ақыл мен ашудың, ыза-кек пен сезімнің ортасында аласұрған өзегін ертеген өкініштен өксік атқан романтикалық тұлға.
Жауына мейлінше қаһарлы айбынды Баян жүрек қылын шертетін нәзік махаббатқа да ие.
Абылай бастаған қазақтың марқаларын күттіріп, жорыққа кешіккен Баянның халі -жан күйініші, өзекті өртеген өкініш. Поэманың ен бойында бірнеше рет:
Баянның батырлығы алашқа аян, — деген жол қайталанып отырады.
Ақын өз қаһарманын асқақ ерекше тұлға етіп таныту барысында бейнелі сөздерді сәтті қолданған.
Қалмақтың он төрт жасар балдырғандай сұлуына есі кете ғашық болған Баян махаббаты соншалық нанымды.
Міне, Баян жанындағы шиыршық атқан тартыстың басталар тұсы:
Болмасын жас сұлудың білгеннен соң
Ер Баян қарындас қып ерік берген.
Алайда, ар алысқан жүрегімен
Теңізде алысқандай күшті сеңмен (236-6.)
Осылай іштен күйген батыр Баян.
Батырға тән мәртгігі мен ары аласұрған жүрегіне тоқтау салады. Ар жолынан аттамағаны — оның азаматтығы.
Ғашықтық дертіне ұшырап, одан айыға алмай жүргенде соққы үстіне соққы болып жанындай бауыры Ноян тиеді. Соққы емей немене, бүлдіршіндей сұлуға ол да ғашық болса, ғашық болып тынса бір сәрі ғой, сезімге ессіз елітіп, қалмақ қызының соңынан ілесіп, елін, жұртын тастап қалмақ жеріне бет түзесе.
Махаббаты үшін ешнәрседен тайынбаған албырт ерке бұлан, аңғал Ноянның қалмақ қызымен кеткенін естіген сөттегі Баянның халін Мағжан әсері күшті, нанымды суретті сөздермен бейнелейді. Жаралы жолбарыстай күңіренген батыр аласұрады. Ақын кейіпкерінің бір-біріне кереғар — ақыл мен ашуды шендестіре жырлаған:
Ақылға алғыр құстай ашу төнді,
...Ақыры ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді,
Өлді ақыл. Атып тұрып Баян батыр,
Боз үйден оқ жыландай шыға келді. (240-6.)
Алғыр құстай төнген ашу ақылды алып тынады. Өлеңдегі екпін батыр ашуы бел алған сайын өршіп келіп, ашу жеңген сәтте қатты серпінмен жүректі солқ еткізеді.
Ашу жетегінде «дауылдай талмай есіп, желдей ұшқан айдалада дүбір салған» арыстан «сұңқардай сорғалап» келген бойда садағына қол салады.
Ашуын арыстанның байқаған соң,
Майысып тұра қалды жап-жас Ноян (241-6.)
Осы сәттегі аға мен іні «ай мен күндей», дұрысы «Күн мен түндей». Ақын бұл тұста да кейіпкерлер бейнесін даралай түсу үшін характерлерін аша түсу мақсатында қарама-қарсы қоя суреттеу, яғни шендестіру тәсілін қолданған. «Сотқарлық қылып, сонысына кешірім сұрағандай кейіпте тұрған албырт, бөбек Ноянның қылышы соншалықты пәк болса, алапат ызамен жеткен Баянның ашуы соншалық дүлей.
Екі жасты жер жастандырғаннан кейін:
Күлдей қу, тұнжыраған түндей болып теңселген батыр атынан құлап түседі.
Күңгірт тартқан мезгілде зорланып күңіренеді. Ашуы сап басылады.
«Өз күшігін өзі жейтін бөрі болдым» деп егілген батырдың өкіне отырып күңірене шер төккен сәтін ақын дастанда жүрек дірілдетер жанды шумақтар арқылы егілте жырлайды
Жорыққа қу қалмаққа жүрдім неге?..
...Тәтті бал, балауса тал жас сұлуды
Көр болғыр екі көзім, көрдің неге?..
...Буынып сол боз үйден шықпай қалмай,
Атылып оқ жыландай тұрдым неге?
...Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып, Ноян қалқам, ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
...Секіріп суда ойнаған шабағымды
Сұм сұлу, қармағыңа ілдің неге?
Ақын кейіпкерінің азапты күйін, азалы үнін өсерлі, шынайы етіп таныту үшін кезекті қайталау (эпифора) үлгісін ұстанған. Әр жолдың соңында келіп тұрған «неге?» сөзін қаһарманның өз ісіне өзегі өртене жауап іздеген қасіретгі һәм шарасыз халін танытуда үлкен роль атқарып тұр.
Бұдан әрі батыр жанындағы әр қилы ой, әр қилы жауаптар ішкі үні арқылы өз аузынан айтылады:
...Жоқ әлде жоқ, жоқ... әлде... өлтірдім бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?
деп жанын жалаған өкініш жалынына су себелегендей, өз-өзіне келе бастайды.
Айналып келіп тағы өзін кінәлап, қайғыға беріледі:
Тандырған мені есімнен ғашықтық қой,
Бармағын тістеп азадан теңселген батыр:
Қарабет болдым алаш баласына...
...Алашым, аттанамын жауында өлем деген бойда Абылай ордасына қарай «көз жасына шомылып» шаңдатып кете барады. Одан әрі:
Қан көрсе, қас қыранда шер тұра ма?! деп кері қайтқан Абылай қолынан жарылып, жүз жігітпен қазақтарды алдап соғып қытай шекарасына еніп кеткен қалмақ әскерінің соңынан кетеді.
Халық ұғымында «киелі» саналған, бетіне жан келмеген Абылаймен екі рет сөз қайырысуына, аранын ашқан ажалға тура шабуына себеп — жан ашуы. Ерке бұлан Ноян мен балдырғандай қалмақ қызы қан майданда ойын салып жүрген батырдың көз алдынан бір сәт кетпейді.
Жау найзасынан жараланып, өмір мен өлімнің арасында талықсып жатқанда да екі жастың елес бейнесі батырдың жанын жарадан артық сыздатады. Бақиға бет бұрған батыр.
Көз алдындағы елес-бейнеден кешірім сұрайды.
«Іс өтті. Ажал жетті. Енді не бар?
Қоштасып айтысалық соңғы сөзді!
Келіңдер, қарақтарым, кешіңдер!» — деп,
Ер Баян әлсіз ғана қолын созды.
Өзін ар алдында күнәлі санаған батырдың адамгершілігі, қолымен істегенін мойнымен көтеруге даяр бірбеттілігі оның тұлғасын биіктете түседі.
Алашына деген артықша сүйіспеншілігі, арына кір тұрғызбас биік парасаты дастанда Баянның нанымды іс-әрекетімен, батырлық даңқымен, жан-дүниесіндегі сезімдер тартысымен дараланады. «Қазағым» деп күңіренген Мағжан ақын халқының өткенін ой елегінен өткізгенде оның рухын, жан тебіренісін өзі ғана сезіп қоймай, өзгеге де сездіруді мақсат етеді.
«Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі суретшілдігі «Баянда» толық көрінеді. Абай айтқан «сөз патшасы» «Баянда» бар... «Баян» — қазақ әдебиетінде болмаған табыс», — деп жазады Ж. Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласында.
«...Оның қиялын еркіндік үшін қандай жауға да шабатын, қайтпаған албырт ерлік иесі, жеке басының мүддесінен ел мүддесін жоғары санайтын кіршіксіз таза, өр мінезді жандардың бейнесі кернейді. Соның бірі — Батыр Баян. Ақын Баянның теңдесі жоқ өжеттігін адам ерлігінің жарқын мысалы етіп ұсынбақ болған», — дейді әдебиет зерттеушісі ғалым Р. Бердібаев.
Біз өз сөзімізде Мағжанның «Батыр Баян» дастанындағы Баян бейнесі жайлы азын-аулақ сөз түйгенімізді айттық. Бұл дастанның көркемдігі, тіл шеберлігі жайлы жасалар жүйелі таңдау, ақынның нәзік сыршылдығы жайлы қозғалар сөз әлі көп деп білеміз. Мағжан — өзінің мұрасымен мөңгі жасайтын ақын. Өйткені, «...келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз — Мағжанның сөзі...».
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,
«Құйған» ауылы,
Тарбағатай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.
Әскербекқызы, Ж. "Батыр Баян" дастанындағы Баян бейнесі [Мәтін] / Ж. Әскербекқызы // Өркен. – 1994. - 26 ақпан
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |