Қалиев, Қ. Ер еңбегін ел ұмытпайды [Мәтін] : қоғам қайраткері Мәркен Ахметбеков жайында / Қ. Қалиев // Soltústik QAZAQSTAN. – 2020.- 4 aqpan.- Б. 4
“Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, ке¬зекпенен өлінер, баяғыдай көрінер”, – деген хакім Абайдың жыр жолдары әзиз болмыстарымен асыл бейнесі жадымыздан өшпейтін азаматтарға арналғандай. Көзі тірісінде ел ағасы атанып, өзінен кейінгі інілерге шарапаты тиген Мәркен Ахметбековтің есімі Қызылжар жұртшылығы үшін өте қадірлі. Ол ой өрісі жоғары, мейірімді, ерекше сыпайы, ақжарқын, жайдары адам еді. Тағдырдың маңдайға жазған қысқа өмірінде ол мыңның біреуінде ғана кездесетін осындай ерекше адамгершілік қасиеттерімен халқына адал қызмет атқарды.
Мәркен табиғаты көркем Есіл ауданының Қаратал ауылында басқарма болған Ахметбектің шаңырағын қуанышқа толтырып, 1940 жылы дүниеге келді. Әкесі отты жылдардың алғашқы күндерінде майданға аттанды. Бірақ сол кеткеннен қайтып оралмады. Жау оғынан ажал құшты. Балалық шақтың ауыр күндері оны тез есейтті. Басына түскен ауыртпалық аздай 1961 жылы ауыр науқастан шешесі Зейни өмірден озды.
Өмір жолының бұралаңы көп. Тағдырдың қиындығынан біреулер бор секілді езіліп, жолда қалады. Ал жігері мықтылар шыңдала түседі. Меніңше, азаматты еңбексүйгіштік өрге сүйрейді. Мәркен Ахметбекұлының ел-жұртының ілтипатына бөленуіне, міне, осындай ізгі мінезінің ықпалы зор болды. Оның Ленин атындағы орта мектепті күміс медальмен, кейін Алматы малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны да үздік тамамдағанын айтып өтудің артықтығы жоқ деп ойлаймын. Өзінің еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкерден бастаған Мәркен Ахметбеков кейін “Заря”, “Тереңсай” кеңшарларында өз мамандығы бойынша қызметтер атқарды.
Еңбекке деген ынтасы және іскерлігі оның қызмет жолында өсуіне жол ашты. Жиырма төрт жасында В.Быковский атындағы кеңшарға бас зоотехник болды. “Болам деген жігіттің бетін қақпа, белін бу” дегендей, сенім үдесінен көрінген оған басшылық тарапынан зор қолдау көрсетілді. Небәрі бес жылдың ішінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Ал 1970 жылы отыз жасында жаңа құрылған “Ступинский” кеңшарына директорлық қызметке тағайындалды. Әрине, үлкен шаруашылықты басқарып көрмеген жас жігіт мұндай сенімді ақтау үшін аянбады. Қолға алған жұмысты жеріне жеткізіп шешу үшін адам бойынан іскерлік қасиет табыла білуі керек екені анық. Мәркен Ахметбекұлы бұл қызметті де ойдағыдай атқара білді. Жаңа құрылған кеңшардың жұмысы алға басып, облыс көлемінде жақсы көрсеткіштермен алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды.
Онымен бірге қызмет атқарған “Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер”, трактор-егіс бригадасының бригадирі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Иван Шунин сол кездерді ұдайы еске алып отырады. “Мәркен Ахметбекұлының білімі мен іскерлігі арқылы үлкен шаруашылықтың көпсалалы жұмысын ұйымдастыра білгенін ұмытқанымыз жоқ. Нағыз басшы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Ол өз ісінің майталманы еді”, – дейді бұрынғы әріптесі.
Отыз үш жасында Мәркен Ахметбекұлы Бескөл аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, бір жылдан кейін Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жоғарылатылды. Кейін оған Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық орталық партия комитетінің жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына жолдама берілді. Ол бұл оқу орнында екі жыл оқығаннан кейін оны да қызыл дипломмен аяқтап, облысымызға қайта оралды.
1985 жылы Мәркен Ахметбекұлы Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Мұнда аудан шаруашылықтарын аралап, танысу сапарын “Ольгинский” кеңшарынан бастаған екен. Қырман бастығы Зоя Мажуга: “...ол бәрімізді бірден танып, әрқайсымыздың қал-жағдайымызды егжей-тегжейлі сұрады. Мәркен Ахметбекұлы өте қарапайым азамат еді. Бізді ерекше таңғалдыратыны, жады мықты болатын. Әсіресе, кісі аттарын ұмытпайтын”, – дейді.
Мәркен Ахметбекұлы 1989 жылы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Бұл лауазымды қызметте жүргенде ол аудандарға, ауылдарға жиі сапарлайтын. Қызмет атқарған жылдарында ол халықтың әл-ауқатының жақсаруына ерекше көңіл бөлді. Ауылдарды аралап жүргенде жергілікті халық та оны жылы шыраймен қарсы алып, мәселелерін бүкпей баяндап беретін еді.
Мәркен Ахметбекұлының достары, әріптестері оның қарапайымдылығына сүйсінетін. Қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да, азаматтық абыройын сақтай білгені, қандай ғанибет?! Тағы бір ерекше қасиеті, ол кімге болса да қолынан келген көмегін аямайтын. Өзі қызметті жан-тәнімен беріле атқаратын. Қарамағындағылардан да соны талап ететін.
Ол бірнеше жыл облыстық кеңестің, ал 1990 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мәркен Ахметбекұлы қандай қызмет атқарса да, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен, зор беделімен халықтың және әріптестерінің сыйластығына бөленді. Азамат еңбегі ескерусіз қалмай, көзі тірісінде бірнеше Құрмет грамоталарымен, медальдармен, екі “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды.
Мәркен Ахметбекұлы өзінің сүйікті жары Күләш Ғайсақызымен отыз жыл тату-тәтті өмір кешті. Зайыбы оның сенімді серігі, айнымас досы, жанашыры бола білді. Өнегелі отбасының Серік пен Бауыржан есімді ұлдары да әке жолын жалғап келеді. Бұйырса, немерелері үшін де Мәркен Ахметбекұлының бейнесі шамшырақ секілді жол көрсететін болады.
Азамат еңбегіне – халық төреші. Қызылжар жұртшылығы оның еңбегін ұмытпайды. 2000 жылғы сәуір айында Үкімет қаулысымен Шал ақын ауданының Ыбыраев ауылындағы бұрынғы Ленин атындағы мектепке және аудан орталығындағы бір көшеге оның есімі берілді.
Мәркен Ахметбекұлы бүгін тірі болса мерейлі 80 жасқа толғанын атап өтіп, елі мен дос-жарандарының, туған-туыстарының арасында қошеметке бөленіп отырар еді. Бірақ Мәкең дүниеден өткенмен, оның артында мәңгілік өшпес ізі қалды. Осындайда Қазыбек бидің:
“Сұңқар ұшып, тұғыр қалды,
Ақыры соңында
ұл-қызы қалды,
Өткеннің берекелі ісі мен игі ізі қалды”, – деп айтқан сөзі еске түседі.
Құдайберген ҚАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |