Қаламгер және қас қағым сәт
Адам атаулының өзін-өзі түсінуіне, өзіне деген сенімін арттыруға, ақиқатқа ұмтылысын ұштауға ықпал жасау, оларды рухтандыру үшін жүректердің түкпірінен табылатын ерлік және ар-ұят сияқты сезімдерді ояту әдебиеттің мақсаты екендігі баршаға белгілі жайт. Міне, осы мақсат жұмылдырған жазушылар да елден ерекше-ау, шіркін: кез келген оқиғаға басқаша қарайды, әмбеге ғана емес, әрқайсысына қабақ қадайды және тарихи бетбұрыстардың саяси немесе экономикалық келбетін ғана емес, сонымен бірге жекелеген адамдардың жүректерінің лүпілін дәрігердей аңғарады. Мұның бәріне тағы бір қосарым бар: қаламгердің жаны адал, жүрегі ақ, сезімі нәзік болғаны қандай ғанибет?!
Келмеске кеткен кеңестік кезеңде жалт етіп, жоқ болған Ермек Қонарбаев осындай қаламгерлердің қатарынан табылған тұлға еді. Өз ауылындағы білім бесігі – бастауышты бітіріп, Ленин орта мектебінің партасына отырған ол әдеби ортаға топ ете түскендей болды: атақты “Қырым қызын” жазған Ғалым Малдыбаев оны әдебиет әлеміне жетелей жөнелді. Қарт ақынның ғибратын кейін өзі де қайталады: өзін ұясынан ұшырған сол мектепте ұстаздық еткен он жыл бойы әдебиет үйірмесін ұршықтай үйірді. Мен құралыптас және өкшелес қаламдастар: “Ерекеңнің шекпенінен шықтық”, – деп айта аламыз.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген оның жаратылысы жұмбақтау еді. Басы артық бір сөзін естіген емеспіз. Ілуде бір мұғалімге ғана бітетін сүйкімді дауыс. Ал кескінкелбеті сурет сияқты: көзі де, мұрны да – бір мүшесінде бір мін жоқ! Оның үстіне киімді де келістіріп киетін. Велюр костюмінің немесе нарт қызыл көйлегінің маталары өз алдында, алдымен бояулары қанықты. Міне, осындай киім киісінен, бір тал шашы қозғалмайтын байсалды жүріс-тұрысынан айнымаған адам. Ішкі сезімін сыртқа шығармайтын оның бет әлпетінен де бірдеңені аңғару қиынды. Онсыз да періштеге балап жүрген ұстазымыздың облыстық “Ленин туы” қазіргі “Soltustik Qazaqstan” газетінде басылған “Туған жер” деген әңгімесін бас көтерместен оқығаннан кейін оны пір тұтқандай болғанымыз бар. Талайымызға таныс кембағал кейіпкеріміздің іс-әрекеті арқылы айшықты көрініс тапқан туған жерге сүйіспеншілікке тамсанбау мүмкін емес еді. Тіпті, әңгіме жанрының әйдік шебері – Сайын Мұратбековтің өзі “Қазақ әдебиеті” газетінде “Туған жер” туралы: “Ермектің әңгімесін оқыған сайын оқығың келе береді. Жас автордың ой-түйіні салған жерден көңіліңе ұялайды. Сол көңілде болар көрікті ойды шашпай-төкпей сылап, сырлап әп-әдемі жеткізгені үшін Ермекке қатты риза боласың”, – деп жазған-ды.
Ерекеңнің алғашқы кітабы – “Түнгі от” 1969 жылы жарық көрді. Облыстық “Ленин туы” газетінде ұстазымның дүниелігіне рецензия жазған менің алып-ұшқан ақындық көңілмен көтеріңкі лебіз білдіргенім есімде. Сөзімен емес, сюжетімен езу тарттырар әзілін және күлкіге кенелтетін диалогтарын атап көрсете келіп, әрісі – Чеховқа, берісі – Бейімбетке теңеген едім. Асыра сілтемегенімді кейінірек бажайладым: “Жаңа бір Майлиннің келе жатқанын сезінгендей едім”, – деп атақты Сафуан Шаймерденов те жазыпты. 1977 – ол үшін қос қуаныш қатар келген жыл: “Жол басы” деген екінші кітабы шықты, оған қоса КСРО Жазушылар одағына мүше болып қабылданды.
“Кәкімбек ағаға ұсындым
Жүректен ұшырған құсымды”, – деген қолтаңбасымен “Жол басын” Кәкімбек Салықовқа сыйға тартқаны маған мәлім. Неге десеңіз, қаламгер інісі Жазушылар одағына өтер алдында Кәкеңнің берген кепілдемесі рецензияға бергісіз: “Оның алғашқы әңгімелерінің өзі көркем де шұрайлы тілімен, ой тастайтын баяндау тәсілімен оқырман назарын бірден аударады. Ермек өмірді жақсы біледі, осызаманғы қазақ ауылы тақырыбын жақсы меңгерген. Патриотизм, туған жеріне, оның адамдарына деген сүйіспеншілік, еңбекке деген құрмет оның барлық шығармаларына жібек желі болып тартылған”, – деп ағынан ақтарылған.
Шынайы қаламгерге тән аңғарымпаздық, жоқ жерден тақырып таба білу және күнделікті күйбің тіршіліктегі әдеттегі оқиғалардың ең маңыздысын таңдау сияқты қасиеттер болмысына біткен Ерекең, сөз жоқ, сұңғыла жазушы еді. Оның ұлын сынамақ үшін домбыраның тиегін жасайтын тал әкелуге қалың ағаштың қақ ортасына қоныс тепкен орманшыға жұмсаған әке туралы әңгіменің аты да – “Тиек”. Нақ осы тамаша туындысы да енгізілген бір шоғыр әңгімелеріне “Тиек” деген ат қойылып, айдар тағылып, үшінші кітап болып қолымызға тигенді.
Бұл оның әбден кемеліне келген кезі еді. Бір ғажабы – мен оны көктен жазушы болып түсе қалғандай еді дей аламын. Мұның бір мысалы мынау: 1957 жылы жазылған “Шылым” деген әңгімесі. Студент кезінде қағазға түскен осы әңгіменің қолжазбасына қарап отырып, риза болдым: ширек ғасыр бойы қалай жазса, салған беттен қаламын солай сілтей білген. Шынайы қаламгердің стилі ерте және бірден қалыптасады екен-ау…
Ол шығарманың сюжетімен емес, психологиялық талдаумен, көңіл-күйін тап басуымен танылған еді. Оның үстіне уытты сатира мен әзіл-оспаққа жүйрік болатын. Соған қарамастан тумысынан сыпайы Ерекеңнің кейіпкерлері сүйкімді кейіпте көрінеді. Өйткені, ол сынап-мінеуге ұмтылмай, сыпайы түрде шымшып суреттей білетін.
Сафекеңнің де, менің де оны Бейімбет Майлинге ұқсатқанымыздың себебі, міне, осы. Бұл аз десеңіз, Ерекеңнің де өз Мырқымбайы бар: ныспысы – Далбай. Аты да, заты да ұқсас кейіпкерімен Ерекең Биағаңның дәстүрін де, тәсілін де ілгерілете түскен. Әттең, оны типтік деңгейге көтеруге Ерекеңнің ғұмыры жетпей қалды ғой.
Хронологиялық тәртіптен ауытқымай отырған мен автордың төртінші кітабына қалай тоқталмайын?! Бұрын-соңды жарияланбаған үш хикаяты мен отыздай әңгімесі топтастырылған “Қас қағым сәт” деген тамаша кітабын өзгелер ғана көрді: өзі өмірден өтіп кеткен болатын. Ертеректе бір көргенінде: “Қолымнан келген көмегімді аямаспын”, – деген Сафуан Шаймерденов сөзінде тұрды: оның алғысөзімен, ең бастысы ағалық қолдауымен төртінші кітап жарық көрді. Ондағы хикаяттарының ішіндегі ең ерекшесі – “Жылдың соңғы жүгі”. “Ленин туы” газетінде жарияланбас бұрын қолжазбасы қолыма тиген бұл туындының басты кейіпкері Нарсипат – кеңшар директоры. Бұл образдың шебер сомдалғаны сондай – Сафекеңнің өзі: “Осы повесті оқып шыққаннан кейін көп күн бойына көз алдымнан іс-әрекет, қимылымен, кескін-кейпімен көлеңдеп Нарсипат кетсінші”, – деп тамсаныпты, шіркін! Біз болсақ сонда пенделіктен аса алмай, “Атақты директор Николай Петровты тұспалдап тұр-ау”, – дегенбіз.
Ал “Қайрақ” хикаятынан оның өмірбаянын шолып шыққандай әсер алғанбыз. Ауыл өмірінің айнасындай болған Ерекеңнің өмірдің өзінен алған кейбір кейіпкерлері тап басып, танитындай дәрежеде кескінделген. Мәселен, “Ән сабағының” кейіпкерін біздің ауылдың азаматына ұқсатқан едім. Немесе сөйлемінің соңын “псо” деп бітіретін марқұм да маған мәлім: сол кездегі Ленин ауылының тұрғыны еді.
Сөз соңын кітаптың атына айналған “Қас қағым сәт” деген әңгімесімен түйіндеуді жөн көріп отырмын. Оның үш кейіпкерінің талай адамға таныс екеуіне ерекше тоқталуға тиіспіз. Біріншісі – “галстуктен босап кетсе, бүкіл денесі дел-сал босаңсып қалғандай күн кешетін” зейнеткер мұғалім Шақан. Ал екіншісі – Арман шалды айрықша атар едім. Оның портреті мынадай: “Баста – қоқайма маңдайлы орманшы қалпағы, үстінде – орман шаруашылығы қызметкерлерінің тозыңқы тартқан көк костюмі. Кеудесі тола орден мен медальдар. Жіті қараған адамға сыңғыр-сыңғыр медальдардың арасынан комсомол значогы да аңғарылып қалар еді. Ер-тоқымға қайыс таспамен жанастыра байлаған бірдеме бар. Пішіміне қарағанда аузы бүрмелі сәтен дорбаның ішінде домбыра жатуға лайық”. Арман шалдың аттанар шағы қарт әншіге әбден жарасатын қылық: үзеңгіге аяғын сала бере ол үшінші кейіпкер – Жамал келіншекке: “Қолтығымнан демеп жіберші”, – дейді. Ол, сөз жоқ, Ақан серіден қалған бір сарқыт еді: сері ғашық болған Жамал қызға арнаған әнді мана тектен-тек шырқаған жоқ. Қайнап тұрған шайға қарамастан, аттанып кеткен ол Шақанды да ойландырады, өзі аттас әннің әуені Жамалдың да есінен кетер емес. Кәріні де, жасты да селт еткізген қас қағым сәт.
Сөйткен Ерекеңнің өзі де қас қағым сәтте өмірден өте шықты. Жер ортасына енді жеткен қырық бес жасында туып-өскен Көктерек ауылы зиратының суық топырағы оны өз қойнына басты. Мына ғажапты қараңыз: әйгілі Мұқағали ақын да жер жастанған жас… Қас қағым сәтте өте шыққан ғұмыр-ай!..
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Болат Қожахметов. Қаламгер және қас қағым сәт. // Soltustik Qazaqstan. – 6 желтоқсан. – 8-9 бет. - 2018 ж.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |