Қайыңды орман

31 января 2024 - Administrator

  Серікбай әуелден қалыптасқан әдеті бойынша, Алматыдан радиодан таңертеңгілік берілетін концертті тыңдап отырған. Бір жас қыз сұңқылдаған дауысы нәшті болғанымен, қазақ сөздерін бұзып айтып, берекені қашырды. "Түсім бе едің, құсым ба едің" деген ән сөздерін "түсім бадың, құсым бадың" деп аңырата жөнелгенде, Серікбай құлағын баса қойғысы келеді. Әйтеуір бұл қыз да тынып бітті, сол сәтпен ілесе қолы арқандаулы Біржанның балаларына айтқан әні естілді.
- Саясы кем болады қу қайыңның
Жігітке керегі не уайымның, -деп басталған зарлы әуен Серікбайды басқаша бір ойларға жетелеп әкетті.
"Қу қайың, кем сая" деген ұғымдар оның көкейінен кетпей тұрып алды.
Серікбай - осы ауылдағы орманшы. Орман шаруашылығы техникумын бітіріп келсе де, қызмет сатысын төменнен бастауды өзі қалау еткен.
Серікбай осы "Көк белестің" орналасқан жеріне дән риза. Бәрінен де оған ұнайтыны - ауылды ту сыртынан қапсыра есіп, әр жағы қарасумен жалғасып кеткен қайыңды орман. Оған сүйсіне қараудан бір жалыққан емес. Дегенмен биылғы көктем туа, оның көңіл куйін қажап жүрген жайдабар.
Бұл орман қыстыкүні ұйтқыған боранды да елетпейтін. Көшелерге ысқырған желдің бәсеңсіген лебі ғана жететін. Ал биыл қыс ауылдың жота тұсынан суық білінді. Үй-үйдің арасына жаяу шошақтай боп қар да үймеледі. Оның себебі біреу ғана деп ұққан Серікбай.
Осы қайыңды белдеудің дәл орта тұсына ағаш жапырағы селдіреп, ашық алаң паида болды. Келе-келе бұдыры жоқ саңлауға айналды. Біреулер құрт жеген деп, келесілері егінге дәрі сепкен самолеттен көріп жататын. Қалай болса да, осы тұстағы ағаштар жапырақ жаяр күш-қуаттан айырылған. Сойдиып, сойдиып, айдалаға қадалған діңгек сияқты. Бұрын тұтаса біткен бұтақтардан, жалпақ-жалпақ жапырақтан білінбейді екен, бар көркінен айрылған соң, сексеуілдей тармақтармақ, аралары алшақ-алшақ, көлеңкесі өз жанынан аспайды. Аурудан сілесі қатып жүдеген адамның ырсиған қабырғасы сияқты. Қу бұтақтарда тіршілік белгісі болмаған соң, қарға екеш қарға да ұя салмаған.
Серікбайдың тағы бір қайран қалатыны - қурап, қаусаған қайыңдарды отынға жарата қояйын деп балта сілтеген ешкімді байқаған емес. Өмір бойы пана тұтқан ағаштарды өз қолдарымен қиратуға қимағандай.
Көктем қызуы молайған сайын осы кезекте көзі түсіп кетсе, Серікбайдың берекесі кете бастайды. Осы бір жалаңаш тұсты немен бітерін білмей дел-сал. Үңірейген апандай болады да тұрады.
Өзі бағынышты жоғарғы адамдарға қыңқылдап көріп еді.
- Ондай-ондай "Көк белесте" ғана емес, жергілікті жермен байланыс, - дескен де қойған.
Солар айтпақшы, "жергілікті жермен байланысу" ниетімен ол бөлімше кеңсесіне қарай аяңдады. Көшеде оған Өмірбай шал кездесті. Шал болғанда, жасы жетіп қартайған емес, басына тақия киіп, қолына таяқ ұстап, белін шодырайта бүкшие жүруді дағды етіп, кәрілікке өзі күні бұрын мойынсұнған адам. Ілгергілер айтпақшы, "Көпей шал". Серікбайды көре сала:
- Оу, бала, бұ не болды енді? -деді.
- Не болдыңыз не, ақсақал?
- Әне, ананы көрмейсің бе, -деп иегімен орманның Серікбайды да мазалап жүрген сұрқай жерін нұсқады.
Оның бұл жаққа таяқпен не қолмен меңземей тұрғанын да Серікбай іштей түсініп тұр. Өйткені дәл сол тұста ауылдың зираты бар. Ал кәрілердің сенімінше, зиратқа қарап қол шошайтуға болмайды.
- Көріп тұрмын, ақсақал, -деді Серікбай.
- Бұрын ағаштың аржағында жасырынып тұрғанда елемеуші ем. Еңді бір жағы жалаңаштанған соң, көңілге күдік орала береді. Анау молалар мені шақырып тұрғандай, -деп Өмірбай өзінің атына лайық келмес үрей айтты.
Серікбай әлгі жаққа қайтадан зер сала қарады. Соңғы жылдардың салтымен ақ кірпіштен салынған зәулім мазарлар көз тартады. Бұл өзі бертін келе өлік басына орнатылған қасиетті белгіден гөрі бәсекеге айналып бара жатқан нәрсе. Биігі, кең салынғаны, әшекей өрнектелгендері қатар бой түзеп таластырады. Өмірбайдың қорқынышына тиянақты ештеңе айта қоймай, Серікбай кеңсеге келді.
Бөлімше бастығы Қабжан -тұнжырай қарап отыра беруден жалықпайтын ұзын иек қара сұр адам. Бар аумағы бір елі шүмшірейген аузы бар. Оның өзі аратұра бір ашылады. Серікбай кіре берсе:
- Ештеңе де жоқ, - деді.
Мұның не сұрайтынын күн ілгері біліп отырғандай.
- Сонда? - деп Серікбай аузын аша бергенде:
- Машина да жоқ, трактор да жоқ, - деді де Қабжан ауыр денесін ірк еткізіп тұра берді.
Мұнымен іс бітпейтінін ұққан Серікбай үн-түнсіз далаға шықты. Сол қалпы қу қайыңдардың арасына келіп тұрғанын кейінірек аңғарды. Не істеу керек?
Бұл іске күрек, қару емес, балтаның да қауметі мардымсыз. Дағдарып тұрғанда, дарылдаған трактор даусы естілді. Тіркеме қорабы бар, тура осылай келеді. Көрші ауылдың жігіттері. Ол маңда да Серікбайдың қарауында бірталай ағаш бар. Жігіттер келе сала:
- А, Секесі, ертерек қысқы отын қамына кірісіп едік. Бүгін бір бос күніміз еді, билет ала келдік, үлгерсек тасып та алмақшымыз, -десті.
"Отын билет" деген сөздер Серікбайды басқа ойға жетеледі.
- Қаласаңдар, ақысыз отын тауып берейін, - деді жігіттерге кенет.
- Е, ол не деген батпан құйрық? - деп олар күлді.
- Міне, мынау, сақылдап тұрған қу ағаш. Тек қана тілегім-тамырларымен жұласыңдар. Сосын түбірін қажет етпесеңдер, шолтитып-шолтитып кесіп, бір жерге үйіп бересіңдер. Қураған соң, өзім өртеп жіберемін бір кең жайылымда. Еңбектеріңе наряд та жазамын.
- Оу, бұл қалай болды? Бізде қолара, балтадан басқа түк сайман жоқ, - десті жігіттер.
- Ол жағына саспаңдар, "Дружба" ара менде бар, трос та табылады, Уәде ме?
- Е, болсын!
Бірнеше минуттан соң бұл жерде жұмыс қызып жүре берді. Арындаған "ДТ"-ның күшенген даусымен ілесе, білеудей-білеудей тамырлар теңкиіп-теңкиіп шыға келеді. Терең кеткендері бытыр-бытыр үзіліп жатыр. Отқа дәрі тастағандай.
Мұндай оқыс қимыл ауылдың назарын аудармай қойсын ба. Жастар жұмысқа кеткен. Үйлерінде қолы бос шалдарды бастап.Өмірбай келді.
- Өй, бала, өй бала, мұның не?- деп қауқалақтап тұр.
- Бұл тұс енді мүлде аңырайып-саңырайып қалатын болды-ау,-деді бір шал.
Шалдардың қобалжуын түсініп тұрған Серікбай қастарына келіп басу айтты.
- Оқа емес, ақсақалдар. Кәрі достарыңызды қимай тұрғандарыңызды сезіп тұрмын. Әйтсе де қапаланбаңыздар, күні ертең-ақ бұл жерде жасыл желек жайқалады.
- Енді сөйтпесе бола ма! -десті шалдар.
Бұл шаруаны тәмамдаған Серікбай атын жегіп алып орталыққа тартты. Арбаға сыйғанша немесе машинамен жас шыбықтар әкелмек. Одан келе жергілікті сегіз жылдық мектеп балаларын көмекке шақырмақ. "Көктем қызғанша үлгеру керек" деген ой оны ілгері жетелей түседі...

Ермек ҚОНАРБАЕВ.



Қонарбаев Е. Қайыңды орман // Қызылжар нұры.- 2023.- 8 желтоқсан.- № 48.- 4-5 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий