Қайран батыр бабалар елді ойлаған!
Қай бір ұлт, халық болсын, өзінің өмір сүріп отырған уақытынан гөрі болашағына көңіл көзін жібереді. Бірақ келешектің кілті адамның өткен дәуірімен байланысты екеніне ой жүгірте бермейтін әдетіміз де бар. Бұлай дейтінім, біз осы күнімізге өз бетімізбен келе қалған жоқпыз ғой. Ендеше, кейде тарихымызға да тереңірек бойлауымыз керек қой деп ойлаймын. Ал тарихымызға көз салсақ, шежіремізге соқпай кете алмаймыз. Өйткені, біздің халқымыздың тарихында небір данышпан хандар, даңғайыр батырлар, дана билер ғұмыр кешкенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мен, өз басым, мынау біз ғұмыр кешіп отырған еліміздің Атыраудан Алтайға, Есілден Ілеге дейін көсіліп жатқан алып даласы ғасырлар бойы жалғасып келген ерлік пен ынтымақтың, Отанын қасық қаны қалғанша қорғап, от кешкен осы бабалардың бізге тапсырып кеткен аманатының жемісі деп білемін.
Осындай аманатты ұрпақтарға ұлағат еткен айбынды да айбарлы батырлардың арасында менің де бабаларым болғанын мақтаныш етпеуге хақым жоқ деп айтамын. Бүгінде жасым алпысқа келіп, өзім де ата болып, немере сүйіп отырғанымда кешегі өтіп кеткен бала күнім есіме оралады. Марқұм атам Әбдірахманның бауырында өстім. Біз жас едік қой. Оның үстіне, орысша оқып, өз ата дәстүрімізден шеткері тәрбиелендік. Оған жазықты да емеспіз. Мені бауырына салған атам марқұм: «Сенің руың-Уақ. Оның ішінде Шоғадан тарайсың. Балам, мұны жадыңда сақта. Біздің Уақ руы аз атаға жатады. Бірақ, атақты Абылай ханның туын көтерген айбынды батырлар шыққан жұрт. Оның ішінде Ер Көкше, Ер Қосай батырлар Абылайдан да бұрын жасаған. Осылардан тараған Сары, Баян, Сүйір батырлар болған бұл Уақта. Қазір олардың есімдері елеусіз қалды ғой», деп отырушы еді. Тегі, құймақұлақ болсам керек, жаттамасам да есімде қалған осы сыңайлы әңгімелер жадымнан өшпепті.
Атам 1882 жылы туғанын айтушы еді. 1975 жылы дүниеден озды. Мен оған өзінің ата-бабалары жайында осындай әңгімелерді өзімен бірге о дүниеге ала кетпей, айтып, құлағыма құйғанына мың алғыс айтамын бүгін.
Әбдірахман атамнан он үш бала өрбіпті. Оның өзі өмірін жоқшылықпен өткізген екен. Жылқы бағып, байларға жалданып күн көріпті. Осындай қиын-қыстау күндерде он баласын қара жердің қойнына тапсырыпты. Аман қалған ұлының бірі, әкемнің ағасы Қиналған өткен ғасырдың қырқыншы жылдары мектеп директоры болып жүргенде Ұлы Отан соғысына алынып, 1943 жылдың ақпан айының соңына таман, аға лейтенант болып, рота басқарып жүргенде майданда қаза тауып, Ленинград облысының Подолжино деген селосында жерленіпті.
Атам осы хабарды естігенде қабырғасы қайысып, он үш баладан қалған ендігі ұлы мен қызына Алланың амандығын тілеп, шөккен нардай жатып қалыпты. Алайда, тірліктің қамы тірі адамға маза бере ме, осы екеуін жетілдіру қамына бар ғұмырын сарп етіпті.
Сол екеудің бірі - менің әкем, есімі өңірімізге белгілі азамат Қосыл Әбдірахманұлы Омаров еді.
Әкем марқұм қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика университетін тамамдағаннан кейін мұғалім, мектеп директоры болып ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Осы қызметте жүргенде оны партиялық жұмысқа тартып, Жамбыл ауданындағы «Жамбыл» кеңшарының коммунистеріне басшылық етті. Одан соң Преснов аудандық партия комитетінде нұсқаушы, кейін Петропавл қалалық комитетінде екінші хатшы, облыстық партия комитетінде білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі болды. Зейнет демалысына шыққан соң өмірінің соңына дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымын басқарды.
Мен әкемнің жаңбыр-жаңбырдың, тамшы-тамшының арасында жүріп, айту үшін аузыңды аша алмайтын қасаң идеология қыспағынан шыға алмаған күннің өзінде өзіміздің ана тілімізді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, әдебиетіміз бен өнерімізді асқақтатуға қолынан келгенше күрескенін ұмытпаймын. Осы жолда ол зейнетке шығып алған соң ғана емес, ірі партиялық қызметте жүргенде де күресті. Алайда, ұлттық үнін ол әуелі өз отбасымызда естіртіп, зердемізге құйып отыратын. Осы үшін мен атама да, әкеме де өлшеусіз қарыздармын.
Атам мен әкем, жоғарыда айтқанымдай, бабалар шежіресін қолға ұстатқандай етіп, жүрегіме жеткізді. Содан да біздің Уақ руы Орта жүзге жататынын білемін. Атамның айтуынша, Қазақ жырауларының бірі, тегі Бұқар болса керек:
Аспандай-Арғын,
Жұлдыздай - Қыпшақ,
Қойдай-Керей,
Қозыдай-Уақ, — деген сөз қалдырыпты.
Осыған қарағанда, Уақ руы, расында да, аз тараған ата екен.
Уақ Шоға, Сарыбағыс, Сіргелі, Еренше, Әлімбет, Бұйдалы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз, Сарман деген он атаға бөлінеді.
Шоғаның бір ұлы - Бәйімбет. Оның екі ұлы болыпты. Бірі - Қырғызәлі. Қасаболатұлы Баян батыр - оның бесінші ұрпағы. Ап Сары батыр Қозымеректен тарайды. Ол Баянның немере ағасы екен.
Сары батыр - менің жетінші бабам. Оның үш ұлы болыпты. Олар-Сексенбай, Қыстаубай (Мағжанның «Батыр Баян» дастанындағы Ноян осы Қыстаубай екен. -Қ.О.) және Итеке.
Сексенбайдан - Айдарқұл, одан Алдабай туады. Алдабайдан - Омар. Менің атам Әбдірахман - осы Омардың ұлы. Әбдірахманнан -әкем Қосыл.
Қосылдан төрт ұл тараймыз. Үлкені мен - Қанат, інілерім -Жанат, Марат, Қайрат.
Менің Дамир есімді ұлым болса, інілерімнен Ерлан, Нұрлан, Талғат, Асхат, Тимур есімді немерелерім бар. Осы мақаланы жазып отырғанда бір өкінішімді айтпай кете алмаймын. Біздің ағайынымызда есімі елімізге танылған кейбір азаматтар болды. Соның бірі көненің көзі, зиялы, оқымысты, араб әліпбиіне өте жетік, төте жазудың сауаттысы, аса білгір шежіреші Сейтен Сауытбеков еді.
Сейтен атамның қазақ ғылымына сіңірген еңбегі өлшеусіз болды десем, асыра сілтегенім емес. Ол көп жыл ұстаздық қызмет еткен, қазіргі Шал ауданындағы Балуан мектебін басқарған, сегіз қырлы өнерпаз еді. Кешегі Баймағамбет Ізтөлинмен, Сәбит Мұқановпен, Әбдірахман Айсаринмен үзеңгі жолдас болған.
Зейнет демалысына шыққан соң балаларға арнап көптеген кітаптар, оқулықтар жазған. Араб әліпбиіне өте жетік болған соң оны еліміздің Ұлттық Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты қызметке шақырып, ол Алматыда тұрды. Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорындағы араб әліпбиімен жазылған материалдарды кириллицаға көшіріп жазып, ұлттық ғылымымызға өлшеусіз, баға жеткісіз еңбек сіңіріп кетті.
Біздің үйде болған сайын атам екеуі өткен ата-бабалары жайында ұзақ сонар әңгіме шертуші еді. Осы әңгімелерінде Сары мен Баянды аракідік естіп қалушы едім. Амал нешік, заман ағысына қарай орыс мектебінде білім алдық та, шежіреміз түбінде керек-ау деп ойламадық. Әйтеуір, атамның, әкемнің арқасында туған тілден ада болмағаныма қуанамын.
Менің пайымдауымша, осы Сейтен атамыздың қалдырып кеткен жазбалары болуы керек. Соларды тауып алсақ, мол деректерге қанығар едік-ау деп ойлаймын.
Ендігі бір атап айтар азаматым –марқұм Уәлихан Қуанышев. Ол ұзақ жылдар бойы кеңшар басқарды. Ғұмырының соңғы жылдары шежірені зерттеп, Баян, Сары, Сүйір батырлар жайында, аз да болса деректер қалдырды.
Осы мақаланы жазу қамымен қолға қалам алғанда Уақ руынан, оның ішнде Шоға атасынан тараған біраз белгілі адамдарды есіме түсіріп отырдым. Солардың ішінде «Халық жауы» деген қаралы жаламен 1938 жылы атылып кеткен көсемсөзші, қаламгер, қазіргі «Солтүстік Қазақстан» газеті «Бостандық туы», «Кеңес ауылы» атымен шығып тұрған кездері осыларды басқарған, «Еңбекші қазақта» (қазіргі «Егемен Қазақстан») жауапты хатшы болған, Мағжанның, Сәбиттің, Бейімбет Майлиннің досы Әбдірахман Айсарин жайында айтар едім. Мен осы адам жайлы атамнан көп естіп едім. Жоғарыда айтқанымдай, атам 1882 жылы туса, адасы Әбдірахман Көшер қажыұлы 1898 жылы дүниеге келіпті.
Оның жалғыз ұлы Аян әкеммен түйдей құрдас, 1930 жылы туыпты. Осы Аянның ұлы Абай Әбдірахманов бокстан КСРО мен Еуропаның чемпионы, бірнеше дүбірлі халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен, тіпті, мықты деген кубалық боксшылардан жеңіліп көрмеген, есесіне оларды нокаутпен ұтқан еді. Ол менен бес жас кіші, 1959 жылғы. Бір әңгімелескенімде, Ресейде тұрса да, әжесі Мәдина Қостангелдіқызының бауырында өскендіктен, қазақшаға судай жетік Абай мынадай бір қызық жағдайды айтты:
- Менің әжем діни сауатты адам еді. Әкесі Қостангелді Уақ руының Бұйдалы атасынан тарайтын әйгілі сөз шебері, шешен, би болған адам. Осы әжемнің өзі де Уақ қой, сонда мені бокспен айналыса бастаған он-он бір жасымнан аталас үлкен ақсақалға ертіп апарып, батасын алды. Әжем маған: «Сен - Ер Қосай мен Ер Көкшенің ұрпағысың. Одан бері де Сары батыр мен Баян батыр - туысың. Ана төбелеске шығарыңда осылардың аруақтарына сыйынып ал. «Айбынды бабаларым, желеп-жебеңдер!» деп тіле деуші еді. Мен содан жаңылып көрген жоқпын. Айбынды батыр бабаларымның аттарын айтып, сыйынып шығамын!»
Сондай-ақ, қазақ күресінен республикалық, облыстық жарыстарда олжалы болып жүрген балуан Дәурен Есләмов та Уақтан тамыр тартады.
Біз атақты батыр бабаларымызға кесене мен ескерткішті мақтаншылық, яки салт қуғандықтан орнату керек демейміз. Бұл ұлтымыздың болашағына, ұрпақтар сабақтастығына қажет деген сенімдемін.
Қанат ОМАРОВ.
Петропавл қаласы
Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 31 шілде. – 8 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |