Қазақ жырының жезкиігі

6 февраля 2024 - Administrator

  Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов “Ақынды қаламының күші қай биікке көтерсе алатын орны сол жерде”, – деген екен. Ғабең сөзімен таразыласақ ақын Кәкімбек Салықов өлең өлкесінің, поэзия әлемінің биігінен өз орнын ойып тұрып алғандығына дау айта алмаймыз.
Еңбек жолын қатардағы ауысым шеберінен бастаған жас маман өзінің білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында айналасы он жылдың аясында бас инженердің орынбасары, бас инженер, шахта бастығы, Қаныш Сәтпаев атындағы ірі кен-байыту комбинатының партком хатшысына дейінгі баспалдақты жүріп өтсе, бұл, әрине, бұқара халықпен түсінісіп, аянбай еткен еңбектің қайтарымы болса керек. Адал еңбегі Кәкімбектің даңқын аспандатып, еліміздің түкпір-түкпіріне таратты. Қай өңір болса да ақын Кәкімбекті өз ұлына балап сыйлады, құрметтеді.
Ертеректе “Сақшы” газетінің журналисі Арнұр Асқарға берген сұхбатында Кәкеңнің: “Менің нақты туған жерім – Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы”, – дегенін оқыған едім. Шал ақын бабамыздың өлеңдері, ғалымдардың зерттеулерімен толыққан “Шал ақын” атты жинаққа Кәкімбек Салықов ағамыздың өз қолымен жазған естелігі енгізілген.
Рақымбек атамыз (Кәкімбектің әкесі) 1932 жылы Кәкімбек туғаннан кейін қайтыс болыпты. Ол денсаулығы нашарлай бастағанда әйелі Ақықтың ағасы, өзінің қайын ағасы – Айтахметті шақыртып алып: “Қарындасың жас қалып барады. Мына кішкентай шақалақты бауырыңа салып аман-есен өсір”, – деп аманат етеді. Оқығаны-тоқығаны мол, лауазымды қызмет атқарып жүрген Айтахмет бала Кәкімбекке тәлім-тәрбие беріп, ешкімнен кем қылмай өсіреді.
Мектеп табалдырығын аттағанға дейін Кәкімбек әріп танып, зеректік танытады. Төменгі сыныптарда оқып жүріп, кітаптар мен газет-журналдарды өз бетінше оқитын деңгейге жетеді. Халық ақыны Молдахмет Тырбиев атасының қасында жүріп, ақыл-кеңесін тыңдап, өлеңдерін жаттап жетілген.
Бастауыш мектепті бала Кәкімбек Володаровка ауылында оқыса, жетінші сыныпқа дейін Көкшетау қаласындағы орыс тілінде тәлім беретін мектеп-интернатта жалғастырады. 8-10- сыныптарды Казгородокта (бүгінгі Сырымбет) қазақ тілінде оқып тамамдайды. Кәкімбектің Сырымбет мектеп-интернатына қабылдануына атасы Молдахметтің ықпалы болса керек. Бұлақ ауылының тумасы Марат Оспановтан естуім бойынша, Молдахмет Казгородоктағы (Сырымбеттегі) мектеп-интернатқа оқуға қабылдатуға Кәкімбекті және өзінің ұлы Қайратты алып барған екен. Ондағылар тек екі баланың біреуін ғана алатындарын айтқанда, Молдекең оқуға Кәкімбекті беріп, өз ұлын ауылға алып кетіпті.
Кәкімбек мектеп қабырғасында әдебиет үйірмесіне қатысып өлең жаза бастайды. Бала ақынның алғашқы өлеңдері мектептің қабырға газеттерінде, республикалық “Қазақстан пионері” басылымында жарық көреді.
Кәкімбек Сырымбет мектеп-интернатын күміс медальға бітіреді. Онымен бір мезгілде Еркін Әуелбеков, Шота-Аман Уәлиханов, Аманолла Рамазанов, Тұрсын Махметов, Айша Біркеновалар тамамдайды. Бұлардың барлығы да кейіннен ірі қоғам қайраткерлері, елге танымал тұлғалар болып қалыптасады. Түлектердің мектеп бітірулеріне орай Сырымбет тауының баурайында бәйге шапқан дүрілдеген той өтеді.
…Мәскеуде М.И.Калинин атындағы түрлі-түсті металдар мен алтын институтында оқитын Кәкімбек ағамыз өзіміздің Қызылжар қаласынан оқуға барған өрімдей бойжеткен, жеңгеміз Мариям Әбілмажінқызымен танысып, отау құрады. Екеуі елу бес жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді.
Ол кезде институт тамамдаған жас мамандарды арнайы жолдамамен еліміздің кез келген түкпіріне жіберетін тәртіп болатын. К.Салықов пен С. Айтмағанбетовке Германияның уран өндіретін шахталарына бару міндеті жүктеледі. Шет мемлекетке барғылары жоқ екі жас Мәскеуге Қазақстанның министрлер кеңесінің төрағасы Д.Қонаев келгенін естіп, қабылдауына бармаққа ниет етеді. “Сабақты ине сәтімен” дегендей, Д.Қонаев екі жастың мәселесін оңынан шешіп: “Сендер Жезқазғанға барасыңдар”, – дейді.
Болашақ үкімет басшысының батасын алған екі жас Жезқазғанға ат басын бұрады. Кәкімбек аға өзінің еңбек жолын №51 шахтада ауысым шебері болып бастайды. Өзінің білімінің, еңбеккерлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аз уақытта абыройы асқақтап, беделі өсіп, №44 шахтаның бас инженерінің орынбасары болып тағайындалады да, араға жарты жыл салып “Покро-15” шахтасының бас инженері болып жоғарылатылады. Бұл Жезқазған өңіріндегі ең ірі шахта болатын. Келесі жылы сол шахтаның бастығы болып тағайындалады. Жезқазған жұртшылығы кен-байыту комбинатындағы ең ірі шахта деп есептейтін “Покро-15” Кәкімбек ағамыздың бағын ашты, лауазым баспалдағымен жоғарылауына айтарлықтай ықпал етті десек қателеспейміз.
“Покро-15” шахтасын алты жыл басқарғанда К.Салықов ұжымды социалистік жарысқа бағыттап, “Халық шаруашылығы социалистік жарыстың озаты” атанып, “Ерен еңбегі үшін” төсбелгісімен, “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталады. Қ.Сәтпаев атындағы тау-кен байыту комбинаты партия ұйымының хатшысы болып сайланады. Араға үш жыл салып, яғни, 1969 жылы К.Салықов Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады.
Осы кезең Сәтпаев қаласының қанат жайып өркендеуімен тұспа-тұс келеді.
Өндірістегі басшылық қызметтің барлық сатысынан өткен К.Салықовтың абырой-беделі асқақтап, жаңадан құрылған Жезқазған облысының екінші хатшысы болып сайланады. Озаттардың озаттарына ғана тән сенімге ие болған К. Салықов КПСС-тың 24,25,26,27 съезіне қатарынан төрт мәрте делегат болып қатысып, одақ көлеміндегі күрделі жоспарларды қабылдауға өз үлесін қосады…. 1975 жылы 43 жасар Жезқазған облысының екінші хатшысы қызметінде жүрген К.Салықов Мәскеуге, КПСС ОК ерекше өкілеттілігі бар мәселелермен айналысатын инспекторлар тобына қызметке шақырылады. Он жылға жуық Кеңес одағының жоғары лауазымды басшыларымен қоян-қолтық қызметтес болады. Осындай ірі лауазымды қызметте жүрсе де Кәкең өзінің қарапайымдылығынан айныған емес. Достық, жанашырлық қасиетінің айнымас беріктігін сақтап қала біледі. Сонау студенттік шақтарды бірге өткізген сыныптастары мен жерлестері Мәскеудегі Кәкеңнің үйінде жиі бас тоғыстырады. Шота-Аман Уәлиханов, Аманжол Қошанов, Сәлім Құрманғожин, Қайыр Омаров, Сәбит Жаданов, Төре-Қасым Танеков есімді азаматтарды жақын тұтып, кішіпейіл ниетімен сыйлай білген. Мәскеуде тоғыз жылға жуық қызметте болған Кәкең елді аңсап: “Қазақстанға келсем қайтеді?”, – деген ойын республиканың бірінші басшысы Д.Қонаевқа білдірген екен. Бірақ өтініші қолдау таппапты.
Мәскеуге оралған К.Салықовты орталық комитет жанындағы ұйымдастыру бөлімінің басшысы Е.К.Лигачев Қарақалпақ автономиялық республикасының ахуалын тексеру мақсатында Өзбекстанға жібереді. Жасыратыны жоқ, сол кезеңде ала шапанды ағайындарда келеңсіздік кеңінен қанат жайып, көзбояушылық белең алғаны анық еді. Республика тұрғындарының ахуалы төмен деңгейде болатын. Мәскеуден барған инспектор Қарақалпақ елін аралап, көптеген келеңсіздіктердің бетін ашады. Өз көзімен көрген кемшіліктерді тексеруші инспектор арнайы анықтамада ешбір бүкпесіз қаз-қалпында баян етеді. Баяндамамен жан-жақты мұқият танысқан саяси бюро Қарақалпақстандағы жағдайды қалпына келтіруді Кәкімбек Салықовтың өзіне жүктейді.
1984 жылы Кәкең Қарақалпақ астанасы – Нүкіс қаласына келіп, бірінші хатшылықтың тізгінін өз қолына алады.
Өмірдің талай қиын кезеңдерінен сүрінбей өткен Кәкімбек Салықов бес жылда Қарақалпақ республикасының ахуалын жақсартып, халқының құрметіне бөленген. Қарақалпақстанда денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Қуанышбай Башаров деген азамат бір естелігінде: “Кәкімбек аға өзін ешқашан қарапайым халықтан биік ұстаған емес. Әр шенеунік қарапайымдылықты Кәкімбек ағадан үйренсін дер едім. Өйткені оны мен өз көзіммен көрдім. Кәкімбек аға да қолына бидонын ұстап, халықпен бірге сүттің кезегінде тұратын. Алғашқыда ешкім оны тани қоймайтын еді. Кейін оның бірінші хатшы, облыстың бірінші басшысы екенін білген жұрт Кәкімбек ағаның кішіпейілдігіне, қарапайымдылығына тәнті болатын”, – депті.
1982 жылы К.Салықов Мәскеу қаласына оралып, КСРО жоғарғы кеңесінің экология және табиғи ресурстарды пайдалану комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Осындай биік лауазымда Кәкең Арал, Каспий теңіздерінің экологиялық мәселелерін қарап, игі шаралардың жүзеге асуларына ықпал етеді. Ал Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына Кәкімбек Салықовтың себепкер болғанын екінің бірі біле бермейді. Себебі ол жай бертінге дейін құпия сақталып келгені шындық.
Еліміздің қай өңіріне барса да төрелері төр ұсынып, халқы орталарынан орын беріп, алақандарына салып ардақтайтындардың көптігі Кәкеңнің беделінің биік екендігін байқатса керек. Сайын даланың жезкиігі Кәкімбек Салықов – Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жезқазған облыстарының, Сәтпаев, Көкшетау қалаларының құрметті азаматы.
Ақын, ірі қайраткер Кәкімбек ағамыздың саналы ғұмыры өзге өңірлерде: Көкшетау, Мәскеу, Ұлытау, Қарақалпақстанда өткендіктен көнекөз қариялар болмаса, кейінгі ұрпақ Кәкең жайлы көп біле бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін аудандық “Парыз”, орыс тілінде жарық көретін “Новатор” газеттеріне жазушылар Медеу Сәрсекенің, Валерий Могильницкидің, композитор Бақытжан Канапьяновтардың Кәкімбек Салықов жайлы жазған мақалаларын жарияладық. Шалақындықтар Кәкімбек жайлы деректерге қанық бола бастады. Көп ұзамай қазақ мектеп-интернатына ақынның аты берілді.
Екі жылдан бері “Кәкімбек оқулары” байқауы өткізіліп келеді. Келешекте аудан орталығындағы бір көшеге К.Салықовтың атын беру жоспарланып отыр. Ақынның кіндік қаны тамған Шал ақын ауданында басталған сауапты іс-шаралар Қызылжар өңірінде кеңінен атқарылады деген сенімдемін.

Қойшыбай ШӘНИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шал ақын ауданы.



Шәниев Қ. Қазақ жырының жезкиігі // Soltüstik Qazaqstan. – 2024. -20 қантар.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий