Қажыбай, Т. Еңселі ақынның есті жырлары //Жас қазақ.- 2016.- 10 маусым

15 июля 2020 - kamshat

Менің пайымдауымша, қазақтың поэзиясы деп аталатын айдынды да айбынды әлемнің еңселі тұсынан ойып тұрып өз орнын алып, берік орныққан Есләм Зікібаев ақын көзі тірісінде бағасын алмай өтті. Оның әсіресе соңғы жылдарда өндірте де өтімді етіп жазған өлеңдері қалың оқырмандарының талғампаз жүректеріне жол тауып жатқанымен өз әріптестері мен сыншылар тарапынан қуатты қолдау, «ә, бәсе» дейтіндей қоштау байқала бермегендігі ақиқат. Бұл, әрине, әдебиетшілер қатарын иектеп алған бойкүйездік пен немкеттілік салдары болса керек. Сол көрініс әдетке айналып, санаға сіңіп болғандығы өсу, өркендеу жолы емес, асқынып келе сана сандалысына, ой тоқырауына әкелер құбылыс болатындығы тайға таңба басқандай ақиқат екендігі еш дау тудырмайды. Биыл Есләм ақын сексенге толып отыр. Тым болмаса сеңгірлі сексенінде бірер ауыз жылы лебіз білдіру тірілер парызы ғой деген қағидатпен қолға қалам алдық. Өзінің алғашқы «Ақ қайнар» жыр жинағымен жалт қаратқан Есләм ақын ай алмасып, жыл жылжыған сайын өсу, толысу, кемелдену үстінде болды. Ол, әрине, өз бойындағы табиғи дарынымен қатар үнемі іздену, үйрену, тәжірибе тәлімінен сабақ алу үстінде өткен процесс еді. Кезінде «Ақ қайнар» жинағын ежіктей оқып шыққан жастар қамқоршысы бола білген Әбділда Тәжібаев ақын Есләм өлеңдеріне де үкілі үмітке толы өз бағасын былай деп бергендігі есте: «Есләм менің ойымда жүрген дәмелі, үміт артатын інілерімнің бірі болғандықтан, оның «Ақ қайнар» деген атпен топталған жаңа өлеңдерін шын ықыласпен оқып шықтым. Жинақта барлығы 85 өлең бар екен. Бір жерге бас қосқан осыншалық көп өлең оқушысын «тойдырмайды», үнемі бірінен соң бірі тартып отырады. Әрбір жырдың өз әуені, өз сыры бар. Есләм тақырып жағынан кілең жаңалық айтты деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есләмша жырланып, жаңғырып отырады. Өйткені, талантты ақынның өлеңді поэзиялық дәрежеге көтеретін өнері көп, аспаптары мол». «Ақ қайыңдар» жыр жинағын оқыған Қадыр Мырза Әлі ақын өзінің әманда қысқа да болса нұсқа қайырар әдетімен «Есләм шабытының жемісі – «Ақ қайыңдар», – деді. Қос қаламгердің әріптестері Есләм ақынға кезінде берген бағаларынан ақиқат атойлай бой байқатып, шынайы шындықтың шырай берері бар. Сондықтан да біз Есләм ақынның сонау бозбалалы бозай шақтан-ақ өлең әлеміне бес қаруын сайлап келгендігін сезінеміз. Туған халқы туралы қай ақын толғанысқа толы отты жырларын арнамады дейсіз. Есләм да осы тақырыпқа келгенде асқақ пафоспен ой толғап, терең тебіреніске түседі.

Халқым – Анам! Биігім! Тереңім де!

Дария сынды тербелем кемерімде.

Еркелігім қашан да жарасады,

Ол болмаса, басқаға керегім не?!

Халқым – Әкем! «Мөлдірім» тұнығым да!..

Құдірет-күш жатқандай бұл ұғымда.

Әкем барда, ақиық қырандаймын,

Тастүлекпін түлеген тұғырымда, – деген Есләм ақын туған халқын Анам, Әкем дей отырып, адамзат ұғымының ең ұлық, ең қасиетті ұғымдарына бойлай түсіп барып, өзінің де сол халқымен тамырластығын, «ол болмаса, басқаға керегім не» дегендей кесімді де кесекті пікірге табан тірейді. Бұл шын мәнісінде халық деген қасиетті қара қайнардың қуат күші мен қадірлі қасиетін сезіне де сене білген жүректің, ақын жүректің берік байламы ғой дейсің.

Есләм ақын туған жерді жырлау миссиясын қалай атқара алды десек, ол бұл тақырыпқа талайлар табаны тоздырған таптауырын қу тақырдан бойын аулақ салып, соныдан соқпақ сорабын тартады. Тың ой, дара толғанысқа барады. Сонысымен оның өзі де дара шығып, бой биіктетеді, ой тереңіне сені де, мені де, оны да бойлата түседі.

Бұйра толқын – ақ селеу, ақ жал далам,

Жатыр тыныш, тымырсық, бақ жанбаған.

Түн тылсымын бір сәтке тыңдап көрші –

Мұңлы дауыс шығады «Мағжандаған».

Салған жерден ақын туған жерін былайғылардай мақтай жөнелмейді, керісінше басқа арнаға ауып түсіп, өз даласынан арманда кеткен Мағжандаған дауысын естиді, сол арқылы өзінің де күйінішті, сағынышты сырын шертеді. «Жыр жазып жүргенімді мақтан көрем, Солардың соңындағы сарқытындай» деген өз пікірін іркіп қалмайды. Бұл күндерде қазақ жұртының қайғы шері мен таусылмастай мұңына айналған ана тіліне деген көзқарас Есләм ақын поэзиясында пайымды парасатқа толы діңгекті тақырыпқа айналуы заңдылық па дейміз. Өйткені, ол «тірлігінің, бірлігінің, тіпті жұтар ауасын, ішер суына» шейін тіл деп ұққандай, сол тілдің арқасында «Аспан, Жердің амандығын сақтап тұрған қасиетті тіл» деп түсінеді, солай деп түйсінеді.

Жалғасқанда жақсылықтың жолы әман,

Дүние – думан, Шалқып-толқып толар ән.

Сырым-жырым, Әнім-күйім, Зар-мұңым,

Қуанышым-бұла күшім,

Таң нұрым – Бабам тілі, Анам тілі, бол аман! – деген асқақ арманды аңсарын, бар болмыс-бітімімен ақ тілеулі айтарын адал көңілден ақтарып салады. Сені де сол тілектің ішінде болуға үндейді. Жалпы, ақын Есләмнің ет жүрегі тіл, туған жер тағдыры деген тақырыптарға барғысы келіп бармайды, оны ақынның сол сергек жүрегі, сөнбес сезімі еріксіз жетелеп әкелетіндей. Сол құбылыс оған үнемі тың толғаныс, соны серпіліске бастайды. Ақын жырларының өміршеңдігі де, өтімділігі де сонда деп білеміз.

Абай туған, Мұхтар туған жер мынау,

Жолым түсіп келдім-ау.

Білдірмейсің,

Білдірмеген боласың,

Қасіреті арылмаған шерлім-ау, – деген ақын ұлы мекеннің сән-салтанатынан гөрі қайғы-қасіретін, мұң-шерін көреді, сол арқылы осынау мекеннің жазылмас жарасына айналған атом жарылыстарының әкелген аждаһалы қасіретті наласын сөз етеді. Міне, Есләм ақын ұлылар туған мұңлы, шерлі мекеннің түп ақыры жеткен тұсын осылайша көз жасы сорғалаған өз жырына арқау етеді.

Қасиетті қарт Шыңғыстың төрінен,

Айлы кеште Абай әні төгілген.

Қабырғасы қарс айырылып сөгілген

Өмір көрді арпалысқан өлімнен.

Көрді, көрді… Көрмесем-ақ деп еді,

Бұл – халықтың тарқамас шер-шемені.

Асып барған,

Тасып барған қу көңіл

Көз алдымда күлгін тартып, күлкі өңір,

Құр сүлдері сүйретіліп келеді.

Полигон қасіретін көп тартқан өлкенің өлімшелі халін Есләм ақын осылайша жыр тілінде сөйлетеді. Сен сенесің – сана сенделтесің, сен қайғырасың – көз жасыңды көлдетесің! Ақын жалаң жырлаудың көбіне көп жұтаңдыққа, жасандыққа, қасаңдылыққа соқтырарын жақсы түсінеді. Сондықтан ақыл айтып көсемсу, көсіле сөйлеп шешенсуден бойын аулаққа салады. Ой тереңіне барынша бойлап барып, толқымалы толғаныстарға, пәлсапалық пайымдауларға жиі мұрындық соқтырары да содан ба дейсің.

Мәселен, «Уақыт» деген шап-шағын, шымыр өлеңін былай деп түйіндейді:

Діндарлардай қаза болған намазы,

Уақытқа да бар өзінше наразы.

Асылы ол мына жалпақ ғаламның,

Ғаламдағы төрт миллиард адамның

Тірлігіне, бірлігіне таразы!

Рас қой. Соны біле тұра біз осыны айта алмадық. Ой түйінін бекіте алмадық емес пе. Есләм ақынның парасат салтанатының, ой кемелділігінің бір парасы осында жатыр ғой. Есләм ақынның поэзиядағы тақырып аясы аса кең, айтары алымды, ойы шалымды болып келеді. Оны кез келген өлеңінен танисың. Есләм ақын ертеде өткен Қасым ағасына да, кезінде қасында көп жүрген Кәкімбек ағасына да сұлу да сұңғатты жырларын алқаусыз адал көңілінен арнап еді.

Өзегі өрт,

Жаны дерт Қасым ақын

Көп тіріден әлі де басым ақын.

Сырлы, сұлу өмірге ғашық ақын,

Тау суындай бұрқанып тасынатын.

Жай оғындай жауына жасын ақын,

Білгенге бір өзі бір Ғасыр ақын!.. – деп алады да:

Ақын Қасым,

Періште, Пенде Қасым!..

Ертегідей тараған елге Қасым.

Бұл ғасырдан ертеңге біреу барса,

Сол біреудің өзі боп сен барасың! Сен барасың! – деп сеніммен шегелейді. Қасымның ұлылығын қадірлеген Есләм ақын өзінің адами адал сөздігіне бағып тәңір тұтқан тұлға тектілігін осылайша тілге тиек етеді. Сені де Қасым ақынның өршіл жырларынан жаныңа рухани қуат-сенім алуға шақырады.

Немесе ғажап ақын Кәкімбек Салықов жайлы сұлу да сымбатты жырын былайша түйіндейді:

Ұласып ұлағатты сырға назы,

Сізге арнап әлі талай жыр жазады.

Тұрады сонда төбем көкке тиіп –

Осы, – деп, қарапайым қыр қазағы, Ол өзі менің ағам бір ғажабы!

Сөз басында Есләм ақынның шынайы ақын ретіндегі өз бағасын алмай кеткендігін тегін сөз етпесек керек. Соның бір парасы күндестік, қызғаншақтық, пасықтық, арамзалық қасіреттерінде жатқандығы ақиқат. Ешкімде аларың да, берерің де жоқ адал сүргеніңді де, көз майыңды сарқып еңбек еткеніңді де көре алмайтын сорлылық Есләм ақынды айналып өтпесе, мына бізге де қара майлы лас мұрындығын соқтырмай қалмаған. Оны мына бес күндік жалған тірлікте талайын бастан кешкендейміз. Оның алыстан емес, өз маңынан мүңкіп жатқаны өкінішті! Есләм ақынның жігеріңді жанып, намысыңа от беретін ой толғамдары жетіп артылады.

Жасық жандай жанарыма шық тұнып,

Даулы, боран көрген емес ықтырып.

Сынсам-дағы емен сынды шарт сынып,

Құласам да күрт құлармын тік тұрып!

Осы шумақты оқып отырып, қалай шамырқанбайсың, өзіңді өзің қалай қайрамайсың. Сол үшін де ақын ағаға алғыс айтсақ керек. Осынау отты ойдың сорабын одан әрі сабақтай түссек ақынның «Қайрау» өлеңі ойға оралады. Тыңдап көріңіз.

От басады өмірде аңдамаған,

Бұл фәниде кімді кім алдамаған?!

Адам деген арманмен күн кешеді,

Тіле, бауырым, болғай деп арман аман!

Шындық барда, өмірде жалған барда,

Жетіп-жетпей жүрген көп армандарға.

Көкірегіңде сөнбесін жарық сәулең,

Басыңды ұрып қайтесің жардан жарға,

Көп өмірде алдаған, алданған да.

Өлі жандай өлексе өмір кешпей,

Күресіп өткен жанда арман бар ма?!

Шындығында да солай-ау. Бұл тұжырым Есләм ақынның өмірлік ұстанымы, толайым кредосы десе де болғандай. Тірі жүрген пенделердің санасына өшпес отты жырларымен күрескерлік рух сіңіріп, өмір үшін күресудің ғажайыптығын ұғындыра білгендігі үшін Есләм Зікібаев ақынға айтар алғысымыз ұшан-теңіз. Өлмес жырларың бізбен, ұрпақпен жасай бермек, Ес-аға!

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы

 

Туған жер

О, туған жер!

Бабам өтті өз қойныңда мекендеп,

Жер жұмағы осы арада екен деп.

Өстім мен де сағымыңмен жарысып,

Арманыма жетем деп.

Бір ұлыңмын сол сенімнен танбаған,

Сенің ғажап құдіретіңе таң қалам.

Өмір бойы көкірегімді кернеген

Секілдісің, арман –ән.

Қиял қуып кеттім алыс, кеш мені,

Сырым саған, жырым саған кестелі.

Өзің жайлы толғанусыз өткен жоқ

Өмірімнің кештері.

О, туған жер!

Сенсің менің тағдырым,

Мәуелі еткен арманымның жаз гүлін.

Бір ескерткіш жасап берем, – болса да –

Тындырғаным аз бүгін.

О, туған жер!

Менің байлық- ырысым,

Арманымның шешек атқан гүлісің.

Өмірім де бір өзіңе өзектес,

Тіршілігім,

Қуанышым,

Тынысым!

Өмір нұрлы

Әр күнім менің қуаныш, бақыт – шалқыған,

Әр күнім асқақ ән болып көкте қалқыған.

Көкіректерден сыр болып сұлу төгілем

Жан жүректерде күмбірлеп күйдей тартылам.

Жетісуымның жеті өзеніндей жарасқан,

Жүйрік боп шығам бас бәйгеге ылғи таласқан.

Қыраның болып қияға қанат қағамын,

Алатау сынды асқарлардан да әрі асқан.

Күндермен алғы астасып дәйім қиялым,

Тыңдатам, елім, болашақтың да күй-әнін.

Тәй басқан әрбір жеткіншегімнің тұсауын,

Жүлдені бермес дүлдүл болсын деп қиямын.

Алатауымның ақшаңқан ашық ажары,

Өмірдің бейне тарқамас шаттық базары.

Айдыны шалқар – шабыттың асыл қайнары

Біреуі сыр ғып, біреуі жыр ғып жазады.

Алма мен алмұрт, бадана балдай жүзімі.

Алатау сынды арудың алтын жүзігі.

Меймандар келсе қарайды соған үзіліп,

Тамсана талай таңдайын қағар қызығып.

Гүл дегендей-ақ, өлкемнің ерен гүлі көп,

Құйылар дәйім көңілге шаттық нұры боп.

Соларды кейде ұялтамыз кеудеге,

Алатауымның ақындарының жыры деп.

Уақыт сөйлейді

Уақыт сөйлейді –

Кешегі өткен күндерден сыр ақтарып,

Көп жайды бара жатқан жырақ қалып

Көз алдыңа қайтадан әкеледі,

Дегендей-ақ:

Басқадан сұратпалық,

Уақыт сөйлейді –

Тірліктен бір ұтылып, бір ұтамыз –

Сөйтіп жүріп өткенді ұмытамыз,

Мәз болып азды-көпті жұбанышқа

Жүректі алданышпен жылытамыз,

Пендеміз ғой –

Бәрін тез ұмытамыз.

Уақыт сөйлейді –

Талай сырды ұқтырып бәрімізге

Жасымызға,

Жасамыс-кәрімізге…

Сол күндердің сабағын түсінбеген

Тоғышарлар бар ғой деп әлі бізде.

Уақыт сөйлейді –

Көктемдегі гүл болып дала тұнған,

Қуанышқа,

Бақытқа жаратылған.

Зұлымдыққа от болып атылардай –

Күрес болып ажалға ара тұрған.

Уақыт сөйлейді –

Желегі ашылмаған жар атынан,

Әкесін көре алмаған бала атынан,

Жалғызын ұзақ жолға шығарып сап,

Әлі де күтіп жүрген ана атынан.

Есләм Зікібаев
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий