Спорт пен денсаулық - егіз

Бүгінде өңір тұрғындарының үштен біріне жуығы бұқаралық спорт түрлерімен айналысады. Жетістікке жету тәжірибелерімен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин ой бөліседі.
- Руслан Бахыттыұлы, сіз кикбоксингпен шұғылдандыңыз. Халықаралық жарыстарда олжа салған шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын иелендіңіз. Соған қарағанда, әр саланы өзінің білікті мамандары басқарған дұрыс деген пікірдің қисыны бар сияқты ма?

- Мұндай ұстаныммен келісу қиын.Өйткені, сол саланың маманы болмаса да, өз ісін ұршықша үйіріп жүрген жандардың аз еместігін күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз.
Ең алдымен, елімізде спортқа жан-жақты қамқорлық жасалып отырғанын баса айтар едім.
Елбасы өз Жолдауларында спорт саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Біз мемлекеттік тапсырмаларды орындаушы ретінде жергілікті жерлерде ұйымдастыру шараларын тиянақты жүргізуге жауаптымыз.

- Өңірде бұқаралық спорт түрлерінің айтарлықтай дамып келе жатқанына қарағанда, жыл қорытындылары қуантарлық болатын шығар?
- Президентіміз 2020 жылға қарай республика жұртшылығының кемінде 30 пайызын саламатты өмір сүруге жұмылдыру міндетін қойса, біз бұл межені еңсердік.
Оның ешқан құпия сыры жоқ. Соңғы жылдары материалдық-техникалық базалар, кадрлық әлеует әлдеқайда нығайды.
Жаңа спорт нысандары көптеп бой көтерді. Қалпына келтірілгендері қаншама.
1994 жылы 9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен 1403 спорт ғимараты болса, қазір олардың саны сәйкесінше 26-ға және 2816-ға жетті. Осыдан екі жыл бұрын өңір басшысы Ерік Сұлтановтың тікелей қолдауымен арнайы бағдарлама жасалып, аудандар мен елді мекендердің жайына баса назар аударылды.
Бескөл, Жарқын, Новоишимка ауылдарында көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жүзу бассейндері тұрғызылды.
Жуырда Жаңажол, Новоникольское ауылдарында, Сергеевка қаласында жаңа үлгідегі спорт ғимараттары пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда ғана 393 хоккей қорапшасы салынды. Сөз арасында жекелеген коммерциялық ұйымдар, кәсіпкерлер тарапынан қаржылық қолдауға ие болып отырғанымызды айта кеткен жөн.
Есіл, Айыртау, Ақжар аудандарында демеушілердің көмегімен жабық мұз айдындары тұрғызылды.
Бескөл ауылында, облыс орталығында гимнастика және олимпиадалық спорт түрлеріне арналған алаңдар осы заман үлгісімен жабдықталды. 46 футбол алаңы жаңартылды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қызмет көрсетіп келе жатса да, жөндеу көрмеген "Қарасай" стадионы қалпына келтірілді. "Жастар" стадионына жабық футбол манежі орнатылуда. "Нептун" аквапаркінде жүзу бассейні, тренажер, спорт залдары жұмыс істейді.
- Облыс орталығында Спорт сарайының жұртшылық игілігіне берілуін басты жаңалықтың біріне жатқызуға болатын шығар?

- Әрине. Кешеннің ашылуын үлкендер де, кішілер де тағатсыздана күткені рас. Оның құрылысына 3 миллиард теңге мөлшерінде қаржының жұмсалуы кешеннің зор әлеуетін аңғартса керек.
Мұнда спорттың 12 түрімен еркін айналысуға болады. Жабық мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, велотрек алаңдары орналасқан. Енді оның жанынан әмбебап теннис орталығын ашу жоспарланған. Жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті орындарға ұсынылды.
Бұған бір қосарым, 1997 жылы дарынды балаларға мамандырылған спорт мектебі мәртебесін алған білім ошағы негізінде суда жүзу, акробатика, бокс, ұлттық ойындар, гимнастика, ат спорты, тағы басқа БЖСМ-тері филиалдарының молайып, спорттың аудандарда кеңінен қанат жая түскені.
Жоғары спорт шебері мектебі 2009 жылдан бері 15 халықаралық дәрежедегі, 34 спорт шеберін даярлап шықты. Бұл - жақсы көрсеткіш.
- Кәсіби спорт клубтарының аяқ алыстары қалай?
- Олардың саны жетеу. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарға қарамастан футбол, волейбол командалары қалай құрылғанын ұмыта қойған жоқпыз.
Алдыңғысы еліміздің жоғары лигасында күміс, қола медальдарды жеңіп алды. "Қызылжар СК" деген атауға кір келтірмей жүр. Бірінші лига құрамында үшінші орынды иеленіп, 15 жылдан кейін жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
Волейболшыларымыз да осал емес. Кезінде Қазақстан кубогын, төрт мәрте екінші орын алғанын ескерсек, алда үлкен жеңістер күтеріміз заңды. Қыздарымыз да мықтылардың қатарында.
Кілең жергілікті ойыншылардан құралған "Қуаныш" командасы жаңа маусымның бірінші кезеңінде барлық қарсыластарын ұтты. Азия ойындарының жүлдегері Михаил Дедов жаттықтыратын баскетболшыларымыз жоғары лигада жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Жылды үшінші орынмен қорытындылады.
Ерік Хамзаұлының бастамасымен 2015 жылы құрылған "Құлагер" хоккей клубы туралы сөз ерекше. Сол жылы қола медальды қанжығаға байласа, биыл ел кубогын жеңіп алды. "Vіпо4еуег SКО" велошабандоздар клубының атағы шетелдерге де жақсы таныс.
Қазір азиялық командалар арасында рейтинг бойынша алдыңғы орында тұр. "Үміт" мүгедектер клубының Сергей Харламов, Елена Мазуренко, Қайрат Қанафин, Владимир Эрман секілді белді мүшелері паралимпиялық ойындарға қатысушылар саналады. Ірі халықаралық додалардан жүлдесіз қалған емес.

- Александр Винокуров десе, елең етпейтін қазақстандық жоқ. Атағынан ат үркетін велошабандоздың Олимпиада чемпионы екенін айтсақ жеткілікті болар.
Жерлесіміз сияқты облыстың, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген айбынды спортшыларымызды атай аласыз ба?

- Әрине. Александр жазғы Олимпиада ойындарына үш рет қатысып, алтын және күміс медальдар жеңіп алғанын көпшілік қауым жақсы білсе керек.
Биыл Бразилияда еткен байрақты бәсекеге алты жерлесіміз қатысу бақытына ие болып, олардың арасынан бокстан Дариға Шәкімова, еркін күрестен Эльмира Сыздықова жүлделі үшінші орынға көтерілді.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аралығында әртүрлі Олимпиада ойындарына қатысқан Нұрым Дүйсенов, Роман Мелешин, Вадим Шақшақбаев, Владислав Поляков, Бақтияр Қожатаев, Маргарита Мұқашева, Екатерина Эктова, Дмитрий Бабенко, тағы басқаларының есімдері құрметпен аталады.
Александрдың ізбасары Алексей Луценко биыл "Тур Хайнаня" халықаралық жарысында алдына жан салмады.
Конькиші Роман Креч әлем кубогының бірінші кезеңін жеңіспен аяқтады.
Төрт жерлесіміз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген шебері атанса, 1991 жылдан бері 114 халықаралық дәрежедегі спорт шебері даярланыпты. Биыл 8 халықаралық дәрежедегі, 40 спорт шебері, 191 спорт шеберлігіне үміткер нормативі орындалды.

Халықаралық, республикалық жарыстар бойынша 540 медаль қоржынға түссе, 361-і олимпиадалық спорт түрлеріне тиесілі. 356 солтүстікқазақстандық спорттың әр түрлерінен ұлттық құрамаға мүше болып қабылданды.
Беспай Қайыпов, Сергей Кручина, Николай Лаврентьев, Ғабит Өтенов, Владимир Хван, Петр Литвиненко сияқты жаттықтырушылардың сіңірген еңбегі зор.

Елімізде ұлт денсаулығы ең басты байлық саналса, адамдардың ұзақ өмір сүруін, шымыр болып қалыптасуын, сергек жүруін спортсыз көзге елестету қиын. Бір сөзбен айтқанда, спорт пен денсаулық егіз десек те болады.

-Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен Өмір Шалабайұлы, "Солтүстік Қазақстан".


Әңгімелескен Өмір Шалабайұлы, "Солтүстік Қазақстан". Спорт пен денсаулық – егіз.Солтүстік Қазақстан.//Солтүстік Қазақстан. – 24 желтоқсан. -2016. – 6 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий