Кемел келешек мектебі
Ел Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда дағдарыстың қыспағына түсіп, талай қиыншылықты көргеніміз кеше ғана сияқты еді.
Бүгін, міне, содан бергі өткен ширек ғасырда етек-жеңімізді жинап, әр салада қол жеткізген табыстарымызды саралап, марқаятын жағдайға жеттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті.
Тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтардық, тарихымызды түгендеп, даму бағытын айқындадық.
Тәуелсіздігімізді айшықтап, егемен ел екендігімізді айқындайтын, барша қазақстандықтарды біріктірудің бірден-бір факторы ретінде қазақ тілін дамыту қызу қолға алынды.
Ол ең алдымен елімізде алғашқы қазақ мектептерін ашудан бастау алды десем, қателеспеспін. Ұлттық рухтың, намыстың қайнар бұлағына тілімізде тәрбие мен білім беретін ұядан бастау алады.
Осыны түсінген қазақ отбасылары: “Біз үйренбеген, жетік меңгере алмаған ана тілімізді баламыз білсін”, — деген ниетпен бүлдіршіндерін мемлекеттік тілде ашыла бастаған мектептерге берді.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында 1991 жылдың 1 қыркүйегі күні ашылған Новоишим қазақ орта мектебі біздің өңірдегі осы орайдағы алғашқы қадамдардың бірі болды.
Сол кезде 13 қазақ баласымен жұмысын бастаған мектеп қазір 400-ден астам оқушыны өз ана тілінде білім нәрімен сусындатуда.
Ата-ана үмітін ақтап, ел ертеңі болатын білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында мектебімізде бүгінгі таңда жоғары білімді 49 педагог қызмет атқарады.
Қазіргі кезде педагогтердің біліктілігін арттырудың әдіс-тәсілдері өзгеруде. Солардың бірі — Кембридж тәсілдеріне негізделген деңгейлік курстар.
Аталмыш курстардан біздің мектебіміздің мұғалімдерінің 50 пайызы өтті. III деңгейлік курсты аяқтаған Ағайша Нұғыманова мен Қайрия Нұрахметова “Тізбектелген сабақтар топтамасы бойынша ең үздік орта мерзімді жоспарлау” тақырыбындағы облыстық байқауға қатысып, 3-орынды иеленді. Сандуғаш Сүлейменова “Қазақ әдебиетінен жаңа форматта құрылған сабақ үлгілері” әдістемелік құралын жазды. Республикалық “Ұлағатты ұстаз" оқытушылар байқауында жүлделі орын алған мұғалімдеріміз де бар.
Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін таратушы және жаңа әдіснама негізінде білім беру жүйесін дамытуды қамтамасыз етуші, оқушылардың жаратылыстану-математикалық сауаттылығын қалыптастыру бойынша ұлттық жоспарды табысты жүзеге асырушы мұғалімдеріміз де жеткілікті.
Олардың қатарында тарих пәнінің мұғалімі Айна Даирова, бастауыш сынып мұғалімдері — Мерует Ілиясова, Раушан Сәрсенбаева, Ақбидай Қабдуллина, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әлия Әлімғожина, химия пәнінің мұғалімі Шынаргүл Зекерина, физика пәнінің мұғалімі Қуаныш Жұмағалиев, география пәнінің мұғалімі Тәния Ахмет, информатика пәнінің мұғалімі Абай Закирьяновтарды атап айтуға болады. Оқушыларымыздың Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі осындай мұғалімдерден білім алуының арқасы деп білемін.
Бүгінде білім беру жүйесін реформалаудың бағыттары жыл сайынғы Жолдауларда көрініс тауып, жүзеге асырылуда. Еліміз экономикалық құлдырауды басынан өткерген Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мектепті жылытуға жағдай жасай алмай қиналғанымыз, педагог кадрлардың отбасының қамымен басқа жұмыстарға кеткен шақтары да артта қалды.
Елімізде аталмыш салаға жасалып жатқан қамқорлық білім тәрбие жұмыстарының сапасын арттыруға негіз болып отыр. Нәтижесінде мектебімізден әр жылдары түлеген Тимур Қанапиянов, Сәбит Маридинов, Анель Қошан, Ержан Байтас сынды оқушыларымыз -“Алтын белгі” және үздік аттестат иегерлері атанды. Сондай-ақ, түлектеріміз Арайлым Нұрмашева мен Нұрлан Төлегенов “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқып келіп, қазіргі таңда Астана қаласында еңбек етуде.
Тәуелсіз Қазақстанмен бірге есейіп келе жатқан мектебіміздің басқа да жетістіктері мол. Мәди Қабыкенов, Батырхан Айсин, Нұрдәулет Жолбарыс сынды оқушыларымыз “Жас ақындар айтысында”, Юрий Ахмедзянов, Әсел Бөкенова “Тіл — білімнің кілті” атты сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Абай, Мағжан, Оралхан Бөкей оқуларында жүлдегерлеріміз бар.
2014-2015 оқу жылында Түркістан қаласында өткен II респубпикалық, “Яссауитану” олимпиадасында Әмина Касинова орыс тілі пәнінен грант иегері атанды. Аружан Саржомартова — өзін-өзі тану пәнінен Алматы қаласында өткен республикалық олимпиаданың III орын иегері.
Болат Совет — “Жарқын болашақ” VI республикалық “КАТЕV” қазақ тілі олимпиадасының “Жас ғалымдар” бағытында, Ержан Байтас V облыстық “Шырайлы аты елімнің — қасиетінде жерімнің" атты шығармалар байқауының да II дәрежелі дипломды жеңіп алды.
Спорт саласында да жетістіктеріміз баршылық. Мақсат Нұрмағанбет облыс және республика көлемінде қазақша күрестен жүлде алып жүр, спорт шеберлігіне үміткер. Бірнеше оқушымыз Ресейде өткен халықаралық турнирге қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Оқушылармен бірге мұғалімдер де көптеген сайыстарға қатысып, өз шеберліктерін көрсетуде. Облыстық “Мерейлі отбасы” сайысына қатысқан Нұрмағанбетов және Қасымов сынды ұстаздар әулеті жүлдемен оралды. Әзірбайжан қызы, мектебіміздің түлегі Айгүл Мамедова қазір өзіміздің әріптесіміз.
Ол өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілінен өткен сайыста жоғары нәтижеге қол жеткізді. Еңбек пәнінің мүғалімі Көшербай Қасымовтың өзі және оқушыларының ағаш пен сүйектен жасаған бұйымдары — облыс, республика көлемінде өтетін кез келген көрменің сәні.
Мектебімізде ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізді жаңғыртып, жас буынға үйрету мақсатында "Бірлік” этномәдени бірлестігі жұмыс істейді.
Ашылғандағы 13 оқушы орыс мектебінің жанындағы қазақ сыныптарында білім алса, жылдан-жылға бала саны артты.
Сөйтіп, жеке қазақ орта мектебі мәртебесіне ие болдық.
Алайда, оның ғимараты мектеп талаптарына сай келмей, сынып бөлмелері де тар болғандықтан, осы уақытқа дейін үш ауысымда оқып келдік. Ауылдың бір шетінде интернатымыз, орта тұсында мектеп, тағы бір жағында шағын орталығымыз болды.
Бұл мұғалімдердің жүріп-тұруына қолайсыз еді. Осыған қарамастан, мұғалімдер мектептің физика, мультимедиалық кабинеттері мен интерактивті тақтасын тиімді пайдаланып, заманауи технологияларға жүгіне отырып, оқушыларға сапалы білім бере білді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың қаңтарында жариялаған “Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында Үкіметке: “Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек”, -деген тапсырма берген болатын Оны жүзеге асыру үшін “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында Ұлттық қордан қаражат бөлініп, Новоишимка ауылында 400 орындық мектеп пен 200 балаға арналған интернаттың іргесі қалана бастаған еді. Бүгінде оның құрылысы аяқталуға жақын, сәті түссе жаңа оқу жылын аталмыш білім мекемесінде бастамақ ойымыз бар.
Жаңа білім мекемесінде физика, химия, биология, зертхана, информатика, мультимедиалық кабинеттер, ұлдарға арналған ағаш және темір өңдеу, қыздарға тігін шеберханалары жабдықталған.
Арнайы талаптарға сай спортзал, асхана, кітапхана, медициналық, бөлмелер де бар. Интернаттың бір бөлмесінде 4-5 оқушыдан тұратын болады. Гигиеналық бөлме бөлек. Ауылдан келіп оқитын оқушыларға барлық жағдай жасалған. Аулада демалатын, ойнайтын арнайы орын және стадион орналасқан. Мұндай мектеп көптің арманы. Міне, біз оған да жеттік.
Қазақстан Респубпикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы жарқын болашаққа бастайтын серпіліс болмақ. Ондағы белгіленген үлкен мақсаттарды жүзеге асыру — еліміздің білім беру саласында қызмет ететін әрбір ұстаздың тікелей міндеті. Жаңашыл ұстаз бүгінгі күні кешегідей оқытатын болса, ертеңгі күнді жоғалтатынын біледі. Сондықтан Елбасымыз меңзеген озық отыздыққа қол жеткізу жолында мектебіміздің ұстаздар қауымы аянбай еңбек ететініне сенімім кәміл.
Сәрсенкүл Сүйесінова,
Новоишим қазақ орта мектебінің директоры. Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.
Сүйесінова.С.Кемел келешек мектебі.//Солтүстік Қазақстан. – 25 тамыз. — 2016. – 7 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |