Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы қарсаңында белестерді бағындырған
Биыл Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына сексен жыл толады. Осы жылдарда облысымыз ел тарихы мен мәдениетіне, экономикасының өркендеуіне, ғылымы мен білімінің заман талабына сай дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
"Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім қажет", — деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, облысымыздың қалыптасуы мен дамуы жолында білім саласының алар орны ерекше. Сондықтан да мен сексен жылдың ішінде талай белестерді бағындырған облыс тарихында білім саласының қалай өрбігені жөнінде қалам тербеуді жөн көрдім.
Білім беру ісінің өмірлік қажеттілігіне, сондай-ақ, аймақта ұстаздардың жетіспеушілігіне байланысты Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің 1937 жылғы 19 наурыздағы қаулысына сәйкес өңірімізде мұғалімдер институты құрылды.
Сол жылы 1 қыркүйектен бастап жаратылыстану-жағрапия және тарих факультеттері жұмысын бастады. Алғашқыда институттың өз ғимараты болмады. Келесі жылы оған Партизан көшесі бойындағы жаңа мектеп ғимараты мен бұрынғы мешіт және оқытушыларға арналған екіқабатты үй бөлінді.
1939 жылы оқу орнының Жарғысы бекітіліп, оған Петропавл мемлекеттік мұғалімдер институты деген ресми атау берілді. Институттың ұйымдық құрылымы айқындалып, марксизм-ленинизм, тарих, жағрапия, жаратылыстану, орыс және қазақ тілдері деп аталған бес кафедра ұйымдастырылды. Институтқа жұмысқа қабылданған он алты оқытушының он үшінің жоғары, қалған үшеуінің орта білімі болатын. Сол жылы сырттан оқыту бөлімі ашылды да, 1940 жылы тарих пәнінің 27, жағрапия пәнінің 17, биология пәнінің 8 оқытушысы орталау мектептерге сабақ беруге құқық беретін толық емес жоғары білім жөнінде диплом алып, мұғалімдік қызметтерін бастауға аттанды. Олар кейін жоғары оқу орындарында оқып, білімдерін толықтырды, білікті мамандар болып игі істерімен көзге түсті.
Ұлы Отан соғысының басталуы жаңа оқу ордасының өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Ғимараттар соғыс муддесіне қарай өнеркәсіп кәсіпорнына берілуіне байланысты, институт Челюскин көшесіндегі мектепке кешті. Мұғалімдер институтынан 13 оқытушы мен 28 студент майданға аттанды. Қандай қиындық болса да, өмір алға жылжуын тоқтатпады. Оқытушылар қатары сиреп қалды. Сондықтан қалаға қоныс аударып келген мамандар, институттың өз түлектері де оқытушылыққа шақырылды. 1943-1944 оқу жылында штат кестесінде 17 орын болса, олардың екеуі (Д.М.Сағдиев пен Г.Овчинников) ғылым кандидаттары еді.
Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңінде мұғалімдер институтының ұжымы Солтүстік Қазақстан өңірінің әлеуметтік-мәдени өміріне айтарлықтай үлес қосты. Сол жылдары институт ұжымы соғыс мүддесіне арнап 55 — медбике. 35 — әуе және химия шабуылына қарсы нұсқаушы, 150 радиобайланысшы мамандарды арнайы ұйымдастырылған үйірмелерде даярлады. Соғыс жылдары оқытушылар мен студенттер уақытпен санаспай астық жинау, темір жолды қардан тазарту сияқты жұмыстарды ерікті түрде атқарды. Қорғаныс қорына өз жалақыларынан қаражат аударды, жылы киімдер жинады, мемлекеттік қорғаныс заемы облигацияларын сатып алды, майдангерлердің балаларына қаржылай көмек көрсетті.
байланысты институтқа 9-сынып бітіргендерді де қабылдауға рұқсат етілді. Бұл амалсыз шара еді. Өйткені, толық орта білімі жоқ жастардан сауатты маман даярлау оңай шаруа емес-тін.
Оқу орнының Жеңіске қосқан үлесі Үкімет тарапынан жоғары бағаланды да, 1945 жылы институтқа орыстың XIX ғасырдағы атақты ұстазы К.Д.Ушинскийдің есімі берілді. Осыған байланысты мұғалімдер институтында, Петропавл қаласындағы мектептерде оның мұралары кеңінен насихаттала бастады. Институт оқытушылары К.Д.Ушинскийдің өмірі мен қызметіне арналған бұқаралық шараларды ұйымдастыруға белсене қатысты.
Соғыстан кейін мұғалімдер институты Киров (қазіргі Жамбыл) көшесінің бойындағы мектепке көшірілуіне байланысты білім беру ісіне едәуір қолайлы жағдайлар жасалды. Дәрісханалар мен зертханалар кең бөлмелерге ауыстырылды, алайда, арнайы спорт залы болмағандықтан, дене тәрбиесі сабағы көбінесе далада, кейде жалға алынған ғимаратта өтетін. Оқытушылар мен студенттер ғимарат жанынан оқу-тәжірибе учаскесін ұйымдастырып, дәнді дақылдардың бірнеше түрін егіп, гүлзарлар жасалды.
Институтта 1948 жылы физика-математика факультеті ашылды. Филологтар мен математиктер жеке-жеке топтарға біріктіріліп, оқытылды. Ал марксизм-ленинизм негіздері, педагогика, психология, мектеп гигиенасы пәндері барлық студенттердің басын қосып өткізілетін. Ол кезде институтта сабақ тек орыс тілінде жүргізілді, қазақ мектептерін бітіргендер үшін бірінші жартыжылдықта арнайы бейімдеу-дайындау тобы құрылып, студенттер біршама тіл үйренгеннен кейін жалпы топқа қосылатын.
Елімізде болып жатқан саяси-қоғамдық құбылыстар институттың дамуына әсер етпей қоймады. Компартия ұстанымына, мемлекет қайраткерлерінің пікірлеріне қайшы келеді-ау деген ғылыми бағыттар қоғам алдында сынға ұшырады.
Е.Бекмахановтың «XIX ғасырдын 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы төңірегінде, әсіресе, Кенесары Қасымұлының отаршылдыққа қарсы күресіне байланысты дау-дамай көбейді. Оқу министрінің арнайы бұйрығы бойынша Шамиль басқарған тау халықтарының тәуелсіздік күресі жағдайындағы, сондай-ақ, Кенесары, Наурызбай есімдеріне қатысты материалдарды, Нысанбай ақынның жырларын оқуға тыйым салынды.
Петропавл сияқты қиырдағы қалада орналасқан мұғалімдер институтын оқытушылармен қамтамасыз ету қашан да оңай болмады. Әдеттегідей институтқа қызмет істеуге жастарды шақыру маңызды мәселе ретінде көтеріліп, оқытушылар мен студенттер мектептерді аралап, насихат жұмыстарын жүргізді. Қазақ жастары үшін арнайы дайындық курстары ашылды. Жоғары білімді мұғалімдердің жетіспеуі жастарға жаппай орта білім беру жөніндегі міндеттің орындалуын қиындатып жіберді.
Мұғалімдер институты сол жылдардан бастап студенттердің педагогикалық тәжірибесін өткеруі жөнінде мектептермен келісімшарт жасады.
Ғылыми жұмыстар жүргізу үшін далалық экспедициялар ұйымдастыру тәжірибеге айналды.
К.Д.Овчинниковтің бастамасымен Солтүстік Қазақстан облысының тарихы, өсімдіктері мен жануарлар әлемі тұтас қарастырылып, зерттеу жұмыстары қолға алынды. Әрбір кафедра жанынан студенттердің үйірмелері құрылды. Дарынды жастар оқытушылардың жетекшілігімен дербес ғылыми-зерттеулер де жүргізді. Г.Чусловтың "Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы қазбалардан табылған жануарлар мен өсімдіктер қалдығы" деген еңбегіне кәнігі ғалымдардың өзі назар аударды. Институт ұжымы басқа да саяси және ғылыми білімдерді насихаттаудың орталығына айналды.
1954-1955 жылдары мұғалімдер институтының оқытушылар қатары нығайып, білім беру сапасы едәуір жақсарды, ғылым кандидаттары шыға бастады. Пушкин көшесінде жаңа оқу корпусының құрылысы басталды.
Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына байланысты өңірімізге әртүрлі этнос өкілдері ағылып келе бастады. Халық санының өсуіне орай жалпы білім беретін орта мектептер үшін мұғалімдерді көбірек даярлау қажеттігі туындады. 1955 жылы оқу орны педагогикалық институт болып қайта құрылып, барлығы үш мамандық: 1) математика, физика, сызу; 2) орыс тілі, әдебиеті, тарих; 3) биология, химия, жағрапия пәндерінің мұғалімдерін даярлай бастады. Алайда елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында ауыл шаруашылығы саласына мамандар қажет болды. Студенттер дәнді дақылдар өсіру, жер жырту және баптау сияқты диқаншылық кәсіптерге тартылып, ол тиянақты білім алуға зиянын тигізді. Сол кезде "Молодой целинник" газетінде "Студенттер қандай маман болып шығады?!" деген сыни мақала жарияланып, онда оқу орнының кемшіліктері, мамандар даярлаудың осал тұстары айтылды. Болашақ мұғалімдерді қосарланған мамандықтар бойынша даярлаудан бас тарту туралы шешім қабылданды.1960-1964 жылдары физика-математика факультетінде А.А.Финдоренко басқарған жалпы техникалық кафедра болды. Онда студенттерге ағаш және металл өңдеу, автокөліктер мен электр жабдықтарын жөндеу сияқты тәжірибелік пәндер жүргізілді. Пәнге қажетті станоктар мен қондырғылар алынып, бір жылдың ішінде оқу шеберханасы жабдықталды. Оған қоса екінші корпуста физика-математика факультетінің студенттері үшін фотозертхана мен сызу кабинеті жарақталды.
1977 жылы Абай көшесінде 1200 орындық жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. 1987 жылы бірінші корпус пайдалануға тапсырылып, екі үлкен дәрісхана, республикалық деңгейде жарыс өткізуге мүмкіндік беретін осызаманғы спорт залына қол жетті.
Уақыт өткен сайын заман талабы өзгеріп, күн тәртібіне мүлде жаңа мәселелер қойылды. Институттың елуге тарта оқытушысы Мәкеуде аспирантура бітіріп, кандидаттық диссертацияларын қорғады.
Аталмыш институт осылайша ұзақ та жемісті жолдан өтті. Әр жылдары білім ордасын басқарғандарды зор құрметпен мақтанышпен атауға болады. Солардың ішін де білімді ғалым В.А.Цатуряннің есімімен дәрісхана аталса, оның ісін Қ.Ш.Шәкенов жалғастырып, қазіргі таңда оның іскерлігі мен парасаттылығына арнап қалада мемориалды тақта және оқу орнында дәрісхана ашылды. Одан кейін білім ордасын физиология ғылымдарының докторы, оқу орнында ез ғылыми мектебін ашқан А.М.Малыгин басқарды. Оқу ордасының қалыптасуына, жетілуіне көп жылдар бойы елеулі үлес қосқан проректорлар да болды. Ұзақ жылдар бойы университеттің бірінші проректоры қызметін философия ғылымдарының кандидаты, СҚМУ профессоры Феликс Сим абыроймен атқарып, білім ордасында 45 жыл еңбек етті.
1994 жылы елімізде жоғары білім беруді жақсарту, аймақтарда мамандарды даярлаудың университеттік жүйесін қалыптастыруға байланысты Петропавл педагогикалық институты Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылғанда, Қарағанды политехника институтының қаламыздағы филиалы жоғары техникалық колледж деп аталып университет құрамына берілді.
2001 жылы университетке мемлекеттік мәртебе беріліп, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті атанды. Жаңа ұрпақтарды қалыптастыруда сүбелі үлес қосқан жаңашыл басшы, тамаша ұйымдастырушы және ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Оңдасын Әшімов 2002 жылы ректор болып тағайындалды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті — еліміздің теріскейіндегі білім-ғылымның және мәдениеттің ірі орталығы. Қазіргі кезде университет республика мен өңірдің дамуына қажетті білім, жаратылыстану, гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, өнер, құқық, әлеуметтік және бизнес, техника және технология, қызмет көрсету сияқты тоғыз бағытта мамандар даярлайды. Университет — көпдеңгейлі оқыту жүйесін қамтитын оқыту мен ғылымды қатар алып келе жатқан кешенді білім ордасы.
Жан-жақты он оқу корпусы, жаңартылған төрт жатақхана, обсерватория, жүзу бассейні, мұражай кешені, "Мирас" оқу-әдістемелік кешені, агробиостанция, интернет-кафе, тағы басқалары оқу орнының үнемі дамып келе жатқанын дәлелдейді. Университетте бүгінгі күні 48 бакалавриат, 24 магистратура және 4 PHD мамандығы бар.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытудың озық ақпараттық технологияларын енгізуге, ғылыми зерттеулер жүйесін тың арнаға салуға, жоғары оқу орнын басқаруға жаңа екпін берілді. Оқыту және басқару үдерістерін жоспарлаудың жаңа жүйесі, электронды ректорат құрылды. Осызаманғы нақты және виртуалды жаңа бағдарламамен жабдықталған зертханалар, кешендер оқу үдерісінде кеңінен қолданылады.
Білім ордасында 2005 жылы сапа менеджмент жүйесі енгізіліп, ол ИСО 9001; 2008 стандарттарының талаптарына сай болуына байланысты сертификатталды. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ұлттық аккредитациялық орталығы кеңесінің шешімімен аккредиттеуден сүрінбей өтті. Сол жылы Италияның Болонья қаласында Универcитеттердің Ұлы Хартиясына қол қойылды. Университет — халықаралық консорциумның мүшесі. Сондай-ақ, 50-ден астам жоғары оқу орындарымен, алыс және жақын шетелдердің халықаралық ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Олар: Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Финляндия, Түркия, тағы басқа да елдер.
Сонау жылдары мұғалімдер институты болып құрылған білім ордасын бүгінде 45 мыңға жуық жоғары білікті мамандар бітіріп, көпшілігі өндіріс пен білім саласының жетекшілері, танымал ғалымдар болып адал еңбек етуде.
Алтай Қожахмет, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты.
Суреттерді түсірген Амангелді Бекмұра
//Солтүстік Қазақстан. – 1 наурыз. – 2016. – 2 бет .
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |