Уақыт сынынан сүрінбей өттік
Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда Қазақ елі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен талай "тар жол, тайғақ кешулерді" бастан өткеріп, бүгінде өзіндік бет-бейнесі және ерекшеліктері мен ұстанымы бар әлем танитын әрі мойындайтын елге айналды. Бұл күнге оңайлықпен келмегеніміз анық.
Ширек ғасыр бұрын егемендігін паш етіп, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдаған Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлық мерекесі қарсаңында халқымыздың ортақ мүдде үшін күш-жігерін біріктіріп, егемендігімізді нығайтып, әлемдік аренадағы саяси салмағымызды бағамдауға өзіндік үлес қосқан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Самат Бекназаровты әңгімеге тарттық.
- Самат Жанатайұлы, өзіңіз ауыл шаруашылығы институтын бітірген екенсіз. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қызметке қалай келдіңіз?
- Шал ақын ауданындағы белгілі ғалым Евней Букетов дүниеге келген қазіргі Бағанаты ауылынанмын. Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, жиырма жеті күн ғана агроном болып қызмет істедім. Сергеев аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетіне нұсқаушы, бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқардым. Бірде партия органында істеп жүргендер арасынан мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке іріктеу өтті. Мәскеу қаласына Қазақстаннан аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымында қызмет істеген, жасы 40-тан аспаған үш жігітті жіберді. Сөйтіп, мен Мәскеудегі Дзержинский атындағы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы мектебіне жолдама алдым. Отбасыммен бірге екі жыл сонда тұрып, оқыдым. Жоғарғы мектепті де, академияны да үздік бітірдім.
Талдықорғанда төрт жарым жыл ұлтшылдық, экстремизм, терроризм сияқты жағдайлардан қоғамды, мемлекетті қорғауға міндетті бөлімде қызмет атқардым.
- Қазақ жастарының Үкімет басына Колбиннің келуіне наразылық білдіріп, ұрандатып көшеге шыққан 1986 жылдың желтоқсанындағы қанды оқиғаны алғашқы кезде "ұлтшылдық әрекет" деп қабылдап, қаншама өреннің тағдырына балта шабылғанын білеміз. Жастардың толқуын басу үшін әскердің де жұмылдырылғаны белгілі.
- Иә. Бұл бір күтпеген жағдай болды. Ол кезде мен Талдықорғанда қызмет істеймін. Жұмыстан үйге келсем, теледидардан Колбинді бірінші хатшы етіп тағайындағандығы туралы хабарлап жатыр екен. Колбинді сайлағанда біз де іштей қарсы болдық, алайда, ол кезде заман басқа, Қазақстан КСРО халықтары достығының зертханасы болып саналатын. Алматыдағы студент жастар бірден көтеріліп, сол кездегі Брежнев алаңына шықты. Алматы мен Талдықорғанның арасы бар-жоғы үш жүз километр. Қала бойынша жастарды көтеріліске шығуға шақырған қолдан жазылған парақшалар тарап кетті. Олар- "Намыстарың болса, отырмаңдар, қарсы шығыңдар!", "Колбинді үкімет басына қойғызбаймыз деген үндеулер еді. Бізге Талдықорғандағы жастарды толқуға шығармау керек болды. Қаладағы оқу орындарына, жатақханаларға облыстық, қалалық партия комитеттерінен, милициядан, еріктілерден кезекшілік қойылды. Жастарды тоқтатып, келіссөз жүргізіп, сабырға шақыру үшін ақсақалдар, Талдықорған облысының, қаласының құрметті азаматтары шығып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Талдықорғанда Алматыдағыдай үлкен көтеріліс болған жоқ. Мәскеуден мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары келіп, тексеру жүргізді, ойламаған жерде болған оқиғаға жастардың білдірген көзқарастарын олар "ұлтшылдық" деп қарастырды. Бірақ бұл шындыққа жанаспайтын еді. Жастар дұрыс көтерілді, бұл ұлттық мүддені ескермеумен тең болатын. Ұйымдастырушыларды іздедік. Ешкімді қамаған жоқпыз, бірақ бірнеше адам институттан шығып қалды. Сол өкінішті болды. Қазір қазақ халқының нағыз интернационалист екеніне кімнің болсын көзі жетті деп ойлаймын.
- Осылайша, келген Тәуелсіздіктің әр сәті бүгінгі біз, кейінгі өскелең ұрпақ үшін алтын әріппен жазылып қалатын тарих екені сөзсіз. Біз осы күнге оңайлықпен келе қалмағанымызды ешқашан ұмытпай, уақыт безбенінен қалай өткенімізді, өркениет көшінен алып отырған орнымызды айту бүгінгі мерейлі шақта орынды емес пе?
- 1988-1989 жылдары Қазақстанда Кеңес одағына деген сенім жоғалды. Михаил Горбачев демократияландыруды бастаған кезде ел арасында іріткі жүріп, сенімсіздік белең алды. Экономика әлсіреп, адамдардың болашағы бұлыңғыр болды. Кеңес одағының құлауы елімізді экономикалық, саяси күйреуге әкеліп соқтырды. Адамдар зейнетақы, жалақы ала алмай, жұмыссыздық жайлады, кәсіпорындар жаппай жабылды.
Тәуелсіз Қазақстанды құру оңай болған жоқ. Халқымыздың алды-артын болжай алмаған осындай шағында бар жауапкершілікті өзінің мойнына алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді қалыпқа келтірді. Президентімізбен бірге Тәуелсіз еліміздің тыныштығын, бірлігін, тұрақтылығын сақтау үшін біз де өз шамамызша тырыстық. Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Ұлттық қауіпсіздік органдары Елбасының тұрақты қолдауы арқасында үнемі даму үстінде. Бүгінде ол егемен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, барлық жағынан жинақы да ұтқыр құрылымға айналды.
Қазір еліміз өз кәсіпорындарын ашып, жұмыс орындары пайда болуда, адамдардың жағдайының көтерілуіне мүмкіндік жасалып жатыр. Экономикамызды дамыту қарқыны бойынша озық елдермен иық тірестіруге шамамыз жетеді, ТМД елдерінің арасында көшбасшымыз, бұл біз үшін қуанышты жағдай. Тәуелсіздік ғажап, бірақ басқа елдермен достық қарым-қатынаста болып, сауда-саттық, саяси-экономикалық байланысымызды үзбей, жалғастыра беруіміз керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тұрғыда да ұстанып отырған саясаты дұрыс.
- Самат Жанатайұлы, әңгіме ауанынан аңғарғаным, сіз мемлекеттік қызметте 30 жыл еңбек етіп, 18 жылын тәуелсіз елімізге қалтқысыз қызмет етуге арнапсыз. Омырауыңызға он медаль тағыпсыз. Солардың ішінде ерекше бағалайтын наградаңыз қайсы?
- Дұрыс айтасыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті кез келген кездейсоқ адамды қабылдай беретін орган емес. Соның ыстығына күйіп, суығына төздік. Он медальдың жетеуін Кеңес Одағы кезінде алдым. Қалған үш медалімнің жаныма жақыны әрі ыстығы - ол Тәуелсіздіктің 10 жылдығында алған марапатым. Ол кезде жағдай қиын болды. Жаңа да аяғынан тік тұрған мемлекеттің материалдық-техникалық жабдықталуы өте нашар еді. Жастар біздің көргенімізді білмейді. Қазір шүкір, бәрі жақсы. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі жағдайын біздің кезіміздегімен салыстыруға болмайды. Материалдық-техникалық жабдықтары, жыл маусымдарының кез келген жағдайына арналған ыңғайлы киімдері, жоғары деңгейде жаттығулар жүргізетін базаларының бәрі бар. Ештеңе де бірден бола қоймайды, тәжірибе жылдармен жинақталады.
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет ететін адамның бойында қандай қасиеттер болуы шарт?
- Зейнеткерлікке шыққаныма 20 жыл болды. Жетпіске дейін жұмыс істедім. Қазір де органмен байланысып, жастармен тәжірибе бөлісіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері өз Отанына, халқына, жұмысына, шын берілген болуы керектігін айтып, ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Бізде істейтіндер көп ақпарат біледі, сондықтан онда кездейсоқ адамдардың қызмет етуіне жол берілмейді. Ондайлар мемлекетке, елімізге нұқсан келтіреді. Отаныңа адал, мінсіз қызмет етіп, ешкімнен бір тиын алмай, таза еңбегіңмен күн көрсең, ұйқың да, отбасың да тыныш болады.
Біздің жұмыс тікелей адамдармен, олардың тағдырымен байланысты. Кез келген оқиғада дұрыс шешім қабылдап, шалыс баспауға тырысу керек. Тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді оны одан әрі дамытып, ұстап тұру қажет. Отанды қорғау ер-азаматтардың міндеті. Сондықтан оларды отансүйгіштікке, адалдыққа, тазалыққа бала кезінен тәрбиелеп, Отанды қорғау міндет екенін құлақтарына құя беру керек. Әскерсіз, әскерилерсіз мемлекет болмайды. Әскери қызмет оңай емес, соған төзе білген жөн. Қазіргі біздің қызметтегі азаматтар халықтың жағдайын ойлап, қиыншылықты солармен бірге бөлісіп еңбек етеді. Бүгінде органдарда адал, таза жүректі, өз ісін білетін, Отаны үшін отқа да, суға да түсуге дайын мамандар жұмыс істейтініне сенімдімін. 25 жылда осындай жағдайға қол жеткізген Тәуелсіз елімізді әрқашан биіктерден көруге нәсіп етсін!
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ләйла Жанысова, "Солтүстік Қазақстан".
Жанатайұлы.С. Сұхбаттасқан Жанысова.С Уақыт сынынан сүрінбей өттік.// Солтүстік Қазақстан. – 15 желтоқсан. – 2016. – 8 -9 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |