Толайым табыстардың сенімді кілті
- Сапар Қапарұлы, Кішкенекөл - әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан ірі ауылдық округтердің бірі. Бұл әкім аппараты құзыреті шеңберінде атқарылатын шаруалар да, шешімін табатын мәселелер де аз емес деген сөз емес пе?
- Әрине. Түрлі кездесулер барысында тұрғындар тарапынан айтылатын өтініш-тілектерде әлеуметтік-экономикалық мұң-мұқтаждар, проблемалық мәселелер жиі қозғалатындықтан, әрқайсысына назар аудару, тұрақты бақылауға алу, ойдағыдай шешілуін қамтамасыз ету әкімдікпен қатар, мекемелер мен ұйымдарға да тікелей қатысты дер едім.
Сондықтан қызметтегі өзара үйлесімділік, сабақтастық ауадай қажет. Онсыз істің алға басуы қиын.
Округтің экономикасын, негізінен, ауыл шаруашылығы құрайды. Соңғы жылдары агроқұрылымдар жаңа техникалармен қамтылып, озық технологияларды игере бастады.
Ауыл шаруашылығы жерінің жалпы аумағы - 21035 гектар, оның ішінде егістік алқап - 14157 гектар, мал жайылымдары - 6629 гектар. Астық өндірісін әртараптандыру бағытында да бірқыдыру істер атқарылды. "Дем", "Анара", "Агролизинг-Қызылту", "Қызылту - Астық" ЖШС-лерінің, "Қанағат", "Темірбек", "Жолдасбай Агро", "Көксеңгір" фермерлік қожалықтарының аграрлық секторды жаңғыртудағы қадамдары сүйсінтеді.
Төрт түлік өсірумен айналысатын шаруашылықтар мемлекеттің жеңілдікті бағдарламаларына сүйенеді. Қара малдың басын көбейту мақсатымен қолдан ұрықтандыру пункттері ашылған ."Жолдасбай" ферма қожалығы ангус тұқымдас сиырлар, "Қазанат" және "Темірбек" шаруашылықтары жылқы өсірумен шұғылданады. Халықаралық талаптарға сай жабдықталған ветеринариялық зертхана іске қосылып, малдың инфекциялық көздерін анықтау, алдын алу, сауықтыру жұмыстары жеңілдеді.
"Северная Нива" ЖШС-і сыйымдылығы 60 мың тонналық элеватор құрылысын аяқтады. Оның жалпы құны - 2 миллиард теңге. Элеваторда 60 адам жұмыспен қамтылса, жартысына жуығы жергілікті тұрғындар есебінен толықты.
Алда тұрған басты міндеттердің бірі мал шаруашылығын одан әрі дамыту, қосалқы шаруашылықтарда мал басын молайту, иесіз қалған егістік жерлерді айналымға қосу болып табылады.
Округтегі ірі кәсіпорындардың бірі - Қызылту ұн үктіру комбинаты. Мекеме бүгінде ұн өндіру саласында жетекші орынға ие. Мұнда екі жүзге тарта адам еңбек етеді. Қаржы дағдарысы кезінде өнім өндіру көрсеткіштері төмендегенімен, соңғы кездері алға басушылық байқалады. Нан пісіріледі, ұн, кебек өндіріледі. "Мөлдір сүт" серіктестігі жұртшылықтан сүт сатып алу, қабылдау, жинау бойынша жобаны жүзеге асырып, сапа жағына ерекше басымдық беріп отыр. "Жақсы тұз Петропавл" ЖШС-і 1,2 миллиард теңге болатын ас тұзын өңдеудің заманауи бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Жоба облыстық Индустрияландыру картасына енгізілген. Іске асқан жағдайда жылына 80 мың тонна техникалық ас, малға арналған тұз шығарылып, 85 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Тұрғындарға сапалы ауызсу жеткізумен "Мөлдір су" мекемесі айналысады. Тіршілік нәрі ауылдан 60 шақырым қашықтықта орналасқан "Есдәулет" жерасты теңізінен алынып, 300 мың текше метр су жеткізілді.
- Шағын және орта бизнесті белсенді дамыту жөніндегі Елбасы тапсырмалары қалай орындалуда?
- Президент халыққа арнаған Жолдауларында елді мекендерде кәсіпкерлік қызметті өрістету мәселесін назардан тыс қалдырған емес. "100 нақты қадам" Ұлт жоспарында индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімге шағын және орта сервистік кәсіпорындар саласындағы даму шешуші бағыт болып табылатыны атап көрсетілді.
Артық еңбек ресурстарын ауылдық жерлерге тарту маңызды мәселе ретінде көлденең тартылды. Шынында да, шағын және орта бизнестің дамуы индустриялық жаңғыртудың қозғаушы күші, локомотиві іспеттес десек, артық айтқандық емес.
Округ аумағында 7 дәмхана, 3 сауда үйі, 3 дәріхана, 4 шаштараз, 5 техникалық қызмет көрсету орны, 2 фотосалон, 3 шағын наубайхана орналасқан. Жыл өткен сайын бұл салада еңбек ететіндердің саны артып келе жатқанын баса айтқым келеді.
Мәселен, биыл екі жүзге жуық жаңа жұмыс орны құрылса, олардың уштен бірі кәсіпкерлік қызметке тиесілі. "Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы аясында "Жексенбай", "Томирис" дәмханалары ашылып, азық-түлік, қажетті тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз етуде мінсіз қызмет көрсетіп жүр. Жеке кәсіпкер Ләззат Абайқызы бір ауысымда 176 бөлке нан пісіретін, әртүрлі тәтті тоқаштар дайындайтын наубайхананы іске қосты.
Мақсұт Бейсенов мемлекеттік бағдарлама шеңберінде алған жеңілдетілген несиеге өз кәсібін ашты. "Рауан" ЖК-і - ескерткіштер, мемориалдық тақтайшалар, жарнамалық маңдайшалар жасаумен, "Мұқанов" ЖК-і - автокөліктер, "Елмағанов" ЖК-і компьютер жөндеумен айналысады. Теңізбаевтар отбасы өз қаражаттарына "Тұлпар" дәмханасын ашты.
- Аудан бюджетін толықтыруда округтің қосар үлесі қомақты болар?
- Аудан бойынша жиналатын салықтың 65 пайызға жуығы Кішкенекөл округінен түседі. Жергілікті түсімнің төрт түрі де орындалып жүр. Бюджет салымдарын арттыру бағытындағы жұмысты ширата түсуге тиіспіз. Өйткені, салықтан қасақана жалтарушылар әлі де кездеседі.
Мысалы, заң жүзінде тіркелмесе де, адам және жүк тасымалдаумен айналысатындар жоқ емес. Олармен әңгіме өткізіліп, рейдтік бақылаулар жүргізілді. Нәтижесінде 35 патент алынды. Бірнеше тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Сапар Қапарұлы, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына, елді мекендерді абаттандыру жайына да тоқтала кетсеңіз?
- Әлеуметтік сала ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Бұл - Мемлекет басшысының талабы. Осы себепті әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың ойдағыдай жүзеге асуына бәріміз де мүдделіміз. Осы аралықта екі жүзден астам адам жұмысқа орналасып, бұл мақсатқа бөлінген қаражат толық игерілді.
Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылар берілді. Жұмыссыздықты азайту және жұмыспен қамтылғандардың санын көбейту мақсатымен бос орындар жәрмеңкелері жүйелі өткізіліп тұрады. Аз қамтылған адамдарды қолдау үшін төрт деңгейлі бағдарлама жұмыс істейді. Зейнеткерлер мен мүгедек жандар мекемелердің, кәсіпкерлердің қамқорлығына алынды. Аула аумақтарын тазалау, отын-сумен көмектесу тұрақты жүргізіледі. "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы шеңберінде жоғары және арнайы оқу орындарын бітірген жас мамандар үшін арнайы курстар ұйымдастырылады.
Бұрындары біздің округте абаттандыру ең өзекті мәселелердің бірі саналып келсе, енді ауыл тұрғындарының оған ерекше мән беріп, ұл-қыздарын кішкентайынан тазалыққа, ұқыптылыққа үйретуі қуантады. Қоршаған ортаны аялап өскен балғынды өз үйінің, ауласының, тұратын көшесінің тазалығы бейжай қалдырмасы анық. Бұл тұрғыдан алғанда, қалыптасқан тәжірибелеріміз баршылық. Соңғы жылдары көшелер, саябақтар абаттандырылып, жас көшеттер отырғызылды. Аудан орталығындағы Конституция бағы көз сүйсінтеді. "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында жаңа спорт және ойын алаңдары қолданысқа берілді. Абаттандыру айлығы жарияланып, бірнеше сенбілік өткізілді.
- Спорт десе, ішкен асын жерге қоятын кішкенекөлдіктердің жеткен жетістіктерін санамалап шығудың өзі қиын шығар?
- Дұрыс айтасыз. Жазушы Сәкен Жүнісов, ауданның құрметті азаматы Қажымұрат Нағманов секілді танымал тұлғалар кезінде күреспен айналысқанын біреу білер, біреу білмес. Кішкенекөлдіктерді бүкіл елімізге танытқан қазақ және еркін күресі болды.
Бұл орайда, алдымен, Кеңес Одағының екі дүркін, еліміздің жеті мәрте чемпионы, Моңғолия, Куба, Чехословакия, Үндістан, Румынияда өткен халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахметжан Қазымбетов ағамызды ең алдымен ауызға аламыз.
Республикалық "Қайрат" спорт қоғамын басқарып, ауыл спортының дамуына қосқан үлесі - бір бөлек. Сансызбай Қалиев, Мәлғаждар Омаров секілді жауырыны жер иіскемеген балуандарды да жастар үлгі тұтады. Көкпар командасы - облыстың 11 дүркін чемпионы! Махатовтар әулеті ұлттық спорт түрлерімен даңқы шықты. Біздің Қызылту топырағына Олимпиаданың үш бірдей чемпионының табаны тиген.
Аға буын салып кеткен дәстүрді бүгінгі буын сәтті жалғастырып келеді. Жасөспірімдер спорт мектебінде екі жүздей балғын спорттың бірнеше түрлерімен жаттығады. "Денсаулық күні", "Ақ бидай" сияқты бұқаралық-көпшілік жарыстарға спортшыларымыз әр кез белсене қатысады. Телжан ауылдық округінде ұйымдастырылған жарыста 11 команда арасында кішкенекөлдіктер екінші орынды иеленді. А. Қазымбетовты еске алуға арналған турнир де жүйелі өтеді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Өмір Шалабайұлы, "Солтүстік Қазақстан".
Уәлиханов ауданы.
Әңгімелескен Шалабайұлы Ө. "Солтүстік Қазақстан".
Толайым табыстардың сенімді кілті.//Солтүстік Қазақстан. – 3 желтоқсан.- 2016. – 4 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |