Тәуелсіздік шежіресі. 1995 жыл
1 қаңтар — Қазақстан Республикасы азаматтарына жаңа төлқұжат пен жеке куәлік беріле бастады.
Қаңтар — Қазақстан Республикасы Президентінің "Әлеуметтік саланың жекелеген тарамдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жөніндегі шаралар туралы" қаулысымен денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау, мәдениет, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы өсті.
Ақпан — жұмыспен қамту қызметіне бір жарым мыңнан астам облыс тұрғыны өтініш берді. Барлығы алты жарым мыңнан астам жұмыссыз тіркелді. Оның 4349-ы — әйелдер.
1 наурыз — еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
1 наурыздан бастап зейнетақының барлық түрі қайта есептеліп, 1,25 есеге өсірілді.
Наурыз — облысымызда белгілі ғалым жерлесіміз Евней Букетовтің 70 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Сәуір — Петропавл қаласында Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
29 сәуір — Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзату жөніндегі қарары мақұлданып, референдум өтті. Солтүстікқазақстандықтардың 96,5 пайызы дауыс берді.
9 мамыр — елімізде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған салтанатты шаралар ұйымдастырылды.
27 мамыр — Семей полигонындағы ең соңғы ядролық қару жойылды.
18 маусым — Петропавлда өткен халықаралық археологиялық конференцияға АҚШ, Канада, Англия, Иран және т.б. шетелдерден 70-тен астам ғалым келді. Ботай елді мекенінен табылған өте сирек кездесетін көне қазбалар және Солтүстік Қазақстан университетінің археология саласындағы жұмысы олардың назарына ұсынылды.
20 маусым — еліміздің отыздан астам кәсіпорны Петропавлда өткен "Қорғаныс кәсіпорындары конверсиясы — Қазақстанның халық шаруашылығына" атты көрме-жәрмеңкесіне өз өнімдерін қойды.
30 тамыз — жаңа Конституция қабылдау жөнінде референдум өтті. Референдумға облыс бойынша сайлаушылардың 94,6 пайызы қатысты.
15 қыркүйек — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Ақмола қаласы ел астанасы болып жарияланды.
Қыркүйек — бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақы қарыздарын төлеуге 70 миллион теңгенің, оның ішінде петропавлдықтарға 19,2 миллион теңгенің тауары мен азық-түлігі босатылды.
Қазан — бірінші шақырылымдағы Парламент Сенаты мен Мәжілісінің сайлауы өтті. Сенатқа — 40, ал Мәжіліске 67 депутат сайланды.
18 желтоқсан — еліміздегі реформаларды тереңдету жөніндегі Үкімет іс-әрекеттерінің 1996-1998 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Облыстық мүрағат материалдары негізінде дайындалды
// Солтүстік Қазақстан. — 2016. — 14 шілде. — 2 бет
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |