Сенімді серпін

Елбасымыз "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты Жолдауында: "Біз — азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл — Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт", — деп атап көрсетті. Алдымызға — дамыған озық 30 елдің қатарына кіру мен "Мәңгілік Ел" идеясын іске асыру міндетін қойды. Осы міндеттерді саралай отырып, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңді ой елегінен өткізген менің санамнан: "Сынаптай сырғыған осы уақытта "Мен не атқардым?" -деген сауал кетпей қойды. Ой жетегіне ерген менің көз алдымнан сонау Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар көші жылжып өтіп жатты...

Тәуелсіздік алған алғашқы қалыптасу жылдарында барша қазақстандықтар еңбекақысын ала алмай, қиындықтарға, экономикалық дағдарысқа тап болғаны күні кешегідей көз алдымызда. Отбасын асырау үшін арпалысып, неге болсын төздік. Қиындықтан шығар жолды еңбектен іздедік.

Бүгінде аяғынан нық тұрған "Бабық-Бұрлық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданымыздағы ірі астық өндіруші шаруашылықтардың біріне айналды. Бұл дәрежеге бір-ақ күнде жеттік демеймін.

Біз де тәй-тәйлап, алғашқы қадамымызды шаруашылығымызда бұрынғы кеңестік дәуірден қалған ескі "Нива", "Енисей" комбайндарымен, "ДТ-75", "Т-4", "Т-40", "ЮМЗ-6" тракторларымен бастаған болатынбыз. Қазір шаруашылығымыз еліміздегі ірі фирмалардың қатарындағы "ҚазЭкспортАстық" холдингінің құрамында жұмыс істеп, оның тарапынан үнемі қолдау көріп келеміз.

Серіктестіктің егіс алқабы мен жайылымдары 25 мың гектарды алып жатыр. Онда дәнді және майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық мал азықтарын өсіреміз. Минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалана отырып, егін шығымдылығын 30 центнерге дейін көтердік. Осынау зор табысқа мемлекеттік қолдаудың арқасында жеттік. Негізінен астық өндірумен айналысатын "ҚазЭкспортАстық" фирмасы және оның құрамдас белігі болып табылатын біздің шаруашылықта өндіріс көлемін арттыру үшін техникалық қайта жарақтандыруға, қор үнемдеу технологиясын енгізуге, минералды тыңайтқыштарды және өсімдік қорғау заттарын тиімді пайдалануға айрықша көңіл бөлінеді.

Біздің мамандарымыз АҚШ, Канада және Германияда өндірістік тәжірибеден өтті. Бүгінде шаруашылық астық өндірісінің нөлдік технологиясымен жұмыс істейді. 2010 жылы серіктестігімізде астық сақтауға арналған сыйымдылығы 13500 тонна жаңа 9 қондырғы іске қосылды. Ауылымыздағы серіктестіктің ғимараты мен машина-трактор паркін, наубайхана мен ауылдық клубты жылыту үшін арнайы сабанмен жағылатын қазандық орнатылды.

 Серіктестік облыстың Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізеді. Компанияның көмегімен қазақтың етті ақбас сиырларын сатып алдық. Бүгінде тұқым шаруашылығы мәртебесінде жұмыс істеудеміз. Қазір серіктестіктегі мал 2 мыңға жетті. Канададан сатып әкелінген 10 герефорд асылтұқымды бұқамыз бар. Шаруашылығымыздағы мал сою және қолдан ұрықтандыру қосындары ауыл тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

 "Бабық-Бұрлық" серіктестігі шаруашылық аумағындағы мектептерге жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Төменгі Бұрлық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Агроқұрылымның күшімен балабақша, Мәдениет үйі қалпына келтірілді. Жақсы Жалғызтау ауылында қоғамдық монша іске қосылды. Жастар үшін дәмханасы бар жазғы би алаңы ашылды. Жаңа стадион мен "Арлан" жабық мұз айдыны, ауыл тұрғындары демалатын "Конституция алаңы" пайдалануға берілді.

 Қат-қабат тіршіліктің жетегінде жүрсек те, ардагерлерімізді назардан тыс қалдырмаймыз. Жұмысшылардың тамақтануына пайдалану үшін жылыжайларда көкөністер өсіріп, артылғанын ауыл тұрғындары мен балабақшаға, мектепке арзандатылған бағамен береміз. Осынау ел игілігі үшін атқарылып жатқан азды-көпті жетістіктерге бостандықтың ақ таңының арқасында қол жеткіздік, енді бабаларымыздың асыл арманының баянды болуы үшін егемендігімізді еңбекпен еселейміз.

 

Сейілбек Махметов,

"Бабық-Бұрлық" ЖШС-нің директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Махметов.С.Сенімді серпін//Солтүстік Қазақстан. — 2 маусым. — 2016. — 5 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий