Отаным - бақыт ордасы
Еліміздің Тәуелсіздік алуымен өшкеніміз жаңғырып, өлгеніміз тірілуде. Жат жұртта жүрген қазақтардың да атамекенге қарай көш басын бұруы осы Тәуелсіздіктің арқасы. Мен де отбасы, ағайын-туысыммен бірге 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келгенмін. Елім маған бар көмегін жасады, енді мен еліме не берсем екен деген оймен осыдан 17 жыл бұрын ағаштан қолөнер бұйымдарын жасайтын шағын цех аштым. Бүгінде бұл отбасылық шағын бизнеске айналды.
Көзін тапса, кәсіп көп. Қазақтың қолөнер бұйымдары да сұранысқа ие, ол ұлттық брендіміз десе де болады. Қазақ халқына ғана тән, еш баламасы жоқ соны бұйымдарымызға қызығушылар көп. Ресейдің Омбы қаласында және Үндістанның бірнеше шаһарында болған кезде біздің ұлттық аспаптарға, басқа да бұйымдарымызға жатжұрттықтардың қызығушылығы зор екенін бірден байқадым.
Қолөнердің дамуына мемлекет тарапынан да қолдау бар. Кәсібімді кеңейту үшін "Бизнестің жол картасы — 2020" бағдарламасы аясында 1 миллион 200 мың теңге қайтарымсыз грант берілді. Бұл қиын да қызықты кәсіпті қолға алған маған дер кезінде көрсетілген қолдау болды. Аты қолөнер болғанымен, жан-жақтан түсіп жатқан тапсырыстарды орындау үшін қос қолдың күші аздық етеді. Сондықтан заманауи станоктар, құрал-саймандар сатып алдым. Цехта жасалатын бұйымдардың ішінде ең қиыны музыкалық аспаптар. Себебі, оның сәнімен қатар әуені де дұрыс шығуы маңызды. Музыкадан хабары жоқ адам қанша жерден шебер болса да жасаған бұйымы кәсіпқойлар тарапынан сынға ұшырап жатады. Менің алғаш алған музыкалық білімім және оншақты жыл орта мектепте ән-күй пәнінен сабақ бергенімнің пайдасы тиюде. Сондықтан адырна, жетіген, домбыра, қобыздарымды кәсіби әншілер мен филармониялар арнайы тапсырыспен алдырады.
Қолөнер менің ғана ермегім емес, ол — отбасылық бизнес. Зайыбым Ғибат Қарақызы шағын тігін цехын ашты. Ине-жіпке бала күнінен әуес болып өскен ол да маған демеу болып, бес баланы оқытып-өсіруге қажет қаржыны бірге табысуға белді бекем буды. "Бизнестің жол картасы — 2020" бағдарламасының шапағатын бұл кісі де көрді. Бір жарым миллион теңге арзан несие ресімдеп, үш бірдей тігін машинкасын сатып алды. Біреуі — заманауи компьютерлік машина. Кез келген ою-өрнек пен суретті компьютерде сызып шыққан соң машинка дәл сол қалпында өзі бедерлеп тігіп шығады. Қалған екеуі — матаның шетін бүретін және тігетін құралдар.
Ертеден келе жатқан "Әке көрген оқ жонар, шеше керген тон пішер" деген тәмсіл — біздің отбасының басты ұраны. Бес баламыз бірдей ағаш жонып, тігін тігуге қолғабыс етеді. Әсіресе, кішіміз Әселдің құлшынысы қуантады. Тігін цехының атауын "Әсел" деп қоюымыздың да мәні сонда жатыр.
Жандос Мәдиғажы, қолөнер шебері.
Мәдиғажы Ж. Отаным — бақыт ордасы //Солтүстік Қазақстан.- 2016.- 26 мамыр.- 5 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |