Жұмыла көтерген жүк жеңіл

 Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы Тәуелсіздік таңының арайлап атқаны күні кешегідей көз алдымызда тұр.

Тәуелсіздік  туралы толғамды ой, салиқалы әңгіме өрбіту  үшін оның тарихындағы айтулы күн — 16 желтоқсанның мерекелік сипатына да тоқталған жөн деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда қайтадан егеменді ел болған күні ретінде ерекше мағынаға ие. 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып шықты. Солардың бірі — Қазақстан. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы" Заңды қабылдады. Бұл Заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті. 

Міне,осы тұста Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан

Америка Құрама Штаттары мойындағанын айтуымыз керек. Екінші болып алпауыт Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады.

Олардың артынша Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Түркия мемлекеттері болып жалғасып кете береді. БауырласТүркия мемлекеті алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.

Сөйтіп, көптеген ірі мемлекеттер Қазақ елінің Тәуелсіздігін толық мойындап, онымен дипломатиялық қарым-қатынас орната бастады. Сол 1991 жылғы алмағайып кезде Қазақстан өз бетімен жүруге қауқарсыз жас баладай еді. Қиын да қатерлі кезеңдердің барлығын аман-есен өткеріп, бүгінде Тәуелсіздіктің ширек ғасырына аяқ басып отыр. Ел дамуының әр белесіне куә болған аға буын өкілі ретінде мен Қазақстанның бүгінгі ғажап көрінісін көрген түстей дер едім.

Өйткені, ежелден еркіндікті сүйетін еліміз қолындағы егемендігінің арқасында аз уақыттың ішінде биік белестерді бағындырды. Солардың бірқатарына тоқталсақ, ең алдымен, азаматтық құқымыз бен бостандығымыз Ата Заңымызда жарқын көрініс тапты. Тәуелсіз Қазақстан азаматы деген атақ жүректі шымырлатады, туған елге деген мақтаныш сезімін тереңдете түседі. Тәуелсіздік арқылы жаңа тұрпатты Қазақ елі қалыптасып, ұмытылып бара жатқан тіліміз, дәстүрлі дініміз, діліміз, салт-дәстүріміз, басқа да ұлттық құндылықтарымыз ортамызға оралды. Қалалардың, ауылдардың әлеуметтік-мәдени бейнелері адам танымастай өзгеше қалыпқа енді. "Әуелі — экономика, содан соң саясат" деген ұстанымды нық ұстаған Елбасының сындарлы саясатының арқасында ел өмірінде, халықтың тұрмысында терең өзгерістер, оң қадамдар жасалды. Халықтың ойынан шығатын тың шешімдер мен өрелі міндеттер Елбасының жыл сайын қабылдайтын дәстүрлі Жолдауларында жарқын көрініс тауып, оны іс жүзіне асыру жолындағы әрекет бірлік пен бекемдікті, көпэтносты Қазақстан халқының достығын нығайтты. Соның бір белгісі — еліміздегі жүзден аса этнос өкілдерінің этномәдени бірлестіктерінің басын бір арнаға тоғыстырған Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қиын-қыстау кезеңде өз тарихи Отандарынан көз жазып қалған олар қонақжай қазақтың көңілін даладай кең көріп, қасиетті топырақты туған жеріндей санайды.

Тәуелсіздік еліміздің түкпір-түкпіріндегі шаһарлардың тамырына қан жүгіруіне септесті. Ол игіліктен біздің өңіріміз де шет қалып отырған жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары өңірімізде бой көтерген зәулім ғимараттар мен жаңа үлгідегі үйлерді, спорт мектептерін, ойын-сауық орталықтарын, заманауи балабақшаларды, ең алдымен, Тәуелсіздіктің берген бір нығметі десек, екіншіден, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың ерен еңбегімен сабақтастыруға әбден болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол" атты мақаласында Бес институттық реформаны жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсете отырып, барлық тұрғындардың экономикалық және азаматтық белсенділігін қажет ететін ауқымды міндеттерді белгілеп берді. Елбасы сенімін ақтап, өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырған еліміздің ертеңі бүгінгіден де жарқын болуына аға буын өкілдерінің де қосар үлесі мол. Біз, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, оны өзіміздің жұмысымыздың негізгі бағыты санаймыз. Бұған өткен жылы атқарған жұмыстарымызды зерделесек, анық көз жеткізуге болады. Атап айтсақ, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 70 жылдығын тойлау барысында 24 томдық "Жеңіс жауынгерлері" кітабында көрсетілмеген, соғыстан кейін елге оралған жиырма мыңға жуық майдангердің есімдерін анықтап, оларды мереке қарсаңында 652 елді мекендегі ескерткіш тақталарға енгіздік.

Жастар жүрегіне отаншылдық сезімді ұялатып, өскелең ұрпаққа ата-бабаларымыздың тарих бетінде қалдырған ерлік істерін үлгі етуде, әсіресе, Жамбыл, Шал ақын, Қызылжар аудандарының бастауыш ардагерлер ұйымдарының жемісті ізденістерін атап айтқым келеді. Жас буынға отаншылдық тәрбие беруде ардагерлер ұйымдарының мектеп ұжымдарымен "Мәңгілік Ел" жобасы шеңберінде бірлесе атқарып отырған іс-шаралары да оң нәтижесін беруде. Солтүстік Қазақстан облысының ардагерлер қауымдастығы қоғамымызда жастардың бойында отаншылдық рухын шыңдап, еңбек адамына құрмет сезімін қалыптастыра отырып, ұрпақтар сабақтастығын абыроймен жалғастырып келеді. Әсіресе, еңбегімен ел құрметіне бөленіп, өңіріміздің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене атсалысып жүрген Құдайберген Қалиев, Жақсылық Ысқақов, Таңат Сүгірбаев, Жасұлан Құдабаев, Болат Сағындықов сынды азаматтарымыздың өскелең ұрпаққа берер тәлімі, үйретер ғибраты мол.

 Соңғы жылдары облыстық ардагерлер кеңесі Тәуелсіздігіміздің тұғырын асқақтатып, этносаралық келісімді нығайта түсуге шақырған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы өкілдерімен бірлесіп, бірқатар іс-шаралардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Елбасының "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты Жолдауында бүгінгі әлемдік дағдарыстан туындайтын жауапты кезеңде Үкіметке әлеуметтік салаға баса көңіл бөлуді тапсыруы облыс ардагерлері тарапынан тың құлшыныс тудырып отыр. Алдағы кезеңде әлеуметтік саланы жандандыруға бағытталған іс-шараларымызды мемлекеттік мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен әлеуметтік әріптестік бағдарламасы шеңберінде бірлесе атқаруды жоспарлап отырмыз. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" болатынына өткен жылдар тәжірибесінен көз жеткізгенбіз.

Осы ретте соғыс және еңбек ардагерлеріне, тұрмысы төмен егде адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуде бастауыш ұйымдардың жергілікті әкімдіктермен тығыз қарым-қатынаста атқарған жұмысының жемісті болатынын айтқым келеді.

Бүгінгі таңда облыстағы 517 бастауыш ардагерлер ұйымының 65,5 пайызы ауылдық жерлерде. Бүгінгі әлеуметтік саланы дамытуда, әсіресе, ауыл экономикасының түйінді мәселелерін шешуде атқарылар істердің маңыздылығын ескерсек, жергілікті бастауыш ардагерлер ұйымдары іске асыратын жұмыстар, аға ұрпақтың өмір тәжірибесіне негізделген құнды ұсыныстар аса маңызды дер едім.

Бұл орайда облыстық ардагерлер кеңесі жергілікті бастауыш ұйымдары жүргізіп отырған жұмыстың санына емес, сапасына баса көңіл бөліп, аға буын өкілдерінің қоғамдық белсенділігін арттыруды мақсат етіп отыр. Орталық ардагерлер кеңесінің шешімімен өткен жылдың екінші жартысында жергілікті және аудандық деңгейлерде өткен бастауыш ұйымдардың сайлауы қатарымыздың серпінді күшпен толыға түсуіне игі ықпал етті. Қазіргі кезеңде ұйымдардағы жоғары және орта білімді адамдардың үлесі артып отыр. Бастауыш ұйымдар төрағаларының 74,8 пайызы әйелдер екенін ескерсек, Елбасымыз ерекше көңіл бөліп отырған гендердік саясаттың да күнделікті жұмысымызда нақты іске асып отырғанына көз жеткізуге болады. Жергілікті жерлерде өткен есеп беру-сайлау жиналыстарының нәтижесінде бастауыш ұйым төрағалары құрамының 31,5 пайызы жаңартылып, алдыңғы лекке жігерлі де білікті адамдар қосылды.Елбасы биылғы жылға арнаған Жолдауында: "Бұл — тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырынмызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді", — деген болатын. Бұл — болашағын қазақ жерімен байланыстыруды қалайтын әрбір қазақстандыққа, әсіресе, аға буын өкілдеріне жүктеліп отырған басты міндет. Облыстық ардагерлер кеңесі мүшелерінің алдында тұрған осындай келелі істер Елбасы Жолдауындағы қоғамымыздың болашағын айқындайтын өзекті мәселелесмен сабақтасып жатыр. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойын өз дәрежесінде ұлықтауды ұйым мүшелері басты міндет етіп отыр. Жауапты міндеттер жүгін жұмыла көтеру үшін әлі де жергілікті атқарушы билікпен, үкіметтік емес ұйымдармен, саяси партиялармен ынтымақтастықты жетілдіре түспекпіз.

 

Ескендір Елеусізов,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Елеусізов.Е.Жұмыла көтерген жүк жеңіл// Солтүстік Қазақстан. – 16 ақпан. – 2016. – 3 б.

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий