Дін - көрінгеннің қолжаулығына айналмауы керек
Биылғы жылдың үлкен датасы — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл мерейтойдың еліміз үшін мәні мен маңызы ерекше. Осы орайда Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуында өзіндік үлесін қосқан көрнекті ғалым, танымал қоғам қайраткері Мырзатай Жолбасбековпен елдегі діни ахуал және ислам дінінің бүгіні туралы әңгімелескен едік.
Мырзатай аға, биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Мағынасы зор мерейтой туралы не айтасыз?
Біздің халық ұзын-сонар тарихында небір қиын кезеңдерді бастан өткерді. Тарихымыздағы алашапқын дәуірлерде ата-бабаларымыздың бейбіт өмір сүруіне мұршасы болған жоқ. Бейбіт те бақытты өмір сүру біздің буынға бұйырып, Қазақ елінің көші түзелді. Елбасы бастаған көшіміз Мәңгілік елдікке бет бұрды. Еліміздің тәуелсіздігін алу оңай болған жоқ, ал сол тәуелсіздікгі ұстап тұру, баянды ету одан да қиын.Жалпы, жауапкершілігі мен артар жүгі мол бұл істі Елбасымыз абыроймен атқарып келе жатыр. Мен осы орайда Елбасының елордамыз — Астананың тұсаукесерінде айтқан сөзін жұртшылыққа ылғи айтып жүремін. Сонда Елбасымыз: "Шүкір, осыған да жеттік. Жылқы мінезді халықпыз ғой, тарихта кешкен шырғалаңдарды, азаптар мен қасіретті ұмытып кетпесек болғаны. Бағымыз -Тәуелсіздік, дініміз — Ислам, бірақ біз ата жолынан, бабаларымыздың ақ жолынан таймауымыз керек", — деген еді. Бұл елдің шаңырағын шайқалтпай ұстау үшін өткенімізден сабақ алып отыруымыз керектігін білдіреді.
Тәуелсіз еліміздегі жаңғырып келе жатқан халық руханиятына, оның ішінде діни ахуалға берер бағаңыз қандай?
Тәуелсіздік — Құдайдың берген сыйы. Кеңес дәуірінде халық тапқа жіктеліп, дін қудалауға түсті. Мешіттер қирап, қамбаға айналды. Молдаларды сақалынан сүйреп, қудалады дегенді де естігенбіз. Ал бүгінгі күні тәуелсіздіктің арқасында руханиятымызға еркіндік берілді. Халық дінге ден қойды. Бала күнімізден үлкендерден дін жайлы да, діндарлар жайлы да жаман естімеген едік. Дін — кісіні парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, төзімділікке, ұстамдылыққа, сыйласуға, ел мен елдің арасын жақындатуға, табыстыруға қызмет ететін үлкен рухани күш. Рухани күштің құдіреттілігін біле алмасақ адасамыз. Мұны, өкінішке орай, "дұрыс" дін іздеп, ақшаға сатылып, шетел асып жатқан кейбір жастарымыздың қате басқан әрекеттерінен көріп те, біліп те отырмыз. Сонда қалай, ата-бабаларымыз мың жылдан астам уақыттан бері ұстанып, ислам дінінен алған иман нұрымен ұлдарын — батыр, қыздарын инабатты етіп тәрбиелеп өсірген халқымыздың дәстүрлі дінімізді ұстануы, бәзбіреулер айтып жүргендей, қате болғаны ма? Жоқ, керісінше, дана халқымыздың рухани сүзгісінен өткен ислам діні туралы қазақ түсінігін өз басым дінді ұстанудың саф көрінісі дер едім. Мұны, әсіресе, дінге жаңа бет бұрып жатқан жастар мықтап есте ұстағандары абзал.
Мен өзімнің дінге қатысты ойларымды ана бір жылы жарық көрген "Дін — ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің" деген мақаламда айтқан болатынмын. Сондағы кейбір ойларымды тағы да еске сала кеткім келеді: дінмен ойнауға болмайды, әйтпесе, өрт шығады. Дінді саясатпен де, саудамен де шатастыруға болмайды. Дін — күн көрудің кәсібі емес, көрінгеннің қолжаулығы да емес, дін — ғылым, дін — тағылым, дін — парасат, дін -ғибрат, дін — ождан, дін — биік мәдениет. Дінге бару үшін үлкен ақыл, терең білім керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңуі керек. Өкініші, біздің қасиетті дініміз қаруға, текетірестік, өштестік айласына айналды. Дұрысында, айналдырды. Бұл, бір жағынан, исламға көлеңке түсірудің амалы.
Сақал қойғанның бәрін — молда, ораза ұстап, бес уақыт намаз оқып, дін насихаттап жүргеннің бәрін діндар деп айта алмаймыз. Бүгінде жасына жетпей ата сақалы беліне түскендер, бесіктен белі шықпай жатып уағыз айтатындар көбейді. Жалпы, бұл істі дәстүрлі дінімізді ілгерілетумен күнделікті айналысып жүрген мешіттегі дін мамандарына қалдыру керек деп есептеймін.
Мырзатай аға, сіздің ел мұсылмандарының мақсат-мүдделерін білдіретін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлымен кездескеніңізді білеміз. Сіз ҚМДБ тарапынан қолға алынып, іске асырылып отырған жұмыстарға қандай баға беріп, нендей ұсыныстар айтар едіңіз?
Мен бұрын Ержан Малғажыұлын танымаушы едім. Бір жағы танысайын, жас та болса жолы үлкен ғой деп, бүгінде еліміздегі діннің ахуалы жайында сөйлесейін деп барған едім. Ұзақ әңгімелестік. Айтқандарына, атқарып жатқан істеріне көңілім толды.
Ислам — адам үшин жаратылған дін. Сондықтан оны халықтан, оның дәстүрінен бөлуге болмайды. Мүфтиіміздің дінді дәстүрмен, ел тарихымен, ел санасымен тығыз байланыста сабақтастырып ұстауы үлкен көрегендік деп білемін.
ҚМДБ соңғы екі-үш жыл ішінде халыққа қажетті бастамаларды көтеріп, олардың бірқатарын ойдағыдай іске асырып келеді. Ұлттық дүниетаным мен ислам қағидаттарының үйлесімділігін паш ету үшін 2014 жылды "Дін мен дәстүр" жылы етіп жариялап, соның шеңберінде көптеген игілікті іс-шаралар өткізді. Діни басқарма осы жақсы дәстүрді биыл да жалғастырып, 2016 жылды "Дін және тарих тағылымы" жылы деп жариялап отыр. Меніңше, әр жылды межелеп, соған сай мақсатты жұмыстар жүргізіліп отырған осы бастаманы жалғастыруға лайықты жақсы дәстүр деп білемін.
ҚМДБ қазіргі күнде ел мұсылмандары арасында заман талабына сай пайда болып отыратын сан түрлі сауалдарға дер кезінде жауап беру үшін Ғұламалар кеңесінің жұмысын жандандырды. Бұл кеңес қазіргі кезде түйткілді мәселелерге қатысты дәйекті пәтуалар шығарып, қоғамымыздың рухани тұтастығының сақталуына септігін тигізуде.
Мен жоғарыда дінді кім көрінген емес, нағыз мамандар уағыздасын деген ойды бекер айтып отырғаным жоқ. Бұл ой қоғам талап еткен қажеттіліктен туындайды. ҚМДБ қазіргі күні ел арасындағы дін ғалымдарының, имамдардың бедел-мәртебесін көтеру, олардың діни біліммен қатар зайырлы білімді игеруі қажеттігі жөнінде бастама көтеріпті. Оның ішінде маған қатты ұнағаны — "Қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы" атты жобасы. Дін жаршысы болатын имамдардың болмысы мен келбеті, істеген ісі, жүріс-тұрысы мен сөйлеген сөзі "имам" деген атына сай болуы керек. "Имам" деген сөз "иман" деген сөзбен бірдей болуы керек.
Жамағат басында тұрған имам тек діни емес, зайырлы білімді де үйреніп, екеуін бірдей алып жүруі керек деп ойлаймын. Міне, сонда ол нағыз "қазіргі заманның имамы" болмақ. Сөйтіп, шариғат талаптары мен мемлекет заңдарының үйлесімін тауып, қоғам азаматтарының арасында туындаған заманауи мәселелерге қатысты дұрыс шешім жолдарын ұсынады. Сондықтан діни басқарманың осы бағыттағы істерін құптарлық әрекет деп білемін.
Жалпы, менің қоғамда қозғалған пікірлер мен айтылып жүретін ойларды үнемі ой елегінен өткізіп отыратын қашанғы әдетім бар. Қазір бәзбір "әсіре діншілдер" тарапынан дін мен қоғам арасына көпе-көрінеу жік салып, сына қаққысы келетіндей де пікірлер айтылып қалып жатады.
Менің ойымша, дін ұстанған адам қоғамнан бөлінбеуі керек. Әсіресе, зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырған дін ұстанушылар мұны дұрыс түсінсе екен деймін.
Зайырлы мемлекет қағидатына негізделген мемлекеттік жүйе бүкіл қоғамның мүддесін басшылыққа алатындықтан, діндар азаматтар дін ұстағанның жөні осы екен деп Үкіметке талап қоя беруден алыс болғандары жөн. Мәселен, дін саласындағы мәселелерді реттеп отырған қазіргі "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң қабылданған кезде ондағы "мемлекеттік мекемеде діни рәсімдерді өтеуге рұқсат бермейтін" талап төңірегінде бірталай сыни пікірлер айтылғаны белгілі. Сондағы сыни пікір айтушылар бұл талап азаматтардың дін ұстану бостандығын шектейді деген уәжді алға тартатын.
Мен өз басым ондай біржақты пікірлерге сол кезде былай деп ойымды білдірген едім және әлі күнге дейін сол пікірімде қаламын: азаматтар демократияның жөні осы екен деп мемлекеттің талаптарымен текетіреске баруына болмайды. Мәселен, жоғарыда айтқан сыни пікірдің еш негізі жоқ екені бесенеден белгілі, өйткені, дінімізде бес уақыт намазды қаза қылып, кейін оқу деген бар емес пе? Бар. Демек, мемлекеттік мекемедегі діндар азаматтар қызмет уақытына түскен намаздарын жұмыстан соң қаза қылмай өтей алатыны қисынды. Қазір қарап отырсам, бұл мәселе уақыт өте келе өз шешімін байыппен тауып, қоғам талқысынан өз-өзінен түсіп қалды.
Байқап отырсақ, қоғам талқысынан соңғы кезде Білім және ғылым министрлігінің орта мектептердің оқушыларының киіміне қойылатын талаптарына қатысты пікірлер жиі орын ала бастапты. Мұны бәзбір діндар бауырларымыз әдеттегідей біржақты ғайбаттап жатқан болса, екінші бір азаматтар бұл талаптың орындылығын айтып пікір білдіруде.
Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы мәселеге қатысты туындаған пікірлерге байланысты өз ұстанымын анық әрі тез білдіргеніне риза болдым. Өз басым діни басқарманың мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қоятын талаптарына түсіністікпен қарауға және бұл мәселені ушықтырмауға шақырған уәжін қолдаймын. Мен азаматтарды мұны орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған мемлекеттің талабы деп қабылдауды және соған бағынуға шақырамын. Азаматтар осы мәселені желеу етіп, қоғам ішінде жік тудырғысы келетін кейбір топтардың өздерін арандатуына жол бермеуі керек деп ойлаймын.
Бұл жердегі ортақ киім үлгісі тек мектеп оқушыларына қатысты екенін естен шығармаған дұрыс. Мектеп сыртында, басқа орындарда киім кию еркіндігі қыздарымыздың өз ықтиярында. Мемлекет дінге немесе сенім бостандығына шектеу қойып жатқан жоқ. Бұлай түсінбеуіміз керек. Керісінше, егемендік алғалы бері ел ішіндегі медреселер мен көк күмбезді мешіттердің саны едәуір артты емес пе? Жұма күндерінде мешіт мұнараларынан азан дауысы жарыса шығып, жастарымызды намазға шақырып жатады. Республика бойынша өңірлерде "Мәуліт" кештері өтіп жатады. Осы сияқты іс-шаралардың барлығы, Құдайға шүкір, діни сенім бостандығының арқасында.
Дей тұрғанмен, әрбір ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өз киім үлгісі бар екенін ұмытпауымыз қажет. Біздің кейбір қыздарымыз араб әйелдерінің киіміне әуес болып жүр. Бағзы заманнан бері хазіреттеріміздің, молдаларымыздың әйелдері ешқашан өзге елдің киімін киген емес. Арабша киініп жүрген әлгі қазақ қыздары тәуелсіз елімізде тәуелсіздігінен айрылған әлдебіреулерге ұқсаңқырайды.
Мырзатай аға, сөз арасында зайырлылық туралы тұшымды ойлар айттыңыз. Сіздің зайырлылық аясында дін туралы білім беруге көзқарасыңыз қандай?
Бірінші кезекте білім беру жүйесі — заман талабына сай әрдайым дамып отыратын, өмірдің сұраныстарына жауап бере алатын, өзіне үлкен міндет жүктейтін үлкен үдеріс. Баспасөз беттерінен оқыған мәліметтерге қарағанда елімізде "Зайырлылық және дінтану негіздері" пәні енгізілмекші. Бұл, менің ойымша, дұрыс шешім, оның бірнеше пайдалы жақтары бар.
Біріншіден, зайырлы мемлекетіміздегі зайырлы оқу орындарында діни ілімді уағыздауға болмайды. Сол себепті, болашақтың тұтқасын ұстайтын жас жеткіншектерге дін туралы зайырлы түрде білім беретін пән қажет. Міне, сол қажеттілікті өтейтін пән — "Зайырлылық және дінтану негіздері".
Екіншіден, қазір ел арасында жастарға дінді бұрмалап жеткізгісі келетіндер, дін атын жамылып, өз ықпалын жүргізгісі келетіндер аз емес. Сондықтан жастарға олардың теріс пиғылды ықпалынан арашалайтындай білім беру мемлекеттің және бүкіл қоғамның міндеті.
Еліміздің дін саласын реттейтін қолданыстағы заңында мемлекетіміз ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін мойындайтындығы атап көрсетілген. Сіздің ойыңызша, ханафи мазһабының қазақ қоғамындағы рөлі қандай?
Еліміздің жүріп өткен жолы, өзінің тозбас мәдениеті мен бай рухани мұрасы бар. Ол мұраға тікелей әсер еткен — исламның ірі ғұламасы Әбу Ханифаның ілімі. Бұл бағыт — әр халықтың өзіне тән қайталанбас мәдениеті мен рухани құндылықтарын құрметтеуге үйрететін мазһаб. Кешегі біз білетін Яссауи, Абай, Шәкәрім осы жолмен жүріп, даналыққа жеткен.
Ал қазіргі таңда неше түрлі ағымдар дінімізді бұра тартып үйретумен қоймай, ұлттық құндылықтарымызды да аяқасты етуде. Тіпті, кейбір "мұсылманмын" деп жүргендердің өзі ұлттық дәстүр жайлы ләм-мим демейді. Өздері қазақ бола тұра, "мұсылманмын" деп дінін айтса да, "қазақпын" деуге ауыздары бармайды. Өз ұлтының бай тарихын, мұрасын білмейді. Ондайлар Ұлы Дала елінің ертеңіне қалай ие болады? Сондықтан дін саласында жұмыс істеп, болашақ ұрпақтың тәрбиесімен айналысып жүрген азаматтарымыз жастарымыздың көкейіне ұлтжандылықты, отансүйгіштікті құйса екен деген тілегім бар.
"Дін" деп, "саясат" деп бөлінуге дайын тұратындар — өз Отанын сүймейтіндер. Мұхаммед пайғамбардың өзі: "Біріккенге береке бар, ыдырағанға азап бар", — дейді. Яғни, исламның да көздегені — бірлік! Сол себепті, біздің діни ұстанымымыз — ел бірлігі болуы тиіс. Сонда ғана Алаш ұшпаққа шыға алады.
Мешіт-Алланың үйі, бәріміздің қасиетті төріміз, оны аяқасты етуге болмайды. Мешітке бисмилла деп кіру үшін де сананың тазалығы, жан, тән тазалығы, иман тазалығы керек.
Мұсылман болғанымызға мың жылдан асты. Заман, қоғам, адам өзгерді. Имамдардың өздері де, өресі де заманына сай болса деймін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қорғанбек Аманжол.
( "Егемен Қазақстан", 7 сәуір 2016 жыл).
Қорғанбек Аманжол. Дін — көрінгеннің қолжаулығына айналмауы керек// Солтүстік Қазақстан — 14 сәуір. – 2016. – 4 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |