Алтын алма,алғыс ал


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында: "Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде — 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады — барлық  ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға Алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді", — деген-ді. Бұл ұсыныс үстіміздегі жылы ел Президентінің Жарлығымен заңды күшіне еніп, бүгін қазақ елі Алғыс айту күнін атап өтуде. Осы мереке қарсаңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тарих, экономика және құқық факультетінің тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, қалалық мәслихаттың депутаты Сабыр Ыбыраевқа жолыққан едік.

Үстіміздегі жылы еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді, — деп бастады әңгімесін Сабыр Ысмағұлұлы. Бұл қазақ үшін ғана емес, көпэтносты Қазақстан халқы үшін мәні зор мереке. Себебі, бүгінгі таңда біздің елімізде 130-тан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Мұндай қоғам қалай қалыптасты?

Тарихы қанмен жазылған қазақ халқы 1938 жылдан бастап еріксіз жер аударылған түрлі этнос өкілдерін қабылдай бастады. Мәселен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1941 жылғы 28 тамыздағы Жарлығымен Еділ жағалауындағы неміс автономиясы таратылып, 500000-дай неміс шығысқа жер аударылды. 1943 жылы 27 желтоқсанда Қалмақ АКСР-і жойылды.

1944 жылғы 29 қаңтарда КСРО ішкі істерінің халық комиссары Лаврентий Берия "Шешендер мен ингуштердің қоныс аударуын жүргізу тәртібі туралы нұсқаулықты" бекітті. Ал 31 қаңтарда Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің шешендер мен ингуштерді Қазақ және Қырғыз АССР-іне депортациялау туралы қаулысы шығып, 325518 шешен және ингуш, құмық, қарашай, түркімен жер аударылды. Сондай-ақ, Қиыр шығыстан — 110000-дай кәріс, Армения мен Әзірбайжаннан 2,4 мың армян, әзірбайжан, күрд, иран отбасылары, Қырым, Латвия, Эстония және Литва аумағынан 93 мың қалмақ, 191104 қырым татарлары көшірілді. Бұларға өзі де жүдеп-жадап отырған қазақ халқы қамқорлық танытты. Неге? Себебі, қазақ халқы өз жерінде отырып талай азапты бастан өткергендіктен, 24 сағаттың ішінде елінен айрылған жер аударылғандардың жағдайын жақсы түсінді, аяды. Кейін бұлардың дені тарихи Отандарына оралды. Алайда, бірі де қазақтың жасаған жақсылығын ұмытқан жоқ. Қазақ халқына айтар алғыстары шексіз. Ата-бабаларымыз: "Алтын алма, алғыс ал, Алтын деген — жер сыйы, Алғыс деген — ел сыйы", — деген.

-          Елімізге жер аударылғандарға қамқорлық танытып, бір тілім нанды бөле жеуімізге аяушылықпен қатар, діліміздің де әсері болған шығар?..

Әрине. Бірде Петр Семёнов-Тянь-Шаньскийге шәкірті Николай Пржевальский келіп: "Петр Петрович, мен қазақ жерін аралап шықтым. Мені барлық жерде патшадай қарсы алды", — деп таңданған екен. Петр Семёнов Тян-Шаньский шәкірттеріне қарап: "Қазақтардың ділі сондай. Олар қонағына соңғы қойын сойып береді. Егер қазақтарды Экватор бойымен қоныстандырса, онда тегін Жер шарын айналып шығуға болар еді", — деген екен. Тамыры тереңде жатқан діліміздің мықтылығы талай рет сыналды. Мәселен, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, елімізден 1 миллион 200 мың адам майданға аттанды. Ел ішінде "фашист, неміс" деген сөздің өзі ашу-ыза тудыратын. Ал сол кезде қазақ жеріне 500000 неміс жер аударылды. Діліміздің мықтылығы соншалық, неміс отбасыларын үйімізге кіргізіп, қамқорлық таныттық емес пе?! Менің әкем соғыс басталғанда майданға аттанды. Сол кезде ауылға неміс отбасыларын әкелген. Анамның айтуынша, Андрей Фогельдің отбасын үйіміздің қасындағы шошалаға қоныстандырыпты. Алайда, солтүстіктің қақаған қысында қолында баласы бар отбасы шошалада өмір сүре ала ма?! Сосын анам оларды үйіне кіргізген. Әкем 1942 жылдың аяғында ауыр жараланып, елге оралғанда шаңырағында отбасымен бірге немістер өмір сүріп жатқан. Мұндай жағдайда қан майданда болып, немістің бір оғынан жараланған адамның жүйкесі сыр берер еді. Бірақ әкем, керісінше, Андреймен достасып кетті. Екеуі өмірлерінің соңына дейін достық қарым-қатынастарын сақтады. 1960 жылдары Фогель отбасын Сергеевкаға көшірді. Сол кезде Андрей Густавович менің әкемнен көршісі болуын өтінген. Әкем оның өтінішін жерге тастамай, неміс тамырының үйіне қарама-қарсы тұрған үйді сатып алды. Екеуі есік алдында отырып әңгіме-дүкен құрушы еді.

 Жер аударылған этностар да өздерінің тіршілігіне тән дүниелерді біздерге үйретті емес пе?

 Иә, жер аударылған халықтар өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын ала келгені сөзсіз. Олар жергілікті жерге үйреніскеннен кейін тіршіліктеріне сай салттарын қайтадан қолға алды. Мәселен, кәрістер күріш, сарымсақ өсіруді, немістер жинақы үй салуды, кавказ халқы сүзбе, ірімшік жасауды үйрете бастады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқы оларға қол ұшын бере отырып, олардың да тіршілігінен біраз нәрсені үйренді. Мәселен, біздің үйде тұрған Андрей Фогель жер аударылған кезде сүт салатын машинасын бірге ала келген екен. Ал біздің үйде сиыр болатын. Осының арқасында біз ғана емес, көршілер де аш болмады. Андрей Густавович сол машинаны көзінің қарашығындай сақтайтын.

Қазіргі таңда сол кездегі тағдыр тәлкегін көргендердің қатары сиреді. Қолымызда тарихтың қасаң тілімен жазылған деректер ғана қалғалы тұр. Болашақта ел бірлігінің тамырына айналған құндылықтарды қалай сақтаймыз?

Еліміз қаншама жылдан бері 1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесін тойлап келеді. Алайда, Елбасы неліктен 1 наурызды — Алғыс айту күні деп жариялады? Өзіңіз айтқандай, талай зобалаңды бастан өткерген аға ұрпақтың қатары сиреді.

 Ал жас буын аталарының қандай қасіретті бастан кешіргенін біле бермейді. Олардың неге осы жерде өмір сүріп жатқанын, қазақтардың арқасында тірі қалып, аяқтарынан нық тұрғанын білулері тиіс. Мәселен, кезінде 1941-1945 жылдардағы соғыстың зардабын жою үшін Балтық жағалауына жастар жіберілді.

Олардың денінің ұлты орыс болатын. Жас болған соң отбасын құрып, сол жерде қалды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа билік оларды "басып алушылар" деп атап, айдар тақты. Жастық шағын өткізіп, ұрпақ өсіріп отырғандар үшін бұл ауыр айып.

Сол жердің өсіп-өркендеуі үшін еңбек етіп, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп отырған олар енді қайда барады? Құдайға шүкір, біздің елімізде мұның бірі де жоқ. Бұл — дұрыс саясат. Осы орайда Алғыс айту күні арқылы жас ұрпақтың танымын кеңейтіп, түсінігін қалыптастыру көзделіп отыр.

Сұхбаттасқан Арайлым Бейсенбаева,

"Солтүстік Қазақстан".

Суретті түсірген Амангелді Бекмұратов.

 

Сұхбаттасқан.Бейсенбаева.А. Суретті түсірген Бекмұратов.А.//Солтүстік Қазақстан. – 1 наурыз .  — 2016 .  — 3 бет

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий