Азаттығымыздың айшықты белгіс


Бүгін еліміздің қаржы саласының қызметкерлері өздерінің кәсіптік мерекесін атап өтеді. 15 қараша - Ұлттық валюта - Теңге күні. Осы мерекелік мақаламның басында облысымыздың банк жүйесінің тарихына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.
Биыл біздің облыста банк жүйесі құрылғанына 145 жыл толып отыр. 1871 жылы Петропавл қаласында алғашқы банк ашылған. Ол патшалық Ресей банк жүйесінің бір бөлігі болған.
Оған мемлекеттік банк, акционерлік және қалалық банктер, ипотекалық несие банктері мен басқа да несиелік мекемелер кірді.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін банк істерін ұйымдастыруда мемлекеттік монополия қағидалары жүзеге асырылды.

Кеңестік кеңістікте банк жүйесі мемлекеттік банкпен бір деңгейлі, елдің жалғыз эмиссиялық және несие институты болды. Ақша-несие қатынастарындағы туындаған жағдай нарық талаптарына сәйкес келмеді. 1991 жылғы тамызда Кеңес Одағы құлағаннан кейін банк жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды.Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіздіктің туын асқақ желбіретті. Қысқа мерзім ішінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар мемлекетке айналды.
Бұл - Елбасының тәуелсіздік жылдары мемлекетті нығайту бағытында атқарған тынымсыз еңбегінің жемісі. Иә, тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы еліміз қиын-қиын асулардан өтті. Енді, міне, сол тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі - теңгенің айналымға енгізілгеніне 23 жыл толып отыр.Әрине, ұлттық валютаны енгізу туралы саяси шешім бір күнде қабылданған жоқ. Тәуелсіздік пен ұлттық валюта бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар екені түсінікті. Оның үстіне өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ресей рублі құнсызданып, қағазға айналды. Тіпті, Ресей рубліне деген тәуелділік айналымдағы қолма-қол ақшаның тапшылығына әкеп соқтырды."Бүгінде тарихқа айналған уақыт жылнамасын ақтарсақ, елімізде 1992 жылдың көктемінде ұлттық валютаны енгізу мүмкіндіктерін саралайтын комиссия өз жұмысын бастаған болатын.
Бұл комиссия туралы жоғары басшылықтағы бірнеше адамның ғана хабары болды. Алдымен жаңа валютаның дизайнын жасайтын шығармашылық топ жасақталды. Арнайы кеңес ұзаққа созылған талқылаулардан соң ұлттық валютада қазақ мемлекеттігін қалыптастырған тарихи тұлғалар бедерленуі тиіс деген шешім қабылдады. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң шағында аса қажетті қадам еді.
Сан жылдар бойы сананы езген режімнің темір құрсауы босаған шақта ұлттық мақтаныш сезімін көтеру керек болатын. Алғашқы ұсынылған нұсқаның бірінде теңге бетіне Елбасының бейнесі де бедерленген еді. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Қазақстан жолы" кітабында: "Ең әуелі суретшілер Бірінші Президент кескінделген, яғни менің суретім салынған банкноттарды ұсынды. Е.Асанбаев, Т.Сүлейменов және Ғ.Байназаров үшеуі маған ішкі бетіне менің суретім бейнеленген 50 теңгелік купюраны алып келді.
Бірақ мен: "Мен тарихи тұлғамын ба, жоқ па, оған ұрпақтар қазы болады", - деп жауап бердім. Суретімнің ақшада басылғаны қолайсыз болар, себебі, Африка елдерінің билеушілерінен басқа, көзі тірі мемлекет басшыларының ешқайсысы ақшаға өз суреттерін орналастырғанын көргенім жоқ деп, әңгімені қалжыңға бұрып жібердім. Бәріміз бірге күлісіп, бұл нұсқаны алып тастадық", - деп еске алады.Ұлттық валютаның атауы туралы да бірнеше нұсқалар ұсынылды. Олардың қатарында "сом", "ақша", "теңге" деген атаулар болды. Қорытындысында комиссия ежелгі Қыпшақ даласында сауда айналымында болған "теңгеге" тоқталды. Теңгенің айналымға енгізілуі тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғаның бірі болды. Тәуелсіздікті нығайту үшін, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін аса қажетті тарихи қадам осылайша жасалған болатын.Қазақстан экономикасы нарықтық қайта құруға бет бұрғанда бұрынғы Кеңес Одағындағы бірыңғай ақша жүйесі тұрақсыз еді. Жас мемлекеттер біртіндеп өздерінің ұлттық валюталарын, уақытша ақша белгілерін енгізе бастады.
Рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, республикаға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Төл валютаны енгізу арқылы Ресейдің қаржы институттарына бағыныштылықтан арылу, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізу көзделді.Елбасы Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия тиісті тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, оны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа да маңызды мәселелер нақтыланды.Тарихи кұн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев теледидар арқылы халыққа сөз арнады. Ақшаның ауысуы жан-жақты ойластырылғанын, елдің бүгінгі және алдағы мумкіндіктері ескерілгенін атап өтті.Теңге ресми түрде 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Ел "сабан" ақшаны әл-Фараби, Абай, Шоқан, Сүйінбай сияқты ұлт мақтаныштары бейнеленген су жаңа ақшаға айырбастап жатты. Сондағы халықтың асып-тасыған көңіл қуанышының өзі неге тұрады? Қазақ тіліндегі, ұлттық нақыштағы банкноттарды бір-біріне көрсетіп сүйіншілеген ағайын тәуелсіздікке тәубе айтты.Теңгені айналымға енгізу біздің облыста да қысқа мерзімде және ұйымдасқан түрде өтті. Сол кезде облыс бойынша 1961-1962 жылдардағы үлгідегі сомасы 32,5 млрд. теңге болатын рубль банкноттары айналымнан шығарылды. Олар жиналып болған соң 770 инкассаторлық қапқа салынып, 20 тонна ескі ақша жойылды.Тәуелсіз еліміздің банк жүйесі бугіндері даму үстінде. Ұлттық банктің сарапшыларының пікірінше, ол қалыптасудың бірнеше сатысынан өткен Ұлттық қаржы жүйесі үшін бірінші сатысы және бір уақытта нағыз сынақ болған - гипер құнсыздану (1993 жылғы қарашадан бастап 1995 жыл) кезеңі. Ұлттық Банк бұл жылдары, шын мәнінде, коммерциялық банктердің қызметтерін атқарып, кәсіпорындарға несиелерді тікелей берді, мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыруды жүзеге асырды.Макроэкономикалық тұрақтылыққа жету кезеңі ретінде сипатталатын 1996-1999 жылдар аралығы экономика үшін оң өзгеріс кезеңі болды. 1996 жылы банк жүйесін реформалаудың бірінші бағдарламасы қабылданды. Бұл жағдай банктердің іріленуіне және банктік жүйенің сапалы дамуына мүмкіндік берді. Жеке тұлғалардың салымдарына кепілдік беріліп, банктік қадағалаудың тиімді жүйесін құру жұмыстары басталды.2000-2006 жылдарды қаржылық тұрақтылық және экономиканың қарқынды даму кезеңі деп айтуға болады. Инфляцияның деңгейі барлық кезеңдерінде 6,4-8 пайыз болды, жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсімі 10,8 пайызды (облыста - 8 пайыз) құрады. Осы кезеңде қаржы институттарының қызметтерін мемлекеттік реттеудің жаңа жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілді. 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық банктің негізгі мақсаты ретінде бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз ету заңды түрде жария етілді.2007 жылғы тамызда әлемдік қаржы нарығы жағдайына әсерін тигізе отырып, АҚШ-тың ипотекалық займдар нарығында дағдарыс туды. 2007 жылы құнсызданудың бірден өсуі кезінде банк өтімділігінің жетіспеушілігі байқалды. Ұлттық банк мұндай жағдайда баға тұрақтылығын сақтау мен банк жүйелерінің тұрақтылығын ұстану бойынша шаралар арасындағы басымдылықты айқындауы тиіс болды.Қазақстан 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы және қаржылық жүйені тұрақтандыру бойынша Үкіметтің, Ұлттық банк және Қаржылық қадағалау агенттігінің бірлескен жоспары - дағдарысқа қарсы бағдарламасын қабылдады. Жоспар және қосымша-тұрақтандыру шаралары аясында мемпекет Қазақстанның экономикасына 19 млрд. АҚШ доллар көлемінде қаражат құйды.2010 жылы дағдарыстан кейінгі даму кезеңі басталды. Жылдың қорытындысы әлемдік экономика дағдарыстан кейінгі жандану кезеңінен тұрақты өсу кезеңіне өткенін көрсетті.
Қазақстандық экономиканың басты көрсеткіші - ішкі жалпы өнімінің өсу қарқыны жеті пайызға жетіп, негізгі макроэкономикалық индикаторы оң серпін көрсетті.2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі, Орта Азия мен Кавказ елдерінің бәрін қоса алғанда, ішкі жалпы өнімінің көлемінен артық болып, $184 млрд-тан асатын соманы құрады.
1991 жылы Қазақстан КСРО-ның ыдырауы кезінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша 15 республиканың ішінде 12-орында болған еді. Қиын-қыстау 1993 жылы Қазақстан бюджеті $2 млрд. қана болатын. "Оңтүстік Кореяда егемендіктің 20 жыл дамуында жан басына шаққанда ІЖӨ бар-жоғы үш есеге өссе, Малайзияда - екі есеге, Сингапурда - төрт есеге, Венгрияда - бес есеге, ал бізде осындай уақытта 16 есеге өсті", - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.Ұлттық валюта айналысқа енгізілген 22 жылда (1993-2015 ж ж.) облыс бойынша банктің несиелік салымдары 0,4 млрд. теңгеден 104,3 млрд. теңгеге дейін өсті (261 есеге), шағын бизнес несиенің көлемі 0,05 млрд. теңгеден 27,9 млрд. теңгеге дейін (558 есе), ипотекалық несиелер түрінде 0,3 млрд. теңгеден 4,6 млрд. теңгеге дейін (15 есе) ұлғайған. Облыстың депозиттік базасының көлемі 0,02 млрд. теңгеден бастап 93 млрд. теңгеге дейін (4650 есе) артты.Жалпы өңірлік өнім 1997 жылғы 79,3 млрд. теңгеден 2015 жылы 837,2 млрд. теңгеге дейін, яғни 10,6 есеге өсті. Өнеркәсіптік өнімнің көлемі осы жылдары 9,5 есе өсті, негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 53,6 есеге артты.Экономиканың қиын жағдайына қарамастан, облыс бойынша биыл оң серпін байқалуда. Қызылжар өңірінде несие салымдарының көлемі биылғы он айдағы жағдай бойынша - 98,8 млрд. теңгені, 107,6 млрд. теңгені құрады. Облыс экономикасының нақты секторларында да өсу қарқыны байқалды, өнеркәсіп көлемі 2016 жылғы 9 айда -131,5 млрд. теңгені, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі 289,6 млрд. теңгені құрады.Үстіміздегі жылы инфляция деңгейі біршама баяулады. Елімізде және облысымызда инфляция деңгейін 6-8 пайыздан асырмау көзделуде. Былтыр қазақстандық экспорттық тауарларға әлемдік бағаның арзандауы мен негізгі сауда-саттық жүргізетін елдерде экономикалық өсімнің тежелуі салдарынан қиын ішкі экономикалық ахуал қалыптасқан болатын. Осыған орай Ұлттық банк пен Үкімет құнсыздануды таргеттеуді енгізу талаптарының бірі ретінде теңгенің айырбастау бағамының еркін айналым тәртібіне 2015 жылғы 20 тамыздан бастап көшуі туралы шешім қабылдады.Өткен жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бірден екі әлеуетті маңызды бағдарламаны қабылдады. Бірінші бағдарлама ипотекалық тұрғын үй қарыздары - ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға қатысты болды. Екінші бағдарлама ұлттық валютада ашылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы төлеу тәртібін қарайтын және еркін айналымдағы айырбастау бағамының тәртібіне көшуге байланысты әзірленді.Өңіріміздегі осындай оң жетістіктерге қол жеткізуге Ұлттық банктің филиалы мен екінші деңгейдегі банктердің 17 филиалындағы, микроқаржылық ұйымдардағы, облыстың банк секторындағы қызметкерлер өз үлестерін қосуда. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында нарықтық сұраныс пен талаптарға жауап беретін осызаманғы жаңа банктік жүйе қалыптасты."Қазақстан - 2050" Стратегиясы еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайын тупкілікті түрде жақсарту мақсатын көздейді. Осы стратегияда әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, біз инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауды қамтамасыз етіп және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұруымыз қажет. Әлемде не болып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны ғана емес, әлемдік экономика әлі еңсере алмай отырған дағдарыстың жалғасы."Жаңа экономикалық үлгілерге сай болу үшін біз мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен саласын едәуір көтеруге, жекеше сектор мен ұлттық капиталға жәрдемдесуге, оларды ынталандыруға және белсенділігін арттыруға тиіспіз", - деген болатын Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.Экономикада ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығына қол жеткізу, инфляциялық үдерістерді тежеу, елдің банк жүйесінің қызметін жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету қазіргі кезде өте өзекті мәселе болып саналады.
Ұлттық валюта нарығын, оның айырбас бағамының артуы мен төмендеуінің экономикалық зардаптарын қарастыру бүгінгі банк жүйесі міндеттерінің бірі болуда.
Сондай-ақ, ұлттық валюта жүйесі - қоғамда ұдайы өндірісті қалыптастыруға және халықаралық төлем айналымын қамтамасыз етуге қажетті валюта ресурстарын пайдаланатын экономикалық қатынастардың жиынтығы.
Ұлттық валюта - бұл бір елдің ақша бірлігінің басқа бір елдердің ақша бірліктеріне бейнеленген бағасы. Әрбір елдің ұлттық валюталарын салыстыру олардың өндіріс және айырбас процесінде пайда болатын объективті құндылық қатынастарына негізделеді. Республика экономикасында жүргізілген реформалардың барысында Ұлттық банктің міндеттері кеңейіп, құрамында валюта қатынасы да бар ақша-несие саласын реттеу әдістері мен тетіктері жетілдірілді. Ақша түсімінің көлемі мен бағыттарына бақылау жасаудан басқа валюталық реттеудің алдына қойған бірқатар маңызды міндеттердің арасынан теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыруды, капиталдың кемуінің алдын алудың тетігін жасауды, елге валютаның ақшалай түсімінің толықтығын қамтамасыз етуді қарастырған жөн.

 

Жомарт Қажырақымов, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі" республикалық мемлекеттік мекемесі Солтүстік Қазақстан филиалының директоры.
Қажырақымов.Ж.Азаттығымыздың айшықты белгісі. //Солтүстік Қазақстан - 2016. – 15 қараша. – 5 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий