Азаттықтан асқан бақыт жоқ

 - Зарқын Сыздықұлы, үш ғасырға жуық уақыт бойы бодандықтың бұғауында бұлқынып, Тәуелсіздік деген киелі арманға, қасиетті құндылыққа қол жеткізген Қазақстан бүгінде әлем елдері мойындайтын іргелі мемлекетке айналып отыр.
Тәуелсіз еліміздің ширек ғасыр уақытта жүріп өткен жолы көпшілікке үлгі болса, кейбіреулер үшін қызыға да, қызғана да қарайтын дара жолға айналды.
Осының барлығы егемендіктің берген өлшеусіз нығметі ғой. Сіз қазақ халқына қастерлеуге міндетті Тәуелсіздік атты ұғымды қалай түсінесіз?
- Тәуелсіздік дегеніміз – бұрын тәуелді болып келгендер үшін үлкен бақыт. Ал бақыт дегеніміз не? Оны әркім-ақ біледі. Өйткені, бақытты болғысы келмейтін пенде жоқ. Белгілі бір құбылысты ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау үшін салыстыру керек.
"Тоқшылықтың қадірін ашыққанда, барлықтың қадірін жоқшылықта білерсің" дегендей, салыстырмалы түсініктер ғана адамды ақиқатқа жетелейді.
Күнде сан мәрте айтып, құлақтарына құя бергенімізбен, тәуелді болып көрмегендер Тәуелсіздіктің қадіріне жете алмайды.
Кесіп айтқаным, ауыр болса да, шындық солай. Осы 25 жыл уақытта егемендікпен бірге есейіп келе жатқан ұрпақ, мысалы, менің студенттерім, Қазақстан, Тәуелсіздік деген ұғымдарды тек бас әріппен жазылатын сөздер деп біледі, бірақ бұл түсініктердің түпкі мән-мағынасы тереңде жатыр ғой.
Олар түгіл, кешегі келмеске кеткен кеңес заманында "айы оңынан туып" жолы болғандар, еш нәрседен моральдық, материалдық кемшілік көрмегендер, тіпті, "үлде мен бүлдеге бөленбей-ақ" қойсын, Тәуелсіздікке әлі де мұқтаж емес. Немесе отандастарымыздың тағы бір бөлігі ой-өрісі тар, таным-білімі шектеулі болғандықтан, кешегі мен бүгінгінің арасындағы айырманы әлі ажыратып болған жоқ.
Өйткені, ондайлар оған бас қатырмайды да. Жеке басының ғана, алыс кетсе, ағайын-туысының тұрмыс-тіршілігінен аса алмайды. Халық, ұлт, мемлекет, олардың келешегі деген ұғымдарға жеңіл қарайды.

"Тәуелсіздіктің құнын бүкіл қоғам болып түйсіне алдық па? Біздің өскелең ұрпақ Тәуелсіздікті өз дүниетанымында қалай бағалайды?" деген сұрақты сіздің аузыңыздан естіп отырғаным да, бір жағынан, жаңалық сияқты.
Қазіргі отыз бен қырықтың арасындағы ұрпақ тәуелділіктен жапа шеккен жоқ.
1970-1980 жылдары КСРО деген мемлекетте, сырт қарағанда, "коммунизм" орнады. Материалдық жағынан бірқатар игіліктерге қол жеткіздік.
Заты адам дегеніңіз қоршаған ортаға дер кезінде бейімделе білсе ғана жан сақтайды ғой.
Мысалы, тас ғасыры мен қазіргі заманның арасында жеке адам үшін айтарлықтай айырма жоқ. Ол кездегі үңгір жайлырақ болса, ірілеу, қоңдылау аңды жығып алсаңыз, сізден бақытты адам жоқ. Ал қазір меншікті жылы пәтеріңіз, көлігіңіз, бас-аяғыңыз бүтін болса, балаңыз оқып жатса жетіп жатыр. Сырттай осылай екені рас.

"Атымды Адам қойған соң қайтіп надан болайын" деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, өмірдің мәні де, сәні де — адамшылықта. Тәуелсіздіктің қадіріне жете алдық па? Осы Тәуелсіздік кімге керек? Ол өзі не нәрсе? деген сұрақтарды әркім өзіне қойып, жауабын табуға ыждағатты болса дейсің.

- Тәуелсіздіктің бергені өлшеусіз. Соның бірі - ортамызға оралған тіліміз, дініміз бен дәстүріміз. Оның берік негізі ауызбіршілікте, ынтымақта жатыр. Жалпы алысты болжағыш, көреген Елбасының саясатын қалай саралайсыз? Татулық пен бірліктің маңызын қалай бағамдайсыз?

- Осыдан ширек ғасыр бұрын Тәуелсіздіктің елең-алаң сәтінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да - өз қолымызда", - деген болатын.
Міне, содан бері де табаны күректей 25 жыл уақыт өте шығыпты. Ширек ғасыр! Бұл, әлбетте, дәуір дүрмегінің деңгейінен қарағанда, тым көп те мерзім емес.
Бірақ осы аз уақытта тәуелсіз еліміз ғасырға бергісіз жолдардың жондарымен жүріп өтті.
Оның ғасырға бергісіз болатыны, біз осы жылдары бұрынғы жүз жылдықтар аумағына әсте сыя бермейтін орасан зор істерге құлаш ұрып, толағай табыстарға тұяқ іліктірдік.
Жас мемлекетіміз қысқа уақыттың ішінде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда көптеген келелі, белесті кезеңдерден өтті. Қазақстанның әлем қауымдастығын құрайтын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің қатарына енуі өз алдына, ол жер-жаһанның жұрт санасып, ел ақылдасатын белді де беделді мемлекеттерінің біріне айналды.
Әлем мемлекеттері арасында өзіндік орны мен даусы бар биік беделге ие болды. Екі құрлық тоғысындағы ел Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана саммитін өткізді, Елбасының "Әлем. XXI ғасыр" Манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайланды, ширек ғасыр бұрын бұл біздің түсімізге де енбейтін жұлдызды оқиғалар еді ғой.
Бүгінде Қазақстан тек өзі орналасқан аймақ қана емес, сонымен қатар, бүкіл дүниежүзі төңірегінде пікір айтып, ой бөлісетін дәрежеге жетті.
Соның нәтижесінде әлемнің мықты, дамуы жоғары ең үздік 30 елінің қатарына қосылуды асыл мұрат етіп алдына қоя алатындай мүмкіндік жасалды.
Елбасының көрегендігі, көпшілдігі, бітімгершілігі, тегеурінділігі арқасында ұзындығы 14 мың шақырымнан астам атырапты жалғайтын шекарамыздың өн бойын шегендеп, алып көршілерімізбен келісімге келіп, іргесін бекітіп алдық.
Төл валютамыз - теңге төрімізге озып, айналымға енді. Жаңа Ата Заңымыз қабылданып, онда қасиетті Қазақ жерінің мемлекет пен халықтың еншісі екені нақты атап көрсетілді.
Осылардан бөлек, еліміздің мәртебесін арттырған бірегей оқиға - Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының ұлан-асыр тойлануы еді.
Ата-бабаларымыздың ерен еңбектерін ұлықтау арқылы Тәуелсіздіктің бағасын арттырдық.
Дүниеде жаралған тіршілік иесінің әрқайсысы Тәуелсіздікке, бостандық пен азаттыққа қарыздар. Қазақтың ұлт болып ұйысып, ел болып бірігуіне, өз шаңырағын бөлек көтеруіне, ең алдымен, Тәуелсіздік рухы алғышарт болған.
Қазақты дербестікке жетелеген байлық та емес, билік те емес. Халқымыздың о баста-ақ еркіндік сүйген, азаттыққа құштар батыл мінезі. Тағы да айтамын, қазақтың батпандай бағы Тәуелсіздік рухына табынғандық.
Елбасымыз - өз халқының адал ұлы, саналы көшбасшысы ретінде қалың қазағын Тәуелсіздік мұраттарына адал болуға жетелейді. Ішкі саясаттың қатпарлары, сыртқы саясаттағы біз кейде түсіне қоймайтын қалтарыс-бұлтарыстары - бәрі Тәуелсіздіктің тіректерін нығайтуға бағытталған. Ал өзіңіз айтқан, әлем дінбасыларының басын Астанада қосуы да бір ғана мысал, еліміздің рухани еркіндікке, теңдікке ұмтылуын бейнелейді.
- Жер дауы қай кезде де болған. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Алайда, биыл жердің шетел азаматтарына жалға берілуіне байланысты орын алған қақтығыстар дүйім жұртты шошытты. Тіпті, осы жылқымінез қазақтың қызбалығын пайдаланып, бүлік шығарушылар да табылды ғой.

- Біздің елімізде жер мәселесіне қатысты қақтығыстар деген болған жоқ. Осылай деп "от алып, қамысқа түскендер" дүйім жұртты шошытқаны рас. Жоқ жерден жау іздеп, ел арасын дүрліктіріп жүргендердің көбін қоғамдық құбылыстардың қыры-сыры қандай екендігінен хабарсыз, елдің әрбір мүшесінің сана-сезімі әртүрлі болатынына ой жүгіртіп көрмеген шолақ белсенділердің жетесіз қимыл-әрекеті дер едім. Өзімен кетсін, сонау 1937 жылдың белсенділері көз алдыма келеді сондайда. Әйтпесе, бас жарылып, көз шығатындай ештеңе болған жоқ. Мен айтар едім, қоғамдық өмірдің күрделі үдерістерін өзінше пайымдауға даяр ұрпақ өсіп келе жатқаны қуантады. Жетекке үйренген тазы емес, қате болса да өз пікірін айта алатындар, азаматтық ұстанымы барлар, сайып келгенде, біздің Тәуелсіздігіміздің тірегі - солар. "Не болса, ол болсын, өзім аман болайын" деген енжарлардан сақтанайық. Қазақстан мемлекеті де әртүрлі мінез иесі, талап-талғамы, арман-тілегі әр алуан адамдардың қоғамы.
- Қазіргі жастар тәуелсіздіктің шын мәнісіндегі қадіріне бара бермейтін тәрізді. Оларда елжандылық, отансүйгіштік сияқты қасиеттер кемшін түсіп жатады. Тіпті, дін адамдарының аузынан көп жағдайда елім, жерім, Отаным деген сөздер шықпайды.
- Тек жастар ғана емес, халқымыздың арасында тәрбие, түсінік, насихат жұмысы жетіспейді. Оны жалғыз мен емес, талайлар айтып жүр. Мен "қоғамдық ғылымдар" деген сала туралы ойлағанда, жаным ауырады. Мектептен бастап, әрбір еңбек ұжымында, орта және жоғары оқу орындарында тарих, философия, педагогика, этнопедагогика, саясаттану, әлеуметтану ғылымдарына жол берілмейді.
Мысалы, тарих дегеніңіз, біреулерге еріккеннің ермегі ғана. Ал еліңнің, жеріңнің, ұлтыңның, ауылыңның, аймағыңның тарихын білмей тұрып, тәрбие деген сөзге аузыңыз қалай барады?
Немесе әлеуметтану деген ғылым бар. Қаланың тұрғындарына не керек, кәрі-жасы нені ойлайды, ауыл еңбеккері мен қала тұрғынының тұрмыс қажеттері неде... толып жатқан сұрақтар.
Оларды кім зерттеп, кім тексеріп жатыр? Сол мәселелердің жауабын іздеп жүрген адам бар ма? Жоқ. Бәріміз су бетінде жаңқадай қалқып, бетімізбен ағып барамыз, лағып барамыз. Ғылым дегеніміз осылар. Ғылым адамдардың мінез-құлқын түзейді, бейнетін жеңілдетеді. Ғұмыр жасын ұзартады, тұрмысын көркейтеді.
- Өзіңіз бұл тұрғыда не атқарып жүрсіз?
- Реті келген жердің бәрінде құлаққағыс қыламын. Қолда билік жоқ. Соңғы он алты жылдың ішінде 15 кітап жазыппын.
Оның тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысының тарихы мен мәдениеті туралы. Кәрі-жасына бірдей қажет-ау деймін. "Солтүстік Қазақ-стан этномәдени ғылыми-зерттеу институтын" аштым. Бәрі бар, қаражаты ғана жоқ. Өзіміздің университетте этномәдени зерттеулер орталығын ашқаныма 15 жыл болды. Бірталай шаруа атқардық. Сол ғылыми орталықта зертханашы да жоқ. Қала зияткерлерінің басын қоспақ ниетпен, таным-білім клубын ашпақ болып едім, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы қолдамады. Осының бәрі біліми насихат, тәрбие, сайып келгенде Тәуелсіздікті нығайтудың қамы емес пе?

- Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Нұргүл Оқашева


Әңгімелескен Оқашева.Н.Тайшыбай.З. Азаттықтан асқан бақыт жоқ //Қызылжар нұры. – 25 қараша. – 2016. – 3 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий