Өнердің қайнар бұлағы

Биыл еліміз өзініңтәуелсіздіктің ақтаңымен өткергентағылымды жиырма бесіншіжылынатап өтпек. Осыжылдар ішіндеғасырларғабергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық, саяси, қауіпсіздік, тіпті, жаһандық мәселелерде өз алдына дербес шешім қабылдай алатын егемен мемлекет екенімізді дәлелдедік. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың асыл арманы болған тұғырлы тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы берік қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ.

 Еліміз егемендікке қол жеткізген жылдардан бастап республикамыздың түкпір-түкпіріндегі алуан түрлі мекемелер жан-жақты жетіліп, адам танымастай өзгерді десем, артық айтқандығым болмас. Әсіресе, халықтың рухани мәдениетінің өрістеуіне, мәдени өмірінің жаңа кейіпке енуіне атсалысатын бірден-бір орындар өнер ошақтарының көптеп бой көтергендігін айтқан жөн. Солардың қатарында облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызмет көрсету орталығы да  бар.

Іргесі сонау 1956 жылы Мәдениет үйі және ғылыми-әдістемелік орталық атауымен қаланған өнер ордасының тарихы тереңде жатыр. Алмағайып заманда өмірге келген орталықтың сол кездегі атқарған жұмыстары,тыныс-тіршілігі халқымыздың ұлттық құндылығынан, салт-дәстүрінен, танымынан әлдеқайда алшақта болғаны жасырын емес. Оны бүгінде орталықтың шаң басқан мұрағатындағы жазбалардан, фотосуреттерден, өзге де құжаттардан анық аңғаруға болады. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдан бастап орталық жұмысының мақсаттары мен міндеттері айқындалып, жылдар бойы өзге идеологияның тасасында қалған құндылықтарымызды қайта насихаттауға ерекше көңіл бөліне бастады. Бүгінде біздің орталық барлық маңызды мемлекеттік және облыстық деңгейде өтетін ауқымды іс-шаралардың ұйытқысына айналып отыр.

"Өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды" дегендей, елдің елдігін танытатын үлкен саланың бірі — мәдениет. Өзеннің қос саласындай осы егіз ұғымның мемлекет өмірінің өрістеуі үшін маңызы зор. Бүгінде облысымызда 235 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Олардың 142-сі мемлекет меншігінде болса, 9-ы басқа нысандарға тиесілі. Облысымызға қарасты он үш ауданда 1242 көркемөнерпаздар ұжымы бар. Олардың 44-і халықтық атауға ие. Мұның өзі облысымыздың мәдени өмірінің күн сайын ілгері дамып келе жатқандығының көрінісі емес пе?! Осындай өнер ордаларымен бір жағадан — бас, бір жеңнен қол шығарып, қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан орталықтың өнерпаздары әртүрлі деңгейде еткізілетін мерейлі іс-шаралардың басы-қасында жүреді.

Ел болған соң оның өзінше тағдыр-талайы, тарихы болатыны талассыз шындық. Қазақ елінің тарихы да сонау ықылымдар қойнауынан тамыр тартқан. Яғни, мәуелі мәдениеті мен озық әдебиеті, өнегелі өнері сол кезден бастау алған.Бірақ осы айдай ақиқат кеңес заманында мойындалмай келді. Тіпті, Тәуелсіздік алған тұста да, бөрілі байрағымызды қайта тіктеген кезде де "Бұрын бұлардың мемлекеті болған жоқ еді" дегендей, қаңқу сөздер тыйылмай келгені шындық. Елдігімізге  сын осындай сөздердің нуктесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен былтыр Қазақ хандығының құрылғандығының 550 жылдық асқақ мерекесін дүбірлетіп атап өту арқылы қойылды. Мерейімізді асырған осынау игі шараның облысымызда салтанатпен өтуіне орталық өнерпаздары атсалысты.

Осыған орай 2015 жылғы 9-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы салтанаттардан біздің өңіріміздің өнер иелері де сырт қалмай, елордалықтарға ерекше тарту жасады. Жұртшылықтың назарына торқалы той, айтулы мереке — Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақтың мемлекеттілігінің тарихы, халқының тұрмысы жайлы қойылым қазақ және орыс театрлары актерлерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Этноауылда бой көтерген өңіріміздің киіз үйі де өзіндік ерекшелігімен көзге түсті.

Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күн есімізде мәңгілік жүретін, жадымыздан ешқашан өшпейтін ұлы сәт, қуаныш күн деуге болады. Бұл, ең алдымен, халқымыздың сан жылдар бойы тұсауда тұрған рухани еркіндігінің кеңге қанат сермеген күні. Өзінікін өзімдікі деп қаймықпай айта алатын кезең бізге, салтымыз бен дәстүрімізге, дініміз бен ділімізге, ойымыз бен өнерімізге еркіндік шуағын сыйлады.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы халық әндері мен композиторларының киелі мұрасын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын "Ән бесігім  туған жер", "Сағындырған әндер-ай", өңірімізден шыққан сазгерлер мен ақындардың сөзіне жазылған әндердің "Жұмағы жердің  Қызыл-жар", қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов атындағы "Менің Қазақстаным" атты облыстық әншілер байқауларын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Мәселен, үстіміздегі жылы халқымыздың ғана емес, күллі шығыс жұртының ұлық мерекесі  Наурыз мейрамының ұлан-асыр тойлануына біздің орталық өнерпаздарының қосқан үлесі орасан.

Өңірімізден шығып, дүйім қазақтың мақтанышына айнапған ұлы тұлғаларды дәріптеуде де орталық мүшелері зор еңбек етіп келеді. Осы тұста биыл Қазақстан Республикасының   еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Қуандық Қасымов атындағы "Өнерді ұлықтаудан шаршамаған" атты облыстық фестивальдың тұңғыш рет өткізілуін мақтанышпен айтуға болады. Ұлттық өнердің қазанына айтарлықтай олжа салып, өмірден озып кеткен азаматтарды осылай зор құрметпен, ыстық ықыласпен еске алу — Тәуелсіздіктің берген нығметтерінің бірі.

Ұлы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында аудан орталықтарында көркемөнерпаздар шығармашылығының облыстық байқау-фестивалі өткізілді. Бізге бейбітшілік сыйлап, өздері өмірден өткен батыр ардагерлеріміздің ерліктерін насихаттау — ұрпақтың парызы. Бұл абыройлы міндетті жас өрендер өнерпаздардың сазды әуендерінен, сырлы әндерінен сезінгендей болды.

 Елімізде ту тігіп, қалыптасқан татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған халықтар достығының арқасында облысымыздың шығармашылық ұжымдары сахнада әр тілде ән шырқап, би билеп, мерекені көркейте түсті.

Өнеріміздің дамуына, соның ішінде халық шығармашылығының қанат жаюына тәуелсіздік тудырған ризықты мақтан етеміз. Рухани байлық өнер арқылы бойға ұялайтыны ақиқат. Сондықтан біздің өңіріміздің барша өнерпаздары Тәуелсіздікті зор тарту деп бағалайды. Олар өңіріміздің жер-жерінде бұл күнді жұртшылыққа арнаған өнер тартуымен ардақтай түседі.

Ашығын айтайық, жастарымыз түгіл, жасамыстардың өзі ежелден етене, ұлт атанғалы ірге қалап, бірақ санамыздан өшіп кеткен көптеген ұлттық салтанаттарымызды білмейді ғой. Тәуелсіздік рухы санамызды сейілткенде тарих тозаңына көміліп қалған ақындар айтысы, Наурыз той сияқты мерекелердің халықтық сипаты белең алды.

Өңірімізде ақындар айтысы Петропавлда ғана емес, сонымен қатар аудан орталықтарында өткізіле бастағаны қуанарлық жай. Алғашқы айтыстар арнасы тар бұлақтай ғана болса, кейінгі жылдары дамып, бүгінде өңірімізде бірде-бір салтанатты шара мұнсыз өтпейтін болды. Осындай облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызмет көрсету орталығы өнерпаздарының ұйытқы болуымен іске асырылып жатқан мерейлі жиындардың барлығына, бірінші кезекте, Тәңірдің өлшеусіз сыйындай Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізудеміз. Ендігі кезекте осы ұлық мерекені жас ұрпақтың бойына берік қалыптастыру үшін кез келген ұжым белсене жұмыс жасауы қажет. Бұл — біздің келер ұрпақ алдындағы міндетіміз.

 Жанболат Мұқанов, облыстық халық шығармашылығы

және мәдени-демалыс қызмет

көрсету орталығының директоры.

Мұқанов.Ж.Өнердің қайнар бұлағы //Солтүстік Қазақстан. -  4 маусым. – 2016. – 4 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий