Қазақтың нағыз жанашыры
Мен белгілі жазушы, жерлесіміз, марқұм Герольд Бельгерді көптен бері білетінмін. Оны толып жатқан көп жазушының бірі емес, қазақтың нағыз жанашыр азаматы, аудармашы, қазақ тілі мен әдебиетінің тәлімгері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі және Қазақ елінің патриоты ретінде танимын.
Жазушының ерен еңбекпен, ізденіспен өрілген өмірбаянына үңілсек, тағдыр тауқыметін жасынан-ақ бір кісідей тартқандығын ұғынамыз. Өмірден көрген-түйгенін табиғи дарынына суарып, кемел білімімен шыңдап, көркем шығармаға айналдыра білген дара тұлға екенін зор мақтанышпен айтуымыз керек.
Қиырда, желдің өтінде, елдің шетінде орналасқан Қызылжарда жатып, Герольд Карловичтің өмірі мен шығармашылығына арналған мерейлі жиындарға қатысуға мүмкіндігіміз аз болды, ол туралы өз көзқарасымызды көзі тірісінде жиі айта алмадық.
Бір есімде қалғаны, Герольд Карловичке "Абылай хан" деген атпен 2005 жылы жарық көрген кітабымды тапсырғаным бар. Кітапты қолына ұстап тұрып: "Басқа қазақтар ұйықтап жүргенде, сен үлкен еңбек тындырған екенсің, мынауың ғажап қой, құттықтаймын!" - деп бірауыз жылы лебізін білдірген еді.
Герағаның Саратов облысындағы Энгельс қаласында өмірге келгендігін, екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста неміс ретінде ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылып, Солтүстік Қазақстандағы ерке Есілдің жағасында орналасқан Ыбыраев ауылына қоныстанғандығын, осы жерде қазақ мектебіне барғандығын марқұм Ғалым Қадыралин айтып отырушы еді.
Әдебиетке құмарлығы ерте оянған Герольд Карловичтің алғашқы өлеңдерінің бірі:
Келді көктем, келді көктем,
Қуанышты көптен күткен.
Күн жылынып, қар еріп,
Гүрілдеп, тулап ақты өзен, -жолдармен өріледі.
Бұл, әрине, ерке Есіл өзеніне арналған.
Герағаның қазақ халқына деген құрметі бала кезінен қалыптасты. Мектепті үздік бітіргеннен кейін Қарағандының кен-металлургия институтына оқуға түсуге барады.
Бірақ жолы болмайды. Содан кейін Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына құжаттарын тапсырады. "Жер аударылған" деген жазықсыз жала жолын тағы да кес-кестейді.
Оған қиын сәтте көмек қолын созып, қамқорлық көрсеткендердің бірі - Мәлік Ғабдуллин болатын. Кеңес Одағының Батыры, профессор Мәлік Ғабдуллинді әкесіндей жақсы көруі бекер емес қой.
Гераға 2-сыныптан бастап күнделік жазуды әдетке айналдырған.
Әкесі көзі ашық, көп жылдар бойы ауылда фельдшер болған екен.
Тірі кезінде жариялауға рұқсат бермеген күнделік парақтарындағы мәйекті ойлары мен мағыналы сөздері келер ұрпаққа олжа болып оралар, бәлкім. Ол күн де алыс емес шығар.
Жазушы шығармаларының қай-қайсысын алып қарасақ, ауыл адамдары, қазақ тағдыры тілге тиек етіледі. Мәселен, "Алыс жолдың алдында" деген хикаясында туған жерінен Қазақстанға қалай көшкені туралы баяндалады. Осы шығарманы оқығанда, бала кезіндегі сезім толғаныстың әсерінен шыға алмағаным бар. Өйткені, мен дәл сол неміс этносының өкілдері сияқты жер аударылып келген балалармен бірге ойнадым, олардың шешелері мен әжелерінің бұлаудай көз жасын көрдім, көкіректерін қарс айырған мұқтаждықтарының куәсі болдым.
Шығармаларының көркемдік дәрежесі өте жоғары Герольд Бельгер әр нәрсеге ұқыптылықпен қарады. Екшеп-елеп алмай жазбайтын. Әр сөйлемі тасқа қашағандай айқын, жігі бұзылмаған қисынды, әлбетте, кестедей келісті. Бұл - әлем әдебиетінің озық шығармаларымен сусындап, қалыптастырған эстетикалық талғамының нәтижесі.
Оның сұңғыла аудармашы болғандығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Қазақ жазушыларының 200-ден астам шығармасын қазақшадан орысшаға көркем аударды, олардың ішінде Мұхтар Әуезовтің, Бейімбет Майлиннің, Ғабит Мүсіреповтің таңдаулы туындылары, романдары мен повестері, әңгімелері мен пьесалары, кесемсөз үлгілері бар.
Қазақтың қалам қайраткерлерін орыстілді оқырманға, сол арқылы әлемдік әдебиет арнасына шығарған аудармашының жемісті еңбектері бұрынғы Кеңес Одағының "Советский писатель", "Художественная литература", "Детгиз" сияқты, еліміздің "Жазушы", "Қазақстан", "Жалын" тәрізді беделді баспапарынан бірінен соң бірі жарық көріп жатты, көптеген орталық және республикалық баспасөзде жарияланып тұрды. Оның бер жағында өзіміздің Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Әбіш Кекілбаевты, Дүкенбай Досжанды, Оразбек Сәрсенбайды орысша сөйлеткенін зор еңбек пен елге, жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі деп қабылдауымыз ләзім.
Герольд Бельгерді кез келген мәселеге қатысты орнықты пікірі, өзіндік принципі бар, сауатты, білімді азамат ретінде таныдым. Қазақшаны көп қазақтан артық біледі десек, дауласа қоймаспыз. "Сендер, өз байлықтарыңды бағаламайсыңдар. Қазақтың ұшан-теңіз тілі бар, баға жетпес байлығы - ғажайып салт-дәстүрлері бар. Қазақ жерінің асты-үстінің байлығы әлемдегі ешбір халыққа бұйырмаған игілік екенін білсеңдер, шіркін!"-деп отыратын.
Айтулы тұлғаның қазақтың көптеген қаламгерлерінен, зиялы қауымынан ең үлкен артықшылығы жарамсақтығы жоқ, жағымпаз емес, жалтақтықтан ада-күде. Осы кезге дейін халқымызға дәл Бельгердей еңбек сіңіргендер көп емес. Қажет кезінде, өткір пікір керек болғанда, бүкіл журналист қауымының Бельгерді жағалағаны да шындық.
Мектепте жүргенде күнделік жаза бастаған азамат "Алқа" журналында осы дүниелері жайында сыр бөлісіп еді. Әлі есімізде, сонда, сөз арасында: "Оның бәрін оқыса, қазақтар мені түтіп жейді ғой", - деп әзілдегені бар. Ал енді, соңғы кезге дейін жарияланып келген "Плетенье чепухи..." жазбаларын мен "Тұздығы ащылау қуырдақ..." деп аударған болар едім. Шындықты шырқыратып, айдай анық ақиқатты айтқан ғой. Оның аударған дүниелерінің бір сөзін алып, орнына басқа сөз қосудың жөні жоқ. Бәлкім, ақылман тұлғаның бізге аманаттаған өсиеті осы да шығар. "Мен болсам, кетіп барамын, сендердің естеріңде болсын, байқаңдар!.." - деп ескерткені болар.
Терең білімді, ойы өрісті, Ұлы Даладай кең Герольд Карловичтің Қазақстанға, қазақтарға деген құрметі мен сүйіспеншілігін сөзбен жеткізе алмай кеткені ақиқат. Енді сол ардақты есімді құрметтеу - бүгінгі, келер ұрпақтың ең асыл міндеттерінің бірі.
Қазақ әдебиетінің шын жанашыры әрі жанкүйерінің табанды еңбегі қайталанбас құбылыс іспеттес. Осындай құбылыс өзге әдебиетте бар ма, жоқ па деген сұрақ санада келбеңдейді. Өзбек әдебиетінде өзге ұлт өкілдері бар.
Бірақ олар дәл Г. Бельгердің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін істей алған жоқ. Оның қазаққа, қазақ әдебиетіне деген махаббаты шексіз. "Абай жолы" романының аудармасы туралы тергеп, тексеріп, жаны аши күйініп жазған талдау мақаланы бір қазақ жаза алған жоқ қой. Біз де аударманың олпы-солпы тұстарына ішімізден кіжінсек те, қалай айтудың, оған қай қырынан келудің жөнін таба алмадық қой.
Ол өзі куә болып жүрген әдеби процестің жайы, жеке жазушылар, қоғам және саясат туралы қандай да түйінді мәселенің ақиқатын дәл басты, жасырып, жағынған жоқ.
Қай жазғанын да тұшынып, айызың қанып оқисың. Қазақтың жанына батырып-батырып айта алады. Герағаның қазақ тілі туралы айтқандарын жинап, жүйелесек тұтас ғылыми тұғырнама шығар еді. Болашақта осы мәселені қолға алғанымыз да жөн болар. "Жақсының аты өлмейді" дегендей, қазақ халқы барда тұғыры биік тұлға - Герольд Бельгердің есімі ешқашан ұмытылмайды.
Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры.
Тайшыбай.З. Қазақтың нағыз жанашыры.// Солтүстік Қазақстан. -17 қараша. - 2016. - 11 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |