Елордадағы Ұлттық музейде Тәуелсіздік күні қарсаңында және “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бес жылдық мерейтойына орай “Ежелгі Ботай: дала өркениеті мен қазақ мемлекеттілігінің бастауында” тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға ғалымдар, тарихшылар, ғылыми қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, салалық министрліктің өкілдері қатысты.
Конференция барысында 2021-2023 жылдары “Ботай қонысындағы археологиялық ғылыми-эксперименттік зерттеулер және қамтамасыз ету жүйелерін, өмір салтын және Ботай мәдениетін жеткізушілердің дүниетанымдық-киелі контексттерін модельдеу” бағдарламасы аясында жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесі таныстырылды. Үш жылдық жобаның қорытындысы ретінде “Ботай мәдениеті, адам және қоғам: өркениеттік дискурс” монографиясының тұсаукесері болды. Монография авторларының бірі, философия ғылымдарының докторы Сабина Аязбекова қызықты әрі мазмұнды баяндама жасады.
Бұл ғылыми жұмыста пәнаралық тәсілді қолдану нәтижесінде Ботай мәдениетінің әлемдік тарихтың өркениетті дамуына қосқан үлесіне қатысты бірнеше жаңа гипотезалар көрсетілген. Атап айтқанда, Ботай тілінің Алтай тілдер тобымен ортақ тамыры, ежелгі Ботай қоныстарының аумағында прото-мемлекеттіліктің пайда болуы туралы жан-жақты жазылған.
Конференцияда Қазақстан тарихын зерттеудің маңызды кезеңдері, Ботай мәдениеті аспектілерінің ғылыми дамуы туралы тарих ғылымдарының докторы, Германия археология институтының корреспондент-мүшесі Зейнолла Самашев баяндады. Ал “Ботай” музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Қуаныш Әбілмәліков Терсек және Ботай археологиялық мәдениеттерінің ортақтығы жайында өз гипотезасын ұсынды.
Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар Ботай мәдениетін одан әрі кешенді зерттеудің, ескерткіштерді мұражайландырудың, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудың маңыздылығы туралы айтты.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Нұртазин А. Ботай мәдениеті – тұнған қазына // Soltustik Qazaqstan. – 2023.- 16 желтоқсан. -№ 150-151. – 6 б.