Өнермен өрілген жол
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы өзінің Алматыдағы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде: "Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Ол әлемдегі түрлі халықтардың мәдени құндылықтарын қабылдау жүйесінде нақты танылуы тиіс. Бұл қазіргі заманғы өнер түрлеріне музыка, театр, кино, әдебиет, сурет өнері, т.б. қатысты. Қазақстандық мәдениет әлемге танылған, мысалы, қытайлық, ресейлік, жапондық, кореялық және әзге мәдениеттердей болуы тиіс", — деген еді.
Мәдениет — халықтың мыңдаған жылдар бойғы шығармашылығының жиынтығы, ол қауым мен жеке адамның рухани ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілігі. Тамырын тереңнен алған мәдени мол мұраны пайдаланбау, жаңғыртып, жандандырмау, келер ұрпаққа жеткізіп, аманат етпеу адамзатқа жасалған қиянат болар еді. Сондықтан да іргесі осыдан 50 жыл бұрын қаланған Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы жарты ғасыр бойы классикалық, академиялық, эстрадалық, халықтық музыканың жаршысы болып, жергілікті тұрғындардың құлақ құрышын қандырып жүр.
Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет саласының дамуына зор үлес қосқан филармония өткен жылдарда қажырлы еңбекті талап еткен қалыптасудың, ізденудің, жаңашылдықтың соқтықпалы соқпақты жолынан өтті. Шығармашылықтың қайнар көзін ашып, оған зор үлесін қосқандар, қайталанбас өнерімен танылып, құрметке ие болғандар жайлы естелік айту бүгінгі таңда олардың жұмысын жалғастырып отырғандардың асыл парызы.
Уақыт ағын су сияқты. Тіршілік көзі болып қана қоймай, жолындағыны жуып -шайып кететін судай уақыт та көңілдегіге көлеңке түсіріп, естегіні көмескілендіреді. Мұндай сәтте есте қалатыны — тек ең жарқын сәттер ғана.
Тың игеру жылдары… Бұл кезең жаңашылдықтың, шығармашылық шабыттың уақыты еді. Нақ осы жылдары облыс мәдениеті өзінің шырқау шегіне жетті. Жаңа драма театрдың, облыстық және орталық кітапхананың, көрме залының, барлық аудан орталықтарында типтік Мәдениет үйлерінің ғимараттары бой көтерді. "Театр мен филармонияның ауыл тұрғындарының көзайымына айналғанына тек 1978 жылы театр ауылдарға шығып, 89 спектакль қойып, оны 19 мың адам көргені, ал филармониялық бригадалар ауыл клубтарында 1266 концерт ұйымдастырып, 326 мың көрерменге қызмет еткені дәлел бола алады" ("Золотая книга целины", 2004 жыл).
Республика Министрлер кеңесі 1965 жылы облыстық атқарушы комитетті облыстық филармония ашуға міндеттейтін қаулы қабылдайды. Көп күттірмей "Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясын ашу туралы" облыстық атқару комитетінің шешімі де шықты. Осы орайда 1976 жылы КСРО-да бар-жоғы 136 филармония болғандығын айтып өткен жөн. Оның бірі Солтүстік Қазақстан облысында еді.
Алып мемлекеттегі санаулы филармония ұжымы өздеріне артылған сенімді ақтап, мәдениеттің ошағына айналып, өздері өнерден өрнек тоқыған майталман болуы қажет еді. Есімдері филармония тарихында алтын әріппен жазылып қана қоймай, халықтың санасында жатталып қалған аңыз тұлғалар халықты тұмса өнердің шәрбәтімен сусындатты. Мәселен, біздің филармонияның бастауында тұрған Э.К. Горенбург, Ю.А.Пружанский, М.С.Иманкулов, В.Я.Вишняков талай ұрпақ үшін аңыз тұлға болып қалары анық. Ал бүгінгі таңда филармонияда осындай алыптардың ізін басып келе жатқан кейінгі буын еңбек етіп, сахнаның сәнін келтіруде. Мәселен, елімізге еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Юрий Колчин мен Расима Сучкова, "Мәдениет қайраткерлері" Қайырлы Ғафуров пен Михаил Лахтин, солистер Николай Колокольчиков пен Жанат Алпысбаева және тағы да басқаларды ерекше атап өтуге болады. 1993 жылы Петропавл музыкалық училищесінің түлектерінен құралған "Қызыл жар" орыс ұлттық аспаптар ансамблі — танымал және жетекші ұжымдардың бірі. Кезінде ұжым мүшелерінің басын қосқан Виталий Смотров қазір де оларға жетекшілік етеді. Шығармашылық даралығымен, өздерінің өзгеше орындау мәнерімен бұл ансамбль көптің арасынан ерекшеленіп тұрады. Содан да болар, "Қызылжар" республика көлемінде де танымал. Ұжым өзіндік сахналық бейнесімен халық музыкасын белсенді насихаттауда. 2000 жылдың басында филармонияда екі бірдей үлкен ұжым Марат Жақыповтың жетекшілігімен "Есіл" қазақ ұлттық аспаптар оркестрі және Геннадий Брюхановтың бастамасымен эстрадалық және джаз музыкалық оркестрі жұмыс істей бастады.
Қалада кәсіби хор ұжымын құру идеясы музыканттардың көптен бергі арманы еді. Оны облыс басшылығының қолдауымен музыкалық училищенің сол кездегі директоры В.М.Кардашов жүзеге асырды. 2010 жылы облыстық филармония жанынан камералы хор құрылды. Ұжым репертуары түрлі жанрды қамтиды. Халық әндерін, классиктердің, Қазақстанның заманауи композиторларының шығармаларын тыңдау бір ғанибет. 2004 жылы "Мәдениет қайраткері", Президенттің Құрмет грамотасының иегері Сергей Имашбаевтың эстрадалық-симфониялық оркестрі өз жұмысын бастады.
Филармонияның шығармашылық ұжымы мен оның солистері жас болса да, музыкалық ортада өз орнын таба алды. Олар еліміздегі фестиваль және конкурстарда, Ресейде, Түркияда, Францияда, Италияда, Кореяда өткен байқауларда Отанымызды лайықты таныта алды. Мәдениеттің тілі ортақ болғандықтан, қайда барсақ та өзіміздің шығармашылық әлеуетімізді танытып, өрісіміз бен өремізді көрсетіп жүрміз. Себебі, сырт көз бізге қарап елдің, өңірдің дамуы қандай екенін аңғарады. Өңіріміздің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық өмірінің дамуына өзінің зор үлесін қосқан облыстық филармонияның жарты ғасырда жеткен жетістігі, бағындырған биігі еселене түсеріне сенімдімін.
Ботагөз Ақмағамбетова,
Солтүстік Қазақстан
облыстық филармониясының директоры.
Ақмағамбетова.Б. Өнермен өрілген жол //Солтүстік Қазақстан. – 17 мамыр. – 2016. – 3б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |