Федор ЩЕГЛОВ: "РУХЫМЫЗ МЫҚТЫ, ЖІГЕРІМІЗ ЖАЛЫНДЫ ЕДІ" // Солтүстік Қазақстан. - 2015. - 1 қаңтар. - 6 б.

27 января 2015 - Administrator

Адамзат тарихындағы ең зұлмат қырғын - екінші дүниежүзілік соғыс жер-жаһанда миллиондаған адамдардың ғумырын жалмап кетсе, ең зор ауыртпалықты көтерген Кеңес одағы азаматтарының қазасы соның жартысынан асып түседі. Осының ішінде мыңдаған қазақстандықтар да бар.

Осы қырғыннан аман-сау оралып, бейбіт өмірде тірлігін жалғастыр-ғандардың алдының жасы бүгінде бір ғасырлық ғумырға таяса, кейінгілері тоқсанға жақындап қалған. Мен әңгімеге тартқан қарт - қазір арамызда аман-сау жүрген үркердей ғана шоғырдың бірі. Ол - Петропавлда туратын 88 жастағы майдангер Федор Щеглов.

- Федор Васильевич, жастық шағыңызға ойша оралыңызшы. Майданға қашан және қалай аттандыңыз?

- Мен 1927 жылы қазіргі Қызылжар ауда-нындағы Новоникольское ауылында туғанмын. Ұлы Отан соғысы басталғанда он төрт жасар жасөспірім едім. Батыста соғыс жүріп жатқаның қаһарман кеңес жауынгерлері Отанды жанқиярлықпен қоргап, қасық қаны қалғанша қан төгіп жүргенін ұстаздары-мыздан, ересектерден естиміз. Таңның атысы, күннің батысы радиоға құлақ түріп, диктор Левитанның "От Советского информ-бюро" деп басталатын майдан жаңалықтары жайлы хабарларына құлақ түреміз.

Ал осы қырғынды мен де бастан кешіремін-ау дегенді, шынымды айтайын, ойламадым да. Алайда, тағдырдың салғанына көнеді екенсің. 1944 жылдың 17 қарашасында маған да майданға шақыру келді. Он сегіз жасқа да толмағанмын. Мені және басқа да жастарды Башқұртстанның Уфа қаласынан жеті шақырым жерде орналасқан оқу-жаттығу лагеріне әкеліп, үш ай бойы соғыс өнеріне, қару-жарақты меңгеруге үйретті. Онда жаяу әскердің негізгі қаруы ППШ автоматы болатын. Осы үш айдың ішінде айтарлықтай болмаса да, біраз соғыс тәсілдеріне машықтанып қалдық.

Үш ай мерзім өткен соң біздің тобымызды тұрақты әскери құрамды толықтыру үшін Кеннигсберг (қазіргі Калининград) қаласында жасақталған 371 -ші атқыштар дивизиясының қатарына қосты. Бұл дивизия генерал-полковник Николай Крылов басқаратын 5-ші армияға қарайтын. Осында алғаш рет жаумен шайқасқа кірдім.

- Бұл неміс әскерлерінің, бұрынғыдай емес, қауқары қайта бастаған тұсы ма?

- Әрине, соғыстың бастапқы кезіндей болмаса да, немістер әлі мығым екен. Әсіресе, соғыс кемелері күшті, Балтық теңізінде мықты қорғаныс шебін құрған. Оның үстіне жау самолеттерінің әуеден қолдауы да басым. Әл берер емес.

Осыдан соң біздің дивизияны кенеттен майдан шебінен алып кетіп, біраз тынық-тырды да, қайтадан эшелонға мінгізіп, басқа бағытқа аттандырды. "Бізді Қиыр Шығысқа, Жапониямен соғысуға апарады" деген сөз шықты. Ақыры, осы сөз рас болып, әуелі Красноярскіге келіп тоқтадық. Тамақтан-дырып, тынықтырды. Моншаға апарды. Ал соғыс уақытында монша деген жауынгердің бір рақатқа бататын жұмағы сияқты.

Бүкіл 5-ші армияның жауынгерлерін осында жеткізгенін білдік. Сондай-ақ, 39-шы армия, 2-ші, 3-ші Беларусь армияларының жауынгерлері келіпті. Көбі - майданда ысылған жауынгерлер. Мен сияқты жастары да жетерлік.

Бірер күннен соң Спасск-Дальний қала-шығына жетіп, осында Жапонияның шекарасына жаяу жорыққа тас-түйін даярлыққа кірістік.

Жорыққа шыққанда түнде жүреміз де, күндіз ағаш арасында сыбыс білдірместен жатамыз. Жапондықтарға түтқиылдан ша-буылға шығу аса құпия жағдайда болуы керектігі жөнінде қатаң тапсырма берілген

- Ал бұл кезде Берлин тізе бүкті ғой?

- Солайы солай ғой. Бірақ Жапония Германияның одақтасы емес пе?! Оның бір миллион адамдық Квантун армиясы бүкіл соғыс бойы ту сыртымыздан қатер төндіріп тұрған жоқ па еді?! Оны осы үшін талқандау керек, сөйтіп фашистік Германияның одақтасын да тізе бүктіруге тиіс болдық.

1945 жылдың 9 тамызында жапондармен соғысқа кірдік. Өте қырғын болды. Мұндай-ды сөзбен айтып жеткізу қиын Аспан мен жер ауысып кеткендей, қайда жүргеніңді айыру қиын. Сонда сол қолымнан және оң қабағымнан қатты жараландым.

- 1945 жылғы 9 мамырда Германия тізе бүккеннен кейін Жапония соғыстағы одақтасымен барлық келісімдерінен 15 мамырда бастартты ғой?

- Бірақ бұл кеш жасалған айла деп түсіндірді бізге. Өйткені, бұл уақытта кеңес әскерлерінің күш-қуаты аса мықты еді. Жапонияның билігі ендігі қоқан-лоқы бос әуре екенін білгендіктен, Квантун армиясын сақтап қалуды көксеп, тізе бүккен одақта-сынан айнып, сатып кетті. Мұны бізге комис-сарларымыз жетемізге жеткізіп түсіндірген еді.

- Сізді соғыста жеті жыл болып қайтты деп естіген едім. Оның мәнісі неде?

- Бұл анық. Мен жапондармен соғысқа кі-рердің алдында танк жүргізу курсын тамам-дап, механик-жүргізуші болған едім. Соғыс-тың бел ортасынан ауғанда біздің жауын-герлеріміз мықты, жетілген қару-жарақтар-мен қамтамасыз етілді ғой. Біздің неміс танктерінің бронін талқандайтын, қолда ұстап тұрып, иыққа тіреп қойып ататын жаңа қаруымыз болды. Осыны жапондарға да қолдандық.

1945 жылғы 2 қыркүйекте жапон милитаристері тізе бүкті.

Бірақ мен туған жерге орала қойған жоқпын. Біздің 108-ші танк полкімізді қайтадан Германияға жіберді. Мұнда кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті тұрды ғой. Мен ысылған жауынгер, сержант ретінде келіп жеткен жас жауынгерлерді танк жүргізуге, соғыс қимылдарына машықтандыратын нұсқаушы қызметін атқарып, көптеген адамдарды үйреттім.

Сөйтіп, 1951 жылы ғана армия қатарынан босатылып, Петропавлға оралдым.

- Бейбіт өмірге араластыңыз ғой?

- Иә, соғыс аяқталды. Бірақ өмір өз ағысынан жаңылмайды емес пе?! 1958 жылы Мария Мельникова деген қызбен танысып, шаңырақ құрдым. Зайыбыммен елу екі жыл отастық. 2010 жылы өмірден озды. Үш бала сүйдім. Тұңғышым - қыз бала, егіз екі ұлым ержетті. Қазір олар басқа жерлерде, өздерінің отбасыларымен өмір сүруде. Мен жалғыз тұрамын. Құдайға шүкір, зейнетақым өзіме жетеді.

Соғыстан кейін Петропавлдағы 7-ші және 4-ші құрылыс-монтаж басқармаларында құбыр төсеумен айналыстым. Кейінгі жылдары Петропавлда тұрсам да, СМУ-4-тің құрамында Қорған қаласында жұмыс істедім. 1986 жылы зейнетке шыққанмын

- Төсіңіз орден-медальдарға толы екен Ең қадірлісі мына "II дәрежелі Отан соғысы" ордені болар?

- Иә, оны маған соғыстағы ерлігім үшін берді. Кейінгі ордендермең медальдармен Жеңіс мерекелеріне орай марапатталдым.

- Федор Васильевич, сіз майдан тақырыбындағы кітаптарды, киноларды оқып, көргенде қандай ойда боласыз? Оны айтып отырғаным, панфиловшылардың Москва түбіндегі ерлігі туралы жазылған "Волоколам тас жолы" романын бастарда Александр Бек Бауыржан Момышұлымен кездесіп, қаһарман полк басшысы: "Тек шындықты жазыңыз. Ақиқаттан айнушы болмаңыз. Егер қосып жазатын болсаңыз, мен ештеңе айтпаймын!"-деген екен.

- Мен мұны білемін Бауыржан Момышұлы қайсар, адал қолбасшы болды ғой. Талабы солай. Оның үстіне роман 1943 жылы соғыс жүріп жатқан майдан кезінде жазылды. Егер Бауыржан Момышұлы жалған сөйлесе, жазушы жанынан қосып жіберсе, жауынгерлер, армия не дер еді? Бауыржан Момышұлы бір сөзінде "Генерал-үрей" деген лебізді айта келіп, Александр Бекке: "Соғыста қорықпайтын адам болмайды. Бара-бара етің үйренеді. Бірақ бойдағы үрейді жеңе білу үшін жігер, намыс лаулап тұруға тиіс", - дейді ғой.

Ал кейбір кітаптарды оқығым келмейді.

Өйткені, жазушы жанынан қосып жібереді. Соғыс жайындағы кейбір фильмдерді де басынан аяғына дейін көргім келмейді. Себебі, асыра мақтау, шындыққа жанаспайтын оқиғалар кездеседі. Нағыз от-жалынды, қанды қырғынды көшіп келген сақа сарбазға мұндай жалған дүниені көрсету - бос әуре. Жас режиссерлер шындықты талғап жатпайтын сыңайлы. Біз жеңдік, немістер жеңілді! Бітті! Қалғанын жамап-жасқай бер.

Өзіңіз ой жіберіп көріңізші, бүкіл дүние-жүзін қамтыған қырғын Мұздай қаруланғаң ысылған неміс әскерлері бүкіл Батыс Еуропаны жаулап алды. Кейбір елдерді бір жетінің ішінде табанға басты. Сұрапыл соғыс 1418 күнге созылды. Германияның соғыс алдындағы бүкіл өнеркәсібі соған арналды. Қару-жарағы аса мықты болды. Құрлықта да, теңізде де, аспанда да толық басымдыққа қолы жетті. Ал кинода осындай аса зұлмат жауды оп-оңай талқандаған болып шығамыз. Мен сондықтан жастармен әңгіме, сұхбат кездерінде осыны үнемі айтып жүремін

Тылда адамдар күні-түні "Бәрі майдан үшін!", "Бәрі Жеңіс үшін!" деп жансебілдікпен еңбек етті, жауынгерлеріміз жанқиярлықпен соғысты. Біз осы ерлікті қоспасыз, ақиқат қалпында ұрпағымыздың санасына сіңіруге тиіспіз.

- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
"Солтүстік Қазақстан".

Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.


Федор ЩЕГЛОВ: "РУХЫМЫЗ МЫҚТЫ, ЖІГЕРІМІЗ ЖАЛЫНДЫ ЕДІ" // Солтүстік Қазақстан. - 2015. - 1 қаңтар. - 6 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий