Тақырыбы тың тағылымды туынды
Соғысқа қатысып жеңіске жеткен және осы жолда өз өмірлерін құрбан еткен асыл азаматтарды еске алып, құрмет көрсетіп отыру бәрімізге қасиетті борыш, қастерлі міндет. Бұл бағытта атқарылып жатқан игі істер де баршылық. Әсіресе, биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде қолға алынған шаруалардың қарасы мол. Әрбір Отан соғысы ардагеріне көрсетілген еш теңдесі жоқ қамқорлық акциясынан бастау алған игілікті шаралар легі күн өткен сайын қарқын алып келеді.
Осы ретте республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірзақ Озғанбаев және осынау қоғамдық бірлестіктің бас маманы, Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, ақын Көпболсын Бекмағанбетов екеуі бірлесе жазған «Отты жылдар әзілдері мен аңыздары» деген атпен «Астана Медиа Пресс» баспасында 2000 данамен жарық көрген кітапты сондай игілікті ізденістің жарқын бір көрінісі деуге толық негіз бар.
Әдетте соғыс туралы шығармаларда олардың кейіпкерлерінің майданда көрсеткен ерліктері, жан беріп-жан алысқан шайқастары туралы барынша жазылып жатады. Ал біз сөз еткелі отырған кітап, меніңше, өзінің тақырыбы жағынан көптің көңіліне дөп келетін тың туынды болып табылады. Бұлайша айтуға негіз де жоқ емес. Мәселен, отандық әдебиетте өз басым осы уақытқа дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің қанды қасапта жүрсе де аузынан әзілі түспей табан астында тауып айтқан тапқыр сөздері мен ұтқыр жауаптары, өткір де өнегелі әзіл-қалжыңдары топтастырылған шығарманы кездестіргенім жоқ. Кітап езу тартқызар әңгімелерімен жеңіл әрі қызғылықты оқылғанымен, шындап келгенде, онда қырық атан түйеге жүк боларлықтай терең ой жатыр. Адам қандай болсын ауыртпалықты басынан кешірген күнде де өзінің табиғи болмысын сақтап қалуы үшін саналы да пәк сезімдерін және шынайы бейнесін ешқашан да жоғалтпауы керек. Әйтпесе бойын кекшілдік, қатыгездік, мейірімсіздік тәрізді не бір жағымсыз қылықтардың жау¬лап алуы әбден мүмкін. Осы ретте, даңқты партизан Қасым Қайсеновтің: «Мен мына қолыммен талай фашисті өлтірдім. Мұндай жағдайларға бойымның үйреніп кеткені соншалық, енді бейбіт өмірде өзіме өзім ие бола алар ма екенмін?!» деп алаңдауын, сөйтіп туған еліне қайтуға жүрексінгенін еріксіз түйсінесіз.
Сөз етіп отырған кітаптың артықшылығы да, міне, осы өміршеңдігінде. Алты бөлімнен тұратын кітаптың өн бойы, оның алғысөзінде айтылғанындай, соғыста жеңген, бейбіт кезеңде еселеп еңбек еткен ардагерлердің жігерінің ешқашан мұқалмағанын, кезі келген тұста қағытпа әңгімеге, ұтымды уәжге, тапқыр теңеуге, жарасымды әзіл-қалжыңға бейімдеу болғанын паш етеді. Сондай-ақ, кейін соғыста бастан өткен оқиғаларын әзілге айналдыра отырып, айналасындағыларды күлкіге қарық етіп, майын тамыза әсірелей баяндайтын қарапайым ардагер майдангерлердің аузынан шыққан әңгімелерге де кеңінен орын берілген. Солардың бірі мынаған сая¬ды: «Жезқазған өңіріне танымал «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегері Жақсымбет Үншібаев деген кісі соғыстан кейін теледидардан тұрақты сөз сөйлеп, соғыстағы ерліктерін айтып, пулеметпен қанша неміс басқыншыларының көзін жойғанын айтады екен. Сексенінші жылдары болуы керек, бірде 9 мамыр қарсаңында Жақаң тағы да теледидардан сұхбат беріп, жылдағы айтып жүрген санын көбейтіп жіберсе керек. Кешкісін қатарлары жиналып, бас қосып отырғанда бір таныс замандасы айтыпты:
«Ей, Жақсымбет, сенікі не, жылдан-жылға өлтірген фашистерінің саны көбейіп барады ғой, күллі немісті қырамысың?» дегенде, Жақаңның досы, соғыста бірге болған құрдасы, майдангер, орақ тілді Қожахметов Оразбек деген кісі: «Әй, не деп отырсың, Жақсымбет оқ тиген немістердің тізімін ала келген, сол оғына жараланған немістер әлі де өліп жатқан жоқ па», – деген екен». Осы шағын әңгіменің өзінен-ақ әзіл-қалжыңға шебер майдангерлердің рухының әманда биік болғанын аңғару қиын емес.
Кітаптың енді бір ерекшелігі, мұнда аса сирек кездесетін фотосуреттер топтастырылған. Айталық, «Ұлы жеңіс – фотомұрағаттарда» топтамасында Германияның сыртқы істер министрі Иоахим фон Риббентроп, И.В.Сталин және В.М.Молотовтың 1939 жылы тамыз айында бірге түскен көпшілік біле бермейтін суреті жарияланыпты. Ал «Курск иіні. 1943 жыл. Солдат.» фотосы бойынша кітапта мынадай мәліметтер беріледі. «Белгісіз солдат» атанып бір кезде бүкіл Кеңес Одағына пошта ашық хат арқылы тараған бір суреттегі мұртты жауынгердің Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының азаматы болғандығы таңдандырмай қоймайды. Осы ауданның тумасы Құлмағанбет Смағұлұлы 1942 жылы соғысқа өзі сұранып аттаныпты. Әйгілі қолбасшы Рокоссовскийдің армиясындағы бір дивизиясында барлаушы болып, арнайы тапсырмамен немістің офицерін ұстап әкелгеннен кейін арнайы түскен фотосуреті екен. Бұл сурет кейін «Огонек» журналының Сталинградты азат етудің 20 жылдығына арналған санында «Белгісіз солдат» деген атпен жарық көріп, бүкіл Одаққа тарайды. 1984 жылы Мәскеудің «Плакат» баспасы Жеңіс күніне орай суретті 1 миллион 300 мың данамен открытка түрінде басып шығарады. Өкініштісі, Құлмағанбет Смағұлұлы өзінің осылайша танымал болғандығын білмей кеткен екен. Ол аман-есен елге оралғаннан кейін, 1957 жылы өмірден озыпты.
Әрине, шағын мақалада бұл кітапты толық саралап шығу оңай болмас. Дегенмен, мына бір мәселеге назар аудара кеткен жөн тәрізді. Кітап біршама ширатуды қажет етеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Отан қорғауға еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтарымыз қатысқандықтан, кітапқа барлық өңірлерден оның тақырыбына қатысты тиісті мәліметтер жинақталса құба-құп болар еді. Сонда жинаққа нақты майдан кезінде орын алған жайттар туралы ақпараттар легі көбейіп, кітаптың құндылығы онан са¬йын артары сөзсіз. Сол себепті бұл кітап толықтырылып қайтадан басып шығаруды қажет етеді. Тек, сол тұста қазір кітапта кездесіп қалатын кейбір материалдардың қайталанып берулері сияқты фактілерді жібермеуге, грамматикалық қателіктерді болдырмауға күш салу керек.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы.
АСТАНА.
Жолдыбай К. Тақырыбы тың тағылымды туынды // Егемен Қазақстан. - 2015. - 22 сәуір
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |