Сағынышымызды басқан сарғайған хаттар

                                                         Сағынышымызды басқан сарғайған хаттар

 "Тағылым" қосымшасының 23 сәуір күнгі санында Тимирязев ауданы Жарқын  орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Теңдік  Сұралинаның "Сарғайған хаттар сыры" атты мақаласы жарық көрген болатын.

 Ұрпағының кемел келешегі, баянды болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, майдан  даласына аттанған Абылай Сұлтанов менің туған атам. Хабар -ошарсыз кеткен  атамыз туралы аталмыш мақала ол жайындағы жөнді мәліметке қаныға алмай  жүрген біздің көңілімізге үміттің сәулесін ұялатып, біраз қуаныш сыйлады.
 Әкем Серіктің айтуынша, атам 1910 жылы Тимирязев ауданының Жарқын  ауылында дүниеге келген. Сауатты кісі болған ол ауыл балаларына орыс тілі  мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді.

 Ел басына кун туып ауыл азаматтарының түгелі туған елін жаудан қорғауға аттанған тұста Абылай Сұлтанов та соғысқа алынады. Алайда, адамзатты күйреткен зұлматтың соңына дейін шайқаса алмай, жаудың қолынан ажал құшады.

1942 жылы наурыз айында ауылдағы үйіне атамыздың қаза тапқанын растайтын "қарақағаз" келеді. Ол жауға қарсы шайқасқан екі жылдың ішінде ауылдағы қарашаңыраққа өзінің амандығын, сағынышын жазып, бірнеше хат жолдайды.

Отан үшін от кешкен атамыздың бейітін тауып, оған белгі қоюды ата -анамыз біздерге аманаттап, жиі айтатын. Әке-шешеміздің ақ тілегін орындап, ержүрек атамыздың мәңгі тыныстап жатқан орнын анықтау мақсатында зайыбым екеуіміз біраз еңбектендік.

Соғыс уақытында із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеп, артындағы ұрпағына табыстыру мақсатында жұмыс істейтін Ресей Федерациясы Ленинград облысы Лодейное поле қаласында орналасқан "Кто о чем" газетінің редакциясына ат басын бұрдық.

Басылым қызметкерлері ұзын сонар ті-зімнің арасынан атамыздың да есімін анықтап, оның аты Ресей жеріндегі бір мемориалға жазылғандығын айтты. Сөйтіп, олардың сілтеген мекенжайына барып, 1961 жылы қайта жерленген атамыздың зиратын тауып, гүл шоқтарын қойдық. Аталмыш газеттің бас редакторы Игорь Иванов өзінің "Сопричастность" атты мақаласында біздің Қазақстаннан арнайы келіп, атамызға іздеу салып, оны тапқандығымызды жазды.

Газеттің жарыққа шыққан санын кейін біздің ауылдағы мекенжайға пошта арқылы салып жіберді.

Бүгінде біздің қолымызда елдің тыныштығы, жердің амандығы үшін басын бәйгеге тігіп, ерлікпен қаза болған жанның мәңгілік жарқын бейнесіндей паспорты, хаттары және әлгі мақала бар.

Біздер оны көзіміздің қарашығындай сақтап, Ұлы Жеңістің әр жылында тебіреніспен еске аламыз.

Асқар Сұлтанов Петропавл қаласы.


Солтүстік Қазақстан. – 2015. – 9 мамыр. – 6 бет.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий