Мәншүкпен бірге соғысқан
Мәншүкпен бірге соғысқан
Менің ұлы атам Шоң Рахымов 1916 жылдың 25 желтоқсанында бұрынғы Көкшетау облысының Амандық ауылында көпбалалы, қарапайым отбасында дүниеге келген.
Ол жастайынан ақылды, зерек болып өседі, әсіресе, математика пәніне құштар болады. Еңбек жолын Красноармеец ауданының (қазіргі Тайынша ауданы) Ново-Сухатин орта мектебінде физика-математика пәндерінің мұғалімі қызметінен бастайды.
1939 жылы ақ финдермен соғысқа қатысады. Осы сұрапыл соғысқа қатысқандығы жайлы көзі тірісінде айтқан болатын.
1940 жылы Краснодар әскери зениттік-артиллериялық училищеде оқиды. Соғыс басталғаннан кейін оларды мерзімінен бұрын қазан училищені бітіріп
лейтенант шенін береді. Осы жайлы өзінің майданнан оралғаннан бастап қазіргі көзге дейін сақтаулы тұрған күнделігінде жазады: "Лейтенант шенін бергеннен кейін Мәскеуге Бас командованиенің қарамағына шақырылдық.
Бұл Мәскеу үшін айқастың нағыз шегіне жеткен кезі болатын. Қараша айының басында Дзержинский атындағы әскери академияның жертөлесінде тағы да бір айлық оқуға кірістік.
Бұл жолы оқу ерекше болды. Себебі, біз мұнда алғаш "Катюшаны" минометпен ату төсілін оқыған едік. Ал қырық бірдің желтоқсан айында Бас қолбасшының бұйрығымен Кенжеғалиев, Құттығұлов, Серікбаев секілді жас офицерлермен бірге мені Алматыға көмектесуге жіберді.
1942 жылдың шілде айында әскери дайындықтан өткен 100-ші бригаданы майданға аттандырды. Бізбен бірге Шығыстың болашақ батыр қызы Мәншүк Мәметова өз еркімен майданға аттанған еді.
Алғашында Мәншүк штабта қызмет істеді де, кейін пулеметші оқуын оқыды. Мәншүкпен мен Ржев, Великие Луки, Невель қалалары үшін болған шайқастарда бірге болдым".
Қаһарман офицер мына бір шайқасты даралап жазыпты. 1943 жылдың 15 қазанында Калинин облысының Изочи станциясын босатып алу жөнінен шұғыл бұйрық беріледі.
Бұл екі жаққа да стратегиялық маңызы орасан зор пункт болатын. Шабуыл таңғы сағат бесте басталады. Екі жақ та оқты қарша боратып жатыр. Талай өрім жастар қыршынынан қиылды, қан судай ақты.
Изочи станциясы біресе жау қолына, біресе біздің қолға көшті. Өмір мен елім арпалысқан сын сағатта Мәншүк Мәметованың пулэметі жауды баудай түсіріп қиратты.
Батыр қыздың көмекшілері патрон әперуге әзер үлгеріп отырды. Жүздеген жау жер жастанды. Біздің жаяу әскерлеріміз немістердің алғы шептерін бұзып етіп, ілгері қарай жылжи берді. Совет жауынгерлерінің мұндай жанқиярлығы фашистердің ашуызасын туғызды.
Олар енді көмекке авиация күштерін шақырды. Ондаған ұшақтар аспанда күндей күркіреп, ажал оғын дамылсыз себеді. Олар бірінен соң бірі Мәншүктің пулемет расчеты тұрған жерге шүйлікті.
Мәншүк зеңбірек атылған кездерде талай рет топыраққа көміліп қалды. Ондайда қасындағы Ибраһим деген жолдасы:-"Мәншүк! Мәншүк!" деп оны жоғалтып жүргені.
Бір кезде Мәншүк жараланды. "Мәншүк, қалқам, жараландың, медсанбатқа баруың керек" дегенге қарамастан, ол пулеметін тастамады. Кенет төпелеген жау артиллериясы оғынан Мәншүктің пулеметі үнсіз қалды.
Бұл жау-журек қазақ қызын мақтан тұтушы бүкіл бригада үшін аса ауыр қаза болды. Шоң Рахымұлы естелігінде Невельдің орталық алаңындағы бауырластар зиратына қарулас қос серігі — Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен дивизия командирінің орынбасары, подполковник Әбілқайыр Баймолдиннің қатар жерленгенін ет жүрегі елжіреп жазады.
Рахымов осы ұрыста дивизион командирінің орынбасары, Невель қаласы үшін болған соғысқа 100-ші атқыштар бригадасының автоматшылар батальонының командирі болып қатысқан қанды көйлек досы лейтенант
С. Қасымовтың да ерлікпен қаза тапқанын айта кетеді.
Әсіресе, деп жазады Шоң Рахымұлы одан әрі күнделігінде, 1944 жылғы Вильнюс қаласы үшін шайқас шиеленісті өтті. Мұнда немістер ең мықты деген дивизияларын шоғырландырған болатын.
Жау қанша күшті болғанымең үшінші Белоруссия майданының от журекті жауынгерлерінің тегеуірінді қимылы қайдан шыдатсын Бір күнде жаудың 12 шабуылына тойтарыс берілді.
Вильнюс қаласы үшін болған шайқаста асқан ерлік көрсеткен Шоң Рахымов екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Бұл оның жетінші наградасы еді.
Солардың ішінде даралап айтарымыз — қаһарман офицердің "Александр Невский" ордені. Шоң Рахымұлы аталмыш орденге 1945 жылы Манжурияда жапондармен болған шайқаста ие болған еді.
Ол мұнда Бас командование резервіндегі 555-ші пулеметшілер полкінің дивизион командирі болатын Оның дивизионы жау әскерлерін қоршауға алып, құртып жіберуде айрықша қимылымен көзге түсті. Қаһарман офицердің ерлігін Отан жоғары бағалады.
Ол "Александр Невский", "Қызыл Ту", бір рет бірінші, екі рет екінші дәрежелі "Отан соғысы" орденімең 12 медальмен марапатталған екен Барлығы – 18 награда.
Ұлы Отан соғысынан елге оралған майдангер Шоң Рахымов халық шаруашылығын көтеру ісіне белсене араласып, адал қызмет істеді. Шоң Рахымов 1970 жылы
Бүкіл одақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты.
1972 жылы ол "Октябрь Революциясы", "Халықтар достығы" ордендерімен, көптеген медальдармен және грамоталармен марапатталған
Атамның ерлігі мен еңбегі маған үлкен өнеге.
Соғыстан аман-есен Отанына оралып, еліне аянбай қызмет еткен атам 1987 жылы қайтыс болған. Қазіргі кезде ұлы атамның ізін жалғастырушы 6 баласы, 18 немересі, 17 шөбересі бар.
Әнел РАХЫМОВА. Айыртау ауданы.
// Солтүстік Қазақстан. – 2015. — 9 мамыр. – 13 бет .
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |