Кеш еленген ерлік

                                                                   Кеш еленген ерлік

Ұлы Отан соғысының ардагері Тай Елеусізов қазіргі Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылында 1923 жылдың 29 желтоқсанында дүниеге келген. Әке-шешесі ерте дүниеден өткен соң Тайды әкесінің ағасы Серікбай тәрбиелеп өсіреді.

1932-1939 жылдары Новопокровкадағы жетіжылдық орысша мектепте оқиды. Мектеп бітіргеннен кейін жүргізушілік курсты тамамдаған Тай Елеусізов ауылда жүргізуші болып еңбек етеді. 1942 жылдың 12 мамырында әскер қатарына шақыртылып, облыс орталығындағы 97-ші запастағы полкке жіберіледі. Онда ол кіші командирлер құрамын даярлайтын үш айлық курстан етіп, кіші сержант шенінде 1942 жылдың тамызында майданға аттанады.

25-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының қү-рамына қабылданған ол Дон өзе-нінің батыс бетіндегі плацдармда неміс басқыншыларымен бес ай бойы кескілескен ұрыс жүргізеді. Ақырында 1943 жылдың 10 қаңтарында жаудың шебін бұзып, шабуылдың алдыңғы қатарында жүре сол маңдағы бірталай елді мекендерді немістерден азат етеді.

Борисоглевск қаласы маңындағы шиеленіскен ұрыс барысында Тай Елеусізов контузия алып, госпитальға түседі. Алайда, тез айығып, 25-ші гвардияның әуе десанты дивизиясының сапына қосылып, Белгород қаласын жаудан азат етеді. Полтаваны неміс басқыншыларынан тазарту барысында оң аяғынан жарақат алады. Содан кейін Ақмола қаласына, кейіннен Қорған қаласындағы 213-ші танк бригадасының қарамағындағы запастағы полкқа жіберіледі.

Онда арнайы дайындықтан өтіп, 1944 жылдың желтоқсанында Нижний Тагил қаласынан "Т-34" танкісін алып, 1945 жылдың екінші ақпанынан бастап Шығыс Пруссия жерінде 20 күндік курстан өтісімен Тай Елеусізов кіші сержант шенінде танк командирі болады. Өз танкісімен жауға қарсы 16 рет шабуыл-ға шығып, Шығыс Пруссиядан Балтық теңізіне дейінгі аралықты жаудан азат етеді. Кенигсберг пен Доисик қалаларын неміс әскерлерінен бөліп тастайды.

Сол соғыста танк командирі Тай Елеусізов экипаж мүшелерімен бірге екі аяғынан жарақат алып, Самарқанд қаласындағы №3964 эвакуациялық госпитальға жөнелтіледі. 1945 жылдың тамыз айында арнайы комиссия Тай Елеусізовті 2-топ-тағы мүгедек деп шешім шығарып, әскер қатарынан босатады.
Елге оралысымен өмірінің соңына дейін Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылында тұрып, қырық жылдан астам ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Зайыбы Шәмшат Қасенқызы екеуі 14 бала тәрбиелеп өсірген.

Бұл жайттардың барлығы қарт майдангер Тай Елеусізовтің 1983 жылдың 29 наурызында "Красная Звезда" газетінің редакциясына өз қолымен жазған орысша хатынан алынды.
Тай Елеусізовтің соғыстағы жүріп еткен жолын айғақтар наградалары майдангер дүниеден өткен соң анықталған. Қарт 1985 жылдың 30 наурызында дүниеден озды.

Ал соғыстағы ерлігі үшін Тай Елеусізовті екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және Ұлы Жеңістің 20, 30, 40 жылдық мерейтойлық медалдьдарымен марапаттау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы 1985 жылдың 11 наурызында шығарылған.

Ештен кеш жақсы. Осыны өзде-ріне қағида еткен майдангердің ұрпақтары ¥лы Жеңістің 70 жылдығына орай әкелерінің құрметіне Шаховское ауылының бір көшесіне оның есімін беруді және өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуды  өтінеді.                                                                                                                                                                                     

                                                           Самат Есмағи, "Солтүстік Қазақстан"                           


//Солтүстік Қазақстан.-2015. -14ақпан. -3бет.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий