Жауынгер жәдігері
Ұстаздан қалған жәдігердей жазбаларға қарап отырғанда, оның асыл бейнесі көз алдымда шуақ шашып тұрып қалатыны бар. Кейде Бейсенбай Жақашев «Ал, бала, осы айда қанша әдеби кітап оқыдың? Әлде…», дегенде оқыған кітаптарымды айтқанда: «Не түсіндің? Кейіпкерлерден алған тағылымың қандай?» дейтін секілді. Иә, өткен ғасырдың 60-70 жылдары мектепте ер-азаматтар басым еді. Араларында соғысқа қатысқан сесі де, мысы да басым айбарлылары аз болмайтын. Біз көбінде сол ағайларға қарап, бой түзейтін едік. Үлгі тұтатынбыз. Әр сөзі алтынмен апталып, күміспен күптелгендей әсерге бөлейтін. Ел, Отан, туған жер, ұрпақ дегенде адал болатын. Адамдық пен адалдықты, пәктік пен парасаттылықты, бойыңа қорғасындай қорытып құйған да – қанша жерден ақпақұлақ болсаң да, құймақұлақ күймен бет бұратынсың. Қаталдықтары да жүздерінен желдей есетін. Бірақ жат қылық танытпай, жақсылықтың иесі ретінде танылсаң мейірленіп келіп маңдайыңнан сипайтын, арқаңнан қағып, ағынан жарылып, өзгелерге үлгі етіп көрсететін. Сондай идеал мұғалімдердей болсақ деген арман оқушыға алыстан қол бұлғаушы еді. Олардың бойынан мін іздеудің өзі ағаттыққа саналатын. Ата-аналар да мұғалім десе, тік тұратын. Айтқандарын заңдай қабылдайтын да, бұлжытпай орындайтын. Тәрбие мен білімнің таразысы сол ұстаздарымыз еді. Бүгінгі мұғалімнің бәріне бірдей оқушы мен ата-ана осылай ұйып отыр дей аламыз ба? Қайдам… Алуан түрлі әңгіме желдей еседі. Ақиқатына келгенде, бүгінгі мұғалімнің бәрінің бірдей төрт құбыласы түгел дей алмасақ керек. Күнкөріс үшін күйбеңдеп жүргені. Биліктің алдында сағатымнан айырылып қалам ба деп, төменшіктеп, қалталы ата-аналардың қас-қабағын бағып уақыт өткізетіндер де баршылық. Мұны қанша жерден жалған намысқа сүйеніп бүккенімізбен орын алып келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Оның үстіне білім беру мәселесі тәжірибе алаңына айналып, нәтижесінде оқу сапасы төмендеп, соның кесірінен кәмелетке толмаған кейбір ұрпақтың аяғын теріс басуына «септігімізді» тигізіп жүргеніміз де рас. Біз бұл ойды айтудағы мақсат, білім беру ісі мен тәлім-тәрбие тағылымындағы өткеннің жақсысын бүгінмен ұштастырсақ ұтылмас едік деген ойды ортаға салу. Егер осы саланы басқаруға келген әр шенеунік өзін көрсетіп қалу үшін «реформа» жасай берсе бүгінгі, келер ұрпақ тағдыры әлекке түсе берері сөзсіз.
Қанды қырғыннан жаралы болып оралса да, өмір бойы білімнің туын көтеріп, тәрбиенің тал бесігін тербеткен, ұрпақ алдындағы қызметін мінсіз атқарған Бейсенбай Жақашев ағайдан қалған, «Ойы сергек жастарға үлгі», деп өзі айтқандай, қағазға қатталған мақалалары мен өлеңдеріне зейін қойсаң, зерделі жанның зеректігіне тәнті боласың. Осы арада ұстаздан қалған мұраны ұл-қызы көлемді кітап етіп шығарғанын айта кетсек дейміз. «Майдан дәптерінде», «Шайқас» атты мақаласында Отан қорғауға аттанған жауынгерлердің, оларды шығарып салған жұртшылықтың көңіл-күйін әсерлі бейнелейді. «Әрбір отбасы өз жауынгерлерін ет жүрегі елжіреп, қимастықпен аттандырып жатты. «Бізді сүйсең – жауды талқандаушылардың алдыңғы шебінде бол, аман, абыроймен қайт!» дейді, көпшілік. Әкелер балаларына:
«Балалар – сендерсіңдер ел қорғаны, Көрмедік мұндай соғыс ел болғалы. Орнатқан бостандықты қолдан беріп, Жауларға туғамыз жоқ жем болғалы», – деп өлең арнаса, «Балалар, өлімнен елің қымбат екенін ойларыңда сақта. Ұл тудық деп қуанғанбыз, қор туыппыз деп қорланып жүрмейік!». Бұл ақ сүтімен асыраған аналар сөзі еді. Бәрімізді қанаттандырып жіберді. Иә, бұл ата-ананың ғана емес, бүкіл қазақ халқының тапсырмасындай естілді» деп алады да майдан шебіне келген сәтті: «Бет алысымыз Волганың батыс жағы, Сталинград бағыты..» дей келіп, сұрапыл соғыста мерт болған қаруластары туралы: «От жүректі, езу жиғызбас, ер көңілді, жауға тигенде қырғидай қыбыңды қандыратын Зейтен, оқтай ұшқыр, қылыштай қиғақ Чернов, алып жүректі, ақжарқын, жас ұрпақты, Отанды ерекше сүйетін, ел ұлы Сәйтахмет, қажымас қайрат иесі, қайтпас қаһарман Атшыбай қайтыс болды. Бұларды арулап көміп, жаудан кек алуға серт беріп, әзірлік жасадық», дейді де, сол тұстағы халықтың бірлігіне майдандастарының өз жұртына деген ілтипатына ерекше тоқталып, «Жеңіске достықтың, жауынгерлердің батырлығы мен тапқырлығының, командирлердің қырағылығының арқасында қол жеткіздік. Бұл ерлердің ерлігі ешуақытта ұмытылмайтын шығар! Ұрпақтар бізді есіне алып ескерер», деп келер күнге үміт артады. Ол тағы бір жерде: «Ел едік бейбіт өскен ойнап, күліп, Сұм фашист бейбіт елге салды-ау бүлік. Не кездессе тәуекел Отан үшін, Шаршаушы ек судай жорға мініп жүріп», дейді. Осы төрт жол өлеңнің соңғы жолындағы бейбіт күн мен соғыс әлегін ұштастыра отырып, алдыңа философиялық ой тастайды. Бейбіт күнде жорға мініп жорытып жүргенде пенделікпен шаршағаным-ай деп шалқақтай кететінімізді ойға оралтып, майдан шебінде қару асынып, балшық кешіп жүргеннің өзінде шаршадым, шалдықтым демейтін ерлердің жанқиярлық ісін есіңе салады. Ал, қазақ сөзін пір тұтқан, қазақ әдебиеті мен тілінің маманы ретінде ұстаз бола жүріп, жазған өлеңдері әдемі. Майданда жүргенде нәрестелі болдың деген хатты қолына алып тұрып жазған жырында: «Ұл болса, қайсар шығар отансүйгіш, Ел үшін мұз жастанып, сауыт кигіш… Немесе Төлеген мен Нұркендей ме?», деп ұрпағының өзі секілді туған елге адал ұл болуын алға тартады. Ұлы Жеңіс жеткен күні, осыдан 70 жыл бұрын ұстаз «Қолында ту, көше ду, аузында ұран… Ай қуанып, күн күліп, жер құлпырып, Еш адам жоқ қол беріп, өбіспеген, Тылда – халық, майданда ер көңілі шат, Кеткен келіп, кем толған Жеңіс міне, Көрісетін күн туды өліспеген», деп бүкіл жұрттың көңіл-күйін өлең жолына түсірген.
Бейсенбай Жақашев ағай сабақ үстінде соғыстың қасіретін айта отырып, «Бейбіт күнге жететін ешнәрсе жоқ!» дейтін. Өзінің ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің шәкірті екенін мақтан етіп, ол кісіден алған үлгі-өнегесімен бөлісетін. Халықтың жүрегіне жол тапқан жазушы Сәбит Мұқановпен пікірлесіп тұратынын айтып, жырдың құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын жатқа оқушы еді. «Ағылған ақындардың бал бұлағы, Халықтың ардагері Ілиясы, Ілияс жігіт емес жаспақтаған, Өр мінез, өрен жүйрік тас қақпаған. Ақ күміс алтындаған өрнегі мол, Жыр қалды өлмейтұғын асқақтаған», деп өзінің өлең жолдарымен ойын түйіндейтін. Ол кісі майдандағы ерлігімен қатар, ел ішіндегі ұстаздық қызметі ерте бағаланып, 1948 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталып, оны Мәскеуде, Кремльдің төрінде омырауына қадап қайтқаны және бар.
Ардақты ұстазбен 1938 жылы шаңырақ көтерген аяулы жары, таяуда ғана 95 жасында өмірден озды. Гүлдархан анамызбен сәті түскен әңгіме барысында, ол кісі Бейсенбай ағаның ұлттың ұрпағы үшін жаралған жан екенін айтып, соғыста алған жарақаты жанына инедей қадалып жүріп, 60-қа да жетпей, 59 жасында өмірден озғанына өкініш білдіріп, артынан: «Бір тәубе дейтінім, ұл-қыз өсірдік, 9 келін түсіріп, 7 қыз ұзаттым, 14 немере, 21 шөбере сүйдім. Азаматымды соғысқа аттандырғанда енем марқұм: «Батыстың ауасы дымқыл, жері балшық дейді, құлынымның табанынан сыз өтіп жүрер ме екен», деп ауыл-үйді аралап, тері, жүн-жұрқа жинап, тон, қолғап тігіп, жүннен байпақ басып, бәріне «Жақашев Бейсенбайға» деп бізбен кестелеп жазып, майданға жіберіп отырды. Бір жылы рауғашқа бояп, қынамен бекіткен қызыл-қоңыр 50 тон, 50 жұп қолғап жібергені бар еді. «Сенің балаңнан да басқа жауынгерлер аз ба, Бейсенбайдың қолына тимей қалса қайтесің?», дегендер табыла қалғанда, «Е, қайтер дейсің, басқа бір сәбет жауынгері киіп жылынсын, бәріміз де Адам Атаның ұрпағы емеспіз бе!?», дейтін. Не деген аналық мейірім, нұрлы шуақ десеңізші!» деп өткен күндерді еске түсірген.
Иә, алаңсыз жұртты әбігерге салып, миллиондардың өмірін құрбан еткен, сол соғыстың біткеніне 70 жыл болыпты. Заман өзгеріп, дүние түрленіп жатыр. Ең басты атап айтарымыз, ондай сұмдықсыз күндерді кешудеміз. Бақыттың үлкені осы. Бақытты бағалай отырып, сол бақытты әкелуге қанын да, жанын да аямаған ардақтыларға құрмет көрсету, есімдерін кіндік қаны тамған туған топырағындағы кейінгілерден бастап, бүкіл ел болып әркез әспеттеп отыру толқын-толқын ұрпақтың айнымас парызы, мойнындағы қарызы деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.
Мәмет С. Жауынгер жәдігері // Егемен Қазақстан. - 2015. - 24 сәуір
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |