Есілден Дунайға дейін

                 

                                                              Есілден  Дунайға дейін

Менің атам – марқұм Бейсембай Сүлейменов 1942 жылдың маусым айында Андреевка ауылынан әскерге шақырылады да, тоғыз күн Ақмолада жаттығады.

Одан кейін Мәскеуге қосалқы полкке жөнелтіледі. Бір жетіден кейін атам, Ыбырайым Қасенбаев деген қазақ, тағы бір орыс жігіті үшеуіне солярка толтырылған бензин таситын машинаны Мәскеуден 80 шақырым жерде орналасқан бөлімге жеткізу тапсырылады.

Олар түнде жарық жақпай жүріп отырып, жанармайды межелі жерге жеткізуге тиіс болады.

Бірақ орыс жігіті трамвайға соғылып, көшеде қалады да, Ыбырайым екеуі түні бойы жүріп, таң ата бөлімшеге жетіп, машинаны бұтақтармен жауып тастайды.

"Қоршаудың іші жаңа машина, танкілерге толып тұр.

48 жәшік снарядымен "ЗИЛ-5" машинасын маған берді.

Пойыздың платформасына машина, танкілерімізді тиеп, Батыс майданына аттандық", — деп атам соғысқа алғаш кіріскен кездерін әңгімелейтін.

Батыс майданына 70 шақырымдай қалған жерде оларды пойыздан түсіреді де саяси жетекші: "Қасықтай қаным, шыбындай жаным қалғанша Отаным, жерім үшін неміспен соғысамын" деген мазмұнда ант жаздырып, қол қойғызып алады.

500 адам 21 танкімен соғысқа кіреді. "Батыс майданы Ржев қаласының маңайы еді.

Ағашты құлатып, танкіге, машинаға жол салдық. Жері сазды, суы шығып тұрды.

Содан Украина жерін жаудан босаттық. Мен машинаммен танкке снаряд тасыдым.

Қайтқан уақытта ауыр жаралыларды госпитальға ала келемін.

Екі мейірбике бірге жүреді", — деген атам бірде майор Гусев өзін кәрі орыс солдатымен бірге соғыс жүріп жатқан жерде танкіде қалып қойған жеті жәшік снарядты алып келуге жібергенін айтатын.

Олар тапсырманы орындауға түнде шығады. Жарық жақпай жүріп отырып, алғы шепке жақындағанда, патруль старшинасы тоқтатып, 200 метрдей жерде немістер жатқанын хабарлайды.

Тапсырманы қалай да орындау үшін олар машинаны жолдан бұрып қойып, жеті жәшік снарядты келіктеріне еңбектеп жүріп тиейді.

"1942 жылдың аяғы еді. Украинаның қалың ағаштарының іші немістерден зорлық-зомбылық көрген, аш-жалаңаш халыққа толы.

Украина жеріндегі соғыста 500 жауынгерден 43 адам ғана қалдық.

Осы ұрыстарға қатысқаным үшін "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталдым.

1943 жылдың қысында біздің полкті эшлонға мінгізіп, Сталинград майданына аттандырды.

Біз Сталинград түбіндегі Качалин стансасынан жанармай мен оқ-дәрі толтырып алып, немісті қуып, шегіндіре бердік.

Немістерді лек-легімен тұтқынға алып, айдап әкетіпжатты. Сталинград жаудан босатылды.

Сол бойы жылжып отырып Румынияның Дунай өзеніне барып тірелдік.

9 май — Жеңіс күнін Румыния жерінде қарсы алдым. 1945 жылы қарашаның 6-сы күні үйге жеттім", -дейтін атам соғысжылдарын есіне алғанда.

                                                                                                                                                                                                 Сандуғаш СҮЛЕЙМЕНОВА.  Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.


 // Солтүстік Қазақстан.  - 2015. — 4 маусым. — 7 бет .

                                                                                                                                                                                      

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий