Бір отбасыдан – төрт жауынгер

                                                                            Бір отбасынан — төрт жауынгер 

Біз, соғысқа дейін туған шиеттей балалар, ақ жаулықты әжелер мен аналардың, ақ сақалды аталар-дың, естияр апалардың арқасында өмірдің қиындығын көре қойған жоқпыз, егін алқабынан масақ та термедік.

Алайда, олардың майданда жүрген жан жарларына, ар-қасүйер балаларына деген сағынышын өз көзімізбен керіп, ащы зарын естіп өстік...
Есіл ауданындағы Еңбек ауылының тумасы Айтбай атамның ұлы Бағрамның отбасынан ел басына төнген қауіп-қатерді ер жігіттей көтеру үшін соқталдай төрт азамат аттаныпты.

Ең үлкені — Дүйсенбай Бағрамов. Тірі болса, биыл жүз жасқа келер еді. Ленин аудандық әскери комиссариатынан азаматтық борышын өтеуге кеткен ағамыз №1712 әскери бөлімнің 629-шы атқыштар полкінде қатардағы атқыш міндетін атқарыпты.

1942 жылы 20 желтоқсанда Смоленск облысында болған қатты шайқастардың бірінде қаза тапқан. Мұрағат материалына қарағанда, жауынгер Бильский ауданының Симоково селосындағы бауырластар зиратына жерленген.

Осы отбасының тағы бір мүшесі — Нұркен Бағрамұлы 1943жылы 18 жасында соғысқа алыныпты. Ол 220-шы атқыштар дивизиясының 653-ші атқыштар полкінің қатардағы жауынгері ретінде қан майданға кірген.

1944 жылы 22 ақпанда Витебск облысының Вязем ауданындағы Глушково селосы түбінде оққа ұшып, сол жердің топырағы бұйырған.
Тайғара Бағрамов 1940жылы 12 желтоқсанда 19 жасында әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып келді.

Оған "Москваны қорғағаны үшін", "Кавказды қорғағаны үшін", "Кенигсбергті алғаны ушін", "Жапонияны жеңгені ушін" медальдары дәлел. Майдан даласында басынан және сол аяғынан қатты жараланса да, емделгеннен кейін
жауынгерлік сапқа қайтадан қосылып отырған. Елге тек 1946 жылы ғана оралған. Тайғара ағатайым 1943 жылғы ең ауыр шайқастарда өңіріне таққан "Ерлігі үшін" медалі мен Қызыл Жұлдыз орденін ерекше құрмет тұтатын.

Соғыстан кейін Семейдің мұғалімдер даярлайтын институтын бітіріп, туған ауылында өмірінің соңына дейін математикадан сабақ берді, мектеп директоры қызметін атқарды.

Одан өңірімізге танымал Серікбай Майсақанов, Сабыр Ерденов, Еркін Сақ-тағанов, Бақыт Мұстафин сынды азаматтар тәлім-тәрбие алды. Тайғара Бағрамұлы 1968 жылы 48-ге қараған жасында соғыста алған жарақаты сыр беріп, қайтыс болды. Жан жары Мәну екеуі екі ұл,үш қыз тәрбиелеп өсірді.

Ұзақ жыл ағамызбен бірге ұстаздық еткен апамыз бұл күндері майдангердің шаңырағын шайқалтпай, өзі келін болып түскен Еңбек ауылында түтін түтетуде.
1916 жылы туған Есләмбек Бағрамұлы "іш жақтағы" (Ресейдегі) нағашыларының қолында тәрбиеленіп, солардың ататегімен Зұлқарнаев болып соғысқа аттанды.

Ол да жан алысып, жан беріскен шайқастардың ащы дәмін татудай-ақ татыпты. Қан майданнан бір қолынан айрылып, мүгедек болып оралды. Соған қарамастан, елде есепші, қырман меңгерушісі, мал фермасының бригадирі қызметтерін абыроймен атқарды.

Соғыстан кейінгі қиын-қыстау күндерде қатардан қалған жоқ, ауыртпалықты елмен бірге бөлісті. Есләмбек ағатайым өте ақкөңіл, балажан адам еді. Бір қолымен ат жегіп, біз сияқты балалардың көңілін аулағанды ұнататын.

Жасынан қиыншылықты көп көргендіктен бе, ағайын-туғанға деген құрметі мен көңілі де ерекше болатын. Сұм соғыстың зардабынан 43 жыл ғана өмір сүрген Есләмбек ағатайымыз әлі күнге дейін ақжарқын кейпімен көз алдымызға елестейді.

Төрт азаматын қан кешуге өз қолдарымен аттандырып, соңдарынан хабар келгенше асыға күткен әке-шешелері — Бағрам атам мен Балқия апам қан майданнан оралмаған Дүйсенбай мен Нұркенін "Келіп қалар..." деп, өле-өлгенше күтумен өтті.

Аман келген қос ұлының өзі алдымыздағы Жеңістің 70 жылдығы түгілі, жартығасырлық мерейтойын да көре алмай кетті...

Дәметкен АЙТБАЕВА, еңбек ардагері.Петропавл қаласы.


// Солтүстік Қазақстан. – 2015. – 9 мамыр. – 9 бет .

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий