Ауылымыздағы жалғыз ардагер
Ауылымыздағы жалғыз ардагер
Жойқын соғыс басталған кезде Сарыбұлақ ауылынан да Отан қорғауға 127 ер-азамат аттанды. Жан алысып, жан беріскен қан майданда солардың 48-і қаза тауып, 79-ы ғана туған жеріне аман оралды.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда олардың денсаулықтары сыр беріп, қатарлары жыл өткен сайын азая бастады. Қазір ауылымызда бір ғана ардагер қалды. Ол - Айса Сапановатамыз.
Қарт майдангер 1926 жылы өзіміздің Сарыбұлақ ауылында туған. Әскерге 1944 жылы қараша айында шақырылып, 169-шы дивизияның 556-шы атқыштар полкі құрамында Одер өзенінің жағасынан Берлинге дейінгі елді мекендерде жаумен шайқасқа қатысты. Ұлы Жеңісті жау ордасы маңында қарсы алды.
Айса атамыз Құдай қосқан қосағы Күлжиян апаймен 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді.
Екеуі жұрт қатарлы еңбек ете жүріп, ұлдарын - ұяға, қыздарын қияға қондырды. Күлжиян апайдың о дүниелік болғанына да 10 жылдың жүзі болып қалыпты. Қазіргі уақытта Айса атамыз - үл-кен әулеттің ақылшысы, жол сілтер абызы. Немерелері мен жиендерінің қызығын көруден әсте жалыққан емес.
Бүгін арамызда асқар таудай болып жүрген атамызға басымызды иіп, тағзым етеміз. Қазіргі таңда біздің азаматтық міндетіміз болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, туған жерінің адал патриоты болуға, ынтымақ пен бірлікті құрметтұтуға тәрбиелеу ғой.
Осы мақсатта Айса атамызды ұстаздар мен оқушылардың ұйымдастыруымен мектебімізде өтетін тәлім-тәрбие сағаттарына, Тәуелсіздік күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні сияқты мерекелік шараларға шақырып, көпті көрген қарттың әңгімелерін шәкірттерімізге тыңдату арқылы олардың бойына отан сүйгіштік, адамгершілік, азаматтық, ұлтжандылық сияқты адами қасиеттерді сіңірудеміз. Қарттар күнінде оқушыларымыз атайға барып, үй тірлігіне қолғабыстарын тигізіп, батасын алып тұрады.
Ардагердің омырауындағы "Отан соғысы" ордені мен жауынгерлік медальдары майдандағы жанкешті ерлігін, "Құрмет Белгісі" ордені бейбіт кунгі ерен еңбегін айғақтайды.
Жаңа жыл қарсаңында Новоишимка ауылында пайдалануға берілген 3 қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінің Айса атамызға тарту етілуі қарт майдангерге Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көрсетілген зор құрметтің бірі деп түсінеміз. "Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" деген осы болса керек.
Әсемгүл Жанғұттинова
Сарыбұлақ орта мектебінің директоры.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.
//Солтүстік Қазақстан.-2015. -29 қантар.-4бет.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |