Қымбат бейне

 

 Ұрпақтарымыздың жарқын болашағы үшін өз жанын аямағандардың бірі —    менің нағашы атам Нәби Жағыпаров. Ол 1915 жылы бұрынғы Сергеев    ауданына қарасты Балуан ауылында туған.

 Мектепте өте үздік оқығандықтан, бір жылда үш сыныпты бітіріп отырған.  Сөйтіп, 1933 жылдан бастап, яғни 18 жасынан мектепте мұғалімдік қызмет  атқарған.
 1937-1940 жылдары міндетті әскерге алынып, фин соғысына қатысады.

 1941 жылы сұм соғыс басталғанда майданға аттанады. Чехословакияны,  Польшаны, тағы басқа жерлерді фашистерден азат етуге бастан-аяқ қатысып,  соғыстың аяғына дейін болып, туған елге аман-есен оралады.

Соғыста көрсеткен ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен, "Сталинградты қорғағаны үшін", "Берлинді алғаны үшін" сияқты бірнеше медальдармен марапатталған.

Соғыс аяқталғаннан кейін мектепте еңбек жолын жалғастырады. Ұстаздық етіп, жұрт қатарлы ғүмыр кешеді. Ұстаздық қызметін де жауапкершілікпен атқарғаны үшін Қазақ КСР-нің "Халық ағарту ісінің үздігі" төсбелгісімен марапатталғанын мақтаныш етемін.

Нағашы атамның Отанға деген махаббаты, қайсарлығы, өзгеге жанашырлығы, батылдығы секілді айтып таусылмайтын қасиеттері оқ пен оттың арасында тірі қалуына септігін тигізді деп білемін.

Тек, бір әттеген-айы, от пен өлім арасынан аман келген, атадан қалған жалғыз тұяқ — нағашы атамның зейнет демалысына шығатын жылы қайтыс болғаны.
Әрине, жалғыз қызы — менің анам Айманнан жиендер сүйді. Ойы озық, өмірлік ұстанымынық, еңбекқор нағашы атам өзгелерден кісілігімен, парасаттылығымен, шын-шылдығымен ерекшеленіп тұратын.

Нағашы атам үлкен жиені болғандықтан ба екен, мені ерекше жақсы көріп, еркелетуші еді.
Атамның өмірі, жеңіске жету үшін көрсеткен ерлігі — маған үлгі-өнеге. Атамның жоқтығы үнемі сезіліп тұрады. Суретін көрген сайын бойымды сағыныш сезімі баурайды. Сол бейне мен үшін алтыннан да қымбат қазына.

Біз осы жарқын бейбіт өмірді сыйлаған, ел бірлігі, ұлттар достығы деген ұлы да қастерлі ұғымдарды қалыптастыруға ғұмырларын арнаған ардагерлерімізді еске алып, аруақтарына бас иіп, ерліктеріне тағзым етеміз.

Жеңісті ешкім біздің қолымызға әкеліп, оңайлықпен ұстата салған жоқ. Қаншама отбасын қайғы-қасірет жайлады. Ол жылдар қайтып келмесін деп тілейді бүгінгі ұрпақ.

Ұлы Жеңіс күні бәрімізге ортақ мереке болғандықтан, нағашы-атамды еске алу менің парызым. деп есептеймін.

 

 Айнагүл Қабділманқызы. Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласы.


// Солтүстік Қазақстан.  – 2015.  – 9 мамыр. – 5 бет.
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий