“Құрмет” ордені тапсырылды
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Барильченкоға "Құрмет"орденін табыс етті.
Павел Яковлевичтің үйіне барған өңір басшысы "Құрмет"орденін қарияның кеудесіне тағып, азық-түлік салынған себет пен гүл шоғын табыстады. Бүгінгі бейбіт өмір, егемен елдігіміз үшін ардагерге алғысын білдірген Ерік Хамзаұлы амандық болса, келер жылы оның бір ғасырлық мерейтойында бұдан да зор ілтипаттың көрсетілетінін жеткізді.
Соғыстың зұлмат заманын басынан өткерген абыз ақсақал қанша қиындық көрсе де, әлі тың. Орталық және Белоруссия майданындағы 2-ші әуе армиясының құрамында фашистік Германияға қарсы шайқасқан Павел Яковлевич 20 жасынан ұшаққа отырып, елді жаудан қорғаған. Кейін туған өңіріне оралып, Петропавлдағы №21 орта мектепте 20 жылдан астам
уақыт бойы директор қызметін атқарған екен.
Ұзақ жылдар бойы білім саласында аянбай еңбек етіп, талай түлекті қанаттандырғанын айтқан майдангер-ұстаз аға ұрпаққа мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін алғысын жеткізді.
Жадыра Есенгелді, "Солтүстік Қазақстан".
Суретті түсірген Талғат Тәнібаев.
Солтүстік Қазақстан. – 2015. – 9 мамыр. – 2 бет .