Ұмытылмас сәттер

                                         Ұмытылмас сәттер

Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл. Бұл — баршаға ортақ мереке. Бес жылға созылған зұлмат соғыстың бейбіт өмір қушағында жатқан елімізге әкелген зардабы ұшан-теңіз.

Қаншама адамның жүрегіне жара салып, тағдырын тәлкек еткен соғыс оты біздің отбасын да шарпып өтті. 1942 жылдың жазын ешқашан ұмытпаймын. Әлі есімде, аула іші толған халық.

Көз жасына ерік берген аналардың бірі жұбайымең енді бірі ерте ер жеткен балаларымен, бауырларымен қоштасып, соғысқа аттандыру үстінде. Көпшіліктің арасында тұрған өзімнен екі жас үлкен Нурикамал екеуімізді ағам кезек-кезек көтеріп, маңдайымыздан иіскеп, беттерімізден сүйді.

Бұрынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданының тумасы — әке-шешеміз өз елімізде турмыс-тіршілігімен біте қайнасқан адамдар еді. 1926-27 жылдары жүргізілген жер бөлісі науқанына белсене қатысып, "Қосшы" ұйымының мүшесі Кеңес үкіметінің сенімді жәрдемшісі ретінде ірілі-ұсақты жұмыстардың бел ортасында жүріпті.

Одан кейін Жаңажол" ұжымшарының алғашқы мүшелері болған. Марқум әкем Кенжеболат Қосмағамбетулы ақылды, парасатты еңбекқор адам болған. Күн ұзағьіна жұмыста жүріп, неміс, поляк, шешен отбасыларына қолынан келгенше көмек берген.

Отбасының ұйытқысы болған анамыз Нүрила Махамбетбайқызы ісмер адам еді. Ескі "Зингер" іс машинасымен үйдегілерге ғана емес дуылдың да көптеген адамдарына киім тігіп отыратыны әлі есімде.

Анда-санда терезеден көрініп тұратын»қара жолға қарайлап, соғысқа аттанған жалғыз ұлын аңсап, өлең айтатын.
Мен біраз есейген соң анамның сағыныш сазының бір шумағын жаттап алдым.

Ағашы "Казгородок" селдірегең

Қолымда ақ орамал желбіреген

Түскенде сөн есіме, жалғызым-ай,

Екі көзге жас келеді мөлдіреген

Ата-анамыздың көз қуанышына айналған жалғыз ұлдары, бес бірдей қыздың біріне аға, біріне іні бола білген Зейнолла Кенжеболатов майданға Саратов әскери училищесінен курсант болып аттанды.

Ағамыздан хат өте сирек келетін. Соғыс кезіндегі құжаттарға зер сала отыра, оның ержүрек, батыл жауынгер екеніне көз жеткізуге болады. Ол 1945 жылы Венгрияны азат ету кезінде жараланып, Вена қаласындағы госпитальда ұзақ емделген.

Сөйтіп, 1947 жылдың басында аман-есен елге келді. Омырауы толы ордендер мен медальдар. Ағамыз майдан даласынан бірінші топтағы мүгедек болыл оралды.

Біз ағамыздың үйге келгеніне балаша қуандық, ол да бізді көтеріп алып, маңдайымыздан кезек-кезек сүюмен болды.
Ал ата-анамыздың қуанышын сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Бұл біздің отбасьі үшін ең бақытты күнге айналды. Ағамызбен қайта қауышқаны-мызды тағдырдың бір сыйы деп түйіндедік.

Елде бейбіт күн орнаған соң ағамыз Алматы қаржы техникумын тамамдады. Үйленіп, шаңырақ көтерді. Өмірінің соңына дейін партия-кеңес" органдарында қызмет атқарды. 1955 жылы Тасшалқар көлінің жағасында шаңырақ көтерген "Невский" кентінде Кеңес төрағасы болды.

Осы жерде ағайым 11 жыл қызмет етіп, соңынан Уәлиханов ауданы ашылғанда сол жаққа жұмысқа ауыстырылды. Жеңгеміз Мәйникәмалдың мамандығы ұстаз.

Аға-жеңгеміз өз қатарластарының алды болып, тату-тәтті өмір сүрді. Арада 7 жыл өткеннен кейін елде жалғыз қалған ата-анасының жағдайын ойлап, қайта оралды. Ол өзі қабырғасын қаласқан "Невскийде" өмірінің соңғы күндеріне дейін зейнеткерлікке де жете алмай, 58 жасында дуние сапды.

"Ат тұяғын тай басар" дегендей, артында қалған 5 баласы — бүл күнде үлкен азамат. Әке атына кір келтірмей, өз қызмет-міндеттерін ойдағыдай атқарып жүр. Бүгінде жеңгеміз де бақилық болды. Бірақ арадағы қарым-қатынас үзілген емес. "Әкеміздің бауыры" деп балалары мені сыйлап, әр кез хабарласып тұрады.

Жасың ұлғайған сайын өткен өмірді оймен аралап, туған жеріңді, бауырларыңды, көз көргендерді сағынасың, еске аласың. Мен, әсіресе, ағайымның еркелетіп, соғысқа кетерде, келгенде, мені тұрмысқа ұзатқанда маңдайымнан сүйгенін көз алдыма елес-тетсем, көңілім босап, сағыныш сезіміне бөленемін.

Бұл да өмірдің бір қызығы екец ондай сәттерді ұмыту мүмкін емес. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ағайымның туған жеріндегі мектепте еске алу бұрышы ашылады деп жоспарлануда. Бұл — ағайымызға көрсетіп отырған құрметіміздің бір нышаны.

Ұлы Отан соғысына біздің отбасымыздан тағы бір адам кеткені жайында жазғанды жөн санадым. Біздің әке-шешеміз сондай мейірімді жандар болған.
Тағдырдың жазуымен әкеміздің бір қарындасы тұрмысқа шығып, балалы болғанда жұбайымен бірге қайтыс болған.

Сонда жетім қалған 6 айлық Дәуіт деген баланы әке-шешем өз бауырларына салған.

Ата-анам 1916 жылы дүниеге келген қызы Халимамен егіз қозыдай етіп өсірген. Қамқорлықтың арқасында жетімдік дегенді білмей ескен жиен ағамыз ер-жеткенде ата-анамыз үйлендіріп, Алқатерек деген ауылға отау қылып шығарған.

Бой десе бойы, ой десе ойы бар ағамыз ұжымшар төрағасы болыл істеген. Зұлқиза жеңгеміз Еркін есімді ұлды өмірге әкеліп, ата-ананың қуанышын екі еселей түскендей болды.

Міне, осылай сүттей ұйып отырған отбасы соғыс басталғанда азаматын майдан даласын қимастық сезімміне шығарып салған .
Дәуіттен жалғыз ғана хат келді. Ол арабша жазылған.

Кейін оны қазақшаға аудартып алдық. Қазір жиен ағамызды сағынған кездерде өз қолымен жазған хатты оқып, мауқымызды бір басып аламыз. Майданға аттанған Дәуіттен "қарақағаз" шамамен 1948 жылы келген Бірақ жауынгеріміздің жерленгөн жері белгісіз.

Оның ұлы Еркін — бүгіндө жетпісті алқымдаған ата, зейнеткер. Есін білгелі Еркін әкесінің денесі жерленген жер табылып қала ма деп, іздеумен болды. Бірақ, өкінішке қарай, әлі де ешбір хабар жоқ. Бір қуанарым, артында қалған ұлы үйленіп, балалары бар.

Қазір ашық аспан астында алаңсыз бейбіт күн кешіп жатқанымыз арыстай азаматтары-мыздың арқасы. Олай болса, олардың әрқайсысының есімін есте сақтап, құрмет-қошемет көрсету — біздің парызымыз. Менің бүгін қолыма қалам алып, соғысқа қатысқан бауырларым туралы жазып отырған себебім де осы.

Бақыт  БЕКАХМЕТОВА, зейнетқер.Петропавл қаласы.


// Солтүсітік Қазақстан. – 2015. – 9 мамыр. – 13 бет.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий