Көпекбаева,Ә. Тарих сабағында / Ә.Көпекбаева // Қазақ тарихы.-1995.-№3.-С.69-70
Ұлы Абай шығлрмаларын тарих пәнін оқытканда үнемі пайдаланып келемін. Әсіресе,5,8, 9-кластарда Қазақстан тарихы, 6-класта Ежелгі дүние
тарихы сабақтарында жиі пайдаланамын. Мысалы, 9-класта «ХVIIІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті және басқа халықтармен мәдени байланыс» тақырыбын өткенде Абайдың 25-ші қарасөзінен үзінді келтірдім. «Орысша оқу керек, хикмет (керемет, ғажайып, сыр, ақыл) те, мал да, өнер де, ғылым да орыста тұр. Зарарынан қашық болуға — тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Сен оның тілін білсең көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі сонымен бірдейлік дағуасына (теңесу) кіреді, аса арсыздана жалынбайды...» Мұнда ойшыл ұстаз орысша оқып, тілін білу арқылы орыстың залалынан қашық болып, пайдасын көр, сонда қор болмайсың дейді.
«Интернатта оқып жұр» өлеңінен де үзінді алып, талдап түсіндірдім.
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта
Ерінбей оқып көруге
.................................
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге, — деген өлең жолдарын пайдалана отырып түсіндірдім. Осы тақырып 9-кластағы «Қазақстандағы халық ағарту ісі», «Ы. Алтынсарин және Абай Құнанбайұлы» сабақтарында да оқытылады. Мұнда да Абайдың 25, 38-қара сөздеріндегі «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі — надандық, екіншісі — еріншектік, үшіншісі — залымдық деп білесің.
Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды, білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады.
Залымдық — адам баласының дұшпаны» — деген жолдардан үзінді келтіріп, түсіндіріп, Абай шығармаларының терең, ойлы мазмұны ұрпақтарға өшпес мұра екенін көрсеттім. Сонымен қатар мұнда «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдерінен өзінді келтіріп, мәнін ашып түсіндірдім.
9-кластағы «Он тоғызыншы ғасырдың аяғындағы Қазақстанның саяси- әлеуметтік дамуы» тақырыбын өткенде сол кездегі патшалық Ресейдің отарлау саясатын, ел ішіндегі талас-тартысты, патша шенеуніктерініћ езгісін, парақорлығын қарапайым халықтың текке жем болуын көрсете отырып, Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінен үзінді келтіріп, талдап түсіндірдім.
Осы тақырыптың «Сот ісіндегі өзгерістер» тақырыпшасын түсіндіру барысында балаларға Абай жазған «Абайдың 76-статьясы» деп таралған, демократиялық негіздегі заң реформасын айтып кеткен жөн. Бұл заң 1885 жылы орта жүз руларының төтенше съезінде қабылданды (Семейден 70 шақырым жердегі Қарамола деген жерде өтті). Осы еңбегі арқылы Абай ескіден келе жатқан даналықтың дәстүрі — әділ би болуды дәлелдеді.
1885 жылы «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесі» қабылданды. Оның: «Болыстық съездерде даулар үлкендігіне, сомасына қарай бітіріледі. Төтенше съездерде ұлықтардың өмірі бойынша әрбір уезд өзді-өзі арасындағы дауларын кезектесіп бітіреді» — деген 1-бабын оқи отырып, мазмұнын түсіндірдім.
6-кластағы «Ежелгі дүние тарихынан», «Македон монархиясы» тақырыбын өткенде Абайдың «Ескендір поэмасы пайдаландым. Алдын ала үш оқушыға поэмадан үзінділер бергенмін. Ескендір патшаның бейбіт елдерге шапқыншылық соғыс ашқанын айта келіп, алғашқы екі шумақты өзім оқыдым:
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? Македония шаһары оған мекен. Филипп патша баласы, ер көңілді, Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен. Филипп өлді Ескендір патша болды, — дей келіп, оның сұмдық әскер жинағанын, күтінбеген елді қырып-жойғанын, ханды өлтіріп, қаласын тартып алғанын айтып, Ескендірдің бейбіт халықты қырғынға ұшыратқанына оқушылар назарын аудардым. Одан әрі алдын ала дайындалған үш оқушы поэма оқиғасын баяндайтын өлең шумақтарын жатқа оқыды. Өзім керекті жерінде түсінік беріп отырдым. Сөйтіп, тақырыпты бірлесіп игердік.
Сабақты қорытқанда Абайдың бұл поэманы тарих мәліметтеріне сүйеніп жазғанына назар аудардым. Адам көзі ешнәрсеге тоймайды, тек өліп, көзіне құм құйылғанда ғана тояды. Ал, бұдан сабақ алған Ескендір патша әскерін алып, еліне қайтады, — деп балаларға түсінік бердім.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |