Ассамблея ханшайымы

 Әбдекей туып, құс тұмсығымен еріген қардан су іше бастаған көктемнің алғашқы күндерінде облыстық Достық үйінде «Ассамблея ханшайымы» атты мерекелік шара өтті. Еліміздегі алғашқы қоғамдық келісім орталығы – Достық үйі мен «Ынтымақ-Содружество» жастардың қоғамдық ұйымы мұрындық болған шара биыл Елбасы Жарлығымен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналды. Мерекелік жиында өңірдегі этномәдени бірлес­тіктердің өкілдері көпбалалы ана­ларға құрмет көрсетіп, райхан гүлдерін сыйлады. Олар­дың қатарында Достық үйін­дегі «Мұсылман әйелдер» қоғам­дық бірлестігінің мүшесі, «Ақниет» ансамблінің әншісі Майра Мүрсәлімова, корей этномәдени бірлестігінің өкілі, үшінші дәрежелі «Батыр Ана» медалінің иегері Галина Цой, белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы, «Крыничка» ансам­блінің мүшесі Галина Жам­пейісова, Өскемен қаласының құрметті азаматы, «Мұсылман әйелдер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбарам Етекпаева бар. Аталған аналардың барлығы өңірдегі ұлтаралық татулықтың нығаюына сүбелі үлес қосумен бірге, әрқайсысы бес баладан тәрбиелеп отырса, Галина Цой өз балаларымен бірге екі өкіл баланы аналық қамқорлығына алған.

Кеште өңірдің этномәдени ұйым­дарының жас арулары «Ассамблея ханшайымы» фести­валіне қатысып, өздерінің ұлттық киімдері мен мәдениетін, салт-дәстүрін паш етті. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айгүл Бөкейханова Тар­бағатай ауданынан келген екен. Қазір С.Аманжолов атындағы ШҚМУ филология факультетінің 4-курс студенті. Өткен жылы «Қазақ аруы» байқауында 1-орын алған Айгүл қазақтың зерлі, әсем киім үлгілерін көрсетумен бірге, көркемсөз оқудан алдына жан салмайтынын байқатты. Ал Алена Старостина корей мәдениетін таныстырды. Ол ақпараттық технологиялар саласында көптеген халықаралық марапаттарға қол жеткізген, көркемөнермен шұғыл­данады.

Украин мәдени бірлестігінің өкілі Регина Строкова – үстел теннисі бойынша спорт шебері, түрлі деңгейдегі шығармашылық байқаулардың лауреаты. Чешен этномәдени бірлестігінің атынан қатысқан Сара Габилова төрт жыл бойы түрлі ұлттардың би өнерін зерттеумен шұғылданып келеді екен. Ал белорус мәдени бірлестігінің өкілі Анна Зорина полиатлонмен айналысатын және өлең жазатын көрінеді. Василя Хасанзянова болса, «Яшлек» ансам­блінің әншісі, татар тілі мен әдебиеті бойынша өткен халық­аралық олимпиаданың же­ңімпазы атанған өрен. Әрине, қатысушылардың барлығы да өнерлі, талантты жастар. Олардың ішінде молдаван, араб, орыс және армян ұлыстарының ұлттық ерекшеліктерін лайықты деңгейде көрсете білген дарынды жастардың өнері де көпшілікті сүйсінтті. Этномәдени бірлестіктердің жас­тары кеш соңында түрлі аталым бойынша марапатталып, демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

Еліміздің қоғамдық келісім саясатын нығайту, Ассамблея институтының маңызын арттыру бағытында өткен кеште облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев, Достық үйінің директоры Элдар Төлеубеков сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды көктемнің өткен және алдағы шуақты мерекелерімен құт­тықтады.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.


Анаш Д. Ассамблея ханшайымы // Егемен Қазақстан. - 2015. - 14 наурыз

Возможно вам будет интересно

Ұлы істердің жаршысы

Ұлы істердің жаршысы

Биылғы жылы Қазақстан айтулы мерекені – Конституциямыздың 20 жылдығын атап өтеді. Жиырма жыл &... Читать полностью.

Кузенный А. Штучный директор: [С.Звольский] // Казахстанская правда. - 2013. - 14 июня. - С.31

Кузенный А. Штучный директор: [С.Звольский] // Казахстанская правда. - 2013. - 14 июня. - С.31

Перед казахстанским аграрием снимают шапку коллеги из Израиля, а их, особенно что касается новых тех... Читать полностью.

Ерлігін ел ұмытпас ерлеріміз   Ескендір Дәуітов

Ерлігін ел ұмытпас ерлеріміз Ескендір Дәуітов

 Ескендір Дәуітов Ол 1923 жылы Омбы облысының Есілкөл қаласында ту... Читать полностью.