Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу қазақстандықтардың отаншылдық сезімін өрлете түсті.
Сығанақ сыры тереңде
Моңғол шапқыншылығының алғашқы кезеңінде Қазақстандағы қарқынды дамуға бет алған отырықшы және қала мәдениеті аяусыз талқандалғанымен, ХІІІ ғасырдың орта шенінде Оңтүстік өңірдегі қала тіршілігі біршама жандана түскені байқалады. Қалалар қайта еңсе көтеріп, сауда және дипломатиялық байланыстар торабына айналып, халық тұрмысы жақсара түскені тарихи шындық. Жазба деректер мен археологиялық қазба олжаларына зейін салған тарихшылар Сырдарияның Отырар, Зернұқ, Сауран, Ясы, Сығанақ қалаларын айрықша атайды.
Моңғол шапқыншылығының зардаптарын жоюдың мерзімі жөніндегі талас-тартыстарды жан-жақтылы қарастырған Е.А.Давидович Орта Азияда, Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда әмірші-көпес Масудбектің 1271 жылы бастаған ақша реформасы мейлінше маңызды болды деп санайды. Ол сондықтан: «…Орта Азияның қала өмірі мен ақшалы саудасын ішінара қалпына келтіру үшін берік те жеткілікті қолайлы жағдайлар пісіп-жетілген уақыт ХІІІ ғасырдың соңғы ширегі деп есептеуге болады», деген қорытындыға тоқтайды. Қазақ археологтарының кейінгі қазба материалдары ғалымның дұрыс қорытынды жасағанын дәлелдеп келеді.
Аталған өңірлердің экономикасы мен қала мәдениетінің өркендеуінде ХІV ғасырдың бас кезінде Ақ Орданың қарамағына өтуінің тарихи маңызы зор болды. Осыған орай, Ақ Орданың билеушілері көшпенділер мен отырықшы халықтардың экономикалық байланыстарын қалпына келтіру үшін астанасын Сығанақ қаласына ауыстырды. Алтын Орда ханы Ерзеннің билігі тұсында Сыр бойы қалаларында құрылыс қарқын ала бастағаны белгілі. Сасыбұға, Ерзен, Мүбәрак және Шымтай хандар тұсында саяси-әскери жағдайдың біршама тұрақтануы қалалардың экономикалық өрлеуіне себепші болды. Дегенмен ХІІІ ғасырдың орта шенінде, әсіресе, Жетісуда егіншілік пен қала өмірінің құлдырауы басталып кетті. Соның кесірінен Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Қаялық қалалары күйреді.
Мұндай апатты жағдайдың пайда болуына себепкер болған тарихи фактор ретінде Жетісу аймағының саяси жағынан үш бөлікке бөлектеніп кетуін, соның салдарынан бұл өңірге көшпенді шаруалардың көптеп көшіп келуіне байланысты отырықшылардың егістік жерлері мен бау-бақшалары қиратылып жайылымға айналдырып жіберілуін айтуға болады. Бұл туралы В.В.Бартольд өз еңбектерінде арнайы тоқталған болатын.
Жетісудағы жалпы жағдайдың осылай құлдырауына қарамай бірқатар елді мекендерде отырықшылық мәдениеті сақталып қалғанын археологиялық қазбалар айғақтайды. Қираған қалалардың отырықшы халқы түгел босып кетпей қала мәдениетінің дәстүрін шама-шарқынша жалғастыра бергені байқалады. Талас өңірі мен Тараз және Отырар алқабында бой көтерген үлкенді-кішілі елді мекендердегі құрылыстарда бұрынғыша мұнаралы дуалдармен қоршалған тұрғын үй, қоғамдық және діни орындар кешені пайда болады. Құрылыс алаңдарын қала қақпаларымен жалғастырып жатқан үлкен көшелер кесіп өтсе, қала сыртындағы аумаққа қолөнершілердің маһаллалары мен құрылыстары, бау-бақшалары орналасқан.
ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІV ғасырдың бірінші жартысында қалалық тұрғын үйлердің жаңа үлгілері пайда бола бастайды. Жаңа үлгідегі үй дегеніміздің бір ерекшелігі, бір орталыққа орналасқан шағын ауласы бар екі немесе үш бөлмелі үйлер болатын. Тұрғын жайлардың құрылысы күрделене келе көп бөлікті үйлер, әр бөлікте кемінде үштен, алты бөлмеге дейін болғанын кейінгі қазба жұмыстары дәлелдеді.
Тұрғын үйлер құрылысындағы соңғы жаңалықтарды топтастыра айтар болсақ, үйді мұржалы әмбебап тандырмен жылыту, сәкі көлемінің ұлғайтылуынан көруге болады. Бұл жағдай сол дәуірдегі Оңтүстік Қазақстан мен Хорезм және Алтын Орда қалаларының да тұрғын үйлеріне ортақ сипат береді. Демек, осынау ұлан-ғайыр аумақта орналасқан халықтардың қоғамдық дамуына тән ортақ үдерістер мен ортақ этномәдени байланыстар үздіксіз жалғасып жатты деп топшылауға болады.
Қала бекіністерінің жай-күйі де бұл өңірдегі әскери-әкімшілік құрылымдарымен ұлыс билеушілерінің билік құзіретіне тікелей байланысты болып отырды. Моңғол шапқыншылығының алғашқы кезеңінде қала бекіністерін әдейілеп қиратып тастап отырғанын Марко Полоның: «Моңғолдар кезінде әскердің кіруіне кедергі жасай алмауы үшін қалалардың дуалдары мен қақпалары болуына рұқсат етілмеген. Осылайша ауыздықталған халықтар тынышталады және теріс мінез көрсетпейді», деген жазбасынан білуге болады. Ұлыстар билігі орнығып, өз қарамақтарындағы ел мен қалалардың амандығын сақтап, экономикасын көркейту үшін ХІІІ ғасырдың соңын ала қала бекіністерін қайта нығайтып, қауіпсіздендіруге ұмтылғанын көреміз.
Отырар, Ясы, Сығанақ қалалары мен Сайрам қала бекіністерін нығайту бұл аймақты Шағатай ұрпақтары билей бастаған ХІІІ ғасырдың соңғы ширегіне тура келеді. Моңғол ұлыстары билігіндегі Қазақстан қалалары мен ірі елді мекендеріндегі этномәдениетті зерттеу ісі қазақ археологтарының соңғы жылдарда тапқан қазба материалдары арқылы, сенімді деректік негізге сүйеніп, жүйелі қолға алына бастады. Атап айтқанда, Отырар, Күлтөбе, Түркістан, Сауран, Тараз қатарлы қалаларда жүргізілген қазба жұмыстары барысында қолөнер жәдігерлерінен қыш-құмыра, керамика өндірісінің өркендеу деңгейін айқындауға мүмкіндік туды. Сол арқылы қолөнер шеберханаларының сипаттамасы және өндірілетін өнімдер жөнінде нақты сараптама жасалатын болды. Отандық тарихшы, этнографтары мен археологтарының зерттеу жұмыстарын сеніммен ғылыми дәйектеуіне осы қалалардан табылған кешенді кірпіш күйдіру кәсібі мен мыс және қола құю кәсібінің, сондай-ақ, зергерлік пен шыны жасау кәсібінің даму деңгейін көрсете алатын аса жоғары сапалы бұйымдардың көптеп табылуы айтарлықтай материалдық база болғаны белгілі.
Моңғол ұлыстары билігі кезіндегі Қазақстан мен Орталық Азияның қала мәдениеті жөнінде айту үшін ондағы керуен жолдары мен сауда, ақша айналысы туралы тоқталудың маңызы зор. Бұған дейін де атап өткеніміздей Моңғол шапқыншылығы кезінде қалалардың қиратылуы, егіншілік алаңдарының жойылып кетуі қала мен даланың саудасына орасан зор зиян келтірсе де халықаралық сауда жолдары кедергісіз жұмыс істей берді.
Қытайды, Моңғолияны Орта Азиямен, Орта және Таяу Шығыспен, Еуропамен жалғастырып жатқан Жібек жолындағы барыс-келіс, сауда тоқтаусыз жүріп тұрғанын Моңғол астанасы Қарақорымға дейін сапар шеккен еуропалық саяхатшылар мен дипломаттар, саудагер көпестер жазып қалдырған естеліктерден белгілі. Жазба деректерде атап көрсетілгеніндей, ХІV ғасырдың алғашқы жарымында Жібек жолында қалыптасқан қолайлы жағдай Ақ Орда қалаларындағы экономикалық және мәдени өмірдің гүлденуіне, сондай-ақ Сарай Бату мен Сарай Беркенің өркендеуіне тікелей байланысты болатын.
Алтын Орда мен Ақ Орданы жайлаған соғыс ылаңдарының кесірінен 1370 жылдан былай қарай трансазиялық жолдың жүйесі бұзылып, ХІV ғасырдың орта тұсында Жетісу қалалары, Алмалық, Қаялық, Талхиз, Екіоғыз, Ілебалық қаңырап қалды. Солай бола тұра, бұл аймақтағы ел өмірі жаңа жағдайға қарай бейімделу үшін ақшалы сауда айналысына реформа жасау қажеттілігі туған еді.
Зерттеушілердің анықтауынша реформаторлық саясаттың негізін 1251 жылы ұлы хан деп жарияланған Меңгу хан қалаған. Оның саясатын қолдап дем беруші әрі империя аумағында жүзеге асырушы әмірші көпес Масудбек болғаны белгілі. Масудбектің ақша реформасы жөнінде шығарылған декрет (1271-1272 ж.) ХІІІ ғасырдың соңына таман толық іске аса бастаған сияқты. Өйткені, Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісудың қалаларында бағалы күміс теңгелер тұрақты түрде соғылып сауда айналымына шығарылып отырған. ХІІІ ғасырдың соңғы ширегінде жұмыс істеген 15-тен астам теңге сарайлары болған. Сол қатарда Отырарда, Таразда, Кенжеде, Жентте теңге сарайлары қарқынды жұмыс істеген. ХІV ғасырдың орта шенінде, Ерзен хан тұсында Сығанақ қаласында Ақ Орда хандары атында күміс теңгелер шығарыла бастаған деп жазады зерттеушілер.
Бұған дейін айтылғандарды түйіндер болсақ, Отырар жазирасы мен Сайрам-Тараз өңіріндегі қалалардың экономикасы мен саудасы, ақша айналымы ХV-ХVІ ғасырлар тоғысында бұрынғы даму деңгейінен асып, товар-ақша қатынастары барынша дамыған деуге болады. Ал, мұндай даму үрдісіне жағдай жасаған негізгі күш 202 жыл бойы (1226-1428) салтанат құрған Сығанақ қаласын астана еткен Ақ Орда хандығының гүлденуі мен әскери күш-қуатының артуы болып табылады.
Соңғы жылдардағы жан-жақты ізденістері мен зерттеу қорытындысына сүйенген профессор Зардыхан Қинаятұлы Ақ Орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп, ал оның Ертіс бойындағы Ордасын Сыр бойындағы Сығанақ қаласына әкеліп орнатқан (1309-1315 жылдар) уақытын Ақ Орданың гүлденіп, еңсе көтерген тарихи жеңісі деп есептейді.
Қазақ тарихында айрықша орны бар Сығанақ қаласы жөнінде аздап тоқтала кеткен жөн сияқты. «Худуд ал-Алам» арқылы Х ғасырда белгілі болған Сығанақ өзінің географиялық орналасу жағдайының аса қолайлылығына қарай ХІ ғасырдан бастап таныла бастайды. Х ғасырда өмір сүрген араб географы ал-Мукаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Екі қаланың ара қашықтығы 24 фарсақ (160 км). «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Ол ежелгі түрік қалаларының бірі, мұсылман деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-куфр» (дінсіздердің ордасы) атанып келген. Себебі, Сығанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, тәңірге табынған көшпенді Қыпшақ хандығының астанасы еді.
«Абдулла-намеге» сүйенген академик В.В.Бартольд: «Ол ежелден бері Қыпшақ хандарының астанасы», деп жазған.
Тизенгаузенге сілтеме жасаған профессор З.Қинаятұлы Сығанақ қаласының Ақ Орда кезіндегі жағдайы туралы былай дейді: «Моңғол шапқыншылығынан кейін Сығанақ Жошы ұлысы, оның әскери сол қанаты Ақ Орданың билігіне өтті. Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасыбұқаның тұсында (1309-1315) Жошы ұлысының орталығы Ертістен Сығанаққа аударылды. Осы кезден бастап Сығанақтың қайта өрлеу дәуірі басталды. Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю жолға қойылды.
Ерзен хан 25 жыл билік құрып, 1344/1345 жылы дүние салып Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы хан – Орда Ежен әулетінен тараған Ақ Орда ақсүйектерін жерлейтін атақорыққа айналды. 1361 жылы Орда тағына Шымтайұлы Орыс ханның келуі арқасында Ақ Орда мемлекеті және оның астанасы Сығанақтың өрлеу дәуірі болып табылады».
ХІV ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда ханы Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырады. Дешті даласының атақты хандарының сүйегі қалай да Сығанаққа жерленіп, қабірінің үстіне кесене тұрғызылатынын жылнамашы Фазлалах Ибн-Рузбихан Исфахани өзінің «Михман-наме Бұхар» атты еңбегінде анықтап жазған болатын. Сығанақ қаласы ол жылдарда талай рет қолдан-қолға өтіп күйзеліске ұшырап отырды. Әмір Темір 1395-1396 жылдары Тоқтамысқа қарсы жорықтан қайтқан жолында
Сығанақты қиратып, таланға салғандықтан қала тіршілігі құлдырап кеткені белгілі. Ал, Орыс ханның ұлы Құйыршықтың Жошы ұлысы билігіне келуіне орай пайда болған жағдайды тарихшы К.А.Пищулина: «Оңтүстік Шығыс Қазақстан (Ақ Орда) орталықтанған ежелгі түрінде болмаса да өзіндік мемлекеттік жүйесін сақтап қалды», деп бағалаған. Өйткені, Барақ хан Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста жеңіске жетіп, Сығанақтың қайтадан еңсесін тіктеп, өркендеуіне жол ашқан болатын. Бұл тарихи жеңіс ретінде бағалануға әбден лайық еді.
Қазақ мемлекеттілігі тарихында және мемлекет тарихында ерекше орны бар Сығанақ қаласы талай құлау мен ойрандалудың, өсіп-өркендеудің шырғалаңдарынан аман өтіп Ақ Орданың орталығы ретінде тарихта қалды. Сығанақ қаласының киелі һам тарихи орын ретінде қазақ мемлекеті тарихындағы мән-маңызы, рөлі жөніндегі әр замандағы, әр ел жиһангездері мен тарихшыларының пайымдауларын зерделеген профессор Зардыхан Қинаятұлының ой-топшылаулары ғылыми тұжырым ретінде бағалануға лайық секілді. Ол туралы тарихшы: «Бірінші – Ақ Орда Жошы ұлысының әскери сол қанаты ретінде қазақ даласының төрінде, бұрынғы Қыпшақ хандығының негізінде құрылуы, билікке Шыңғыс хан әулеті өкілдері келгенімен қазақ қоғамының дәстүрлік сыр-сипаты орасан зор өзгерістерге ұшырай қоймағанын; екінші – Ақ Орданың территориясы (Ертістен Сырдарияның құйғаны, Саураннан Арал, Қараталдан Төменге дейін) қазіргі Қазақстан аумағының көлемді бөлігін (шамамен 60-70%) қамтитынын; үшінші – Ақ Орда халқының негізгі бөлігі қазіргі қазақ халқын құрап отырған байырғы тайпалар (үйсін, қаңлы, дулат, арғын, қыпшақ, найман, жалайыр қатарлы) құрайтынын; төртінші – Ақ Орданың шаңырағын алғаш көтеріскен Жошы хан ұлы Орда Еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан Ақ Орданың алғашқы билеушісі, қазақ хандарының атасы деп танылатынын; бесінші – қазақтың алғашқы ресми қарулы қолы «Алаш мыңдығы» Орыс ханның тұсында Сығанақта жасақталғаны, мыңдықтар ақ, қара жал ту ұстап «алаш» деп ұрандап жауға шапқанын, ел, жерінің тұтастығын жанкештілікпен қорғап қалуын; алтыншы – Ақ Орда дәуірінде Шыңғыс ханнан тараған қазақ хандары әулеті (Орыс ханнан Кенесарыға дейін) қалыптасуын; жетінші – Ақ Орда дәуірінде Алаш ұраны – ел ұранына айналып, қазақтың бірлігін дәріптейтін мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілгенін; сегізінші – Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде қыпшақ-қазақ тілі елдің жазба тіліне айналғанын; тоғызыншы – Ақ Орда кейін «Қазақ хандығы» атымен Қазақ мемлекеті құрылуының алғышарты», болғанын алға тартады.
Қорыта айтқанда, кезінде Қазақтың айбарлы астанасы болған Сығанақтың тарихи қызметін әділ һәм ғылыми тұрғыдан бағалап, археологиялық қазба жұмысын жалғастырып, оны ашық музейге айналдырып, кіре беріс қақпасына «Ақ Орданың астанасы – Сығанақ» деп жазылған ескерткіш тас орнату – әділеттілік болар еді.
Ақ Орда дәуіріндегі қыпшақ-қазақ жазба тілінде жазылған белгілі туындының бірі – Шахрух ақынның ел ордасы Сығанаққа арнап жазған мадақ жыры болатын.
Профессор Зардыхан Қинаятұлының бүгінгі қазақ тілінде мазмұндаған ол өлең мәтіні мынадай:
«Әйгілі қала Сығанақ,
Дешті Қыпшаққа өтер жолы – қақпасы.
Дештіге келер қонақтар,
Саған келіп тірер еді ат басын.
Түркістанның орталығы – шебі едің,
Барша жанды тыныштыққа кенедің.
Ежелден-ақ ғалымдардың мекені,
Белгілі еді тыныш қала екенің.
Сенде туды Нихаяның ілімі,
Тарады сенен «Хидаяттың» білімі.
О, Сығанақ, қақпаларыңның шаңын сүйіп жылар ем,
Қайта тусам Сығанақта туар ем!».
Бұл жырдың мазмұнынан аңғарарымыз – Моңғол ұлыстары билігіндегі Жошы ұрпақтарының әлдеқашан қазақтанып, мұсылманданып кеткен дәуіріндегі Орда тілінің қандай болғаны және Ақ Орда астанасы Сығанақтың зиялылар мен Дешті Қыпшақ халқы арасында мәртебесінің биік болғаны еді.
ХІV-ХV ғасырлардан былай қарай Жошы ұлысы түрік, моңғол, араб, парсы, славян халықтарының өркениеттері тоғысқан мәдени орталыққа айналды. Ғылым, білім, мәдениет барынша өркендеді. Сәулет өнері де жақсы дамыды. Ірі қалалар, мешіт, медреселер салу үшін Византия, араб, парсы елдерінен қолөнершілер мен сәулетшілер әкелінді.
Ақ Орданың астанасы болған Сығанақтың көркі мен маңызына ерекше мән берген Фазлаллах Ибн Рузбиханның: «Сығанақ Дешті тұрғындарының қажетіне қарай барлық жағдайлар жасалған нағыз орталығы болып саналады. Мауреннахр өңірлерінің және шығыстан Қашқар, Хорасанға дейінгі аймақтардың көпестері Сығанаққа жиылады», – деп жазуы сол заманның тарихи шындығы болатын.
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты.
АЛМАТЫ.
*Оқиғаға орайлас ой
Фабио ГРАССИ, Римнің Ла Сапиенца университетінің профессоры:
– Мен Қазақстан ғалымдарымен соңғы жылдары тиянақты жұмыс істеп келе жатырмын. Тәуелсіз Қазақ елінің арғы-бергі тарихымен танысқанда, бұл елдің тек тамыры тереңде жатқанын танып-білдім.
Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту барысындағы алқалы жиындар, ғылыми конференциялар, «Қазақ Елі» алаңындағы этноауыл, «Барыс» мұз айдынындағы үш ғасырлық көрініс – бәрі де ерекше әсерге бөледі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиындағы терең мазмұнды баяндамасынан да мол мағлұмат алдым. Қазақ жұртының атақты батырлары мен хандарының ерліктеріне қанықтым. Сонымен қатар, береке-бірлігі жарасқан тату мемлекеттің бүгінгі тыныс-тіршілігінен де хабардар болдым.
Назарбаев Университетте «Мәңгілік ел» деген тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Шығыс пен Батыстан келген ғалымдар азаттығын алған, өз мемлекетін құрған елдің тарихы туралы жасаған баяндамаларында келтірген деректер ерекше таңданыс тудырды.
Мен өз тарапымнан италияндық ғалым ретінде екі мемлекеттің ынтымақтастығына үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын.
Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен академиялық ұтқырлық, қос дипломдық білім беру бағдарламасы жөнінде меморандум жасалуда. Ал бұл меніңше екі университет үшін құптарлық жағдай. Жалпы, төрткүл дүниемен достық қарым-қатынас жасауда Қазақ елінің үлгісі кімге де болса өнеге. Білім мен ғылымда жаттық болмайды. Ғылымның әлемдік деп аталуы да содан шығар.
Италия елі Қазақстанның неғұрлым ірі сыртқы сауда серіктестерінің қатарына кіретінін де айта кетсем деймін. Біз соған дәнекер болып жүрміз. Қазіргі кезде бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс жасап, құрылыс, архитектура, сауда, инженерлік-техникалық және көліктік-экспедициялық қызмет, сонымен қатар, білім беру мен мәдениет саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елі мен Италия мемлекетінің берік қарым-қатынасы кең көлемде қанат жайып отыр. Біз ғалымдар екі мемлекеттің рухани құндылықтарын зерттеп, зерделеуге өз үлесімізді қоса берсек, ұтарымыз көп деп ойлаймын.
Қалқаман ЖҰМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің
кафедра меңгерушісі, профессор.
– Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға жиналған жұртшылық алдында мен «Қазақ мемлекеттілігінің бастауларын зерттеудегі Ватикандық латын деректері» деген тақырыпта баяндама жасадым. Онда қазақ халқының іргетасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтулы мерекеге орай өткен салтанатты жиында «Біз – Ұлы Дала ұрпағымыз» деген кемел сөзінде атап өткендей, қазақ халқының мемлекеттілігі біздің заманымызға дейінгі дәуірден желі тартатынын, сақтардан, ғұндардан, Түркі қағанатынан өзге де мемлекеттік құрылымдардан басталатынын алға тарттым. Әсіресе, соңғы екі жылда атақты Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлімдерінде жүргізген ғылыми ізденістерімді де жұрт талқысына ұсындым. Сонымен қатар, ХІІІ ғ. басынан XV ғ. ортасына дейін Шығыс және Орталық Азияға саяхат жасаған 126 есімді анықтағанымды да тілге тиек еттім. Бір атап өтерлігі олардың көпшілігі әлі танымал бола қоймағандар.
Италия саяхатшылары Орталық Азия мен Қыпшақ қағанаты арқылы өтетін жолдарды белгілеген. Бұл жерде «қағанат» (кhanat) анықтамасы «мемлекет» деген мағына береді. Ватикан кітапханасының материалдарында Алтын Орда, Шағатай мемлекеті, олардың хандары мен билігі туралы бірсыпыра мәліметтер бар. Қазақстан тарихы, түркі әлемі және Орталық Азия тарихы үшін Рим папалары мен Алтын Орда хандарының арасында жазысқан хаттар ерекше құнды болып табылары сөзсіз. Ұлттық тарихымызды түгендеуге керемет жол ашқан Қазақ хандығының 550 жылдығы тәуелсіз ел өміріндегі елеулі оқиға деп білемін. Ендігі жерде төрткүл дүние мұрағаттарын терең зерделесек қазаққа қатысты мол мұра табыла берері айдай ақиқат. Оған Ватикан кітапханасынан қолға тиген тың мәліметтер мысал бола алады.
Дихан ҚАМЗАБЕК, ҰҒА корреспондент-мүшесі,
алаштанушы ғалым:
– Конференцияның бір ерекшелігі сонда – оған әлемнің бірнеше еліндегі білікті ғылыми орталықтардан ғалымдар мен мамандар келіп отыр. Бұл біздің еліміздің тарихын, өткен ғасырлардағы жетістіктерін дүниежүзіне таратуға, танытуға үлкен септігі тиеді деп ойлаймын.
Қазір әлемнің ғылыми орталықтарында Қазақстанның қазіргі жағдайы мен тарихына қызығушылықтар басым болып бара жатыр деп естиміз. Көптеген БАҚ-тардан, ғылыми журналдар мен деректерден де осындайды көріп жүрміз. Осының өзі біз үшін үлкен жетістік. Қазақстанның табыстарын ғылыми орталықтар бағалап, оған жету жолдарын зерттемекке ыңғай білдіріп жатса, бұл – біз үшін мақтаныш.
Осындайда біз біріккен ғылыми жобалар жасауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, Моңғолия мен Қазақстан, Түркия мен Қазақстан туралы бұрынғы ортақ тарихымыз жөнінде арнайы зерттеулер қажет. Жақында Түркі академиясы «Ортақ тарих» деген оқулықтың бастамасын жасады, осындай еңбектер алдағы уақытта көбейе түсуі керек деп санаймын.
Тарих тағылымы – ұрпаққа ұлағат // Егемен Қазақстан. - 2015. - 17 қыркүйек
.jpg)

ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы