Мұсырман, К. Өжет мінезді, өршіл тұлға / К. Мұсырман // Айқын. - 2019. - 14 маусым

11 00января - kamshat

 Жарасбай Сүлейменов… Мәжіліс депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, екінші дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерінің иегері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Бүгінде жетпістің биігіне шық­қан әріптес ағамыздың атақ-даң­қы, міне, осындай. Біреуге көп, біреуге аз көрінуі мүмкін. Бірақ, ең бастысы, Жәкеңнің қандай құр­метке болсын шын лайық азамат екендігінде болса керек.

Мен білетін Жарасбай Қабдол­лаұлы – түп-тамыры текті әулет­тен шыққан асылдың сынығы, тұл­пар­дың тұяғы болғанымен, тірлікте еш сүйеусіз, басын кейде тауға да, тас­қа да ұрып, тірелген тұйықтар­дан өз ақыл-қайратымен жол тауып, әрдайым өз арман-мақ­­сатына жанқиярлықпен ұмты­лып келе жатқан өжет мі­незді, өршіл тұлға. Атақты Шал ақын дүниеге келген, топырағы қа­сиетті өңірдегі Балуан атты ауыл­да туып-өскен Жәкең – өмір-күресте итжығыс түскен кез­дері болмаса, жауырыны жерге ти­меген, нағыз жеңімпаз балуан жігіт…

1981 жылы күзде ҚазМУ-дің журналистика факультетін бі­тіріп, Солтүстік Қазақстан облыс­тық «Ленин туы» газетінің редак­ция­сына жұмысқа орналасқа­нымда, Жәкең ең беделді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі еді. Келесі жылдың басында об­лыстың бір шалғайы саналатын Жам­был ау­даны бойынша мен­шікті тілшілікке тағайындалдым. Сол кезден бастап Жарасбай Қаб­доллаұлымен жақын араласа бас­тадым. Өйткені оның аудан­дар­дағы тілшілерге үйіп-тө­гіп беретін тапсырмаларын уақы­тында атқарып, ерекше ілти­патына бөлен­ген екенмін. Сон­дықтан да жұмыс бабымен жол түсіп Қызыл­жарға келген сайын Жәкең мені бауырына тартып, үйіне шақырып, сол кезде кілті аспандап тұрған сауда сала­сында ірі қызметте істеп жүрсе де, кі­сімсуді, қонаққа қабақ шытуды біл­мейтін ақжарқын Ақжәми жең­геміздің жайған дастарқанынан талай дәм татырды. Арамызда осындай сыйластық қарым-қаты­нас орнап, Жәкеңді жанашыр да тәлімгер ағама балап кеттім.

Кейін Жәкең редакция басшы­ларының өзіне әділетсіз көрінген бір шешіміне ашық қарсы шық­қандығы үшін қудалауға түсіп, облыстық партия комитетін­де­гі­лердің «араағайындығы» арқа­сында облыстық радионың бас редакторының орынбасарлығына жылжытылғанын естідім. «Бір жа­ман­дықтың бір жақсылығы бо­лады» демекші, бұдан ол ұт­паса, ұтылған жоқ. Көп өтпей бас редак­торлыққа жоғарылады. Сол кезде де облыс өміріндегі шырыл­да­ған шындықты айтам деп тағы да жергілікті билік басындағы­лардың қаһарына ұшырапты. Содан кейін Қазақ радиосының об­лыстағы меншікті тілшісі қыз­метіне ауысыпты.

…Ата-бабалар арманы орын­да­лып, азаттыққа қол жеткен ал­­ғашқы жылдары еліміздің теріс­кейіндегі қазағы селдір қоныстан­ған Қызылжар өңіріндегі жағдай алаң туғызарлықтай күрделі бол­ғандығы жадымызда. Атышулы Александр Солженицыннің әйгілі «Ресейді қайтсек көркей­теміз?» атты мақаласында Қазақ­станның тың көтерілген бес об­лы­сының жеріне көз алартуының дау-да­майы әлі ұмытылмаған Пет­ропавл­дың көшелерінде ка­зачество өкілдері қылыштарын асынып, ал-шаң-алшаң басқан, қостілділік, қосазаматтық, ұлт­тық автономия құру мәселелері орыстілді басы­лымдарда әлсін-әлсін көтеріліп, қазақ мектептері мен балабақша­ларын ашу бас­тамалары ашық та, жасырын да қатты қарсылыққа ұшы­рап, ұл­тара­лық қарым-қаты­настар жайы күн тәртібінен түспей тұрған қиын-қыстау кезең-тұғын. Сон­дай сын сағаттарда бүйректен си­рақ шығарып, бұра тартқан теріс пиғылды тобырға тарихи шындық пен әділет сөзін талай жерде те­бірене айтып, тегеурінді тойтарыс берген саусақпен са­нарлықтай ға­на қызылжарлық қайраткер азаматтар арасында журналист Жарасбай Сүлейменов те бар бо­латын. Қазақ радиосы­ның хабар­ларынан Жәкеңнің ел тағдыры туралы терең әңгіме қозғаған репортаждарын сілтідей тынып тыңдап, Қызылжардағы саяси ахуалды ұдайы қадағалап біліп отыратынбыз.

Бұл кезде Көкшетауда облыс­тық телерадиокомпанияны бас­қарып жүрген едім. Жәкеңмен те­лефон арқылы хабарласып, амандық-саулық сұрасып тұрдық. 1997 жылы көктемде Көкше өңірі Солтүстік Қазақстан облысына қосылды да, кезінде қимай қош­тасып, көшіп кеткен Қызылжарға күзге қарай қайтадан қоныс ау­даруға тура кел­ді. Осындағы телерадиоком­па­нияның төрағасы ал­пысқа то­лы­сымен зейнет де­малысына шығып, оның орнын мен бастым.

Қызылжарға оралғанымда Жа­расбай Қабдоллаұлы менімен қуана амандасып, құттықтау біл­діргенімен, көңілі біртүрлі сынық көрінді. Владимир Гартманның басшылығы тұсында қаладағы қорғаныс өнеркәсібінің үлкен зауыт­тары мен ауылдардағы көп­теген кеңшарлардың дүние-мүлкі талан-таражға түсіп, облыс эконо­микасы әбден құлдыраған­дығы туралы талай ащы шындық­ты Қазақ радиосының әуе тол­қынын­да ақтарып салғаны үшін кей жерде кеудесінен итеріліп, ығыстырылып тасталған тәрізді… Бірақ кері шегініп, басшыларға бас шұлғыған Жәкең жоқ. Тоқ­саныншы жылдар­дың басында­ғы еркіндік самалы ескен демокра­тия­лық үдерістер тұсында елдің сөзін сөйлейтін журналист об­лыстық мәслихаттың баламалы сайлауында халықтың қолдауына ие болып, бәсекелес­терін ойсыра­та жеңіп, депутат атан­ған екен. Сессияларда Қызыл­жар өңірінің тағы бір әйгілі жур­налисі, халық қалаулысы Мәлік Мұқанов екеуі кезек-мезек сөз сөйлеп, жұрт кө­кейінде жүрген өзекті мәселелерді өткір тілмен, облыс басшылары­ның бет-жүзіне қарамай тіліп айт­қанда, айызымыз қанып оты­ру­шы едік залда…

Жарасбай Қабдоллаұлы бас ре­дакторлық қызметіне құлшына кірісіп, қыруар жұмыс тындырды. «Солтүстік Қазақстанның» тара­лы­мын екі еседей өсіріп, 10 мың да­­наға дейін жеткізді. Қызметкер­лердің еңбекақысын да елеулі түр­де көбейттірді. Штатты кеңей­тіп, университет бітірген жас жур­на­лис­терді қызметке алып, жалық­пай тәрбиеледі.
Мәлік Мұқанов республикалық «Халық кеңесі» газеті жабылған соң облыстық телерадиоком­па­нияның теледидар шолушысы қыз­метіне орналасқан екен. Көп ұза­май Қазақ радиосының облыс­тағы меншікті тілшісі қызметі де қысқартуға ілініп, Жарасбай Сүлей­­менов те бізге ауысты. Об­лыс­тық мәслихаттың ең белсенді, ең шыншыл депутаттары болып саналатын, мүйіздері қарағайдай журналист ағаларымның екеуінің де бірсыпыра уақыт өздерінің ке­шегі шәкірті – менің басшылы­ғым­мен жұмыс істеулеріне тура кел­­ді. Бұған іштей ыңғайсыздан­ға­ным болмаса, олар еш арланған жоқ. Екеуі де ағалық пейілден ай­нымай, ылғи қолдап-қорғап жүрді.

Әлі есімде, Жәкең мен Мәкең­нің айтқан сындары шымбайына батың­қырап кетсе керек, бірде облыс әкімінің құдіреті жүріп тұр­ған бір орынбасары ара-тұра бо­лып тұратын көңілді отырыс үс­тін­де менің құлағыма сыбыр­лап: «Анау екеуін құртсайшы…» – деп кеңес бергені бар. Оның бұл сө­зіне іштей күлдім де, қойдым. Се­­бебі, Жарасбай мен Мәліктей Қызыл­жар­дың бас көтерер аза­мат­тарының сөздерін жұрт ұйып тыңдайтын мықты журналис­тер­дің нендей жазығы бар?! Әлде елдің мұң-мұқтажын, шындық сөзін айт­қаны үшін кінәлі ме?! Шын­­туайтына келсек, мұндай қолы да, ары да таза, халық құр­меті мен сеніміне бөленген қа­лам­герлерді құртқың келіп тұрса да, құрта аласың ба бұл заманда?! Егер ақылға жүгінсек, облыстың билік тізгінін ұстаған басшылар осын­дай ел ішінде ерек­ше бедел­ді тұлғаларды шетқақпай қыл­май, өздеріне жақын тартып, олар­дың ой-пікірлерімен сана­сып жұмыс істеулері жөн емес пе?!.

Бір жақсысы, жаюлы дастарқан басында «жүз грамм» ұрттаған соң маған Жәкең мен Мәкеңді құр­туға кеңес берген басшы азамат өз ағаттығын сезді ме, әйтеуір, содан кейін бұл тақырыпқа қай­тып оралған жоқ. Мен де оған ләм-мим деп жақ ашпай, үнсіз құтыл­дым… Ал Мәлік Мұқанов бірер жылдан кейін «Егемен Қа­зақстан» газетінің біздің об­лыс­тағы меншікті тіл­шілігіне алы­нып, сыни мақала­ларын қарша боратып жазып жатты.

Жарасбай Сүлейменовті де көп кешіктірмей жоғарылатып, әуелі теледидардың ақпарат бағдар­ламасының жетекшісі, содан кейін телерадиокомпанияның бас редак­торы, төрағаның орын­басары етіп тағайындадық. Жә­кең тек басшы­лық қызметпен шектелмей, өзінің авторлық «Ой­толқын» атты пікір­сайыс бағ­дарламасын ашып, жүр­гізді. Осы бағдарлама аясында телестудияда Қызылжар өңірінің зиялы қауы­мының басы апта сайын қосылып, ең өзекті тақы­рып­тарды талқыға салу игі дәстүрге айналды.

Жәкеңнің бір жақсы қасиеті – бойында ұшқыны бар жас дарын иелерін дер кезінде аңғарып, жұ­мыс­қа тарта білетіндігі. Облыстық радио мен теледидарға қаншама алғыр да ізденімпаз жастарды қыз­­метке алдырып, талай мөлдір бұ­­лақтың көзін ашқандай жақ­сылық жасады. Олардың бірта­лайы қазіргі кезде Қазақстан мен Ресейдің орталық телеарналарын­да еңбек етіп жүр.

2003 жылғы көктемде облыстық әкімдікте «Солтүстік Қазақстан» га­зетінің бас редакторын ауыс­тыру мәселесі сөз болды. «Жа­сыңыз Сүлейменовтен кіші бол­ғанымен, тәжірибеңіз үлкен. Га­зетке сіз барыңыз. Жарасбай Қаб­доллаұлы облыстық телера­дио­компанияны басқарсын», – деген ұсыныс түсті маған. «Бас редакторлыққа мені емес, Жарас­бай Қабдоллаұлын тағайында­ғандарыңыз жөн. Өйт­кені Жәкең үшін ол қызметке та­ғайындалу – моральдық тұрғыдан үлкен жеңіс, әділдіктің қайтадан салта­нат құру», – дедім. Сөйтіп, Жәкең 1987 жылы редакция бас­шылығы мен оларды қолдаған компартия обкомынан әділдік таппай, амал­сыз кеткен облыстық «Солтүстік Қа­зақстан» газетінің қара­шаңы­ра­ғына жеңіс туын желбіреткендей көңіл күйімен бас редактор болып қайтып оралды. Бұған достары сүйініп, дұшпан­дары күйінді…

Жарасбай Қабдоллаұлы бас ре­дакторлық қызметіне құлшына кірісіп, қыруар жұмыс тындырды. «Солтүстік Қазақстанның» тара­лы­мын екі еседей өсіріп, 10 мың да­­наға дейін жеткізді. Қызметкер­лердің еңбекақысын да елеулі түр­де көбейттірді. Штатты кеңей­тіп, университет бітірген жас жур­на­лис­терді қызметке алып, жалық­пай тәрбиеледі. Сөйтіп, шау тарт­қан ұжым жасарып шыға келді. Газет бетіне де қан жүгіріп, ажар­ла­­на түсті. Редакцияның өз бас­панасы жоқтығынан жекемен­шік­тегі баспаханаға кіріптар болып қалғанын көріп, осы жө­нінде об­лыс басшыларына өтініш айта жү­ріп, жеке ғимарат сұрап алды. Оған қосымша жаңа үй де салғы­зып, бұл мәселені түпкілікті шешті. Жаңадан қала­лық «Қы­зылжар нұ­ры» газетін ашып, тағы бір ерледі.

Өз басым, Жарасбай Сүлей­менов облыстық «Солтүстік Қа­зақстан» газетінің арғы-бергі бас редактор­ларының ішіндегі атал­ған басы­лымға орасан зор еңбек сіңірген, ең шоқтығы биік тұлға­лардың бірі деп санаймын. Ол газет жұмысы­мен қатар қоғамдық жұмыстарға да уақыт тауып, Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның облыстық филиа­лын басқар­ды, облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі міндетін де қоса ат­қарды. Қолы қалт еткенде әң­гіме-по­вестер жазып, бірнеше кітап шы­ғарды. Жәкеңнің осындай ты­нымсыз еңбекқорлығына тәнті бол­мау мүмкін емес.

Әділін айтсақ, Жәкең ешкімнің алдында жағынып-жалпаңдаған емес, кімді мақтаса да, даттаса да, қа­шанда шындықты өзіне тән шешендікпен жеріне жеткізе, не аспанға көтеріп асқақтата, не тірі­­дей жерге кіргізгендей төбе­сінен ұра, тұқырта айтады. Ал мінезіндегі өзі мойындайтын бір кемшілігі – біреуді жақсы көрсе, оның бойын­дағы еш мініне қара­май, құлай жақсы көретін­дігі… Алайда ол еш­қандай «дөкейдің» ығына жы­ғылып, ыңғайына көне қой­майтын, өз көзқарасы, өмір­лік ұстанымы бар азамат. Әсіресе, Қызылжарда кейде күтпеген жер­ден өте шетін ұлттық мәсе­ле­лер туындаған түйт­кілді сәттерде Жарас­бай Қабдол­ла­ұлы ел мүд­десін, ел намысын бә­рінен биік қойып, белсене қимылдап, айта­тын сөзін кімге болса да тура ай­тып, небір қиын түйін­дердің дұрыс шешімін та­буына ұйтқы бо­лып келе жатқа­нына тікелей куә­мін.

…«Әкімі ақынын іздеген ел ба­қытты» дегендей, Жарасбайды кезінде Солтүстік Қазақстан об­лы­сының бұрынғы әкімі, көрнек­ті мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровтың өзі іздеп, жанына жақын тартқанын, қолдап-құр­мет­тегенін білемін. Бұл басқа әкімдерге үлгі боларлық өнеге емес пе?! Өкінішке қарай, қаламы өткір әріптестеріміздің ту сыр­тынан сұқ саусағын шошайтып, «Анау жур­налисті құрту керек…» дейтін әкім­қаралар табылады әлі де. Алла Тағала бізді сондай сұмырайлардан сақтасын!..

Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий