Негимов, С. Сегіз сері

26 августа 2020 - kamshat

Сал-сері - сегіз қырлы, бір сырлы яғни ақын, әнші, күйші, ойыншы, күлдіргіш, композитор, би, спортқа бейімі ерекше үздік жаратылған өнерпаз. Олар - халық мәдениетінің көрнекті қайраткерлері. «Сал» және «Сері» - тектес, төркіндес, кіндіктес ұғымдар. Е. Ысмайыловтың топшылауынша, «сері» сөзі араб халқының «сейір» немесе «серуен», «сайран салу» егенінен туындады десе, ал «сал» ұғымын «салдырту», «салтанат» сөздерінен іздейді.

Е. Тұрсыновтың пікірінше, «сері» - көне түрік тіліндегі «черік» сөзінен алынып, «әскер», «қол» деген мағынаны береді. Демек, «сері» сөзінің негізгі мағынасы - «жасаң құрамындағы жауынгер», «жасақшы», «жорықтағы серік» дегенді танытады.

Әлбетте, «ақындық, әншілік, өнерпаздық дәстүр жағынан сал мен серілердің арасында айырма аз болмағанымен сыртқы жүріс-тұрысында, киіну, сыпайылық әдетінде бірқыдыру айырма барлығы байқалады» (Е. Ысмайылов).

Алдымен, сал туралы баяндасақ, салдың қылыгы қызық. Ауыл не үй сыртында аттан түсіп, жер бауырлап жатып алады. Оған қыз-қырқындар келіп, басын көтеріп, шаңыраққа кіргізеді. Тамақты өзі ішпейді, қыздар ішіп-жегізуді міндетіне алады. Бір сөзбен түйіндегенде, сал не істесе де, қандай еркелік көрсетсе де, ел төзімділік танытатын салт, дәстүр болған.

Бұлардың киім киісіне келер болсақ, «салдар жұртың ортақ салтында жоқ, ерекше, күлкілі, көз тартарлық әлемішті киімдер киініп, жарқылдақ моншақтарды тағынған. Бас киімінің, шапан, шалбар, байпақтардың шүберегі ала-құла, қырық құрау болады екен. Бөрік, тымаққа үкі, неше түрлі моншақ қадаған. Сырт киімді кейде бірыңғай ақ, қызыл-жасылдан, кейде қым-қиғаш әр шүберектен араластырып тіктірген, оған тоқыған шекпен де, құрым киіз де қоса тігілген болады» (Е. Ысмайылов. Ақындар. - Алматы, 1956. - 52-6.).

Біржан салды көрген Ілияс Мейірбанұлы: «Кең жағалы ақ көйлек, дөңгелек етекті оқалы қамзол, сыртында көк ала қаптал шапан, басында үкілі құндыз бөрік, үкісі бұлғақ-бұлғақ етеді. Қалтасында күрең шұға тақиясы бар екен» деп жазады. (Біржан сал Қожағұлұлы. Өлеңдер. - А.,1967. - 179-6.).

Салдардан серілердің өзгешелігі мынау: серілерде өрескел мінез, оғаш қылық болмайды. Мейлінше сыпайы, орнықты, ибалы, сәнді киімге, бекзаттыққа үйір.

Сал-серілер - ойын-сауықтың, той-думанның гүлі. Елдің жуан ортасында, халық арасында қаздай қалқып, үйректей жүзіп, қасына жыршыларын, ақындарын, әншілерін, күишілерін, өлеңшілерін, ойыншыларын, домбырашыларын, палуандарын ертіп, топ қүрып жүреді. Туған елдің аспанында емін-еркін қаршығаша қалықтайды. 

Сал-серілік өнердің негізін салып, қалыптастырып өркендетушілер: Дәстем сал мен Дүйсен сері. Бұл ретте Сегіз серінің (1818-1854):

Өтіпті бізден бұрын Дүйсен сері,

Болыпты күнде думан жүрген жері.

Сол ердің үлгілі ісін жалғастырған,

Керейде менің атым Сегіз сері, -

деген сөзі дәлел. 

Сегіз серінің тобында Сейітжан сал, Құшан сері, Нияз сері, Шәрке сал, Дайрабай күйші, Қобылан әнші, Шынияз әнші, Аббас батыр, Сәду батыр, Өске ақын, Орынбаи ақын, Көрпе ақын, Біржан сал сынды дүлдүлдер болған. 

Сегіз сері (шын аты - Мұхаммед-Қанафия) Баһрамүлы Шақшақов - қазақ халқының дара туған аса дарынды перзенті. Орыс, араб, парсы, түркі тілдерін жетік білген. Өзі ақын, өзі әнші, өзі композитор, өзі сыбызғышы, қобызшы, күйші, шешен, батыр, саятшы, мерген, зергер, өрімші екен.

Сегіз сері 1830 жылы Омбының тілмаштар дайындайтын Азия мектебіне түсіп, 1836 жылы поручик шенінде аяқтайды. Өрі-қыры бірдей, самырсындай сымбатты сайыпқыранды патшаның атарман-шабармандары Орта Азия халықтарының арасындағы бүлік-жанжалдарды тұншықтыруға жеккісі келеді. Алайда жазалаушы отрядтардың құрамында болудан мүлде бас тартады.

Ұлықтың сайран еткен бақшасында,

Қызықпан бай-көпестің ақшасына, -

дейді «Қырандай жаяйыншы қанатымды» деген толғауында

Шенеуніктер соңына шырақ алып түседі. Олардың бұзық ниетін байқаған ол шұғыл түрде Нияз серімен Кіші жүз еліне, Еділ-Жайық бойына өтеді. Оның бір себебі, Сырым Датұлының анасы атасы Шақшақтың анасы екен. Сөйтіп, Сегіз сері Қалдыбай батыр ауылына ат басын тірейді. Оның үптің қызындай үлдір Ғайнижамалға ынтық болып, сүлулың сымбаты, көркемдік сипаты бөлек «Ғайни» атты ән шығарады.

Жалғанда естен кетпес Ғайни атың,

Өртеген өзегімді перизатым.

Көркіңді бір көруге аңсап келген

Ақыны Сарыарқаның Сегіз атым.

«Маралдын қолға түскен лағындай», «Қоянның асыранды көжегіндей» ару қызды ардақтап, сөз асылын, сезім сұлулығын сәулелендіре жеткізеді. Сардарлықты серілікке ұштастырған.

Сегіз сері өз заманының бетке ұстарлары Исатай мен Махамбет, Құрманғазы, Шернияз, Сүйінбайлармен тос соғысқан дос болған. Ол «Гауһартас», «Мақпал», «Қарлығаш», «Әйкен-ай» әндерін, «Қосқыран» (Исатай-Махамбет туралы), «Қызыл нар», «Ақ қайың», «Алмас қылыш», «Семсер», «Есіл» күйлерін шығарған. «Атақтының атақтысы» (Ғ.Мүсірепов) Сегіз сері - қазақтың ақындық, әншілік, музыкалық өнерінің ұлы мектебін құрған әйгілі Біржан салдың ұстазы. «Ұстазым Сегіз Сері, Нияз сері, Солардан үлгі алған мен Біржан сері», -дейді.

Исатай-Махамбет бастаған үлт-азаттық көтеріліске куәгер болады. Еділ-Жайық бойы Ер Сегіздің жүрегін, ойын толқытады.

Еділ-Жайық берекелі жер екен ғой,

Байұлы бақыт қонған ел екен ғой.

Соларға басшы болған ұлы батыр ақын,

Исатай асқар таудай ер екен ғой.

Немесе:

Асылдан шыққан болатым,

Қарадан шыққан бекзатым,

Жорықта жойқын озатым, — деп жырға қосыпты. 

Исатай-Махамбет мерт болган соң, туған жерге оралады. Серілікті күшейтеді. Ұстахана ашады. Зергерлікпен шұғылданады. «Олардың ішінде өзіне ерекше ұнайтын өрнектелген күміс кісе, сұлу ер-тоқым, әсем алқа, өңіржиек алтыннан, күмістен құйып жасаған сұлу сырға, толкынды білезіктер, сақиналар - бұлардың барлығын ол сұлу қызға тарту үшін істеген. Осындай ұлы дүниелерді қоржынға салып ел-елді аралауға шығады. Алдымен Торғай өлкесіне,  Жайық бойына, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз бойын аралайды.

Осы арада жүріп «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу", «Қыз Жібек" жырларын айтып жүреді. Оның бір ғажаиып жері, Сегіз сері жазған «Қозы Қорпеш - Баян Сұлу» - жырының бір нұсқасы Ахмет Жантуринның алдында сақталып, ол кейінірек Н. И. Ильминскийдің қолына түседі. Бүгінде сол жыр Татар Республикасының мұрағатында сақтаулы тұр. Ол қолжазба Сегіз серінің қолы болу керек. Ол Қазанда он шақты рет басылып шықты. Жыр былай деп басталады:

Жасым бар жиырмада, жылым мешін,

Өлімнің кім біледі ерте-кешін.

Айтайын бес-алты ауыз құлағың сал,

Қозы Көрпеш - Баянның әңгімесін.

Демек, Сегіз сері бұл жырды Омбыда оқып жүрген кезінде жиырма жасында жазған. Туған жылы мешін 1808 жылы екенін көрсетеді, жиырма жасы 1828 жылды білдіреді.  Сол жырды кейін өзімен бірге алып жүріп, жырды, шежірені көп жинаушы Ахмет Жантуринның үйінде қалдырады" (Әлкей Марғұлан. Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер. // Жүлдыз, 1983, №9, 173-188 б)

Бұл орайда Сегіз серінің шығармашылық өмірбаянындағы кейбір деректердің (әсіресе, туған жылына қатысты) дұрыс еместігін ескерте кеткен жөн болар.

Негізінде, қазақтың сал-серілік дәстүрі, оның ішінде Сегіз Серінің өмір жолы, өнерпаздық белестері, шығармашылық тағдыры академик Ә.Х. Марғұланның жоғарыдағы зерттеуінде тәптіштеп жазылған. Сондай-ақ, профессор М. Мұқановтың «Из исторического прошлого» (Алматы, 2000), О. Тұрсыновтың «Очерки истории казахов Омского Прииртышья» дейтін еңбектерінде және мұрағаттанушы Амантай Сатаевтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұрағатының 338 қорында сыртқы округтерде қазақтардан сұлтан, старшын және заседательдер сайлау туралы құжатта Сегіз серінің ата-тек шежіресіне, өз басына қатысты тарихи деректер келтірілген (Сегіз сері (Мүхаммед Қанафия) Баһрамүлы. Гауһартас. - Астана: Елорда, 2004. 198-200-66.).

Сегіз серінің шәкірті болған Жаяу Мұса жайлы ғұлама Әлкей Марғұлан мынадай деректерді келтіреді:

«Жаяу Мүса Қүдайбергенов деген көңіл жетер адамның аулында қонақ болып отырғанда II Александр патшаның суретін көреді. Патша десе төбе шашы тік тұратын ол сол жерде суретті алып жыртып тастайды. Мұндай сәтті кезеңді пайдаланған бай, болыстар: «Мұса Байжанов опасыздық іс жасады, Патшаның арын аяққа басты», - деп, бұл оқиғаны дереу Дала генерал-губернаторына жеткізеді. Мұны естігенде ол ызадан жарылып кете жаздайды. Генерал-губернатор өзінің ел тонаушы жендеттеріне Байжановты Баянауылдан Омбыға дереу және қайткенде де жаяу жеткізуге бүйрық береді. Патша өкіметінің солдаттары жолда әбден сілесі қатып шаршаған Жаяу Мұсаны генерал-губернатордың алдына алып келеді. Омбының облыстың әкімшілігі Мұса Байжановтың наразылық шағымдарын құлақтарына да ілмей, құдіретті патшаның қадірін кетіргені үшін оны он жылға каторгага жіберуге үкім шығарады».

Сегіз сері көкірек көзі ояу өнерлі Жаяу Мұсаны өз тобына қабылдайды. Бұл күзде ол сыбызғы, сырнай, скрипка, қобыз аспаптарында ойнауды үйренген еді. Соның алдында Сейітжан салдан әншілік пен домбырашылықты меңгерген.

Сегіз серінің көзін көрген, сөзін тыңдаған, үлгі-өнегесін бойына дарытқан Жаяу Мұсаның «Ер Сегіз» дастанында біртуар жанның өнерпаздық тұлғасы сыршылдықпен сипатталады.

Айталық мына бір жолдар соның бір айғағындай:

Жігіттер өнер қусаң, Сегізге ұқса,

Шәкірті ем Сегіз сері атым Мұса.

Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой,

Үш жүзде Ер Сегіздей көп ұл туса, -

деген жолдарда серінің бүкіл болмысы дәйектеледі.

Сегіз серінің «Толыбай» дейтін әнін Манарбек Ержанов Әміре Қашаубаевтың өз аузынан үйренген (Қоспақов 3. Талайды тамсандырған Манарбек. // Қазаң әдебиеті, 1992, 17 шілде).

Заманының сұңқары Сегіз сері шығармашылығында көркемдік құбылыстармен қатар арғы-бергі ғасырларда тарих сахнасына шыққан атақты абыз-билер, баһадүр батырлар, хандар, ділмарлар есімі молынан ұшырасады. Мысалы, «Сегіз серінің батасында» Асан қайғы, Әнет баба, Әз Жәнібек, Әз Тәуке сынды тарихи тұлғаларға сындарлы сипаттама беріледі.

«Халқының келешегін жастай ойлап, арманның мұхитына шомған» Сегіз сері:

Үш жүзге атым шыққан Сегіз сері,

Атандым он жетімде қазақ ері.

Ер Сегіз ел қорғаған батыры деп,

Үш жүздің ардақтайды барлық елі, -

дейді ой серпіні мен ақындық тегеуріні турасында. Иә, ұлт тарихында сал-серілік дәстүрдің бастаушысы болған дәуір дауылпазының өршіл даусын естіп, өрен тұлғасын елестеткендей боламыз. 

Негимов, С. Сегіз сері /Шығармалары.- Т.2.- Астана: Фолиант, 2015.- Б. 44

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий