Жәнібек хан халық жырында

Қазақ мемлекеттігінің тарихы ондаған ғасырларды қамтитыны белгілі. Арғы-бергі замандарда пайда болған мемлекеттердің көбі Шығыстан Батысқа ауып, ол жақта да мемлекет құрып, өзінше өмір сүріп жатқан шақта олардың атажұртында бірнеше мемлекет туып, дамып, әртүрлі себептерге байланысты ыдырап, бірінен соң бірі тарихта өз іздерін қалдырып, бұрынғысы мен жаңасын сабақтастыра ауысып отырды. Бұл үрдіс, әсіресе, Алтай-Саяннан Қара теңізге дейінгі кеңістікте қарқынды жүрді. Сөйтіп, кең-байтақ Қазақстан жерінде бірнеше мемлекет бірінен соң бірі қалыптасып, дамып, өздерінің мекенінде ғана емес, күллі әлем тарихына қатысты оқиғаларды туындатып, олардың бел ортасында болып, қилы заманды бастан кешірді, көптеген басқа мемлекеттердің тағдырына әсер етті. Ондай мемлекеттердің қатарында әзірге белгілі болып отырған сақтар мен ғұндардың, түркілер мен үйсіндердің, қаңлылар мен оғыздардың, қыпшақтар мен қимақтардың мемлекеттері һәм Алтын Орда болды. Міне, осылардың барлығы Қазақ хандығының арғы түп-негізі, тарихи-этникалық, мәдени-әлеуметтік тамырлары. Бұл тамырлар үзілмей, бүгінгі қазақ мемлекетіне жалғасты. Сол себепті де, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып отыр.

Қазақ хандығының құрылуына, сөз жоқ, сол замандағы тарихи-қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдаят себеп болды. Ал оның нығаюы мен дамуына сол тұста ел билеген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер өлшеусіз үлес қосты. Олар халықты ұйымдастырып, бір мақсатқа жұмылдыра білді, аумалы-төкпелі заманда елдің бірлігін сақтай алды, дұрыс саясат жүргізіп, мемлекетті сыртқы жаудан қорғай білді, басқа жұртпен де тіл табысып, мемлекеттің беделін өсіріп, абыройын арттырды. Бұл қатарда Керей мен Жәнібектің есімдері ең алдымен аталады, себебі, қалың елді бастап көшіп, жаңа қоныста ту тігіп, Орда құрған солар еді. Керей қайтыс болғаннан кейін таққа отырған Жәнібек қазақ мемлекетінің аяғынан тік тұрып, ордалы да қордалы ел болуына зор еңбек сіңірген тұлға болғандықтан ол туралы аңыздар туып, оны эпикалық мәнде суреттейді. Сондай шығарманың бірі – «Батыр Жәнібектің өлеңі» жүз томдық «Бабалар сөзі» сериясында жарық көрді.

Қазақ халқы ХVІ-ХVІІІ ғасырларда қалмақтардың аяусыз шабуылына жиі ұшырағаны аян. Елдің тәуелсіздігіне қауіп төнген кезде жыраулар мен жыршыларымыз жаңа жыр шығарумен шектелмей, бұрынғы батырлардың ерлігін мадақтайтын эпостарды қайтадан, жаңғырта жырлап, сол батырларды енді қалмақтармен соғысатын етіп көрсеткен. Сөйтіп, жыршылар заман талабына сай жырлап, әрбір жырға өз кезеңінің өте зәру болған қазақ мемлекетін қорғау тақырыбын енгізіп, жаңа сипатты шығармалар тудырған. Бұл сарын, әсіресе, «Едіге», «Ер Тарғын», «Қырымның қырық батыры» және сол шақта туған «Қабанбай», «Олжабай», «Абылай» сияқты туындыларда басымырақ көрінеді. Осы үрдісті, мәселен, ХVІІІ-ХІХ ғасырда дүниеге келген, одан кейін де өзгеріске ұшыраған, алғашқы екі ханымыздың бірі Жәнібекке арналған жырдан көруге болады. Жыр көпшілік қауымға кең таралмағандықтан қысқаша мазмұнын баян етуді жөн деп санаймыз.

Құс салып, аң аулап жүрген жеткіншек Жәнібек бір күні үлкендердің әңгімесінен «Қалмақ жаман шапты-ай!» деген сөзін естіп қалады да, «сөз қылғандарың не сөз?» деп ақсақалдардан сұрайды. Сонда үлкендердің біреуі оған былай дейді:

Арқадан оқта-текте келер қалмақ
Шапқалы біздің елді әдейі арнап,
Бес-он жылда бір келіп, шауып кетер,
Біздің ел әлі келмей жылап зарлап…
Шамамен он бес жылдай болған шығар,
Бұл елді кеткен қалмақ әбден шауып.
Ақ таяқ, көк таяқпен сабаластық,
Қоян-қолтық алысып, жағаластық.
Талай адам науыт болып, өліп кетті,
Ақыры жау басым болып, жаман састық.
Қалмақ келсе, кетірер сәнімізді,
Бес-он жылда бір шабар малымызды…
Шыға алмаймыз, қорқамыз далаға көп,
Жау келсе, қарсы тұрар шама да жоқ.

Осы сөздерді естіген соң жас Жәнібек қалмақтардан кек алу үшін дереу жорыққа шығады. Тілеу деген батыр досын ертіп алады. Қалмаққа жетіп, майданда үш рет үш батырмен жекпе-жекке шығып, өлтіреді. Қалмақтың қалың қолы Тілеу мен Жәнібекке жабылады. Екеуі бәрін жайратады. Қалаға тығылған қалмақ елі патшасынан айырылған соң Жәнібекке қол қусырып келеді, «бізге хан бол», дейді. Жәнібек Тілеуді хан қойып, өзі еліне қайтады.

Жәнібек жоқта, Ноғайлы елін Арқадағы қалмақтар шауып алады. Қорыққан ноғайлылар оның қарындасы Мақпалды суға байлап, тас­тап кетеді де, әке-шешесін айдап, Сырға көшіп кетеді. Жорықтан қайтқан Жәнібек көшке тап болады. Шешесі жылап тұрып, болған жайды айтады:

Алты мың қалмақ ел шауып,
Екі дәу екі ит болып,
Сол иттерге жем болып,
Бір туысқан Мақпалың,
Байлауда қалған секілді.

Мақпалды азат етеді де, көшіп кеткен Ноғайлыны іздеп шығады. 40 жігітімен қалмақтарға тиеді. Ноғайлар да қалмақпен бірге. Жәнібек бәрін қырып салады. Содан кейінгі жағдайды жыр былай деп баяндайды:

Еділ мен Жайықты
Мекен қылып Жәнібек,
Он шақты жыл жайлады.
Күндерде бір күн Жәнібек
Туған жер түсіп ойына,
Көшуін елге ойлады…
Аудара көшіп ел ауып,
Келеді өскен жеріне.
Жиылған жалпы қалың жұрт,
Отырып жалпы кеңес қып,
Бір жұмыс кірді көңіліне
«Хан көтерсек батырды…»
Бәрі ұйғарды халықтың,
Хандыққа батыр лайық.
Осыны айтып, ұйғарып,
Хабар берді халыққа.
Халықтың бәрі қуанып,
Қолына бір-бір ту алып,
Тұрыпты тойға барып та.
Хан көтеріп батырды,
Хан Жәнібек атанып,
Ноғайлының баласы
Қалмақтан шапқан құтылып,
Сонан соң шықты жарыққа.
Хан болып, батыр ел сұрап,
Ноғайлы халықтың ішінен
Кейінге қалды тарихқа.

Міне, әдейі берілген ұзақ мысалдан өз отауын тігіп, мемлекет құрған қазақ халқы Жәнібектің билікке қалай келгенін фольклорлық сарында баяндап, оның тууы мен ержеткен шағын бұрынғы батырлық эпостың үлгісінде, эпикалық поэтиканы пайдаланып жырлаған. Жырда Жәнібектің әкесі – Әліби деп аталады. Жетпіс бес жасқа келгенде Алладан перзент сұрап, әулие-әнбиелерді аралайды. Оған Шашты Әзіз Құдайдан бір ұл, бір қыз сұрап, түсіне аян береді, ұлын Жәнібек, қызын Мақпал деп атау керектігін айтады. Осылай ғажайып туу мотиві бойынша дүниеге келген балалар «атса, мылтық өтпейтін, шапса, қылыш кеспейтін» қасиетке ие болады. Эпос заңы бойынша Жәнібек жедел өседі, 6 жасқа толғанда әділ төрелік етеді, 7 жасында өзі теңдес балалардан топ құрайды, 9 жасқа келгенде бес қаруын сайлайды, соғыс өнерін үйренеді, 12 жаста мінетін сәйгүлігін таңдайды, серіктерімен аң аулап, құс атады, 14 жасқа толғанда қалмақтан кек алуға аттанады. Ол қалмаққа «Ноғайлының кегін алып келу» үшін жорыққа шығады.

Бұл – Жәнібектің қалмаққа қарсы негізгі соғысы. Және бұл беталбаты соғыс емес, яғни Жәнібек өзі барып соқтықпайды, ол қалың Ноғайлының қамын жеп, Ноғайлыға тыным бермей, күш көрсетіп жүрген жауға кек алу үшін аттанады. Жәнібек бір ғана рудың, яки тайпаның намысын жыртып жүрген жоқ, ол бүкіл Ноғайлы халқының тәуелсіздігі үшін соғысып жүр. Демек, қазақ хандығының төркіні болған Ноғай ордасын қорғау, оның азаттығын сақтау идеясы көрініс береді. Ноғайлының бірлігін, туыстығын сақтау идеясы жырдың екінші бөлімінде айқынырақ айтылады: «Жәнібек қалмақпен соғысып жүргенде, Ноғайлы еліне басқа қалмақ шабуыл жасап, елін, ата-анасын тұтқындап әкетеді. Шошыған Ноғайлы адамдары қалмақтармен ақылдасып, Жәнібектің қарындасы Мақпалды әкесі мен шешесінің екі қолын артына байлап, алдына салып айдап, Сырға қарай аударыла көше бастайды».

Осы эпизодта Ноғайлы елінде алауыз­дық болғаны аңғарылады. Өздері қалмаққа мойынсұнып, жаудың ығына жығылып, жорықта жүрген батырдың ата-анасын қорлап, қарындасын матап-байлап, айдалаға, ит-құсқа жем болсын деп тас­тап кетеді. Еліне оралған Жәнібек Мақпал қызды тауып, ажалдан құтқарып, қарындасына:

Ел жаққа, олай болса, баралық та,
Кемпір-шал қайда жүрсе табалық та.
Ноғайлы, Қалмақ, бәрі зорлық қылса,
Біз кегін өзіндей қып алалық та,

– деп, қашып кеткен Ноғайлы жұртын, солармен бірге жүрген зорлықшы қалмақтарды тауып, ұрыс салардың алдында Жәнібек ноғайлыларға былай дейді:

Жәнібек сол уақытта шықты түзге,
«Ноғайлылар, Құдайдан күдер үзбе.
Ұлтың бір, бір туысқан жұртым едің,
Ел бар ма, – деп, – қосылар мұнда бізге?»

Бірақ ноғайлылар қосылмайды, керісінше, оны сынап, қарсы тұрады. Жәнібек қаһарына мініп, жауды тас-талқан етеді:

Батырға пірлер жар болды.
Қанға тоймас ақ семсер
Қынабынан шығарды.
Қарсы алдына кез келсе,
Ноғайлы, қалмақ деймейді,
Пішендей орып қырады.

Осындай қызу шайқастың үстінде қалмақтың Тоқты дәу деген батыры жекпе-жекке шақырып, «жасымды сыйлап ер болсаң, маған кезек бер!» – дейді. Жәнібек кезегін береді. Он екі батпан, бір қадақ гүрзімен Жәнібекті басқа ұрып, аттан құлатады. Есінен ауып жатқан оны қалмақтар ортаға алып, кетіп бара жатқанын қарындасы Мақпал көріп, жауға шабады, ерлік көрсетіп, ағасын құтқарып алады, Тоқты дәуді өлтіріп, қалмаққа ойран салады. Бәрін жеңіп, «Еділ мен Жайықты мекен қылып Жәнібек он шақты жыл жайлайды. Күндерде бір күн Жәнібек туған жер түсіп ойына, көшуін елге ойлайды», – делінеді жырда. Қалың ел ауа көшіп, өскен жеріне келгенде:

«Жаңылдық, жаздық, кешкін! – деп,
Пар келмес саған ешкім, – деп,
Аяғына жығылып,
Табысты тулап өзінің Туысқан
Ноғайлы елі де.

Осылай қайта табысқан ноғайлылар енді Жәнібекті хан көтеріп, бүлінген елдің басы бірігіп, сыртқы жаудан құтылып, Арыс өзенінің жағасында хан ордасын салып, жеке өмір сүреді.

Ал, осы эпос поэтикасына сай жырлан­ған оқиғаларда тарихи белгілер бар ма? – деген сұрақ туады. Ең алдымен айтатын нәрсе – Ноғайлы дәуіріндегі оқи­ғалардың ізі байқалатыны: Ноғай Орда­сындағы алауыздықтың болуы, қазақ ру-тайпаларының бөлініп, Еділ-Жайықтан ауа көшіп, өз алдына хандық құруы. Осы қиын да қыстау кезеңде елді басқарып, мемлекетке бас-ие болған, жаудан қорғап, тәуелсіздікті сақтап қалған Жәнібек ханның – фольклорда дәріптеле бейнеленуі – заңды құбылыс. Сондықтан, бұл жырдан тарихтағы Жәнібектің дәл өзін, оның өмір­дегі іс-әрекетін іздеу әбестік болады. Жалпы, фольклор өмір болмысын дәлме-дәл суреттемейді, шындықты, қайрат­керлерді халық этикасы мен эстетикасына, арман-аңсарына сәйкес етіп жырлайды. Сол себепті, бұл жырда Жәнібектің әкесі – Әліби деген перзентсіз бай деп айтылады. Ал, шындығында «Жәнібек – Орыс (дұрысы – Ырыс, татар тарихында осылай аталады – С.Қ.) ханның ұрпағы, Барақ ханның кіші ұлы… Керей қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хандық билікке келеді… Қазақ тарихында Жәнібек хан – Қазақ хандығының құрылуы үрдісіне толық қатынасып, басшылық еткен тарихи тұлға. Жәнібек хан ХV ғасырдың 70-жылдары ішінде қайтыс болған. Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды». (Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Исин А.И. Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы. Алматы, 2011. 130-б.).

Жәнібек ханның қандай ұрыстарды басқарғанын, қандай ерлік көрсеткенін тарих айта алмайды. Ал, фольклор өз кейіпкерін эпостың көркемдеу заңы мен халық арманына сәйкес нағыз қаһарман, ақылды басшы етіп көрсету үшін оны бірнеше ұрысқа қатыстырып, ержүрек баһадүр ретінде бейнелейді.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик.


Қасқабасов С. Жәнібек хан халық жырында // Егемен Қазақстан. -  2015. - 29 мамыр

Возможно вам будет интересно

Козлов,В. К юбилею Абая /В.Козлов//На страже .-1995.-27июля.- С.7

Козлов,В. К юбилею Абая /В.Козлов//На страже .-1995.-27июля.- С.7

Во исполнение приказа МВД Республики Казахстан, с учетом, что 1995 год реше¬нием ЮНЕСКО объявлен... Читать полностью.

Өлеңнен тапқан бақытын

Өлеңнен тапқан бақытын

  Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада теріскей өңірде айтыстың дамуына с... Читать полностью.

"Жыры қалды жанының ұшқынындай"   [Мәтін] : ақын Есләм Зікібаевтің жарымен сұхбат  // Солтүстік Қазақстан. – 2018. – 5 маусым.- Б. 6

"Жыры қалды жанының ұшқынындай" [Мәтін] : ақын Есләм Зікібаевтің жарымен сұхбат // Солтүстік Қазақстан. – 2018. – 5 маусым.- Б. 6

Есіл ауданындағы Өрнек деп аталатын шағын ауылдың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің... Читать полностью.