Қасиетті Түркістан қаласынан бастау алған «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық «Тайқазан» эстафетасы Қарағанды облысына да жетіп, оны салтанатты түрде Астанаға табыстау рәсімі өткен еді. Еліміздің мерейлі мерекесіне арналған барлық облыстардың игі істері мен тамаша табыстары тартуы ретінде тізімін мұның алдында қызылордалықтар толықтырып салған Тайқазанды Сыр өңірінен аймақтан Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінен құралған делегация жеткізген еді.
Оны қабылдап алу құрметі ерен еңбек дәстүрі қазақстандықтарға қастерлі Теміртау қаласына тиді. Шараға қатысуға Металлургтер сарайына жиналған жұрт «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Увайс Джанаев пен Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков қолдасып көтерген Тайқазанға ұлттық дәстүрмен шашу шашып, ду қол шапалақтап қарсы алды.
– Кең-байтақ еліміздің облыстарын аралап өтіп, өндірісті өңірімізге де жеткен Тайқазанға қарағандылықтардың да арнаған тартуы аз емес. Достық пен татулықтың мекені болып отырған өлке еңбеккерлері берекелі істерді молайта береді, – деп салтанатты шараны ашқан облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты 100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» шығарылғандығын, Бұқар жырау ауданының орталығы – Ботақара кентінде, Қарағанды және Жезқазған қалаларында бірнеше тұрғын үйдің, Осакаровкада, Ақтоғайда денешынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілгендігін, Приозерскіде «Балақай» балалар бақшасы ашылғандығын, Балқашта жергілікті кәсіпкерлер жаңа өндірістік нысандарды іске қосқандығын, «Ардақты ардагерім» акциясы бойынша майдангерлер мен соғыс мүгедектеріне қайырымдылық көмек көрсетіліп жатуын атап өтіп, ынтымақтастық пен бірліктің жарқын көрінісі су тасқыны қиындығына ұшыраушыларға қамқорлық-қолдау жасалуы арқылы айғақ болып отыруын айтты.
Шара сән-салтанаты «Менің Қазақстаным» пойызы мүшелерінің сапары облысқа орайлас келуімен шырайланды. Белгілі өнерпаздар теміртаулықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Облысымыздың жасампаз істері, жақсы жетістіктері тізімімен толықтырылған Тайқазан енді Астанаға жеткізіліп, ҚХА-ның кезекті сессиясында Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс етіледі. Барша қазақстандықтардың бір мақсат, бір тілектегі елімізді көркейту жолында жұмыла еңбек етуін паш ететін онда біздің өңірдің де тартуы мол екендігіне қуаныштымыз. Соған ұйыстырған достығымыз – мақтанышымыз, – деді бізге «Понтос» грек этномәдени бірлестігінің жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Деспина Касапиди салтанатты жиында тілдесуімізде.
Осындай ағынан жарылған лебіз аймақта тату-тәтті өмір сүріп, бір-біріне құрметпен қараушы, бауырластықты қадір тұтушы сан ұлттар мен ұлыстарға ортақ ойды білдіргендей еді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы.
Несіпбай А. Тартуы мол Тайқазан // Егемен Қазақстан. - 2015. - 22 сәуір
ЭБС "Библиороссика"
ЛитРес: библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Казахстанская национальная электронная библиотека
Қазақстанның ашық кітапхана
Электронное правительство
Рухани жаңғыру
Послание президента
Государственные символы